Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI789

Ұлттық тәрбие - құндылық негізі

 

Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі – әлемде теңдесі жоқ тәрбие. Жалпы «ұлттық» деген сөздің астарында елге, жерге, тілімізге, дінімізге деген құрмет жатыр. Ал осы тәрбиені бала бойына сіңіруде бастауыш сыныпта атқарылатын жұмыстың орны ерекше. Яғни тәрбие алуды сәби ана құрсағынан бастаса, оны білім теңізінің мектеп атты кемесіне ұлттық құндылықтарымызбен жетілдіру өте маңызды. Балабақша, мектептерге ұлттық тәрбие енгізу арқылы біз ұлтжанды, парасатты ұрпақ өсіретініміз айдан анық. Рухы асқақ, іргесі ерік ел боламыз десек, ең бастысы, ұрпақ тәрбиесі мен біліміне сергек қарауымыз қажет. Бұл жөнінде Абай атамыз: «Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады: бірінші – ата-анасынан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан», - деген екен. Ұлттық тәрбие атауын алғаш әдеби-педагогикалық оқулықтарға енгізген Мағжан Жұмабаев болды. Ол педагогиканың ұлттық тәрбиеден бастау алатыны жайлы айтқан. «Педагогика» атты еңбегінде былай деді: «Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет ететін болғандықтан, әрбір тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті».

Ұлттық тәрбие барысында ұлттық сананы қалыптастыру ең маңызды шарттардың бірі десек қателеспейміз. Қазіргі жаһандандыру кезіндегі Батыс өркениетінен біздің алатынымыз да бар, ысырып тастайтын тұстарымыз да бар. Алатын тұстарымыз қатарына батыстың технологиялық жетістіктерін экономиялық өндірісті ұйымдастыру тәжірибелері мен ғылыми-техникалық мәдениетін қабылдау сияқтыларды атауымызға болады. Батыстың білімі, ғылымы, техникасы, технологиясы біздер үшін өте қажет десекте, батыс өркениетіне шамадан тыс еліктеушілік жақсылықтың нышаны емес. «Батыстың технологиялық жаңалығына ұмтылу, экономикалық өндірісті ұйымдастырудағы жетістіктерін игеру – қажеттілік, ал одан да керісінше бүгінгі күнде рухани тапшылыққа айналып отырған ізгілік, кісілік, адамгершілік, бауырмалдық, әдептілік, тәрбиелік мазмұн іздеу – бос әурешілік. Өкінішке орай, батыс өркениеті бұл тұрғыда ешкандай жетістікке жеткен жоқ, қайта тоқырауға ұшырады. Мысалы, дәстүрлі қазақ қоғамы мәдени шаңырағын шайқалтпай ұстап тұруға тиіс тетік, өмірлік ұстаным ретінде қарастырады. Ал Батыс өркениетінде бұл тұрғыдағы ұстаным мүлдем басқа, олар мәдени құндылықтарды тауар ретінде қабылдайды, мақсат – сату және пайда табу. Уақыт аз жұмсалса сонша пайдасы көп». Қазақ қоғамы қазір қарқынды түрде жүріп жатқан жаһандану үрдісінің ықпалынан өзі қаламаса да, оқшау бола алмайды. Жаһанданудың қауіпті тұсынан арылу үшін, әрбір ұлт, әрбір этнос, әрбір мемлекет өзінің болмысына бейімдеп сіңіре алу керек.

Әрине, жаһанданудан ешкімде құтыла алмайды. Оған тек бейімделу керек, ал бейімделе алмағандар құриды. Бірақ бейімделу дегенді өзгенікін толық қабылдау керек деп ұқпау керек. Бізге де дәл қазіргі заманда батыстың желімен домалай жөнелетін қаңбақ ұрпақ керек емес, пайдасын алып, зиянын бойына дарытпай, дауылына міз бақпай қасқайып қарап тұратын тамыры ұлт рухына терең бойлаған мәуелі бәйтерек керек. Сондықтан біздің міндетіміз – рухы биік ұрпақ тәрбиелеу.

