1.Кіріспе
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Келер ұрпақ алдында зор жауапкершілік жүгін арқалап келеміз», - деген сөзі ұстаз қауымына үлкен тапсырыстарды артып отыр. Еліміздің болашағы көркейіп, өркениетті елдердің қатарына қосылуы бүгінгі ұрпақ бейнесімен көрінеді.[1]
Оқытудың әдіс-тәсілдері өзгерді. Білім берудің мазмұны жаңартылып, жаңаша ой-пікір пайда болды. Осыған байланысты мұғалімдер алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұр. Білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты – білім мазмұнының жаңарумен қатар, критериалды бағалау жүйесін енгізу, оқытудың әдіс-тәсілдері мен қашықтықтан сабақ өткізу кезінде ақпараттық-технологиялардың, компьютерлік платформалардың әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді. [2]
2. Өзектілігі
Қазіргі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі – әлеуметтік, экономикалық өзгермелі жағдайларда өмір сүруге дайын болып қана қоймай, сонымен қатар оны жүзеге асыруға, жақсартуға игі ықпал ететін жеке тұлғаны қалыптастыру. Ұлы педагог Ы.Алтынсарин «Оқытушы бағалағанда олардың іске қатысы жоқ сөздеріне қарап емес, олардың егістерінің бетіне шыққан жемістеріне, яғни оқушыларына қарай бағалау керек» деп айтқандай, оқушы жетістігін нақты бағалау мәселесі – білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелердің бірі. Осы қажеттілікті шешу жолдарының бірде – бір жолы қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында жаңа технологияның әдіс-тәсілдерін пайдалана отырып, оқушы шығармашылығын дамыту. [3]
3. Практикалық мәні
Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында жаңа технологияларды қолдану арқылы оқушылардың таным белсенділігін арттыру, қазіргі қоғам талабына сай ой-өрісін дамыту, шығармашылығын кеңейту, дамыту, терең білімді, бәсекеге қабілетті тұлғаны жасау, заман сұранысына сай ізденімпаз тұлғаны қалыптастыру болып отыр. Біз, ұстаздар қауымы, қандай да болмасын жаңалыққа құлақ түре жүретініміз анық. Жаңа технологияларды сабақта қолданудың тиімділігін қашан да жолға қоямыз. Жеті модульді сабақты жоспарлауда қолданудың тиімділігі, сабақ тартымды, әсерлі, айқын, мақсатты, қызықты және толықтай мәнді болады. Мен көбінесе оқушылармен бірлесіп, ұйымдасып, топтасып жұмыс істеуіне көңіл бөлемін. Шәкірт бірлесіп үйренуде кішігірім топтармен, жұппен жұмыс жасауда ортақ проблемаларды талқылағанда жаңа пікірлерге шығармашылықпен қарау тұрғысында жаңалықтар ашу барысында жұмыс істейді. Топ мүшелері өз ойларын ортаға салып сол ойларды көрсетеді. Бірлесіп жұмыс жасағанда мына жайттарды есте ұстаймын: Сыйластық, жауапкершілік, топтың барлық мүшелерінің кезекпен сөйлеу дағдысын үйрету, сөйлесуде әлеуметтік қарым – қатынас жасау, дағдыларын қалыптастыру, топта ұтымды жұмыс істеу. Өз ойларын ашық айтуға жетелеу.
Сабағымда деңгейлеп оқыту технологиясының мынадай мысалдарын ортаға салуды жөн санадым. Мысалы, сыныптағы оқушылар өз деңгейіне сәйкес тапсырма таңдап алады. Бұл тапсырмалар оқушының білім деңгейін бағалауға, мүмкіншіліктерін байқауға, мұғалімнің әрі қарай қандай жұмыс атқару керектігін көрсетіп береді. Осы мақсатта оқушылардың ойлау қабілетін арттыру үшін, сөйлеу тілін дамыту үшін мәтінмен жұмыс түрлерін әзірлеу керек болады. Ол оқушының функционалдық сауаттылығын көтеруге септігін тигізеді.
Мысалы, мәтін бойынша сай келмейтін ақпарат пен сәйкес ақпаратты табу, сұраққа мәтін бойынша дұрыс жауапты табу, қандай тірек сөздер бар, асты сызылған сөздердің мағынасын ашыңыз тәрізді тапсырмалар беруге болады. Сонымен қатар ойын арқылы да оқушы белсенділігін арттыруға болады. «Шытырман реакция» ойыны. Бұл ойын кез-келген сөзді құпиялап жазуға негізделген. Ол үшін тек сөздік қоры болуы тиіс сонда, еш қиындықсыз тауып аласың. Бұл тапсырманы сабақты бекіту кезінде қолдануға болады. Бұл ойын оқушыларды шапшаңдыққа, сөздерді дұрыс жаза білуге, формуланы дұрыс жазуға баулиды. «Аң аулау» ойыны Тақтаға әртүрлі сөздерді жазылған ілінеді, тақтаға екі оқушы шығып кезек-кезегіне доп лақтырады, қай сөзге тисе оқушы сол сөзбен сөз тіркесін құрап, сол туралы айтады. «Хан талапай» ойыны. Бірнеше асықты жерге шашасың, тақтадағы оқушының қайсысы көп асық жинаса сол оқушы аз жинаған оқушыға сұрақтар береді. [4]
4. Жаңашылдығы
Қазіргі заманғы әдіс-тәсілдердің ішінде ең қолайлысы, әрі тиімдісі – компьютерлік технология. Қандай сабақта болмасын компьютерлік техниканы, интернетті, интерактивті тақтаны, компьютерлік желі, электрондық оқулықтарды тиімді пайдалану арқылы оқушылардың білімділігін арттыруға болады.
Әдебиет сабағында оқушының тілдік құзыреттілігін қалыптастыру мақсатында жиі қолданылып жүрген «Оқырман семинары» тәсілі. Сабақта меңгерілетін көркем шығарма мынадай топтардың көмегімен жүзеге асады. 1. Сұрақ қоюшылар. Б.Блумның сұрақ қою өлшемі бойынша қарапайым сұрақтан шығармашылық сұрақтарға дейін қамтылады. Сұрақтар қою арқылы оқушы өз бетімен шығармашылық қабілетін дамытады. 2. Сөз тапқыштар. Қойылған сұрақтарға нақты, дәлелді жауап беру үшін өз бетінше ізденеді, дағыдыланады. 3. Аудармашылар. Мәтін бойынша түсініксіз сөздер тізбегін жасайды, тұрақты тіркестерді анықтап жазады. 4. Жазушылар. Поэзиялық шығарма болған жағдайда прозаға айналдырып жазады, мәтін бойынша жоспар құрады. 5. Суретшілер. Мәтін кейіпкерлерінен, белгілі бір эпизодтарынан сурет салады. 6. Кейіпкерлерді сөзбен суреттеушілер. Кейіпкердің, оқиғаның, мәселенің суретін сөзбен салады.
Әдебиет пәннінің негізгі міндеттерінің бірі - оқушыларды шығармашылыққа икемдеп, білім кеңістігін дамыту. Шығармашылық – өзінің жаңашылдығымен, өзгешелігімен ерекшеленетін, белгілі бір нәтиже мен өнім алуға мүмкіндік жасайтын жеке тұлға бойындағы қабілеттіліктің, білім мен біліктің көрінісі. «Шығармашылық» – сөзінің төркіні, «шығару», «ойлап табу» дегенге саяды. [5] Шығармашылық жұмыстың алуан түрлері бар: шығармашылық жазба жұмысы, пікірсайыс, шығарма жаздыру, өз бетімен жұмыс, т.б. Шығармашылық жазба жұмысы - тіл дамыту жұмысы. әңгіме, ойтолғау, кейіпкер портреті, эссе жазу, оқушының пәнге деген қызығушылығын дамыта отырып, шығармашылық жұмысқа баулитын негізгі саты деп қарауға болады. Әңгіме жазуда ойдың байланысына, сөзді дұрыс саптай білуге, шебер жеткізе білуге дағдыланады. Жеткізер ойын нақты дәлеледер келтіре отырып, мысалдар арқылы сұрыптап жаза білуге машықтанады. Оқушы шығармашылығы практикалық әрекеттер, ізденімпаздылық арқылы дамиды. Шығармашылыққа үйрететін сабақтар – жаңа технологияларды қолдану болып табылады. Мысалы: 5-сыныпта «Анасын сағынған бала» әңгімесі бойынша балаларға ана тақырыбындағы әндерді тыңдатып, «РАФТ» әдіс-тәсілі арқылы бала Сержанның атынан анасына «Мен Сізді сағындым, мама!» тақырыбында хат жазғызуға болады. 10-сыныпта Медеу Сәрсекенің «Қазақтың Қанышы» роман-эссесін оқыту кезінде Қаныштың студенттік шағы баяндалатын үзінділер бойынша оқушыларға мынадай тапсырмалар беруге болады: «ПОПС-формуласы» арқылы шағын эссеге дайындық, «SWOT – талдау» жасату, яғни қиындықтар, қауіптер, мүмкіндіктер, жағымды тұстарын талдату арқылы шығарманың көркемдік образын ашу.
5. Қорытынды
Мұғалім бақылаушы емес, бағалаушы емес, танымдық іс - әрекетін ұйымдастыратын шығармашылық істердің ұйытқысы. Оқушының шығармашылығына бағыт – бағдар беруді ең алғаш білім мазмұнына енгізген М. Жұмабаев болатын. Ол балалардың ойларын дамыту туралы «Ойлау жанның өте бір қиын терең ісі - деп атап көрсете келіп, тәрбиеші баланың ойлап, үйренуіне көп күш жұмсау керектігін ескертеді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қазақстан-2050 стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты». 2012 ж.
2. Қазақ тілі мен әдебиеті // 2002ж .№10 7. Тасболатов Қ. «Оқушылардың таным белсенділіктерін арттыру»
3. Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. - Алматы, 1967.
4. Жаубаева Ж., Ерназарова А. Оқушылардың танымдық қабілеттерін дамытудағы дидактикалық тапсырмалардың маңызы. – Алматы, 2010.
5. Бітібаева Қ. Әдебиетті оқыту әдістемесі. - Алматы, «Рауан» 1997.