Қазіргі таңдағы қоғамының даму жағдайы, экономика мен мәдениетіміздегі сан түрлі әлемдік өзгерістері, қоғамның ақпараттануы білім беру жүйесіне өз әсерін тигізері сөзсіз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың БОЛАШАҚҚА БАҒДАР: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ атты мақаласында: «Ұлттық рух пен ұлттық сананың кемелденуіне, ұлттық салт-дәстүріміз бен тілімізді, мәдениетімізді сақтауға, бағалауға, бағалай отырып, жаңғырта дамытуға үндейтін, жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Осының бәрін егжей-тегжейлі айтып отырғандағы мақсатым – бойымыздағы жақсы мен жаманды санамалап, теру емес. Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын.
Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды.
Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек.» деп жазды[1].
Қазір Республикада жастарды тәрбиелеу мәселесінде адамның ішкі жан дүниесін, рухани әлемін танып, дамыту, жетілдіру бағытында көптеген ғалымдар С.А. Назарбаева, психол.ғ.д. Х.Т. Шерьязданова, п.ғ.к. Т.А. Левченко, п.ғ.д. М.Х. Балтабаев, профессор Б.Қ. Дамитов, п.ғ.к. А.А. Семченко, ф.ғ.д. Е.Е. Бурова, п.ғ.к. Л.К. Көмекбаева, психол. ғ.к. З.Б. Мадалиева т.б. үлкен ізденістер үстінде және бұл тұрғыда өзін-өзі тану ілімінің философиялық негізін қалаған ғалымдар А.Н. Нысабаев, Г.Г. Соловьева өз еңбектерінде ұстанған басты қағида – адамның тұлғалық келбеті мен адам деген атқа лайықты бола білуін қалыптастыратын, адамның табиғатпен, әлеммен үйлесуін, халықтық дәстүрмен әдепті, рухани мәдениет негізінде болашақ ұрпақтың адамгершілік тәрбиесін жаңа сатыға көтеру міндеттерін жүзеге асыруды көздейді [2].
Ұлттық код дегеніміз – ұлттық болмыс. Яғни, бір халықты басқа халықтан ажыратып, танытатын және сол халықтың әлем қауымдастығы алдында басқаға ұқсамайтын таным-түсінігі мен бітім-болмысын айқындап тұратын сипаты. Бұл сипаттың ерекшелігі – дара халықтың жаратылысындағы айырықша антропологиялық генезисінен бастап, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан дәстүр-салты, мінез-құлқы, арман-мұраты, тілі мен ділі, тұрмыстық-шаруашылық негіздеріне дейін толық қамти алуында. Бір сөзбен айтқанда, этностың тұтастығын сақтап тұрған кілтінің бүтін болуы.
Ұлттық кодтың негізі – отан сүйгіштік. Қазақ ұлтының коды – қазақылығы. Біздің мақсат ата-баба мұрасын қастерлеп, мирасына сызат түсірмеу». Міне, ұлт көшбасшысы бұл ұғымға терең түсінік беріп, тамыры тереңге жайылған рухани кодтың, ұлттық жаңғыру ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейтіп, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, жаңашылдыққа қадам басудың маңыздылығына айрықша тоқталған.
Ұлттық код - ұлттың ең негізгі және бірінші көрсеткіші ол – тілі. «Тілі жоғалған елдің өзі де жоғалады» деп Ахмет Байтұрсынов үлкен ескерту жасап кетті.
ХХІ ғасырда көтеріліп отырған «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білімінің түп тамыры тереңде жатыр. Ол – халқымыздың ұлттық құндылықтарынан, рухани мұраларынан, ділінен, тағылымдық ой-толғауларынан бастау алады. «Өзін-өзі таныған, өмірдің мәнін түсінген адам, өзін-өзі қадағалап, сынап, өзін-өзі тәрбиелеуге, өмірден өз орнын, өз бақытын табуға ұмтылады. Өзін-өзі тану – адамның шындықты өзінше түсіну жағынан қарастыратын ілім, ол өз бойындағы бірегейлікке сәйкес келетін өзінің жеке құндылықтары жүйесін жалпыадамзаттық құндылықтар жүйесімен ықпалдастыруға бағытталған. «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білімі – ұлттық құндылықтарды іске асыру мен таратудың маңызды механизмі, өмірдің мәні мен өнегесі, тарихпен, ана тілімен, философиямен, әдебиетпен, дәстүрмен, психологиямен ұштасқан ұлттық-рухани білім мазмұны мен түрі. «Өзін-өзі тану» пәнінің мақсаты – өздерінің дене және рухани күштерін жете бағалайтын, өз тілегі мен сезімін қажетті арнаға бұра алатын, өзіне талап қоя алатын, өз күшіне, өз қабілетіне, өмірлік мақсаты мен міндетіне жету жолындағы мүмкіндігіне сенімді, Отанын, елін-жерін сүйетін, рухани-адамгершілік құндылықтары қалыптасқан толық адамды тәрбиелеу.Сонымен қатар ҚР үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасында: «Жас ұрпақтың өзінің рухани - адамгершілік, инттеллектуалдық, өмірі мен өз денсаулықтары мен аман-есендігі үшін әлеуметтік құзыреттілік пен жауапкершілігін көтеруді ұйымдастыруға жағдай жасау», - көрсетілген.
