Қазіргі уақытта кез-келген педагог білім беру процесіне қатысты бірқатар проблемаларға тап болады, мұның себебі қоғам құндылықтарының үнемі өзгеріп отыруында жатыр. Қоғам талаптары өзгерген сайын тәрбиенің мазмұнына деген сұраныс та күшейеді. Сондықтан да қоғамда болып жатқан үздіксіз факторлар тәрбиенің мазмұнын қайта қарауды талап етеді. Тәрбие мазмұнынының өзгеруі инновациялық мүмкіндіктердің дамуына байланысты. Инновация тенденциясы жас ұрпаққа жаңа сапаларды дамытуды ұсынады. Заманауи қоғам қажеттіліктеріне ілесе алатын, көзқарасы жетілген, кәсіби икемді тұлғаны қалыптастыру бүгінгі білім мен тәрбие индустриясының басты міндеті болып табылады. Әрине бұл өлшемдер тек біліммен ғана бағаланбайды, сонымен қатар адамгершілік кредосы арқылы көрінеді.
Бүгінгі жаһандану үрдісінде әр ұлт, әр мемлекет өзіндік менталитетін, өзіндік бет-бейнесін сақтап қалуға тырысуда. Бізді де осы үрдіске ежелден қалыптасқан ұлттық құндылықтарымыз бен білімді ұрпақ алып шығады. Сол себептен жас ұрпақты тәрбиелеуде басты ұстанар бағытымыз – ұлттық құндылықтар болуы қажет. Жас ұрпаққа ұлттық тәрбие берудің негізгі бағдарлы идеялары Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан - 2030» халыққа жолдауында былай деп жазылған: «Толық өркениетті ел болу үшін алдымен өз мәдениетімізді, өз тарихымызды бойымызға сіңіріп, содан кейін өзге дүниені игеруге ұмтылғанымыз жөн». Олай болса, басты мақсат – жас ұрпақты ұлттық игіліктер мен адамзаттық құндылықтар, рухани-мәдени мұралар сабақтастығын сақтай отырып тәрбиелеу.
Жас ұрпаққа сапалы біліммен бірге саналы тәрбие беру қай кезде де өзектілігін жоғалтқан емес. Қазір де солай. Арғы ата-бабаларымыз жас өренді елін, жерін сүюге үндеп, ұлттық салт-дәстүрмен сусындатуды мұрат тұтқан. Сол рухани үндеу бүгінгі күнге жеткізді. Жаңа ғасырға аяқ басқан қазақ елі тарихын ұмытқан емес. Рухани мұралардың арқасында жас ұрпақтың бойына құнды қасиеттерді дамытуға тырысты. Адал, ақкөңіл, еркін ұрпақ тәрбиеледі.
Тарихтың даму эволюциясы адам капиталының ең маңызды құндылығы адамгершілік болғанын дәлелдей түседі. Қай ғасырды алсақ та, адамның бойындағы адамгершілік қасиеттер ақын-жазушылардың қаламынан түскен емес. Ұрпағын руханилыққа тәрбиелеген халқымыздың тәжірибесі орасан зор. Ол халқымыздың батырлар жырында, эпостық әңгімелерінде, поэзия жанрында, ауыз әдебиетінде көрініс тапты. Ғасырлар бойы бала тәрбиесінде пайдаланды. Сөйтіп, бірнеше ұрпақ осы сабақтастық пен үйлесімділікті жалғастырды.
Өскелең ұрпақты адамгершілікке тәрбиелеу қоғамның маңызды міндеттерінің біріне айналды. Ол мемлекеттің көптеген нормативті құжаттарында айтылған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде рухани-адамгершіліктің маңыздылығын бірнеше рет атап өткен болатын. Рухани-адамгершілік тәрбиесі мемлекет басшысының пайымдауынша, ол жастардың бойындағы мораль, әдеп, гумандық қарым-қатынас арқылы көрінетін қасиеттердің интеграциялық байланысы. Аға ұрпақтың сабақтастығы мен үйлесімділігі. Рухани-адамгершілік генетикалық процесс емес, ол адамның ішкі және сыртқы факторлардың ықпалымен қалыптасатын міне-құлқы, еркіндігі, бостаңдығы, ішкі әлемі, дүниетанымы, ізгілік қасиеттері. Адамгершілік отбасына, мемлекетке, Отанына, достарына, қоғамға деген ыстық сезімінен туатын қасиет.
