Би – қозғалыс, сыры мен сәні үйлескен қимылдың әсемдігі , бишінің қозғалысы мен дене қимылы арқылы көркем образды бейнелейтін, ырғаққа сай дене қимылымен көрсетілетін ұлттық өнер. Ұлттық би өнері әр халық өмірімен , тұрмыс- тіршілігімен және әр елдің табиғатына байланысты құрылады.
БҚО, Орал қаласындағы А.Байтұрсынов атындағы № 10 ЖОББ мектебінің «Ай-Наз» би ансамбілі өз көрерменін қалыптастырған, 10 жылдық тарихы бар, ерекше репертуарымен өнер сүйер жұртшылыққа кеңінен таныс.
«Ай-Наз» би ансамбілі 2010 жылы А.Байтұрсынов атындағы № 10 ЖОББ мектебінің оқушыларынан құрылған еді. «Ай-Наз» би ансамбілінің негізін қалаушы, көркемдік жетекшісі, педагогикалық еңбек жолын 2003 жылы М.Өтемісов атындағы «Хореография» кафедрасының оқытушысы болып бастап, 2010 жылдан бері А.Байтұрсынов атындағы № 10 ЖОББ мектебінде ұстаздық қызметін атқарып келе жатырған, жоғары санатты оқытушы – хореограф Қуанышева Гүлмейрам Әлібекқызы.
Тынымсыз еңбек пен талмай ізденістің арқасында «Ай-Наз» би ансамбілі 2013 жылдан бастап, қала, облыс, республика көлемінде таныла бастады. Облыстық «Балауса - 2013» би байқауында «Бас жүлде», «Дельфий ойындары» байқуында 1 орын, қалалық «Дельфий ойындары» байқауында 1 орын, «Өнерлі бүлдіршін - 2013» байқауында 1 орын , «Халықтар достығы» фестивалінде 1 орын иеленді.
Ансамбль репертуары әлем халық билерімен толықтырылып отырды. Сонымен қатар жеке орындаушылар дайындауға да көңіл бөлініп, жұмыстар жасалынды.
«Ай-Наз» би ансамбілі үшін 2013 жыл жемісті де, жеңісті жыл болды. Астана қаласында өткен Халықаралық «Шаттық» жас дарындар фестивалінде «Дала сазы» биімен Гумаров Сұлтанбек пен Шарипова Ақнұр 3 орын, Ақтау қаласында өткен Халықаралық «Біз күн перзентіміз» байқауында «Талас» биімен Гумаров Сұлтанбек 1 орын иеленді.
2013 жылы Алматы қаласында өткен Республикалық «Ақ көгершін» байқауында «Ай-Наз» құрамы 1 орын , жеке орындаушы ретінде өнер көрсеткен Шарафиева Дана 1 орын, Гумаров Сұлтанбек пен Шарипова Ақнұр 3 орынды қанжығаларына байлап, жеңіспен оралды.
«Өнер – мінсең ат,
Ұшсаң – қанат,
Кисең – жанат,
Ішсең – тамақ»,- демекші бұл өнердің шыңына жету үшін және сол биікте қалу үшін қажыр, күш, қуат, еңбекқорлық пен үлкен ізденімпаздық, талғампаз шығармашыл көзқарас қажет. Бұл би ұжымының басты мақсаты. Мұның барлығы уақытты талап ететін және жүйелі жүргізілген тәрбие жұмыстары арқылы қалыптасатын дүние.
Ансамбль мектебіміздегі ұйымдастырылатын барлық мәдени шаралардың тиісті деңгейде өтуіне ат салысып, тәрбиелік іс шараларға белсене қатынасады. Жетекші тарапынан мектебімізде өткізілетін «Күзгі бал», «Саз әлемі», «Би марафоны», «Жаңа жыл кеші», «Қыз сыны», «8-Наурыз» т.б. секілді дәстүрлі шаралардың мазмұнды өтуіне аса мән беріліп, өнерлі жастарды дайындауда уақытпен ешқашан санасқан емес.
Толассыз еңбек әрдайым өз нәтижесін көрсетіп отырды. Ансамбль 2014 жылы арман қала Астанамызда өткен Халықаралық «Ақ көгершін» байқауынан 1 орын , жеке орындаушылар Гумаров С. «Бас жүлде», Шарафиева Д. 1 орын, Халықаралық «Fiestalonia Milenio» байқауынан Кумарова Әдемі 2 орын, Республикалық «Баян-Сұлу» байқауынан 2 орын, Республикалық «Жұлдызды талант» байқауынан Шарафиева Д. «Бас жүлдені» иеленді. Әрине , бұл жетістіктер жеңісті күндердің бастамасы екеніне барлығымыз да сенімді едік.
