«Заманауи әлемде елдің қуаты ең алдымен азаматтарының білімімен өлшенеді».
Нұрсұлтан Назарбаев
Қазіргі таңда тәрбие, білім беру, шәкіртті қалыптастырудағы ең үлкен міндет ұстаздардың мойнында. Сонымен қатар,оқушылардың сөйлеуін дамыту қазіргі тіл білімінің маңызды мәселесі болып табылады. Бала өміріндегі ерекше кезең ретінде әрекет ететін бастауыш мектеп оның іс-әрекетінің өзгеруімен, жаңа әлеуметтік рөлдің дамуымен және коммуникациялық байланыстардың кеңеюімен байланысты. Балалардың кең лингвистикалық көзқарасын қалыптастыру, орыс тілін пайдалана білу, олардағы сөздерді дұрыс және ұтымды қолдану, шығармашылық әлеует пен коммуникативті құзыреттіліктерді дамыту шешуші мәнге ие.
Бастауыш мектепте баланың негізгі даму бағыттары:
- баланың оқу-танымдық іс-әрекетін қалыптастыру желісі;
- оқу материалын игеру желісі қалыптасады.
- әр түрлі оқу және өмірлік мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін білім жүйесін иемдену; қосымша білім алуға дайындық;
- қоршаған ортаның әртүрлі жағдайларына, коммуникацияға, әлеуметтік қатынастарға бейімделу мүмкіндігі;
- әлеуметтік құндылықтарға сәйкес әрекет ету, өз үміттерін жүзеге асыру тілегі мен қабілеті;
- өзін-өзі тану және өзін-өзі дамыту мүмкіндігі;
- алынған білімді қоршаған әлемде дұрыс жұмыс жасау үшін пайдалану мүмкіндігі.
Осы орайда Елбасының халыққа Жолдауында қазақ тілін - мемлекеттік тіл, орыс тілін- ресми тіл, ағылшын тілін - жаһандық экономикаға кірігу тілі ретінде қарастырып, бәсекеге қабилетті болудың ең негізгі шарты көп тілді білуде екендігін айтқан болатын. Орыс тілі қазіргі таңда қоғамда қолданыстағы негізгі тілдердің бірі. Бастауыш сынып оқушыларының тілді дамыту, тілді меңгеру арқылы ой-өрісі кеңейіп, шығармашылық қабілеттерін танып, өзге мәдениетпен танысып, көптеген мүмкіндіктер, үлкен жетістіктерге жете алады. Орыс тілінде сөздерді толықтай түсініп, дұрыс сөйлеу үшін оқу үдерісінде мынадай іс-әрекеттер жасалуы керек:
- Ең алдымен оқушылардың сөздік қорын молайту;
- Орыс тілінде сөйлемдер құрай алатындай деңгейге жеткізу;
- Дұрыс оқу мен жазуға бейімдеу;
- Сөйлеу дағдысын меңгеру;
- Күнделікті сөйлеу жаттығулары.
Қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс тілі кіріктірілген, әсіресе бастауыш сыныптарда. Өйткені бұл жастағы балаларда ойлау процесі бірінші тілде жүреді. Топтық жұмыс бірқатар оқу мәселелерін шешуге көмектеседі. Дегенмен, сабақты жоспарлау кезінде сараланған тәсілді ұмытпау керек. Мұғалім білімнің көптеген салаларында дамып келе жатқан тенденцияларды ұстануы, заман талабына сай болуы, жаңа буын оқушыларының қызығушылықтарын қанағаттандыру үшін сабақта заманауи технологиялар мен оқыту әдістерін қолдануы қажет.
Бастауыш сынып оқушыларына орыс тілін оқытуда мынадай тиімді әдістерді қолданамын:
- «Тақырыптық теннис» әдісі. Оқушыларды топқа бөліп, тақырып бойынша білетін сөздерін кезекпен айтуы сұралады. Кім тоқтамай айтады, сол жеңіске жетеді. Бұл әдіс оқушылардың сөздік қорын молайтады.