Мектеп әлеуметтік тәрбие институт ретінде бұл мәселені отбасымен бірлесе отырып жүзеге асырады. Отбасы, мектеп, қоғам рухани-тәрбиенің негізі болып табылады.
Бүгінгі әлем қауымдастығынан орын алуға бет бұрған біздің еліміз үшін білім парадигмасының жаңаруы, тәрбие мазмұнының модернизациялануы маңызды процесс болып табылады. Бұл кезеңнің ерекшелігі жаңа сипаттағы заманауи тәрбиені бүгінгі ақпараттық, үдемелі қоғам сипатымен байланыстыру арқылы рухани-адамгершілігі жоғары тұлғаны тәрбиелеу. Ол мектептің оқу-тәрбие процесінде жүзеге аспақ. Мектеп оқушының рухани дамуына жағдай жасайтын әлеуметтік институт болып табылады.
Адамгершілік тәрбиенің бүкіл жүйесі гуманистік мазмұнға толы, рухани негізде жеке адамның жан- жақты дамып жетілуіне бағытталған. Руханилықтың мазмұнында адамның мінез-құлқы, ар-ұяты, өзін-өзі бағалауы және адамгершілік сапалары жатыр. Дала өркениетінде өмір сүрген қазақ халқы әуел бастан ұрпағын адамгершілік пен парасаттылыққа тәрбиелеген. «Арым-жанымның садағасы, жаным-арымның садағасы»-деп ары мен ұятын жоғары қойған қазақ халқының негізгі кредосы адамгершілік қасиеттерін ұрпағына сіңіру болып табылады. Қазақ даласының табиғи үйлесімділігінен туған бұл қағидалар, халқымыздың алтын қағидасына айналған. Сондықтан да табиғаттың тылсым өмірімен етене жақын өмір сүрген халқымыз үшін адамгершілік, рухани құндылықтар маңызды. Рухани құндылықтарды үйрету арқылы оқушылардың тарихи мұраларға деген қызығушылықтары қалыптасады. Адамгершілік тәрбие халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрінде, ауыз әдебиетінің үлгілерінде көрініс тапқан.
Ұлттық қадір-қасиет – ұлттық сана-сезімнің өзегі, адамгершіліктің бірегейі, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық санасының жемісі, кісілік қасиеттер жиынтығы. Қазақ халқы өз ұрпағын адамгершілікке, ізгілікке, инабаттылыққа тәрбиелеуді ежелден-ақ өзінің басты мақсаты етіп қойған. Халық өз ұрпағына қайырымдылықты ес білгеннен үйретіп, тиісті талап қою, дағдыландыру арқылы оны тұрмыстық салтқа, адамгершілікке, дәстүрге енгізді.
Оқушылардың адамгершілік қасиеттері үздіксіз тәрбие процесінде қалыптасады. Әр түрлі пәндерді оқыту кезінде оқушылардың достық, жолдастық, өмірге деген белсенді көзқарасы, Отан туралы ұғымдары қалыптасып дамиды. Үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, ата- аналарды қадірлеу, еңбектенуге үйренеді. Осындай қасиеттер арқылы оқушылар әлеуметтік ортамен белсене араласады және коммуникациялық қатынасқа түседі.
