«Қазіргі заманда жастарға ақпапаттық технологиямен байланысты әлемдік сандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет », - деп Н.Ә.Назарбаевтың өзі атап айтқандай, қазіргі заманғы оқу талабы – оқушыға сапалы әрі тиімді білім беру болып табылады. Сондықтан оқу процесінде әр түрлі әдіс-тәсілдер арқылы оқушының шығармашылық ойлау қабілеттерін қалыптастырып, оқуға көзқарасы мен белсенділігін дамытуға баса назар аударған жөн.
Білім беруде оқушының сабақты игеруге деген ынтасын арттыру үшін жаңа педагогикалық технологияларды ұтқыр пайдалана білу керек, өйткені жаңа технологиялар оқушылардың ғана емес, мұғалімдердің де мүмкіндіктерін арттырады. Соның бірі бастауыш сынып оқушыларына білім беруде ойын технологияларының маңызы зор. Мектеп бағдарламасында бастауыш сынып оқушыларының тапсырмалары кейде оқушы шамасынан қиынға соғып жатады.Өйткені әр оқушының қабылдауы әр түрлі болып келеді. Ал, осы тұста ойын арқылы оқыта білсек, олардың қызығушылығын тұрақты ете аламыз.
«Ойынсыз ақыл-ойдың қалыпты дамуы да жоқ және болуы да мүмкін емес. Ойын дегеніміз-ұшқын, білімге құмарлық пен іліктеудің маздап жанар оты»,- деген В.А.Сухомолинскийдің осы сөздерінен ойынның қаншалықты маңыздылығын көрсек болады. Баланы ұшқырлыққа, төзімділікке, ойын ашық жеткізуге талпындыру үшін ойын элементтерін сабақтың әр тұсында оқу технологиясының тетігі ретінде пайдалануымыз керек . Ойын жағдайында балалардың ақыл-ой әрекеттері көрініс табады. Олар бір-бірімен ойнай отыра ынтымақтасады.Ойын технологиясын қолдана отырып ұйымдастырылған сабақ оқушыларға жеңіл әрі түсінікті, сонымен қатар қызықты бола түседі.Ойын кезінде баланың психикасында жағымды өзгерістер қалыптасып, оқу мақсатыда оң нәтиже береді.
Ойын технологиясы арқылы оқыту бастауыш сыныптар үшін өте тиімді әдіс. Бірақ әдістің тиімділігін арттыру үшін мына талаптарды ескерген жөн.Әр ойынның білімділік, дамытушылық, тәрбиелік маңызын алдын –ала түсініп,оның балаларға қандай нәтиже беретіндігін анықтау.Ойын жүргізілетін орынның мүмкіндігі, ойын жабдықтарының эстетикалық талаптарға сай болуы,сыныптағы оқушылардың жас, психологиялық ерекшеліктеріне және білім деңгейі мен сөздік қорына сәйкес келуі,ойын кезіндегі қозғалыс, техникалық қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуі,ойынның сабақтағы ойын элементтерінің оқушылардың ынтасын тартып, пәнге деген қызығушылығын арттыруға бағытталуы сияқты жағдайларды назарда ұстаған жөн.
«Табиғат балалар ойынын оларды өмірге жан-жақты бейімдеу үшін жаратқан. Сондықтан да, ойынның адам әрекетінің барлық түрлері мен генетикалық байланысы бар және танымның, еңбектің, қарым-қатынастың, өнердің, спорттың т.б. арнайы формасы болып табылады» ,- деген екен балалар ойынын зерттеуші О.С.Газман. Ойын балалардың оқу кезінде жұмыстарын түрлендіріп, олардың пәнге ынта-ықыласын танытуына баулып, оқушылардың ойлау қабілеттерін, зейінін оятады.
Балалардың сабақ барысында қызығушылығын, ынтасын, тілін дамыту мақсатында грамматикалық ойындары үлкен рөл атқарады. Оқуда ұтқыр пайдаланылған ойын балалардың грамматиканы анық меңгеріп, сауатты жазуына септігі мол. Грамматикалық ойындардың ерекшелігі – ойын түрлі жағдаяттар арқылы сабақтың әр бөлігінде әртүрлі мақсатта қолданылады. Балаларды өздігімен жұмыс жасауға дағдыландырып, оларды жан-жақтылыққа дамыта түседі.Мәселен, жаңа сабақты түсіндіруге, пысықтау сабақтарында, өткен тақырыптарды еске түсіруге тиімді қолданылады.
Қорыта келгенде, ойын технологиясының маңызын А.С. Макаренконың мына бір сөзі айқындай түспек: « Үлкендер өмірі үшін жұмыс, қызмет істеу, әрекет ету қандай орын алатын болса, балалар өмірінде ойын да сондай маңызға ие. Ойында балалар қандай болса, өскеннен кейін жұмыста сондай болады. Алайда, ойын баланың уақытын өткізу емес, баланың психикасында сапалық өзгерістер туғызу болып табылады.». Әрине, ойын мектеп жасындағы балалардың негізгі іс-әрекеті екені белгілі.Ойын арқылы балалар күш қуат алып, ынтасы артып, жетіле түседі. Осы тұста мұғалім олардың қызығушықтарын анықтап, сабақ барысында білімді баса назарда ұстағаны жөн.Осының нәтижесінде балаларды ойнай отырып, ойлауға дағдыландыра аларымыз анық.