«Өзін-өзі тану» пәнінің басты ерекшелігі – бұл пән адами құндылықтарды оқытуға бағытталған. Ал «адами құндылықтарды шынайы оқыту дегеніміз бұл қағидалар практикада, күнделікті өмірде қолданылады дегенді білдіреді. Білім берудің шынайы мақсаты адам баласына тән қабілеттердің көрініп, ашылуы болып табылады»[3].
«Өзін-өзі тану» пәні – адам өміріне бағыт-бағдар, ақыл-кеңес, тәлім-тәрбие беретін пән. Осы пәнді оқи отырып, адам бойында өз-өзіне деген сенімділік, өмірге деген құштарлық, адалдық, адамгершілік, достық, Отан, туған елге деген сүйіспеншілік сезімі оянады. Өзін өзі тану пәнін ұлттық кодтпен ұштастратын болсақ, ең алдымен, тілде, сосын дәстүріміз бен салтымызды, мінезімізді айқындайтын ділде, ұлттық мәдениетте. Қазақ баласының тағылымы мол тарихында мәдени-рухани болмысы ізгілікпен әдіптеліп, қарапайымдылықпен шыңдалып, парасатпен шырайланған. Ұлттық кодымызда ізгілік, адалдық, перзенттік инабаттылық, адамгершілік, парыз, этикет, ақыл-парасаттылық кеңінен өрістеген, молынан қамтылған.
Оқушыларға рухани-адамгершілік білім беруді мақсат еткен «Өзін-өзі тану» пәні жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды негіз етеді.
Қазіргі мектептердің міндеттерінің бірі – кез-келген жасөспірімге білімді меңгерту ғана емес, оның рухани – адамгершілік қасиеттерін танып, ішкі жан дүниесіне әсер ету арқылы жас ұрпақтың өзін – өзі дамытуына жол көрсету. Рухани-адамгершілік тәрбие – дұрыс дағдылар мен әртүрлі жағдайларда өзін-өзі ұстау дағдыларының нормалары, ұйымдағы қарым – қатынас мәдениетінің тұрақтылығы. Рухани–адамгершілікке тәрбиелеу дегеніміз оқушы өміріндегі орнын, жауапкершілігін түсініп, өзін-өзі жетілдіріп, айнала қоршаған адамдар мен кез-келген затқа, жан-жануарларға және экологияға жақсылық тілеп, қайырымдылық жасауға тәрбиелеу. Сондықтан рухани-адамгершілік білімі жеке тұлғаны қалыптастырудың негізі болып табылады[4].