Рухани - адамгершілік тәрбиесі - өзіндік сананы дамытуға жағдай жасауды, жеке тұлғаның әдеп ұстанымын, оның қоғам өмірінің нормалары мен дәстүрлерімен келістірілетін моральдік қасиеттерін және бағдарларын қалыптастыруды болжайды. Оқушыларды рухани - адамгершілікке тәрбиелеу, болашағына жол сілтеу – бүгінгі қажетті, кезек күттірмес мәселе. Әсірсе, оқушыларды адамгершілікке тәрбиелеудің мазмұны олардың ерекшеліктеріне сай келуі тиіс.
Бүгінгі өмір сүру жағдайлары көптеген ата-аналардың жұмыс уақытының көп бөлігін өткізуге мәжбүр болуына ықпал етеді. Нәтижесінде отбасында мектеп оқушыларының адамгершілік және рухани тәрбиесі артта қалады. Сондықтан да адамгершілік тәрбиесіне ересек адамдар көңіл бөлулері керек. Ол отбасында және мектепте жүзеге асуы қажет. Отбасы, мектеп адамгершілік тәрбиенің алтын қазығына айналуы қажет.
Сол себептен ата – ана мен мұғалімдер бала тәрбиелеуде бірлесіп жұмыс атқаруы қажет. Себебі, тәрбие күрделі және ұзақ процесс. Оған отбасы да, мектеп те, қоғам да жауапты. Ол рухани адамгершілік тағылымдарды өркениетті өмірмен байланыстыра отырып, білім берудің барлық кезеңдерінде негізге алғаны жөн. Сонда ғана өзінің міндетін айқын сезіне білетін, мінез құлқы жетілген саналы адам қалыптасады. Бұл мақсатқа нағыз мұғалімдердің қатысуымен ғана қол жеткізуге болады. Мұғалім адам бойындағы ізгі қасиеттерді оқушыға жеткізе білуі қажет. Оқушының іс-әрекетін ұйымдастыру арқылы ұлттық құндылықтарды, адамгершілік қасиеттерді негізге алу мұғалім қатынасының маңызды белгісі болып табылады. Мұғалім тәрбие процесін жүзеге асыру барысында мына қасиеттерді дамытуға ерекше назар аударады:
- оқушылардың ұлттық сана-сезімін қалыптастыру;
- жас ұрпақ санасына туған халқына деген құрмет, сүйіспеншілік;
- ұлттық рухын дамыту;
- ана тілі мен дінін, оның тарихын, мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін,
рухани-мәдени мұраларды қастерлеу;
- жас ұрпақ бойында жанашырлық, сенімділік, намысшылдық тәрізді ұлттық мінездерін қалыптастыру.
Мектептен тыс тәрбие процесі арқылы мұғалім оқушылардың адамгершілік қасиеттерін қалыптастырады. Сынып сағаты, саяхат, қамқорлық акциялары, конференция, дөңгелек стөл т.б. шаралар оқушылардың қызығушылығы мен белсенділігін дамытады. Сонымен қатар мұғалім ата-анамен де әртүрлі іс-шаралар ұйымдастыруға болады. Ата-ана мен балаларды қатыстырып, спорт жарыстарын өткізу арқылы салауатты өмір салтын насихаттауға болады. Бұндай жарыстар ата-ана мен бала арасындағы қамқорлықты, сүйіспеншілікті, ынтымақтастықты, мейірімділікті дамытады. Мектеп пен отбасы арасында байланыс күшейеді. Адамгершілікке тәрбиелеу мектептің маңызды міндеті болып табылады. Оқушылардың табиғатқа, қоршаған ортаға деген ізгі қарым-қатынасы отбасында және мектепте жалғасады. Сондықтан да мектеп пен отбасы үйлесімділік пен әдеміліктің нышаны іспеттес.
Пайдаланған әдебиеттер
- Әбішқызы С., Сарманов Ж. «Ұлттық тәрбие – құндылығы мол дүние». -Алматы: Білім, -2018.
- Оразбекова К. Ұлттық психология мен халық тәрбиесі болашақтың бастауы -Алматы: Эверо -2018.
- Ғаббасов С. Халық педагогикасының, негіздері -Алматы:Мұра, 2020.