Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI813

Инклюзивті білім беруді дамыту

Денсаулығы әлсіз және мүгедек балаларға білім беру мәселесі бүгінгі күні көкейтесті болып табылады және тиісті назар аударуды талап етеді. Себебі жыл сайын психикалық, ақыл-есі, физикалық дамуында туа біткен, жүре пайда болған ақаулықтары бар балалар саны арта түсуде. 

Қазақстан Республикасының Заңнамасында адам құқықтары саласында халықаралық құжаттарға сәйкес барлық балалардың білім алуға тең құқылы екендігі қарастырылған. Балалардың білім алу құқығы кепілдігі Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының «Білім туралы», «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы», «Мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік және медициналық-педагогикалық қолдау көрсету туралы», «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы», «Арнайы әлеуметтік қызмет көрсетулер туралы» Заңдарында бекітілген. 

Қазақстан Республикасы Үкіметі «2011-2020 жылдарға Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында» маңызды міндеттердің бірі ретінде инклюзивті білім беруді дамытуды анықтаған. 

Мектебімізде инклюзивті білім алу санатына жататын оқушылар, яғни мүмкіндігі шектеулі, мүгедек балалар білім алуда. Сол себепті біздің тарапымыздан «Мектеп бәріне ортақ» бағдарламасы әзірленіп, қазіргі күні игерілуде. Аталған бағдарламада ерекше білім беруге қажеттіліктері бар балалармен жұмысты ұйымдастыру бағыттары көрсетілген. Инклюзивті білім беру мүмкіндігі шектеулі балаларға білім берудің тиімді формасы болып табылады. Мүгедек және мүмкіндігі шектеулі балалар өз құрдастырымен кәдімгі жалпы орта білім беру мектебінде оқуға мүмкіндігі болады. Және олардың ұжымына мүше болып кіреді, өз мүмкіндігіне сай дами алады, сонымен қатар қоғам өміріне белсенді қатысу құқығына ие болады. 

Біздің бағдарлама инклюзивті сынып жағдайында дамуында кемістіктері бар балалар мен мүгедек балалардың білім алуына болжамдала жасалған. Инклюзивті сынып – бұқаралық жалпы орта білім беру мектебі жағдайында дамуында ақаулықтары бар және мүгедек балалардың өзі қатарлас балалармен бір сыныпта оқуына болатын білім беру үдерісін ұйымдастырудың бір формасы. Білім беру үдерісін ұйымдастырудың аталған формасы жеке оқытуға қарағанда басымдау болып табылады. 

Инклюзивті сыныптарды құруда табысты инклюзивті білім берудің ішкі жағдайларын ескердік:

• ата-аналардың баланы дені сау балалармен оқытуға ниет білдіруі, оқыту үдерісінде оларға көмектесуге дайындығы және тырысуы; 

• мүмкіндігі шектеулі балаға білікті көмек көрсетуге мүмкіндіктердің болуы;

• кіріктірілген оқытудың вариативтік модельдерін игеру үшін жағдай жасау. 

сонымен қатар табысты инклюзивті білім берудің ішкі жағдайлары: 

• жас ерекшелігі нормасына немесе оған жақын деңгейге сай келетін психикалық және сөйлеу дамуының деңгейі;

• даму деңгейі қалыпты қалыпты балаларға қарастырылған мерзімде жалпы орта білім беру стандартын меңгеру мүмкіндігі;

• инклюзивті сыныпта оқытуға баланың психологиялық дайындығы.

Инклюзивті сыныптарды құрған кезде ПМПК ұсынымдары бойынша бір білім беру бағдарламасы бойынша оқытылуға тиіс дамуында ақауы бар балаларды, мүмкіндігінше,  бір сыныпқа   біріктіру қажет.

         Мүгедек балаларды жалпы білім беретін сыныптарда білім алуға бейімдеу кезеңі  2015-2016 жылы  мектепте жабдықталған арт-терапия кабинетінде,  білім беру мекемесінде  және одан тыс жерлерде өткізілген   сыныптан тыс шараларда  өтті.