2015 жыл да «Ай-Наз» ансамбілі үшін олжалы жылдардың бірі болды. Алматы қаласында ұйымдастырылған «Асыл мұра» VII Республикалық ән-би балалар мен жасөспірімдер арасындағы байқаудың «Би» номинациясы бойынша «Бас жүлде» , Батыс Қазақстан облысы жастарының ашық XI Дельфилік ойындарында «Халық биі» номинациясы бойынша 1 орын, Астана қаласында өткен Республикалық «Дельфий ойындары» байқауында 4 орын, Орал қаласында өткізілген қалалық «Өнерлі бүлдіршін- 2015» байқауында үлкен топ 1 орын, кіші топ 2 орын алды.
Астана қаласында өткізілген Халықаралық «Звездный танец» байқауынан 2016 жылы «Ай-Наз» ансамбілі «Бас жүлде», Алматы қаласында ұйымдастырылған Халықаралық «Бозторғай» байқауынан 1 орын, Ақтөбе қаласында өткізілген Халықаралық «Тоника» байқауынан «Ай-Наздықтардың» үлкен тобы да , кіші тобы да 1 орын иеленіп келді.
Көрермен көзайымына айналған «Ай-Наздықтар» әр гастрольдік сапарларында әсем қалалардың көрікті жерлерін аралап, жұмыспен қатар мәдени демалыс жұмыстарын ұйымдастыруға да көп көңіл бөліп, уақыт табады. Бұл ансамбілдегі тәрбиелеу жұмыстарының бір әдісі болып табылатын және мұндай демалысты тиімді де пайдалы етіп өткізуге аса үлкен мән беріледі. Әрине мұның бәрі іскер жетекші Г.Әлібекқызының ұйымдастыруымен болады.
Жылдар жылжыған сайын «Ай-Наз» би ансамбілінің тәжірибесі де артып, жетістіктері де еселене берді.
2017 жылы Орал қаласында өткізілген XV Республикалық «Ақ көгершін» байқауында «Ай-Наз» би ансамбілі «Бас жүлде» , . Алматыда ұйымдастырылған Республикалық «Жас таланттар» байқауында жеке орындаушы Кумарова Ә. 1 орын, Республикалық «Рауан» байқауында «Бас жүлде», Халықаралық «Брависсимо» байқауынан ансамбілдің кіші тобы 2 орын, «Ай-Сәулемай» байқауынан 1 орын иеленді. Ал Атырау қаласында «Бейбітшілік әлемі» ұйымдастырған Халықаралық «Жұлдызды талант» байқауында «Ай-Наз» би ансамбілі «Бас жүлде» иеленіп, Түркия еліне жолдама ұтып алған болатын. 2017 жылдан бері жыл сайын Астана қаласында өткізілетін Халықаралық «Шаттық» фестивалінің құрметті қонағы ретінде фестивальге қатынасу мәртебесіне ие болды 2017 жылдың қорытындысы ретінде «Ай-Наз» ансамбілі өзінің есеп беру кешін ұйымдастырып, өте жоғары деңгейде өткізді. «Ай-Наздық» өнерлі оқушылар мың бұралған биімен талай жұртты таңқалдырды.
2018 жылы Астанада өткізілген Халықаралық «Феерия» байқауында дуэт Абзалова Айнара мен Бейбітқызы Айару 1 орын , Атырау қаласында өткізілген Халықаралық «Весенние напевы» байқауынан «Ай-Наз» ансамбілі жүлделі 1 орынды еншіледі.
2018 жылдың шілде айында «Ай-Наз» ансамбілі Алатау баурайында ең алғашқы «Дала жауhарлары» атты бейнебаянын түсірді. Алатау баурайының сұлу табиғатында түсірілген бейнебаянның тұсауы облыстық «Ақжайық» телеарнасында «Би – көңілдің ырғағы» деген тақырыпта жүргізілген тікелей эфирде сұхбат беріліп, телеэкран арқылы «Дала жауhарлары » атты бейнебаяны көрермен назарына ұсынылды. Сұхбат барысында өнерпаз бишілер алып шаhардан алған әсерлерімен, түсірілім барысындағы қиындықтар мен қызықтарымен бөлісіп, әр бидің өзіндік ерекшеліктері бар екенін сонымен қатар би өнері оларға теңдесіз мүмкіндік беретінін, әр сахналық қойылымнан шабыт алатындарын атап айтып өтті.
Ақтөбе қаласында 2019 жылдың 23 ақпан күні өткізілген Халықаралық «Қазақстан таланттары» байқауында «Бас жүлдені» иеленіп, Өзбекстан елінде өтетін Халықаралық «Toshkentni Sevamiz» байқауына жолдама алды. Шет мемлекетке барған сапарлары сәтімен болып, бұл байқаудан да «Бас жүлдені» қанжығаларына байлаған еді.
Әрбір жеңістің артында төгілген тер, тынымсыз еңбек, асқақ арман мен нақты қойылған мақсаттар тұрды. 2019 жылдың қазан айында Атырау қаласында ұйымдастырылған Республикалық «Жас толқын» жас таланттар байқауында жүлделі 3 орынға ие болып, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер майталмандарымен бір сахнада тұрып өнер көрсету бақытына ие болды.