Еліміздің білім беру жүйесінде жас ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде руханилық пен адамгершілікке бағдарлап білім-тәрбие беру ісі өткір мәселе саналады. Осы тұрғыда «Өзін-өзі тану» пәні ұлттық құндылықтарды дәріптеуді, оны білім мазмұнына енгізу арқылы ұлттық тәрбие беруді, оны үздіксіз білім берудің көзіне айналдыруды, оның тереңдігі мен рухани шындығын балалық кезден бастап сіңіруді мұрат етіп отыр. Бұл орайда пән мазмұны арқылы ұлттық тәрбие беру желісі нені тұтқа етеді деген мәселеге келсек, мұндағы басты құрал оқу материалдары, яғни тақырыбы мен мазмұны жағынан бала рухын тербететін, жанын елжірететін, масаттандыратын, табындыратын, әсемдік сезімін, ар-намыс сезімін оятатын, білуге құмарлыққа, ақ көңілділікке, ерлікке, күш-қайратты шыңдауға ұмтылдыратын – нағыз ұлттық, қазақша ойлайтын, қазақша сөйлейтін, тілеуі, қалауы, арманы қазақша болатын, өз бойынан ата-бабасының қаны мен рухын сезінетін, өз халқының би, батыр, шешен, даналарының өнеге-үлгісін ұстанатын, елінің тағдырына, тарихына жаны тебіренетін – көркем шығармалар, адамгершілік бастаулары, әдептілік қағидалары, өсиет әңгімелері, шешендік сөздері және т.б. Міне, осындай қуат бойына дарыған жас ұлан келешекте бәсекеге қабілетті болатыны сенімді. Жоғары ізгілік мұраттардың ең құндысы – руханилық. Өзін-өзі жетілдіретін тұлға үнемі ізгілік ұстанымдарын өз бойында шыңдап, жетілдіруге ұмтылады. Тұлғаның руханилық санасы – өмірдің мәнін, өз тағдырын халықтың тағдырымен ортақ деп түсіну қабілетін дамыту, жақын адамдарының алдындағы жауапкершілігін сезіну, өзінің жеке басына тән азаматтық және адамгершілік парызын орындау. Жас ұрпаққа рухани тәрбие мен білім беру адам дамуының рухани үйлесімділігін, өмірдің құндылықтарын түсінуге, өзін қоршаған ортамен үйлесімділікте ұстай білуі, жердегі тіршілікті сақтау үшін өзінің қажеттілігін түсінуді қамтамасыз ету [5].
Ұлттық код – адамның рухани байлығы, болашақ ұрпақты ізгілік бесігіне бөлейтін руханиет дәуіріне жаңа қадам болып табылады. Адамгершілік тәрбиенің нәтижесі адамдық тәрбие болып табылады. Ол тұлғаның қоғамдық бағалы қасиеттері мен сапалары, қарым-қатынастарында қалыптасады. Адамгершілік қоғамдық сананың ең басты белгілерінің бірі болғандықтан, адамдардың мінез-құлқы, іс-әрекеті, қарым-қатынасы, көзқарасымен сипатталады. «Әр бала – керемет рухани күш иесі. Ол шетсіз шексіздікті танып-білуге ұмтылады. Мұндай ұмтылыс адам баласының бойында дүниеге келген сәтінде-ақ пайда болады. Сондықтан да мұғалім әр балаға рухани күш иесі ретінде қарауы керек. Мұғалімнің мұндай көзқарасы баланың белсенділігін арттырады. Білімге деген құштарлығын көбейтеді. Балаға сеніммен қарау баланы тек қуаттандыра түседі», – деп белгілі педагог Ш.Амонашвили айтқандай мұғалім шеберлігі мен білімділігі «Өзін-өзі тану» пәнінің құндылығы мен маңыздылығын аша түседі [6].
Қорыта айтқанда, Өзін - өзі тану пәні әлемдегі ең басты құндылық – адамның өмір сүруі үшін, бақыт үшін, қуаныш үшін жаралғандығына негізделеді. Өмірдің осындай қарапайым ақиқатына – жақсы адам болуға баланы жастайынан үйрету керек. Бұл тұрғыда мұғалімнің рөлі аса зор. Өйткені ол оқыту мен тәрбиелеудің қазіргі әдістемесін жеткілікті меңгеріп, балалар психологиясын терең талдай отырып, белгілі бір жастағы балаларға бағытталған педагогикалық процесті ұйымдастыра алады. Бастауыш сынып оқушыларының өздеріне, өз ортасына, құрбыларына және үлкен адамдарға байланысты эмоционалды-мотивациялық ұстанымдарын қалыптастыруда балалардың жас ерекшеліктерін ескеріп, әр сабақтың мазмұндылығы мен мәнін байыта түсуде методикалық әдіс-тәсілдерді және ойын, жаттығулар, жағдаяттарды сәтті пайдалану арқылы мұғалім зор мақсаттарға қол жеткізе алады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. –. Егемен Қазақстан. – 2017 жыл - 12 сәуір.
- Назарбаева С.А. «Самопознание»-возраздение истоков духовности и нравственных ценностей. Обшественно политический литературно-художественный журнал. 2004ж. №1. с. 4.
- Назарбаева С.А. Өзіндік таным, Алматы –2002ж.
- Қажығалиева Ж.Б, Ізғұттынова Р.О, Сағымбаев Е. Өзін өзі тану. Алматы: Бөбек, 2010ж.
- Қазақстан Республикасы үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасы 2009 ж, қараша.
- Назарбаева С.А. Өзіндік таным, Алматы № 2 2007ж.