Сан жылдар өтсе де келер ұрпаққа ілім үйрету, тәлім – тәрбиеге баулу адамзат тарихындағы рухани мол азықтың шыңы болып келеді. Қай заманда да ұстаздың шәкірт алдындағы міндеті ешқашан өзгерген емес. Солай десек те қоғамдағы күн санап өзгерген педагогика мамандарының міндеттері айтарлықтай жауапкершілікке ие болатыны белгілі. Өзгеруге құмар жалынды жастармен бірге қанша жасқа келсе де ұстаздар қауымының бірге өзгеруі – кәсіби деңгейдің ең биік сатысы. Себебі, әрбір қоғамның жаңа технологиялары мамандық таңдаған студенттің болашақ наны, еңбек жолының шексіз баспалдағы.
Ақпараттар жүйесінің негізін қалауға жан – дүниемді арнаған мен үшін, бұл даму сатысы менің әлемімдей болып көрінеді. Өндірістік орындарындағы техника және технологиялардың барлығы ақпараттық жүйеде дамып келе жатырғандықтан елімнің білім беру саласында еңбек ететін мектептің беделін арттыру мақсатында мен тың идеяларыммен үздіксіз еңбектеніп өзіндік үлесімді қосуға міндеттімін.
Осындай ұшы – қиыры жоқ биік белестерді бағындыру – менің ең асыл арманым. Қандай жағдайда оқу үдерісінің деңгейін жақсарта аламын деген сұрақтар көкейімде теңіздің асау толқынындай көкке ұмтылады.
Бүгінгі жеткіншектер мен жастар қазіргі заман талабына сай жаңа қоғамда өмiр сүрiп жатыр. Бүгінгі күн - сәт сайын дамып отырған инновациялық технологиялардың уақыты. Ғарыштап дамып келе жатырған заманауи жаңа технология әрбір мамандық иесі үшін білікті де білімді, озық ойлы маман болып қалыптасуына, еңбек жолында жоғары баспалдаққа көтерілуіне жол ашары сөзсіз. Жаңа қоғамның сипаты iскерлiк болса, бұл жолда жеткен жетiстiктерiмiз де аз емес. Ал сонымен қатар шешiмi күрделi мәселелер де баршылық. Негізінен атап айтқанда сөз ететініміз – әлеуметтiлiк мәселе. Бұл салада қоғам өмiрiнде түбегейлi шешiмi табылмай тұрған мәселе – жемқорлықтың белең алу мәселесі. Елiмiзде осы мәселеге арнайы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық, бiрақ бұл мәселе әлi де толық шешiмiн тапқан жоқ деуімізге саяды.
Сөз етіп отырған тақырыбымыз «Сыбайлас жемқорлық» түсінігі (латынша corruptio) — пара беруді, өзінің қызметтік дәрежесінің лауазымды тұлғасын жеке баю мақсатында тікелей пайдалану деген мағынаны береді. Жемқорлыққа жол бермеудің бірден - бір жолы - көптеген мемлекеттік қызметкерлердің білімі мен жалпы мәдениетіне, олардың бизнесі мен моральдық қасиеттеріне байланысты. Жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу үдерісінде білім беру мекемелері, ең алдымен мектептер мен мектепке дейінгі мекемелер кіреді. Кез келген жеткіншектер мен жастарды теориялық тұрғыда адалдық, әділеттілік, ауызбіршілікке, берілген тапсырмаға бағыну, кез келген құқық бұзушылыққа қатысты ауытқушылық, алда тұрған мәселені шеше білу, адам құқықтарын қорғау, мемлекет пен қоғам мүдделері сияқты моральдық және психологиялық қасиеттерді қалыптастыруға ерекше назар аудару қажет.
Мемлекеттік лауазымды қызмет құрылымдардың қандай әрекеттері жемқорлыққа жатады? Атап айтатын болсақ:
- Басқа мемлекеттік басқару жүйесі қызметкерлерінің мекемелердің жұмысына заңсыз жолмен араласуы;
- Қызметтік лауазымын пайдалана отырып, жеке басының не туыстарының материалдық қызығушылықтарын қанағаттандыруға байланысты мәселелерді шешуі;
- Мемлекеттік лауазымдық қызметте заңда белгіленбеген басымдықтарға ие болып өтуі және өсуі;
- Жұмыс берушінің шешімді дайындау мен қабылдау барысында біреуге заңсыз жолмен басымдық берілуі;
- Кәсіпкерлік қызметті не басқа табыс әкелетін саланы жүзеге асыруда заңда белгіленбеген кез келген әрекетпен көмек көрсетілуі;
- Мемлекеттік лауазымдық қызметті жүзеге асыру барысында алынған ресми жариялануға жатпайтын ақпаратты жеке мүддеге пайдалану;
- Заңда жариялауға рұқсат етілген деп бекітілген ақпаратты беруден бас тартуы, оны кешіктіру, жалған не толық емес ақпарат беру, заңда жариялауға тиістігі бекітілмеген ақпаратты жеке және заңды тұлғалардан талап ету;
- Мемлекеттік немесе осыған теңестірілген қызметі үшін жеке тұлғалар мен мекемелерден ақшалай, қызметтік және басқа формада сый алу.
Сыбайлас жемқорлық індет, оған қарсы күрес міндет деп айтып жүрміз. Ендеше, оның шипасы – халық арасында ағарту, насихаттау, әлеуметтік сананы қалыптастыру,рухани жағын байыту жұмыстарын тереңінен жүргізу. Байлықты басты құндылық деп адасып жүрген азаматтардың сана-сезімін, сенімін, ішкі жан дүниесінің тазаруына ықпал етіп, жүрегіне иман ұялату. Біздің қоғам ақниетті, адал, намысы биік азаматтарды қажет етеді. Осы тұста, соңымыздан ерген ұрпақ тәрбиесін де ұмыт қалдырмауымыз қажет. Болашақта өскелең ұрпақ жемқорлыққа жирене қарауы үшін біз қандай әрекет жасап, оларға қандай бағыт сілтей аламыз?! Бүгін, ертең демей сол мақсатқа жету үшін әрбір отбасында, балабақшада тәрбиеленетін, мектепте білім алатын баланың бойына имандылық пен адамгершілікті,ізгі қасиеттерді, еліне, жеріне, ұлтына деген жанашырлық, патриоттық сезімді тереңінен сіңіруіміз шарт. Жаны таза, ары ақ, елі мен жерін көркейтер нағыз азамат қалыптасуы үшін ұлттық рухани байлығымызды жас ұрпақ бойына дұрыс дарыта алуымыз қажет.