Ансамбль ұжымы жұмыстарымен бірге жеке орындаушылардың репертуарын , сахналық киімдерін, орындаушылық шеберліктерін арттыру мақсатында да қарқынды жұмыстар жүргізіліп отырды. Соның нәтижесінде жеке орындаушылар әрдайым топтан оза шығып, алдыңғы қатарлардан көрініп отыратын. Алматы қаласында өткен «Золотая осень» байқауынан Уресова Асем «Бас жүлдені» алып, Халықаралық «Музыкальный фейерверк» байқауынан 1 орынды иеленді.
2020 жылдың ақпан айында VIII Халықаралық балалар, жасөспірімдер мен жастарға арналағн «Жас дарын» өнер байқауында 11-14 жас аралығында , «Бабалар үні» тарихи би композициясы көрермен қауымға ұсынылып, «Бас жүлдені» ұтып алып, қаржылай сыйлыққа ие болды.
«Шәкіртсіз ұстаз – тұл» демекші, алғашында балалық қызығушылықпен қатынасқан би өнері бүгінде бірнеше шәкірттің кәсіби мамандығына айналып отыр. Айтар болсақ хореография тізгінін ұстаған Төлеп Гүлнұр Астана қаласы Қазақ Ұлттық хореография академиясының 7 сыныбының оқушысы болса, Қоныспаев Ерасыл М.Өтемісов атындағы БҚМУ студенті. Ал Кумарова Әдемі Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжін үздік дипломмен тәмамдап,бүгінде Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының 1 курс студенті.
Қазақ Ұлттық хореография академиясының түлегі, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының балет әртісі Гумаров Сұлтанбек әлем сахналарын бағындыруда. Осы білім ордасынан білім алған Умаргалиева Назгүл мен М.Өтемісов атындағы БҚМУ түлегі Кумарова Гульмира ұстаздық жолды таңдап, шәкірт тәрбиелеуде.
Бүгінгі көрерменнің би өнеріне деген талғамы жоғары. Ал, жаңашылдық – өнердің сапалық қасиеті. Бидегі жаңашылдық тәжірибеден, ізденістен туындайды. Ол ішкі ырғақпен әп-сәтте шығатын дүние, мазмұн-мағынасының ішкі жалғасы. Үнемі ізденістің арқасында ансамбілдің би қойылымдары құрылымы жағынан көрермендерін еш жалықтырған емес, бұл әрдайым өз біліктілігін көтеруді назардан тыс қалдырмайтын жетекші жемісі. Жаңашылдыққа жаны құмар Г.Әлібекқызы ,биші шәкірттеріне би өнерінің қыр-сырын іс жүзінде үйретіп қана қоймай, би заңдылықтарын, би қимылдарын үйрету әдісі мен техникасы жөнінде өз тәжірибесімен бөлісіп, авторлық бағдарламаларын жарыққа шығарды:
- «Би әліппесі» үйірмесінің авторлық бағдарламасы (1-4 сыныптарға арналған), Құрастырушы: Қуанышева Гулмейрам Алибековна А.Байтұрсынов атындағы №10 жалпы орта білім беретін мектебінің хореография мұғалімі,Орал-2017
- «ҚАЗАҚ БИІН ҮЙРЕНУ ӘДІСТЕМЕСІ» (Ш.Жиенқұлова би мектебі негізінде) (1 сыныптарға арналған), Құрастырушылар:
Г.А.Куанышева А.Байтұрсынов атындағы №10 жалпы орта білім беретін мектебінің жоғары санатты хореография мұғалімі, Т. М. Амреева М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Хореография және мәдени-тынығу жұмысы кафедрасының аға оқытушысы
Орал-2019ж.
- «ҚАЗАҚ БИІН ҮЙРЕНУ ӘДІСТЕМЕСІ» (Ш.Жиенқұлова би мектебі негізінде) (2 сыныптарға арналған);
- «ҚАЗАҚ БИІН ҮЙРЕНУ ӘДІСТЕМЕСІ» (Ш.Жиенқұлова би мектебі негізінде) (МАД топтарына арналған);
Міне «Ай-Наз» би ансамбілінің алған асулары осындай. Көрермен «Ай-Наздың» биін сахнадан көргенде, жүрегінің тереңінде жатқан ой-арманын көргендей әсер алып, соған қол созып, көңілін қосады. Бишілердің дене қимылы , қозғалыс иірімі көрерменнің ішкі рухани дүниесімен жалғасады. Сәтті шыққан биден сұлулықты көрудің өзі өнер емес пе? Сондықтан би ішкі жан дүниенің нұрлануы үшін де маңызды екенін айтып жатудың өзі артық шығар. Өнері мен өнегесі үйлесім тапқан «Ай-Наз» би ансамбілінің әлі талай биіктерден көрініп, көрермендерін ерекше би қойылымдарымен қуантатынына сеніміміз мол.