2014 жылы мектебіміз  «Мектеп – денсаулық  аумағы» атты қалалық сайысқа инклюзивті  білім берудің «Мектеп бәріне ортақ» бағдарламасымен   қатысып, жеңімпаз атанды. Біз инклюзивті мектеп артықшылықтарын  түсіндік,   бұлар:

-тәжірибе алаңы мәртебесін алу;

-түрлі ғылыми және қоғамдық ұйымдар, басқа әлеуметтік серіктестермен ынтымақтастық құру;

-мектепті және  мектептің жеке шараларын қосымша қаржыландыру;

-мүмкіндігі шектеулі балалар мен мүгедек балаларды мектеп қызметінің барлық саласына кіріктіру, бұл арқылы мектептің қала бойынша    бәсекеге қабілеттілігін арттыру;  

-даму деңгейі қалыпты  балалардың мүмкіндіктері шектеулі балаларға деген толерантты көзқарасын қалыптастыру;

- мүмкіндіктері шектеулі  және мүгедектігі бар балаларға қоғамның толеранттық көзқарасын қалыптастыру процесін қамтамасыз ету.

         Инклюзивті білім беру   моделін жүзеге асыру   барысында  мүмкіндіктері шектеулі  балалардың сұраныстары мен қажеттіліктерін өтей   алатын оқытуды  ұйымдастыру мәселелерін шешуіміз керек. Мүмкіндіктері шектеулі балалардың   қоғамда өз орнын тауып, бейімделуі,   қоғамның толыққанды азаматы болып қалыптасуы біз үшін өте маңызды. Мектепте  әр бала,  соның ішінде мүгедек бала да  мекеменің   білім беру және әлеуметтік өміріне   қатыса алатындай орта   қалыптастыру керек, бұл  баланың табысқа жетуіне, өзінің қауіпсіздігін және қатарластар ортасында  өз маңыздылығын  сезінуіне мүмкіндік береді. 

Мектеп оқушылары ұжымының  11%-ын мүмкіндіктері шектеулі балалар құрайды, сондықтан  осындай  балалар үшін арнайы жағдай жасау қажет. Мектепте түзету сыныптарында білім алатын   мүмкіндіктері шектеулі балаларға қолдау көрсетудің мол тәжірибесі бар болғанына қарамастан, түзету сыныбы жағдайында балаларға білім беру нәтижелері  біздің және ата-аналардың көңілінен шықпайды. Бар тәжірибені жүйелеп, ортаға салу арқылы   бұл санаттағы балалар  жалпы білім беру сыныбында  оқытылып,   қосымша жағдай жасалса,   олардың оқытылуы мен әлеуметтену табыстылығы арта түсер еді деген болжамға келдік. Бұл біздің  Инклюзивті білім беру бағдарламасын құрып, инклюзивті сыныптарды ашуымызға түрткі болды.

Инклюзивті білім беру бағдарламасы -  мүмкіндігі шектеулі балалардың негізгі  және жалпы білім берудің негізгі жалпы орта білім беру бағдарламаларын меңгеруіне   көмек көрсетуге бағытталған кешенді бағдарлама.

Бағдарлама мүмкіндіктері шектеулі  балалардың   дене және психикалық кемшіліктерін түзетуге және бұл санаттағы  балалардың негізгі  және жалпы білім берудің негізгі жалпы орта білім беру бағдарламаларын меңгеруіне   көмек көрсетуге бағытталған.

         Төмендегі нормативтік құжаттар инклюзивті білім берудің нормативтік-құқықтық және және құжаттық негізі болып табылады:

Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 1 наурыздағы №205 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы стратегиясының басым бағыттары

Жергілікті атқару органдарының арнайы білім беру саласында мемлекеттік қызмет көрсету стандарттары бекітілді – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 8 сәуірдегі № 174 бұйрығы. Осы бұйрықпен келесі стандарттар бекітілді:

1) «Мүмкіндіктері шектеулі балаларды психологиялық-медициналық-педагогикалық тексеру және оларға консультациялық көмек көрсету» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты; 

2) «Дамуында проблемалары бар балалар мен жасөспірімдерді оңалту және әлеуметтік бейімдеу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты; 

3) «Мүмкіндіктері шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға консультациялық көмек көрсету» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты; 

4) «Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарына денсаулығына байланысты ұзақ уақыт бойы бара алмайтын балаларды үйде жеке тегін оқытуды ұйымдастыру үшін құжаттар қабылдау» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты; 

5) «Арнайы жалпы білім беретін оқу бағдарламалары бойынша оқыту үшін мүмкіндіктері шектеулі балалардың құжаттарын қабылдау және арнайы білім беру ұйымдарына қабылдау» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты. 