- «Соңғы сөзді мен айтайын» әдісі
1-қадам: Мәтіннен үзінді оқу барысында оқушылар түсінік беруге лайықты бір немесе бірнеше дәйексөз табады.
2-қадам: Оқушылар дәйексөзді кеспеқағазға жазып, қай беттен, қайдан алғанын белгілеп қояды.
3-қадам: Кеспеқағаздың артқы жағына дәйексөзге берген өз түсінігін жазады. Оқушылар онымен келіспеуіне де болады, оны қалай өзгертем десе де өз еріктері.
4-қадам: Мұғалім дәйексөзді дауыстап оқуға оқушылардың бірін шақырады.
5-қадам: Ол оқып болған соң, мұғалім басқа оқушылардан осы дәйексөзге өз көзқарастарын білдіруін сұрайды. Ең бастысы – пікірталастың бағытын ұстап тұру және пікірге, ащы мысқылға жол бермеу. Сондай-ақ, бұл уақытта мұғалім де өз түсінігін беруіне болады.
- «Сұрақтары бар қорап» әдісі. Кабинетте қорап қойылып, оған оқушылар сабақтың соңында өз сұрақтарын қалдыра алады. Бұл сұрақтар келесі сабақтың басында талқыланады.
- «Жұптасып сурет салу» әдісі – бұл әдісте әр топ, сөйлемей сурет салулары керек. Жұмыс барысында мынадай әрекеттерге назар аударылып, жұмыс аяқталғанда сұрақтар қойылады:
Ойлар қайдан келді, қаламды кім ұстады?
Суретті кезекпен салдыңыз ба?
Кімнің кезегі келгені қалай шешілді?
Қалай келісімге келдіңіз?
Бұл әдістің мақсаты, жұптағы адамдар бірін-бірі түсініп, ынтымақтасып жұмыс жасай білу керек. Әр топтың көшбасшысы сұрақтарға жауап береді. Әр топ суретті тақтаға іліп қортындылайды.
Қорыта келе, орыс тілі пәні мұғалімдері қазіргі кезде оқыту сапасын жақсарту мақсатында тіл үйретуде əлемдік озық тəжірибелерді, жаңа технологиялар мен əдістерді барынша қолдануда. Мен сабақ барысында жұмыс формалары мен әдістерін жиі өзгертемін. Мен өз сабағымды заманауи технологиясыз, АКТ-сыз елестете алмаймын. Орыс тілі сабағында бастауыш сынып оқушыларына ойын технологияларын, жұптық, топтық жұмыстарды көбірек қолданамын. Дұрыс таңдалған әдіс – нәтижелі білімге апарар төте жол. Ыбырай Алтынсариннің сөзімен айтқанда «Егер балалар бірдемені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәлауға тиісті емес, оларға түсіндіре алмай отырған өзін кінәлауға тиіс.». Демек, оқушының сапалы білімді игерулері үшін тиімді әдіс-тәсілдерді қолданып, олардың сабаққа деген қызығушылығын ояту маңызды деген пікірдемін.
Пайдаланылған әдебиет:
- Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» СТРАТЕГИЯСЫ» Қазақстан халқына Жолдауы. Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты». – Астана, 2014 ж
- Алтынсарин І. Таңдамалы шығармалар. - Алматы: Қазақ КСР Ғылым академиясының баспасы. -1957 ж. 168-бет
- Қазақ мектебінің бастауыш сыныптарында орыс тілін оқыту әдістемесі / Г.Бадамбаеваның редакциясымен – Алматы, 2000 ж.
- Майгелдиева Ш.М. Орыс тілі мен әдебиеті сабақтарындағы заманауи оқыту әдістемесі.- Қызылорда, 2011.
- Майгелдиева Ж.М. Қазақ аудиториясында орыс тілін оқытудағы кейс-әдіс // IV Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары (1-15 сәуір, 2008 ж.). Ғылыми күндер