«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп жырлаған биік өрелі ұлы Абайды тудырған дана қазақ қашанда тәрбиенің маңызын жете түсіне білген. Өскелең ұрпақтың ұлттық қасиеттерді бойына терең сіңіре білген саналы болып қалыптасуы – ертеңгі елдің іргесінің беріктігінің кепілі екені белгілі. Бүгінгі ұрпақ тәрбиелі, өнегелі, парасатты, көркем мінезді, әр мәселені жете саралай бәлетін терең ойлы, білімпаз әрі еңбекқор болсын десек, тәрбиені басты орынға қоя білуіміз керек. Ұлы философ, ғұлама Әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп айтқан нақыл сөзінің астарында терең мән жатыр. Білім және тәрбие – егіз ұғым. Бұл екі ұғымды бөліп қарауға болмайды. Адам терең білімді болуы мүмкін, алайда тәрбиесі, рухани дүниесі төмен болса, ол білімді адамзаттың пайдасына емес, зиянына пайдалануы мүмкін. Баланың жақсыдан үйреніп, бойына көркем мінезді қалыптастыруда аянбай еңбек ететіндей, жаманнан жиреніп, бойына жуытпайтындай саналы болып қалыптасуы – дұрыс берілген тәрбиеден.
Қазаргі уақытта біздің көзіміз бен көңіліміздің нұры болған балаларымызды кім тәрбиелеп жатыр? Ең әуелі осы мәселеге тоқталуды жөн көрдім. Әлеуметтік желі, ғаламтор, түрлі ойындар, ақпараттар тасқындаған XXI ғасыр технологиялық тұрғыда қарқынды дамып жатқанымен, ұрпағымыздың зиянды ақпараттар әсерінен ішкі рухани жұтаңдыққа итермелеп жатыр. Қазіргі таңда материалдық игіліктің маңызын тым биіктетіп алған өскелең ұрпақ үшін тәрбиенің маңызы өзекті болып тұр. Жаһандану заманында әлем халықтарының ұлттық менталитеттері, көзқарастары, бір-бірімен алмасып, еліктеу мен өзіндік «менін» жоғалтып, өз тілінен, ділінен айырылып қалып жатқан ұлттар басым. Халқымыз ұлттық рухын жоғалтып алмауды басты назардан тыс қалдырмау керек. Қоғамдағы түрлі жағдайлар әлеуметтік желі мен ғаламтор әсерінен жас ұрпақтың санасын улап, теріс әрекетке бой алдыруда. Ұрпағымызды осы сыртқы факторлардың ықпалынан қалай арашалап қаламыз? деген үлкен сұрақ – қазіргі қоғамның түйткілді мәселелерінің бірі. Қоғамды ізгілендіру – имандылық пен адамгершілік, мейірімділік пен сүйіспеншіліктің негізінен тұрады. Қазақ халқының бай ауыз әдебиеті осы орайда ұрпақ санасының жаңғыруына, ұлттық қасиеттерді қастерлеп, өзге ұлттың ықпалына еріп кетпеуіне көп көмегі тиеді. Қазіргі мектеп партасында отырған әрбір оқушы ұлттық тәрбиеміздің қайнар көзінен сусындап шығуы тиіс. Ұлттық тәрбие – ұлттық рухты шыңдайтын мықты құрал. Қазақтың бойындағы бауырмалдық, ақкөңіл, кеңпейілділік қазақ мақалының негізгі өзегі болып табылады. Сөз шеберлігінің шыңына жеткен қазақта нағыз майталман би-шешендер көп болған. «Таза мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады» деп Асан жырау жырлағандай, ой түбінен сұрыпталып шыққан талай ұлы адамдардың даналыққа толы сөздер мақал-мәтел ретінде халық арасында таралып кеткен. Көп сөздердің авторы ұмытылып, алайда айтқан кемел сөзі халық есінде мәңгі сақталып қалып мақалға айналған. Мақал-мәтелдер мықты тәрбие құралы болумен қатар, оқушының өз ойын бейнелі, көркем сөзбен жеткізуге септігін тигізеді. Белгілі бір тақырыпта өз ойын жеткізгенде мақал-мәтелмен көмкерсе, ойы ұтымды әрі ұтқыр шығады. Отанды сүюге, еңбекқорлыққа, сабырлыққа, көркем мінезге, адамгершілікке тәрбиелейтін мақалдар таптырмас тәрбие құралы бола алады.
Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық бірегейлікті сақтап қалуды басты орынға қойған. Ұлттық ерекшелігімізді, бірегей қасиеттерімізді сақтау үшін ұлттық рухымыз биік, санамыз ашық, ойымыз нұрлы арнада тоғысуы керек. Қазақ мақал-мәтелі – тәрбиенің нағыз қайнар көзі. Бастысы, терең мәнін түсініп, оқушыларға оны дұрыс түсіндіре білуде. Ұрпақтың санасында «тайға таңба басқандай» мәңгілік сақталып қалатындай көркем тілде талдап, түсіндіре білудің маңызы зор. Халқымыз «Мақал-мәтел – сөз мәйегі» деп тауып айтқан.Тәрбиеге тал бесіктен мән берген дана халқымыз тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін бір жолға сыйдырып, тапқырлықпен, кемел түрде өз ойын жеткізе білген. Қазақ мақал-мәтелдерінің тақырыбы әралуан әрі мағынасы терең. Оқушылардың мақал-мәтелді жаттап қана қоймай, оның мағынасын жете түсініп, оны көңіліне тоқып алса, өмірде дұрыс жол нұсқайтын жолбасшы болары сөзсіз. Қазақ әдебиеті бай рухани әлемімен әлемдік әдебиет тарихында орны ерекше. Соның ішінде ауыз әдебиетінің бір тармағы ретінде қазақ мақал-мәтелдері арқылы баланың бойына ізгі қасиеттерді қалыптастыруда орны ерекше. Мақал-мәтелдер – ғасыр қойнауынан сұрыпталып шыққан халықтың нұрлы ойының қайнар көзі. Қазақ тілі сабағында мақал-мәтелдерді талдап, оның мағынасын оқушыларға ашуға тапсырма беріп, одан шығатын қорытынды ойды өмірлік азық болатындай, өмірлік ұстаным етіп алатындай мүмкіндік туғызу керек. Ол үшін әр сабақта тақырыпқа сай мақалдарды мағынасын ашып, сол бойынша өз ойын эссе түрінде жазуға тапсырма беруге болады. Қазақ қашанда тілге жүйрік, дарынды , кемеңгер халық. Халықтың бойындағы ақыл қойнауы мақалда көрініс табады. Мақал арқылы баланың бойына адалдық, отаншылдық, тілге құрмет, мейірім секілді ізгі қасиеттерді сіңіруге болады.
Мақал жаттау сайыстары мектеп қабырғасында жиі ұйымдастырылады. Мақал-мәтелді терең білген оқушы көркем ойлай біледі. Оқушы көп мақал жаттап алуы мүмкін. Алайда жаттаған мол мақалының түпкі мәнін жете түсініп, жадына сақтай білсе, баланың адамдық қалыптасуында жетекші рөл атқарары сөзсіз. Қазақтың мол рухани байлығының ішінде мақалдар өте көп. Солардың ішінде балаға тәрбиелік мәні бар бірнеше мақалдарға тоқталып өтсек. «Адамды тұрар адам қып, Ақжүректiлiк пен адалдық». Қазіргі қоғамда адамдар адалдық пен ақжүректілікке зәру, өйткені қатігездік пен адамдар арасындағы төбелесті насихаттайтын түрлі ойындар бала бойында игі қасиеттерді жойып жібермеу керек. Жүректің ақтығы, адалдығы адам үшін ең басты орында. Солардың ішінде ақжүректілік дегенді қандай қасиет деп ойлайсыз? Ақжүрек адам әлемге ізгілік ниетпен қарайды. Мақалдар «жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге» шақырады. Жақсы мен жаманды дұрыс ажырата білген бала болашақ үлкен өмір баспалдақтарында қателікке бой алдырмайды. Әр мақалды жаттағанда, тыңдағанда даналықтың қайнар көзінен сусындаған оқушы жамандықтан бойын аулақ ұстайды. Мәселен, «Жеті атасын білмеген – ұл жетесіз, Жеті ғасыр тарихын білмеген – ел жетесіз» мақалы жеті атаны және тарихты құрметтеуді насихаттайды. Жеті саны қазақ үшін киелі сандардың бірі. Жеті атасын ұрпағына үйретуді бабаларымыз өздеріне парыз санаған. Жеті атадан аспағанша жастардың бір-біріне үйленуіне тыйым салған. «Бидайдың кеудесін көтергені – Дақылының жоқтығы. Жігіттің кеудесін көтергені – Ақылының жоқтығы». Тәкаппарлықты Жаратқанның өзі ұнамсыз қасиет деп жаратпаған. Қазақ мақалдарында кеудесін көтерген тәкаппарлық қасиеті ақылсыздық пен надандықтың белгісі ретінде сипаттайды. Кішіпейілділік – кісінің көркі деп көркем мінезді болуға үндейді. Жақсы сөз жарым ырыс, жақсы сөйле, адамдармен көркем мәміледе бол деп ақыл айтады. Ақыл — тозбайтын тон, Білім – таусылмайтын кен деген мақал арқылы ақылды, білімді болуға талпынуға үйретеді. Байқасақ, мақалды терең танып өскен баланың ақылы кемел, өмірге деген көзқарасы кең болады. Мақал арқылы даналардың ойымен, сөзімен жақын өскен баланың тәрбиесі кемел болады.
