Ұстаз - ұлы есім. Дүниедегі мамандық атаулының төресі - ұстаздық. Кез келген мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін-мұғалім. Бұл мамандық-барлық саланың анасы. Ұстаздың берген тәрбиесі адам жанында мәңгілік қалады, ал жүріп өткен жолы оқушының жолындағы шамшырақ секілді. Ұстаздықтың тағылымы терең. Шын ұстаз болу үшін де табиғи дарын, ізгілікті ізденіс, білімді жетілдіру, жаңашылдықпен танысуды қажет етеді.
Шәкірт тәрбиелеуде тәлімгердің алар орны ерекше. Өйткені мұғалім әрбір баланың бойындағы қабілет көзін ашып, үлкен өмірге бейімдейді. Мұғалім еңбегін карантин кезінде қатты сезіндік, әрі ұстаз жолының ауыр жол екенін қатты сезінгендейміз.сондықтан ұстаздарды қалай мадақтап, марапаттаса да жарасады. Ал осы мамандық үлкен бір әулетте ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасып жатса, оның орны тіпті бөлек. Әке жолын, ана жолын қуып екі, үш ұрпаққа дейін, тіпті әулиетімен ұстаздық қызмет етіп жүрген отбасылар да бар.
Біздің отбасымызда басты құндылық - баланы сүю. Өз балаңды сүю арқылы халықтың баласынан өз махаббатыңды аямау. Менің ұстаз болып қалыптасуымның бірден бір себебі-әкем еді. Себебі әкем –ұстаз болған кісі. Отбасымда менде , әпкемде әке жолын қуып ұстаз атандық. Марқұм әкем отбасымыздың ұйытқысы, берекесі, мейірім – шапағат көзі бола білді. Әкемнің мейірімділігі тек отбасымызда ғана емес, мектеп ұжымы мен шәкірттерінің жүрегінде қалды. Ол өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйген адам.
«Қандай да бір іс атқарсаңыздар да , жауапкершілігін қатар алып жүріңдер, дейтін.
«Ұстазы жақсының- шәкірті үздік» деген ұлағатты сөз менің әкеме арналғандай. Өйткені, бүгінде әкемнің қанаттандырған талай шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде жауапты қызметтерді атқарып жүр. Бірі – бастық, бірі – инженер, енді бірі – ұстаз. Бәрі де өз ісінің білікті мамандары.
Әкемнің қанаттандырған шәкірттерінің бірі, ол менің әпкем – Тауирова Гүлзира Көпжасарқызы. Ол қиындығымен қоса қызығы да жетерлік, ең бастысы жауапкершілігі жоғары бұл мамандықтан береке тапқан, кәсібін мәртебелі мақтаныш санайтын, шәкірттері қосқан бәйгеден оза шауып, орын алған отбасымызда мақтан ететін аяулы ұстаз.
Шәкірті білімге ұмтылған ұстаздың еңбегі ақталғаны. Әпкем Гүлзираның осы оқу жылында, қашықтықтан, дәстүрлі оқу түрінің араласып келгеніне қарамай қанжығасына байлаған жетістіктері жетерлік. Атап айтсақ, шәкірті 11-сынып оқушысы Базарбаева Сымбат Ш. Есенов атындағы университетінің және Маңғыстау кәсіпкерлерінің ұйымдастыруымен өткен «Жас кәсіпкер-2021» стартап жобасында әпкемнің жетекшілігімен «Балалардың ой-өрісін дамытатын ойыншықтарды нарыққа енгізу» тақырыбында жоба ұсынып, оқу орнына 50% жеңілдік ұтып алды. 3-сынып оқушысы Тоқсанбай Азамат Гүлзираның жетекшілігімен ұсынған жобасы аясында Маңғыстаудың «Зерек» баласы атанды. Оқушысы Азамат екеуі бірігіп жасаған есептегіш құралдары балалар күні мерекесінде өзіміздің Қазақстан –Ақтау телеарнасында және ұлттық арна Қазақстанда
Таңшолпан бағдарламасында көрсетілді.
Мектебінде дәстүрлі жыл қорытындысында осылай шәкірттері марқайтқан ұстазды мектеп ұжымы бағалап, «Үздік дарынды балалар жетекшісі» және «Жыл мұғалімі -2021» мектепішілік кубогымен марапаттаған.
Сондай –ақ әпкем биыл өткен « Global Teacher Prize» халықаралық жобасының бөлігі болып табылатын Қазақстан мұғалімі-2021" байқауының "Barine bilim" жобасында 1000000 теңге мөлшерінде грантқа ие болған 30 мұғалімнің қатарында Гүлзира Көпжасарқызы да бар.
Әпкем екеуміз осы күнге дейін қандай жетістікке жетсекте әкемнің еңбегі деп білеміз. Әрбір шәкірт өзіне үлгі болған сүйікті мұғалімін - «ұстазым» деп атайды. Ал мен әкешімді ұстазым деп айта аламын.
Ұстаз жауапкершілігі мол мамандық екенін білсем де, осы мамандықтың шыңын бағындыру мақсатым болды. Қазіргі таңда осы жолда мен де еңбек етіп келемін.