Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады.
Абай Құнанбаев.
Ананың құрсағында жатқан-ақ тәрбие атты кеме өмірдің тереңдігін түйсініп, өз жолыңды табуға септігін тигізеді. Өмірдің алғашқы баспалдағынан бастап әр адам отбасынан, қоғамнан, қоршаған ортадан тәрбие алады: жақсысын алып, жаманынан жиренеді. Руханилық мәселесін М.Шаханов пікірінше: « Руханилық адамның ішкі жан дүниесі, көзге көрінбейтін күш. Оның құндылығы өз еркіңмен өзгеге, халыққа, әлемге деген тек жақсылық жасауға талпыныс ерекшелігі». Адамгершілік тәрбиесі – ізгілікке, инабаттылыққа баулудың жолы. Ғұлама ұлы бабамыз Ахмет Байтұрсынов «біз әрқашанда білімге ұмтыламыз. Негізінде, ең бірінші тәлімге ұмтылуымыз керек. Бізге тәлімге рух, тәрбиелі білім қажет, тәрбиелі білімдар... Міне, адам! Міне тұлға!» деп білімнен бұрын тәрбиеге көңіл аударуға, тәрбиесіз адамға берілген білімнен ешқандай пайда жоқтығын баса көрсеткен.
Рухани – адамгершілік білімнің маңыздылығы жайында ұлы қазақ классиктері де айтып кеткен. Мысалы: Әл-Фараби, Шәкәрім, Абай, Ыбырай аталарымыздың айтқан ғибратты сөздерін сабағымызда көптеп пайдаланамыз. Алдымызда отырған оқушыға тек сапалы білім беріп, ой –өрісін кеңейтуге, белсенділігін арттыруға, өзіне сенімді болуына ғана көмектесіп қоймай, пәндерді оқытуды рухани – адамгершілік қасиеттерді дамытумен ұштастыра білу – дәл қазіргі уақытта барлық мұғалімдердің тікелей міндеті деп санаймын. Адамгершілік – адамның рухани арқауы. Өйткені адам баласы қоғамда өзінің жақсы адамгершілік қасиетімен, адамдығымен, қайырымдылығымен, мейірімділігімен, адалдығымен ардақталады.
Жеке тұлғаға рухани – адамгершілік тәрбие берудегі негізгі педагогикалық шарттарға мыналарды жатқызуымызға болады.
- Оқу – тәрбие жұмыстарының өмірмен тығыз байланысы – жеке тұлғаның қоғамдық ортада өзін ұстауы, ұжымдық қарым-қатынас дағдылары, ұстамдылық, бақылау.
- Мұғалім мен ата-ана беделін орынды пайдалану- баланы жақсылыққа, қайырымдылыққа, мейірімділікке тәрбиелеу, соны мақсат тұту.
- Құндылықты қабылдау. Бұл жеке тұлғаның жас ерекшелігіне тығыз байланысты. Оның мінез-құлқының дамуына тәрбие – білім дәрежесіне көңіл бөлу.
- Шығармашылық қабілетін дамыту- тұрақты, жгерлі, еңбек нәтижесін үйрету.
- Танымдық қабілеттерін қалыптастыру – қоршаған ортаға, еңбекке қызығушылығын арттыру. Ойлауы, қиялы.
Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа - адамгершілік - рухани тәрбие беру. «Адамгершілікке тәрбиелеу құралы – еңбек пен ата - ана үлгісі» - деп,
Ы. Алтынсарин атамыз айтқандай, құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру баланың туылған кезінен басталуы керек.
Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру - ата - ана мен ұстаздардың басты міндеті. Жас ұрпаққа рухани – адамгершілік білім беруде - «Өзін – өзі тану» пәнінде қолданылатын негізгі сүйіспеншілік, дұрыс әрекет, ішкі тыныштық, қиянат жасамау, ақиқат сынды құндылықтарды дарыту арқылы адамның қоғамда өз орнын табуына, қабілетінің ашылуына, ақыл - парасаттын дамуына, яғни сәнді де мәнді өмір сүруіне қызмет ететінін түсіндіруіміз қажет.
Осы тұста мектептің алдына қоятын басты мәселелерінің бірі – парасатты, азаматтық – адамгершілік қасиеті мол, сондай-ақ ұлттық құндылығын жоғалтпаған, бәсекеге түсе алатын биік, өрелі, өзін – өзі танитын, терең білімді ұрпақ тәрбиелеу.