Мақал-мәтелдер – тарих парақтарында көнекөз бабаларымыздың ой қорытқан саналы сөздері, өмірден түйген негізгі насихаты. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген М.Әуезовтың көркем сөзі баланы жастан тәрбиелеудің маңызын жеткізіп отыр. Оқушылар мақалды орынды қолданып, сөзі көркем, ойы тұщымды, дәлелді болса, өскенде шешен сөйлейтін ақылы толысқан еліміздің саналы азаматы болып бой түзейді. «Асқар таудай алып бол, Әппақ күндей жарық бол» мақалында айтылғандай ұрпағымыз асқар таудай талапты, күндей жан-жағына шуағын шашып, жарқыраған тұлға болып қалыптасуы ертеңгі елдің тұтқасын ұстар азаматтардың өресі биік болуының алғышарты болып табылады. Мақалдан хабары жоқ оқушы мен мақалдың қадірін жете түсінетін баланың айырмасы жер мен көктей. Халықтың ұлттық құндылығын бойына жинаған қазақ мақалдары баланың бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастыруда таптырмас құрал.
«Мақал сөзді қажетіңе жарат, ұрпағыңа тарат» демекші, бабаларымыздың ой кестесінен бүгінгі ұрпаққа жеткен баға жетпес байлығымыз болып табылатын мақалдарды қажетімізге жарата білуіміз керек. Мақалды қалай қажетке жаратуға болады? деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Ұрпақтың тәрбие ісінде, ақыл-ойын қалыптастыру үшін мақалды қажетімізге жаратуымызға болады. Телефонды жастығының астына жастанып ойын ойнайтын ұрпақтан гөрі мақал-мәтелді шын пейілмен жаттап, оқып, көңіліне түйіп оқитын ұрпақтың көп болуы келешегіміз үшін өте маңызды. Ұрпағымызға мазмұнды мақалды тарату арқылы нұрлы ақыл мен кемеңгерлікті таратамыз. Мақал - мәтелдер – талай замандар қойнауынан бүгінгі ұрпаққа жеткен халықтық мұрамыз. Мақал - мәтелдер әрі ықшам, әрі көркем, терең мағынаға, мазмұнға толы.
«Тұз астың дәмін келтірсе, мақал сөздің сәнін келтіреді» деп дана халқымыз тегіннен-тегін айтпаған. Тұссыз ас қандай дәмсіз болса, мақалсыз сөз мағынасыз, мәнсіз көрінеді.Сөздің көркін келтіріп, ойды кемел жеткізудің құралы болған мақалдар баланың көркем ойлау қабілетін дамытады. Қазақ мақал-мәтелдерінің ұлттық тәрбиенің қайнар көзі ретінде маңызы басым. Ұлттық тәрбие арқылы баланың бойына ұлттық рухани байлықты, кеңдікті, кемелдікті ұялата аламыз. . Баланың ақылды, парасатты, әдепті болып өсуі – ата-ананың, бүкіл елдің абыройының асқақ болуының көрінісі. Қазақ сөзбен түзеп, даналық сөздің күшімен тәрбиелеген ұлы халық. Даналығы мен даралығы, тәрбиесі мен өнегесі сөзінде көмкерілген. Мақал - мәтелдердің көпшілігі образды, бейнелі түрде келіп, астарлы, ауыспалы мағынасында қолданылады. Қазақ мақал-мәтелдері ең әуелі адамгершілік қасиеттің жоғары болуына, еңбекқорлыққа, білімге құштарлыққа, отаншылдыққа тәрбиелейді. Ұлы Абай атамыздың сөзімен қорытындылайтын болсақ, «естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады». Мақалда ақылды, ұлы тұлғалардың өмірден түйген ең маңызды ойларының тоғысқан мәнді бөлігі көрініс табады. Оны көп оқып, бойына жиған бала ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстайтын ақыл иесі болып қалыптасады. «Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас» демекші, мақалды терең зерттеп, оны көңілге тоқу үшін де еңбектену керек. Ғылым таппай мақтанбайтын, орын таппай баптанбайтын талапты, еңбекқор, терең ой, қанағатшыл, рахымды, әділетті ұрпағымыз ертеңгі еліміздің іргесін мықты, бірлігін бекем ететіндей нұрлы ақыл иесі болсын. Мақалды сөзінің сәніне айналдырған өскелең