Оған қарсы тұру үшін ұлттық тәрбиеге арқа сүйеу керектігін басып айтуға болады. Қазіргі кезеңде әлемнің әр түпкірінде өткір қойыла бастаған ең өзекті жайдың бірі – осы ұлттық тәрбие мәселесі болып отыр. Ұлттық тәрбиенің ең маңызды тұсы адамды ойлануға үйретуі. Бұлай дегенде әрбір жеке адаммен алдымен өзінің белгілі бір ұлттың мүшесі екенін терең сезініп, санада сілкініс жасауы керек екенін, содан кейін барып жалпы адамзаттық қоғамға лайық орнын белгілеуі қажеттігін сіңіруі болса керек. Бұл жерде негізгі әңгіме арқауы ұлттық тәрбие сана, ұлттық ұстаным, ұлттық мүдде туралы болып отыр. Өйткені біздің төлтума бітімімізді, қайталанбас ұлттық болмысымызды, ұлттық ойлау машығымызды, қалаберді ұлттық кейпімізде сақтап қалу бәрінен маңызды. Ол бізге мынау аждаһадай төніп келе жатқан дүлей дүниеде біржола жоғалып кетпеуімізге кепіл болуы тиіс. Қалай десек те ендігі жерде өзіндік дүниетанымын, ана тілі мен ділін, дінін дәстүрлі мәдениетін аман алып қалу және оны одан әрі дамыту жолында күреске түсетіні анық. Олай болса, осы айтқанымыздың бәрі ұлттық тәрбиеге тікелей байланысты жүзеге асатынын мойындаймыз.

Белгілі қазақ ақыны, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың «Компьютер басты жарты адамдар» поэмасынан қазіргі заманның хал-жағдайын көруімізге болады. Ұлттық рухы, ұлттық ар-намысы, ұлттық сана-сезімі жоқ қазақтарды ақынның «компьютер басты жарты адамдарға» теңеуі бекер емес. Жүрегінде ұлттық сезімі жоқ, «мен қазақпын» деуге, өзінің ана тілінде сөйлеуге, ата-салтын құрметтеуге намыстанатын азаматты нағыз адам немесе Абай айтқандай, «толық адам» деуге бола ма? Оны жансыз компьютерден айырмасы қайсы? Компьютер ғылым мен техниканың өлшеусіз қуатының арқасында ғана миллиондаған ақпаратты «есінде сақтайтын», мыңдаған операцияларды жаңылыспай жүзеге асыратын «құлтемір». Компьютерде ұлттық нәсілдік ерекшелік, сезімде, рухта болмайды. Ол тек адамның басқаруымен жұмыс істейтін техника ғана. Бүгінгі замандастырымыз ұлтын, Отанын, елін, жерін, тарихын, тілін, дінін, ділін, ата-салтын мансұқ еткен мәңгүрт ұрпаққа айналып кетпесе деген ақынның жанайқайы, өз ұлтының тағдырына деген жанашырлығының айғайы емес пе?

«Тәрбиесіз берген білім қауіпті», - деген Әл-Фараби. Технологияның дамып, әлемдік жаһандану үдерісі кезінде білім беру жүйесінде ұлттық инновацияны енгізу керектігін көпшілік мойындап отыр. Қоғамға қызмет етіп болашақ жеткіншектерге сапалы білім мен өнегелі ұлттық тәрбие беру ұстаздар қауымының басты парызы.

Ұлттық тәрбиені ұлттық сана-сезімде жоғары болашақ маман жастарды тәрбиелеуге негізделген білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде қарауға болады. Ол үшін ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркеденуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпыұлттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық кемелді, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеуді мақсат етіп алуымыз жөн. Әрине, тәрбие жалаң болмауы тиіс. Жалаң тәрбие қауқарсыз. Кез келген адамды тәрбиелеудің ұлттық негізі болуы керек. Сонда ғана тәрбие шынайылыққа айналады. Тәрбиенің мақсаты- елдің сананы қалыптастырып, ұлттық рух пен ұлттық патриотизмді негіздеу ұлтсыздықпен күресу болса керек. Сондықтан тәрбиенің жүзеге асуының технологиясы қалай дегенде де ұлтымызға ұстын, болашағымызға тұғыр болатын ұлттық тәрбиеде де жатыр деп нық сеніммен айта аламыз.

Ел Президентінің сөйлеген сөзінде: «Барлық дүние мектептен басталады. Сондықтан әлемдік стандартқа сай жалпы орта білім беретін жүйеге көшіп, педагогтардан кәсіби деңгейі мен жаңа оқулықтар мен біліми технологиялардың сапасын арттыруымыз қажет..», - деп, атай келе «Қазақстан-2050» бағдарламасында: «Біздің жас мемлекетіміз өсіп-жетіліп кемелденеді. Біздің балаларымыз бен немерелеріміз онымен бірге ер жетеді. Олар өз заманының жауапты да жігерлі, білім өресі биік денсаулығы мықты өкімдері болмақ. Олар бабаларының игі дәстүрлерін сақтай отырып, қазіргі заманның нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр болады...» - делінген.

Оқу мен тәрбие егіз. Оны бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Тәрбиенің өзі күнделікті сабақтың әрбір кезінде-ақ оқушы бойына сіңіре бастайды. Қазіргі кезде ұлттық тәрбиенің көздері – фольклор, ауыз әдебиеті, ұлттық әдебиеті, әдеп-ғұрып, салт-дәстүр, ұлағатты қағидалар, шешендік сөздер, өнеге өсиеті бар мақал-мәтелдер, туған топырағымызды дүниеге келген ойшыл ғұламаларымыздың еңбектеріндегі тәрбие қағидалары элементтерін бастауыш сыныптарды қазақ, тілі, анатілі, математика, дүниетану, бейнелеу өнері, денешынықтыру сабақтарында кеңінен қолданудың маңызы артып келеді.

Қоғамның белгілі қайраткері, ақын М. Шахановтың: «Халықта ең бірінші ұлттық рух болуы керек», - әр кез есте сақтап, еліміздің жарқын болашағы үшін атсалысуымыз қажет. Ол үшін біз, ұстаздар қауымы, оқушыларға салт-дәстүрді жай ғана үйретіп қана қоймай, олардың тәрбиелік түп-тамырын, мәнін, алтын діңгегін түсіндіре білуіміз керек. ұлттық тәлім-тәрбиенің іргетасын дұрыс қалай білу мұғалімдердің ата-аналармен қосылып жүргізген шараларына байланысты болмақ. Өйткені ұлттық тәрбиенің ошағы – отбасында, екінші мектепте болғандықтан, ата-анамен мектеп, яғни мұғалімдер мен жұртшылық тығыз байланыста болуы шартты нәрсе екені баршамызға аян.

Қазақтың айтулы қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай былай дейді: «ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды».

Яғни елдің туын көтеріп, тәуелсіздік талаптарын орындау ісіне батыл бетбұрыс жасған бүгінгі таңда азаматтық игіліктерді, халқымыздың ғасырлар бойы армандаған мәдени-рухани мұрағаттарды ұлттық тәлім-тәрбие саласындағы, білім жүйесіндегі ізденістерін, көрсету – басты міндетіміз.

Ұлы бабамыз Әбу-Насыр әл Фараби: «Адамға біліммен қатар, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім-адамзаттың хас жауы», - деген екен. Ұрпақ тәрбиесінде ежелден қалыптасқан халқымыздың жақсы дәстүрлерін оқып үйрену, өнеге тұту, жас ұрпақты ізгілікке баулу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ұлттық тәрбиенің құдіретін қанша айтсақ та түгесу мүмкін емес.

Осындай ұлы тәрбие ізгіліктері бала кезден, бұла кезінен бастау алмаса, кейін өте қиынға соғатыны дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат.

 

1 278 2
Айнұр Майшина, Мұхтар Әуезов атындағы мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі, Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласы Ұлы Дала Ұстазы № 000346
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *:

Ахатаева Гулназ
25 ноября 2021 12:02
Ұлы бабамыз Әл-Фараби "Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы" дегендей, сіздің ойыңызбен келісемін. Жақсы айтылған. Жарайсыз. Ұлттық тәрбиемізге көңіл бөлейік.
Жемиле
2 октября 2024 23:26
Цитата: Ахатаева Гулназ
Ұлы бабамыз Әл-Фараби "Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы" дегендей, сіздің ойыңызбен келісемін. Жақсы айтылған. Жарайсыз. Ұлттық тәрбиемізге көңіл бөлейік.

Керемет,кең ауқымды жазыпсыз,рахмет! Менің ойымда осы,ұлт боламын десең,бесігіңді түзе деген бабалар.