Оқушыларды рухани адамгершілік тәрбиелеу мәселесі әрбір ата- ананың, қоғамның және жалпы мемлекеттің алдында тұрған негізгі мәселелердің бірі, себебі қоғамда жас ұрпаққа рухани тәрбие беру мәселесіне қатысты өзекті мәселелер қалыптасты. Қазіргі таңда қоғамдағы рухани- адамгершілік ахуалдың төмендеуі, балалармен бос уақыттағы мәдени жұмыстарының әлсіздігі, балалардың физикалық дайындығының нашарлауы, ғаламтор желісіндегі қажетсіз ақпараттардың көптігі және тағы басқа мәселелер өзекті болып отыр. Білім беру жүйесі тұлғаның рухани дамуына кепіл бола алмайды, өйткені тәрбие – бұл күнделікті өмірдегі адамның әрбір адамға деген құрметі мен сыйластығы негізіндегі басқа адамдарға деген қарым – қатынасын анықтайтын тұлғаның сапасы деп айтамыз.
К.Д. Ушинский: «Тәрбиелеудің басты міндетін адамгершілік әсер етуден құрайды»,- десе, дана Абай: «Ақпейіл және ықыласты жүрек адамды жетелеуі тиісті, сонда ғана оның еңбегі және табыстылығы ерекше мәнге ие болады. Адам болып дүниеге келу жеңіл, бірақ адам болу қиын»,- деген болатын. Тәрбиенің маңыздылығы сондай, біздің болашақ ұрпағымыз тәрбиеден ғана рухани байлық алып, тәрбие арқылы ғана Адам болып қалыптасады. Әр адам өз өмірінің иесі және ол өз өмір жолын өзі таңдайды. Сені қоршап тұрған жағдайды өзгертуге болады, бірақ өзіңнің ішкі әлеміңнен қашып құтыла алмайсың. Адамгершілік тәрбиесі оқу тәрбие үрдісінің барлық саласында, оқыту, білім беру және еңбекке баулу үрдісінде жүзеге асады. Тәрбиелі болу үшін адамгершілік қасиеттерді жатқа білу жеткіліксіз болады, оның терең ой елегінен өткізіп, бастан кешіріп, мінез- құлыққа бекітуіміз керек.
Мектеп оқушыларын адамгершілікке тәрбиелеу – ең алдымен оқыту үрдісінде қалыптасады. Әр түрлі пәндерді оқыту кезінде бастауыш сынып оқушыларының достық, жолдастық, өмірге деген белсенді көзқарас, Отан туралы ұғымдары қалыптасып дамиды. Үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, ата- аналарды қадірлеу, еңбектенуге үйренеді. Бұл жаста балалар сапалы тәртіпке,достық өзара көмекке, адамның көңіл- күйін түсіне білуге дағдыланады. Олар мектептегі оқу әрекетіне деген өзіндік қатынастарын, отбасында, қоғамда өзін – өзін ұстауды біледі, үйренеді. Соның нәтижесінде бастауыш сынып оқушыларында жеке және қоғамдық мінез – құлық, адамгершілік қарым- қатынасы, достық қарым – қатынас дамиды.
Жас жеткіншектер 5-9 сынып оқушылары өздерін ересектер қатарына қосып, өз бетімен тіршілік етемін деп қиял жетегімен кетеді.Бұл жаста оқушылар өтпелі кезеңді бастан кешіреді. Өзін-өзі бағалаулары өсіп, еркіндікті қалап, өз ойын ашық айтуға үйренеді. Бұл жастағы оқушылардың дамуына ұйымшылдық, тәртіптілік, қамқорлық, т.б. қасиеттер әсер етеді.
Жасөспірімдердің немесе 10-11 сынып оқушыларының мамандық таңдауға ынталары артады, кәсіби бағыт – бағдарларын анықтайды.Оқушылар әділеттілік, борыш, ар- намыс, ұят, адалдық сынды моральдық ерекшеліктерге аса назар аударады. Олар үлкендермен қарым – қатынас жасауда өзін- өзін тәрбиелеуді қажет етеді. Сондықтан бұл жасөспірім кезеңде оларға көбірек ерік берген жөн. Жас ұрпақтың адамгершілік тәрбиесін іске асыруда қоршаған ортаның әсері, ықпалы орасан зор деп айтуға болады. Қазір елімізде рухани адамгершілік тәрбиені жетілдіру мемлекеттік міндет деңгейінде көтеріліп отыр. Бұл міндеттің практикалық шешімі - «Өзін – өзі тану» пәнінің енгізілуі, оның авторы С.А. Назарбаева. Өзін – өзі тану пәнінің басты міндеті- өзінің дүниетанымына үңілу, өзіңді сүю мен сыйлай білу, өз ісіне жауапты болу, өз арыңмен келісімде өмір сүру, өзіңнің жанына жақын іспен айналысу, адамдарға мейірімділік таныта білу, ізгілікті болу. Тәжірибе көрсеткендей, өзін- өзі тану білім берудің құнды мәнін нығайта отырып, тұлғаның шексіз сүю, өз ісіне және жеке күшіне сену, ізгілікті іс жасау, көп білу және өзін –өзі жетілдіру, физикалық, психикалық, рухани дамуда үйлесімдікке қол жеткізу дағдыларын қалыптастырады. Бұл пән балалардың бір - бірімен қарым – қатынасын дамытуына ғана емес, сондай –ақ баланың өзін – өзі тануына адамгершілік негіздерін жинақтауына, сана- сезімінің қалыптасуына, қоршаған ортамен махаббат, ізгілік және өзара түсіністік негізінде өзара қарым – қатынас құра білуіне, бір тұтас тұлғаның қалыптасуына әсер етеді.