Қазақстан ратификациялаған халықаралық деңгейдегі құжаттар – «Баланың құқықтары туралы» конвенция, «Мүгедектердің құқықтары туралы» конвенция.

«Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319-III Қазақстан Республикасының Заңы (03.12.2015ж. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен). 

 

ҚР «Білім туралы» Заңының 1 бабы инклюзивті білім беру саласының негізгі терминдеріне анықтама береді:

1-бап. 7-4 тармақшасы. Білім алу үшін арнайы жағдайлар – мүмкіндігі шектеулі адамдардың онсыз жалпы білім беретін және кәсіптік білім беретін оқу бағдарламаларын меңгеруі мүмкін болмайтын, арнайы білім беретін оқу бағдарламаларын және арнайы оқыту әдістерін, техникалық және өзге де құралдарды, өмір сүру ортасын, сондай-ақ медициналық, әлеуметтік және өзге де қызметтер көрсетуді қоса алғанда, білім алу үшін жағдайлар;

21-3 ерекше оқытуды қажет ететін тұлғалар (балалар) – денсаулығына байланысты білім алуда ұдайы немесе уақытша қиындық көріп жүрген, арнайы, жалпы білім беретін оқу бағдарламалары мен қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын қажет ететін тұлғалар.

21-4) инклюзивті білім беру – ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, барлық білім алушылардың білім алуына тең қол жеткізуін қамтамасыз ететін процесс.

 

Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар жандарды (балаларды) әлеуметтік және медициналық-педагогикалық  түзете қолдаудың заманауи жағдайы мен беталысы

Инклюзивті білім берудің қазақстандық моделі толығымен әлемдік тәжірибеде қабылданған талап ережелеріне сай емес, яғни   мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың инклюзивті білім беруге деген қарым-қатынасы басым болып тұр.   Салыстырғанда, туылғаннан 18 жастағы, бұл  2,8% құрайды мүмкіндігі шектеулі балаларды анықтау бара бара өсуде, әлемдік көрсеткіш   7-12%. Қазіргі кезде 30,5% мектептерде 27% мүмкіндігі шектеулі балаларға инклюзивті білім беруге жағдай жасалған. Жоғары оқу орандарында мүмкіндігі шектеулі студенттер саны 570 адамды құрайды. Инклюзияны іске асыруда қазақстандық білім беру жүйесінде шешілмеген проблемалар бар.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылар үшін білім беру бағдарламасын, оқу материалдарын бейімдеу

Жалпы білім беретін ұйымдарға қосылған ерекше білім беруге қажеттіліктері бар балалар жалпы білім беретін оқу бағдарламалары бойынша, сондай-ақ арнайы білім беру бағдарламалары бойынша ҚР МЖМБС және ПМПК (психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация) ұсынымдарына сәйкес білім алады. Ерекше білім беруге қажеттіліктері бар білім алушылардың оқу бағдарламасын меңгерудің ерекшеліктеріне байланысты мұғалім олар үшін бағдарламаларды ҚР МЖМБС аясында бейімдей алады. Ерекше білім беруге қажеттіліктері бар оқушыларды жалпы білім беруге қосу нысандары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 17 мамырдағы №499 қаулысымен бекітілген «Жалпы білім беру ұйымдары (бастауыш, негізгі орта және жалпы орта) қызметінiң үлгілік қағидаларында» баяндалған. Арнайы және инклюзивті білім беру барлық оқушылардың білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған психологиялық-медициналық- 8 педагогикалық кеңес беру ұсынымдарын ескере отырып әзірленген арнайы және жалпы білім беретін оқу бағдарламалар арқылы жүзеге асырылады. Бастауыш мектепте ерекше білім беруге қажеттіліктері бар балалар психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның орытындысына сәйкес ҚР БҒМ 2015 жылғы 18 маусымдағы № 393 бұйрығымен бекітілген арнайы оқу бағдарламалары бойынша оқиды

Сақтандыру-қамқорлық тәртібі. Ерекше білім беруге қажеттілігі бар оқушыларға қатысты қамқорлық пен сақтандыруды педагогикалық тұрғыда ұйымдастыру қажеттілігі олардың орталық жүйке жүйесінің жетілуі мен қызмет етуінің кемістігі, сонымен қоса соматикалық әлсіздігімен байланысты. Соның салдарынан оқушылар дене қызметі мен ойлау жүйесіне күш түсуінен тез шаршап әлсірейді. Ал ол балалардың соматикалық саулығы мен оқу қәрекетінің нәтижесіне кері әсер етеді. 

