Қазіргі таңдағы Қазақстанның негізгі мақсаты – экономикасы дамыған, бәсекелістікке қабілетті елдер қатарына кіріп, шамалы уақыт ішінде зор табыстарға қол жеткізу, еліміздің барлық салаларының сапасын дамыту, жақсарту, жаңарту. Жаңару мен жаңғыру, байлық пен абырой жайдан жай емес, еңбек пен білім арқылы келеді. Сондықтан саналы ой мен сапалы еңбек арқылы ғасырлар бойғы ата-бабамыздың арманын орындап, алға қойған мақсаттарға қол жеткізе аламыз, ұрпағымызға лайықты болашақ қалдырамыз. Мәңгілік Ел тағдыры, оның болашағы біздің қолымызда. Ел тағдыры мен болашағы оның тілімен тығыз байланысты. Олай болса, мәңгілік елдің мәңгілік тілі де болуы керек.
Мәңгілік Қазақстанның Мәңгілік Тілі – Қазақ тілі. «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды. Қазақ тілін даудың тақырыбы емес, Ұлттың ұйытқысы ете білген жөн» ,- деп түйіндеді Елбасы. Сондықтан мемлекеттік тіліміздің мәңгілік тіл болуы да өзіміздің қолымызда. Қазақтың ұлы ғалымы Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың жоғалуына себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл, сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген. Туған тіл – халықтың кешегі өткен жолын, бүгінгі жалғасқан ғұмыры мен ертеңге апарар мүддесін бейнелейтін ең басты қазына.
Атақты философ Конфуцийдің мынадай сөздері бар: «Егер де маған ел басқару мүмкіндігі туса, ең алдымен сол елдің тіл мәселесін қолға алар едім. Себебі тіл бірлігі болмаса, пікір бірлігі болмайды және идеология дұрыс жүргізілмейді. Идеология дұрыс жүргізілмей, ортақ түсіністік таппаған елде бірлік болмайды. Сондықтан бәрінен де бұрын адамдар арасындағы бірлікті ұстап тұрған тіл мәселесі маңызды». Осы айтылған сөздерді отанымыздың әр азаматы түсініп, жүрекпен сезінуі тиіс.
Адамға ана тілі ана сүтімен келіп, қалыптасады. Ал ана тілінде сөйлей білу, оны атадан жеткен мирас ретінде бағалау, ардақтау, құрметтеу, мақтан тұту, сақтау, дамыту әр адамның азаматтық борышы. «Ана тілін сүймеген халқын сүйіп жарытпас» дегендей, ана тілін қадірлемейтін халықтың болашағы болмайды. Белгілі ғалым Махмұд Қашқари «Тәрбие басы – тіл» деп көрсетеді. Отансүйгіштік сезім де отбасынан қалыптасады. Қазақ екенін мақтан түтатын әр қазақ өз шаңырағында ағарту ісімен айналысса нұр үстіне нұр болар еді. Сонда ғана әр адамның санасында ұлттық намыс, патриоттық жігер оянар еді. Сөйтіп, ол да ана тілін қадірлеуге, сыйлауға, ұмытпауға, патриоттық сезімнің оянуына ат салысар еді. Қазақ халқы «Отан» ұғымын бала бойына ерте сіңіруге тырысқан, оны туған жер, ана тіл, атамекен ұғымдарымен байланыстырған. Отан отбасынан, ата-жұртынан, туып өскен топырақтан, ана тілінен басталған.
Қазақ халқы өзінің ана тілін сүйіп өскен халық екеніне күмән жоқ. Өзінің ана тілін қадірлеп қастерлейтінінің дәлелі – қазақ тілін Ата заңымызбен мемлекеттік тіл етіп бекітуі, халқымыздың мәдениеті мен әдебиеті тілі мәртебесіне көтеруі.
Қазақ тілі жер шарындағы 12 миллионнан астам қазақтың ұлттық тілі. Қазақ тілінде Әл Фараби, Махмут Қашғари, Қожа Ахмет Яссауи ғұламаларымыздың шығармаларымен таныс болдық. Қазақ тілі Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Мұқтар Әуезов, Мұқағали Мақатаев сынды ұлы ақын-жазушыларымыздың, Шоқан Уәлиханов, Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтпаев сияқты ұлы ғалымдарымыздың ана тілі. Әр қазақ осындай аты әлемге танымал тұлғалармен ұлты, жаны, тілі бір болғанын мақтан тұтып, ұлты мен тілінің мәңгілік болатынына сенеді. Бүгінгі күні қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде мемлекеттің барлық салаларында қолданылатын, іс қағаздарын жүргізетін тіл деңгейіне жетіп отыр. Жаппай қолданыс тілі болатын күнде алыс емес.
Қазақстан ең дамыған өркениетті елдің қатарында көрінуді көздеп отыр. Өркениетті елде сауатты ұрпақ тәрбиеленеді. Сауатты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз – мемлекеттік терең тілді меңгеріп, жетік білетін, ана тілінде еркін сөйлей алатын ұрпақ тәрбиелеу. Өркениетті елдің халқы мәдениетті болуы тиіс. Мәдениетті адам болу дегеніміз – өз Отанын сүйетін, халқының тарихын қадірлейтін, ана тілін құрметтейтін адам болу. «Ұлттың болашағы – ұрпағында, ұрпақ тәрбиесі – ұстаз қолында» деп бекер айтылмаса керек. Шәкірттің жеңісі – ұстаздың беріліп істеген еңбегінің жемісі. Еліміздің болашағы көркейіп, өркениетті елдер қатарына қосылу үшін бүгінгі ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеп өсіретін орда – білім ордасы. Сауатты да, мәдениетті ұрпақты тәрбиелеу - білім ордаларының қасиетті борышы. Білім беру салаларының оқу бағдарламаларында мемлекеттік тілді оқыту жоғары деңгейге қойылуда. Мемлекеттік тілде олимпиадалар, ғылыми конференциялар, тәрбиелік іс-шаралар өткізіледі. Техникалық және кәсіптік білім беру орындарының бірі – колледж. Колледждерде орта буынды мамандар дайындалады. Мамандар даярлаудағы басты міндет – бүгінгі күн бәсекесіне қабілетті, білікті маман дайындау. Ал бәсеге қабілеттіліктің ең айқын түрінің бірі - мемлекеттік тілді жетік білу. Колледждің болашақ түлектері бұл қағиданы жақсы меңгерген. Сонымен қатар колледждің қазақ тілі мен әдебитеті пәнінің оқытушылары да мемлекеттік тілге қызушылық туғызып, тілді меңгеруге, қазақ тілінде жақсы сөйлей білуге мүмкіндік беріп, түрлі іс-шаралар өткізеді. Қазақ және өзге ұлтты студенттер болашақ маман ретінде мемлекеттік тілді білу қажеттілігінің өзекті екенін түсініп, тілге байланысты іс-шараларға белсенді қатысады. Елбасының «Мәңгілік ел» идеясы болашақ маман жастарымызды бір мақсатқа, ортақ мүддеге жұмылдыратын ұранға айналғаны сөзсіз.
Қазақ жастары ертеңіне сеніммен қарап, алдына ұлы мақсаттар қойып, рухы биік Мәңгілік ел болуға жанын салып қызмет ететініне сенемін Елдігімізбен туған тіліміз мәңгілік жасай берсін, көк туымыз желбіреп, айбынымыз асқақтай берсін!
Мәңгілік Ел, Мәңгілік Тәуелсіздік, Мәңгілік тілімізді сақтай білейік, ұлы халқым.