Мектеп оқушыларына тәрбие беру тек жеке пәндерде ғана емес, сыныптан тыс іс- шараларда, үйірме жұмыстарында рухани құндылықтарға баулуға болады. Мұндай жұмыс түрлеріне мұғалімдердің, сынып жетекшінің эстетикалық әңгімесі, түрлі ой жарыстары, дөңгелек үстел, ән байқаулары, пікір таластарын және т.б. жатқызуға болады.
Жасөспірімдерді адамгершілікке тәрбиелеуде өмірде кездесетін түрлі жағымсыз жағдайлардан сақтану мәселесі де естен шығармауымыз керек. Көбіне отбасыларда күнделікті тірлік қамымен балалардың рухани қажеттіліктері ескерілмей, екінші орынға жылжиды. Бала дұрыс, адамгершілік іс- әрекеттерді, салауатты өмір салтын сақтануды, жақсы мен жаманды айыра білуді, өзін - өзі жетілдіруге деген ынтасын қалыптастыруы керек, қажет кезде өз бетімен шешім қабылдап, дұрыс таңдау жасауы үшін кішкентайынан өз дегенін іске асыруға үйрету керек деп ойлаймын. Ал бұл дағдылардың барлығы отбасында қалыптасады. В.А.Сухомлинскийдің айтуы бойынша отбасы – адамның жақсылық жасауға үйренетін ең бірінші әлеуметтік ортасы. Ата –аналар өз балаларына білім беруге, білім алын жағдай жасауға талпынады Бір-ақ оларды балаларының қандай білім алып жатқаны онша алаңдатпайды. Білім балаларға жалпы адамзаттық құндылықтарды игеруге, бойына сіңіруге қызмет етуі тиіс.
Өзін – өзі тану мұғалімі ретінде оқу – тәрбие жұмысын дұрыс жолға қоюда ата – аналармен жұмыстың орны орасан зор. Сондықтан біздің мектебімізде ата – аналармен жұмыстың алуан түрлері іске асырылуда. Ата – аналарға арналған арнайы кездесулер, сауалнамалар, ойын, жаттығулар, пікір – таластар, дөңгелек үстелдер өткізіледі. Мектепте ата-аналар басқа да маманмен кездесіп, пікірлесіп отырады. Балалардың жасалған жұмыстарынан көрмелер ұйымдастырылады. «Отбасы» тақырыбына байланысты «Отбасы – алтын ұям», «Ардақтаймын әкем менен анамды» атты кештер, жасөспірімдерде қолдау көрсету мақсатында конференциялар өткізілді. Сонымен қатар «Жирен жаман әдеттен, үйрен жақсы әдеттен» дегендей, халқымыз балалармен «Әдептілік айнасы -әдемілік» атты тәрбие сағаттары өткізілді. Балалар әдептілік туралы мақал – мәтелдер айтып, қойылымдар көрсетті.Өз ойларымен бөлісті. Бір – біріне жылы лебіздерін білдірді. «Адам өміріндегі ең тамаша нәрсе – оның басқа адамдармен қарым-қатынасы» деп ғұламаларымыз айтып кеткен. Ендеше теңізде балықтай жүзіп, аспанда қалықтай ұшып, жұтар ауамыз бен ішер асымыз барда бізге тек қана адам сияқты өмір сүру міндеті ғана қалды. Үлкенді үлкен деп, кішіге кіші деп қарап сыйластықта өмір сүрейік.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1.С. Ғ.Тәжібаева Мектепте тәрбие жұмысын ұйымдастыру технологиясы. Оқу құралы. Алматы,Білім,2008
2. О.К. Трубецкая Балалардың рухани- адамгершілік құндылықтарын қалай жетілдіруге болады // Сынып жетекшінің анықтамалығы №12(48) 2012
3. Л. Омарова Адамгершілік тәрбиені қалыптастыру мәселелері // Бастауыш мектеп № 2 2004
4. «Бала тәрбиесі» журнал №4. 2005 жыл
5. «Өзін – өзі тану» журнал №2. 2014 жыл
6. «Өзін-өзі тану» журнал №4 2015 жыл