Қамқорлық сақтық-педагогикалық тәртібіне келесідей факторлармен жетеді: 

- сыныптың аз толымдылығы; 

- оқушының барлық мектеп қауымдастығын қабылдауының психологиялық жайлы ортасын қалыптастыру; 

- оқушымен жеке және топтық оқу іс-әрекетінде жетістіктерін қамтамасыз ету; 

- эмоционалды олқылық, психофизикалық жүктеменің алдын алу; 

- психологпен арнайы релаксациалық, психотерапиялық сабақтар; 

- әр сабақ барысында (20-25 минутта) емдеу-түзету іс-шараларымен 5 минуттық динамикалық үзілістер өткізу; ауысым арасында (әр сабақ арасында 10 минуттан кем емес және үшінші сабақтан кейін 20 минуттық үзіліс); 

-оқушылардың жұмысқа қабілеті мен қабылдау ерекшеліктерін есепке ала отырып, сынып бөлмелерін ерекше безендіру. 

         Мүмкіндігі шектеулі балалардың даму бұзылыстарын жою, алдын алу үшін арнайы жалпыға білім беру мектептерінің Типтік оқу жоспарларының құрылымына «түзету компоненті» енгізілген. «Түзету компоненті» - білім алушылардың даму бұзылыстарының ерекшеліктеріне сәйкес жоспарланады (1-кесте). 

1-кесте

Кемістік сипаты

Түзету компонентінің технологиялары

Түзету ерекшеліктері

1

Есту бұзылыстары бар балалар

«Түзету ритмикасы», «Дыбыстық қабылдау мен сөйлеуді дамыту», «Пәндік–практикалық оқыту», «Ым-ишара тілі», «Әңгімелік-тұрмыстық сөйлеу тілі» 

Сөйлеу тілінің дыбыстық кемшіліктері мен оның грамматикалық бейнеленуін жою; дыбыстық қабылдауды, диалогтық және монологтық тілді дамыту.

2

Нашар көретін оқушылар

«Түзету ритмикасы», «Көру қабылдауы мен қалдықты көруді сақтау және дамыту», «Әлеуметтік–тұрмыстық бағытталу», «Кеңістікте бағдарлану», «Ым-ишара мен қимыл-қозғалыстық ым-ишараны дамыту», «Емдік дене шынықтыру»

Үлкейтілген шрифтпен басылған, көру қабылдауына әсерлі, анық, артық бөлшектерсіз орындалған суреттері бар жалпы білім беру мектебі оқулықтары-мен, арнайы көрнекіліктер көмегімен оқытылады. Көрмейтін балалар үшін Брайль-дың рельефті–нүктелік шрифті-мен басылған оқулықтар қолдан.

3

Тірек-қимыл аппаратында бұзылыстары бар оқушылар

«Қоршаған ортамен танысу», «Сөйлеу тілін дамыту», «Түзету ритмикасы», «Әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлану», «Емдік дене шынықтыру»

тілдік және қозғалыстық бұзылыстар себебінен оқу мен жазуды меңгерудегі қиындықтар ды еңсеру; оқыту мерзімін ұзарту. 

4

Психикалық дамуы тежелген балалар

«Қоршаған ортамен танысу», «Сөйлеу тілін дамыту», «Түзету ритмикасы», «Әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлану».

психикалық дамуды түзету, еріктік-эмоциялық сфералардың дамуын реттеу.

 

5

Интеллект бұзылыстары бар балалар

«Қоршаған ортамен танысу», «Танымдық іс-әрекетті түзету», «Түзету ритмикасы», «Әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлану», «Емдік дене шынықтыру»

Танымдық процесстерді дамыту, айналаны бағдарлау, кеңістікті қабылдауды түзету, ойлау мен сөйлеудің байланысын реттеу. 

 

744 0
Айгул Аязбекова, Мұхтар Әуезов атындағы мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Сарысу ауданы, Жаңатас қаласы Ұлы Дала Ұстазы № 000369
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: