Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI873

Тәу етер тәуелсіздік

Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. Биыл еркін ел болғанымызға отыз жыл. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекетінің, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ұмтылған бостандықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарихи тұрғыдан бағамдасақ, отыз жыл – аса көп уақыт емес. Десе де, жұртымыз аз уақыт ішінде әлемдік алпауыттармен терезесін теңестіріп, халықаралық қауымдастыққа қарышты қадамдарымен танылып үлгерді. Осы мерзім аралығында қазақ ұлты саяси және экономикалық даму бағытын дербес айқындай алатын қарымы мен қабілетін дәлелдей білді.

         Өзінің белгіленген шекарасы, діні мен тілі, мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құндылықтары, мәдениеті мен салт-дәстүрі бар тәуелсіз зайырлы елге айналды. Биыл әйгілі желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек, – деп ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» тақырыбындағы бағдарламалық мақаласында айрықша атап айтты. .

         «Бағдар мен белес», «Таным мен тағылым», «Қоғам мен құндылық», «Ұлағат пен ұстаным» атты төрт бөлімнен тұратын мақалада мемлекет басшысы 30 жыл ішінде жеткен жетістіктерімізді, бағындырған белестерімізді үш кезеңге бөліп, ашық талқылай отырып, күрмеуі қиын мәселелерді еңсеру жолдары туралы кемел ойларымен бөліседі. Сондай-ақ, экономикалық даму, әлеуметтің әлеуетін көтеру, білім сапасын жақсарту, мемлекеттік тіл, жер, мәдениет, экология салалары, жастардың тәлімді тәрбиесі сияқты еліміз үшін маңызды мәселелер көтерілді. Бұл мақала осы салалардың жұмысын жандандыруға қозғау салып, ширатуға үлкен серпін береді деп ойлаймын.

         Мемлекет басшысы тарихымызды танып, қастерлеу, дәріптеу қағидаға айналу керектігін қаперімізге салды.  Біз қастерлі Тәуелсіздіктің отыз жылдығына қадам басамыз. Бұл – баршамызға ортақ өнегелі өлшем, тағылымды кезең. Жаңа мемлекет құруға атсалысқан бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің тарихи шежіресі. Бұл өткенге көз жүгіртіп, қорытынды жасайтын уақыт. Халқымыз үшін осы маңызды күнді нақты істермен және жаңа жобалармен қарсы аламыз, – дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы маңызды мақаласында. Жетісу өлкесіндегі білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығы да тәуелсіздік тұғырының биік шыңына жетелейтін оқиғаларға толы тарих беттеріне шолу жасаған болатын.

         Жас ұрпақтың  патриоттық, отансүйгіштік сезімін арттыру, өз елінің тарихын қастерлеуге үйрету, оқушыларды патриоттық рухта тәрбиелеу, қазақтың сан ғасырлық шынайы тарихын әлемге таныту мақсатында «Отан тарихындағы – 30 жыл» жобасын жоспарлады. Жоба аясында челлендж, ашық алаң, вебинарлар өткізу мен фотохроника жинақтау мақсаты тұр. Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз. Жас өскелең жастар, тәуелсіз мемлекетіміздің баянды болашағы. Ата-бабаларымыз аңсаған арманы – тәуелсіздіктің бесігінде тербеліп, еркін өмір сүріп жатқан біз бақытты жандармыз. Осы еркіндікті баянды ету біздің басты парызымыз, ұрпақ алдындағы ауқымы зор үлкен міндет дегім келеді.

         Отыз жыл тарихи өлшеммен мыңнан бір мезет қана екені белгілі. Дегенмен, осы қысқа ғана уақыттың ішінде Қазақ елі ғасырларға татитын жетістіктерге қол жеткізді. Бұл – әрине, тәуелсіз Қазақ­станның негізін қалаған тұлға – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың туған елі мен халқына сіңірген орасан зор еңбегінің жемісі. Біз Тұңғыш Президентіміздің әлем таныған тұлғасын құрмет тұтып, мемлекеттіліктің негізін қалап, оны өркендетудегі ерен еңбегін әрдайым қадірлеуіміз керек. Ол үшін Елбасы саясатының арқасында жеткен жетістіктерді еселеп, тәуелсіздігімізді одан әрі нығайтуымыз және жаңа заманда Отанымызды жаңа биіктерге шығаруымыз қажет. Бәріміз жұмыла әрекет етсек, бұл міндетті де мүлтіксіз орындайтынымызға ешқандай күмән жоқ.

 

202 0
Сәуле Ерболатова Аудандық балалар өнер мектебінің Домбыра пәні мұғалімі Маңғыстау ауданы, Шетпе ауылы Ұлы дала ұстазы № 000963
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: