Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI722

Психикалық дамуы тежелген балалардың сөйлеу тілін дамытудағы ойын түрлерінің маңыздылығы

Жоспары:

 

І.  Кіріспе бөлімі

Психикалық дамуы тежелген балалардың тілін дамытудағы 

ойынның маңызы

ІІ. Негізгі бөлім

Психикалық дамуы тежелген балалардың сөйлеу тілін дамытуда 

қойылатын талаптар мен тәсілдер. 

Психикалық дамуы тежелген балалардыңсөйлеу тілін дамытудың 

әдістері.

3.      Жұмыс барысында жүргізілетін тілдік жаттығулар түрлері

ІІІ. Қорытынды

Адам бала кезінен қалыптасады. Мектепке дейінгі жастан бастап баланыңболашақ тұлға, өз елінің азаматы ретінде негізі қаланады. Бала сөйлеуді үйрене келе, айналадағы дүниені танып - біледі. Көрген - білгенін басқаларға сөз арқылы жеткізіп тілдеседі. Осының өзі оныңбілім дағдысы молайып, күнделікті өмірден алған әсерінің нығая түсуіне себеп болады. Тіл - баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуы барысында ой - өрісін, ақыл - парасатын, адамгершілігін, эстетикалық сезімін жетілдіру міндеттерін жүзеге асырудың ең басты құралы.
            Баланың тілін дамытып, қалыптастыруда ойынның маңызы зор. Ойын  арқылы дамуы тежелген баланың тілін дамыту өте жеңіл болмақ. Ойын баланың оқуға деген ынтасын арттыратын әдіс. Бүгінгі таңда дидактикалық, сюжеттік, спорттық, ұлттық және шығармашылық ойындарды пайдалану маңызды. Ойындар арқылы баланың дұрыс және ұғынықты сөйлей білуін, сондай - ақ ойын жағдайлары арқылы олардың зейіні мен ынтасын арттыруға болады. Баланың тілін дамыту барысында ойын түрлерін және өзара сөйлесу үлгілерін қолданған дұрыс.
 Ойын дегеніміз не? Ойын қоғамдық тәжірибені қалыптастыру бағытындағы іс - әрекеттің бір түрі, яғни тәртіпті, өзін өзі басқаруды жетілдіреді. Адам тәжірибесінде кең тараған дамыту ойынның қызметі;
 Ойынға тарту, рахаттану, демалдыру, қызығушылығын тудыру.
 Ойын арқылы баланың бойында адамгершілік қасиеттерді, өмірге деген
 құштарлықты қалыптастыруға болады. Халық ойынды тәрбие құралы деп таныған. Ойын – балалардың  ой  өрісін жетілдірумен бірге өз халқының асыл мұраларын бойына сіңіріп, кейінгі ұрпаққа жеткізе білу тәсілі. Ойын арқылы бала қоршаған ортаны өз бетінше зерделейді. Ойын дегеніміз - баланың тілін дамытатын, қызықтыра отырып, ойдан ойға жетелейтін, тыныс кең, алысқа меңзейтін, қиялға қанат бітіретін нәзік нәрсе.
 Ұлы педагог В. И. Сухомлинский; «Ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз, фантазиясыз, шығармашылықсыз толық мәндегі ақыл - ой тәрбиесі болмайды»,дейді.
 Демек, ойын арқылы баланың ақыл - ойы, сөздік қоры толыға түседі. Ойынның тілді дамытуда орны ерекше. Рөлдік ойындарда барлық оқушыларға бірдей рөл тиеді де олар бір – бірімен қарым - қатынасқа түсіп сөйлеседі.Оқушылар өзара белсенді жұмыс істеп, бір-біріне жәрдем беріп, жұмыстарын мұқият тыңдап, өздерін және бір - бірлерін бақылайды, мұғалім тек бағыттаушыретінде саналады. Ойын барысында тәрбиешінің рөлі үнемі өзгеріп отырады. Рөлдік ойындарға топ болып қатысқан жөн. Бала рөлде өзін неғұрлым еркін сезінетін болса, соғұрлым қызыға ойнайтын болады. Тек ол рөл топтағы тіл қатынасын дұрыс бағыттап отыратындай болуы тиіс. Мұғалім көмек қажет ететін балаға жақындап, оның жұмысына жәрдем беруіне болады.
 Ойын барысында мұғалімбаланың қатесін бірден түзетпейді, тек білдіртпей, өзіне ғана түртіп алады да келесі сабақта осындай қателермен жұмыс жасайды. Рөлдердің сипаттамасы түсіндіріледі. Бала өзінің ойнайтын бейнесін тез елестету үшін ойын шарты дұрыс, нақты түсіндірілуі қажет. Рөлде ойнап тұрған бала өзін сол кейіпкерге теңеп (мәселен батырға немесе шешенге), кейіпкердің жақсы қасиеттерін бойына сіңіреді, мақал - мәтелдерді пайдалану барысында әдеби сөйлеуге дағдыланады, сөздік қоры молаяды, халқымыз асыл - маржанын меңгереді. Рөлдік ойындар баланың тілін дамытуда, сөйлеу мәдениеті мен ақыл - ойын, дүниетанымын жетілдіруде тиімді нәтиже береді. Ойынды қолдануда оның күнделікті жаттығу жұмысына айналмауын ескеру керек, ондай кезде баланың қызығушылығы төмендейді. Қандай да болсын ойынды таңдауда баланың жеке психологиялық қабілетін де ескерген дұрыс. Оқушылар сахнада шағын рөлдерде ойнау арқылы байланыстыра сөйлеуге, үлкендермен және өзге де балалармен тіл табыса білуді үйренеді. Ата - аналар мен тәрбиешілер баланың тілін дамыту мен тәрбиелеуде ойын түрлерінің маңызы зор екенін ұмытпаулары қажет.
 Сөйлесу қызметі - белсенді әрі мақсатты үрдіс. Бұл қызмет түрі серіктестің болуын талап етеді. Онда бірі сұрақ қойса, екіншісі жауап береді. Дамуы тежелген оқушылардың сөздік қорын молайтудағы   басты мақсаты - диалогтық қарым - қатынасы болып табылады. Балалар өз құрбыларымен сөйлесу арқылы тілін дамытады. Сонымен бірге «Сенемін-сенбеймін» ойыны
Мақсаты: зейіннің тұрақтылығын дамыту.
Балалар шеңбер құрып отырады. Психолог допты кез келген бір балаға лақтырып, былай деп айтады:
- Піл ұшу біледі;
- Құстар апанда ұйықтайды;
- Балықтар құрлықта өмір сүреді, т.с.с.
Балалар педагог тек шындықты айтқан кезде ғана допты қағып алулары керек. Егер бала жаңылысып, допты қағып алатын болса, онда оған ескерту карточкасы беріледі. Бір ескерту алмаған бала «ең зейінді бала» болып есептеледі.Ойынның мәні - баланың дербес әрекеті мен төңірегіндегі өзгерістерді танып - білуіне жол ашу. Ойын халықтық педагогиканың ең бір көне және тиімді құралдарының біріне жатады. Бала ойын арқылы өзінің өмірден байқағандарын жүзеге асырып, айналасындағы адамдардың іс - қимылдарына еліктейді. Соның нәтижесінде өзі көрген жағдайларды, отбасылық тұрмыс пен қызмет түрлерін жаңғыртады. Ойынның тәрбиелік маңызы мынада: ол баланы зеректікке, білгірлікке баулиды, ұлттық ойындар, оның ішінде ата - бабаларымыздың баға жетпес құнды қазыналарына деген көзқарасын құрметтеуге, сөз әсемдігін сезінуге үйретеді, сөздік қорын байыта түседі. Сабақтарды ұлттық ойындармен байланыстыра түсіндіру тақырыптарды тез, жылдам меңгеруге ықпал етеді.

         Балалардың сөйлеу тілін дамытуда қойылатын талаптар мен тәсілдер.  Бастауыш сынып оқушыларына өзге тілді үйретудің басты шарттары топта жағымды психологиялық климат, мейірімді орта, қазақ тілінде тілдесуден қуану сияқты факторлар өз себін тигізеді. Қазақ тілін үйретуде балалардың сөздік қорларын байыту, күнделікті өмірде қолдана білуіне бағыт беру, қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс айтуға жаттықтырып, тіл мәдениетін жетілдіру, сөйлем құрап, сөйлесу тәжірибесін ұдайы ұйымдастыру – балалардың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін арттырып, мелекеттік тілдің мәртебесін ұғынып, тілінің жетілуіне ұстаздық әсер көрсетудің маңызы зор. Менің балаларға қазақ тілін жетік меңгертуде бірнеше тиімді әдіс –тәсілдерді атап өткім келеді. Оқушының ақыл-ой дайындығының компонеттерінің бірі - жеткілікті дамыған тіл. Оқушының тілін жетілдіру үшін алдымен баланы дұрыс сөйлеуге, сөздің дыбыстық құрамын дұрыс айта білуге үйрету, оны әңгімеге тарта отырып, баланың сөздік қорын жаңа сөздермен толықтырып, түсінігін молайту.  Бұл ретте мұғалім балалармен сөйлесу барысында сөйлем мүшелерін қолдана білуіне мұғалімнің қойған сұрақтарын түсініп, оған толық жауап беруге, өзіне таныс ойыншық, тағам, киім-кешек, қоршаған ортадағы әлемге соның ішінде бау-бақша, жан-жануарлар, өсімдік-жемістер, адамдар, бір ауланың балалары, тіпті мектеп қызметкерлері туралы кім не істейтіні жайлы түсінігі болып, олар жайлы әңгімелей білуге үйренуі тиіс. Осы арқылы айналадағы дүниені, табиғатты бақылата, таныта отырып, баланың тілін, сөздік қорын байыту, ол сөздерді күнделікті сабақта, сабақтан тыс сөзбе-сөз қарым-қатынас кезінде өздігінен дұрыс айта білуге төселдіру керек. Дегенмен 6-9 жас арасындағы дамуы тежелген балалардың сөзді қабылдау, есте сақтау қабілеті айтарлықтау жоғары болмайды. Мен жұмысымда осы ерекшеліктеріне  мән беремін де балалардың сөйлеу  тілін дамытуды үйретуде мынадай талаптар қоюға болады:

 Әр сөзді тұрақты түрде есінде қалдыру;

 Сөз балаларға таныс заттарға байланысты болуы керек;

 Әрбір сөз үнемі қайталанып отыруға тиіс;

 Сөздік қорды молайтып отыру; қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс айтуға дағдыландыру арқылы дұрыс сөйлеуге үйрету. Баланың сөздік қорын  молайту, дұрыс сөйлеуге үйрету жолында  іс-тәжірибеге сүйеніп, мынандай тәсілдер қолдануға болады:

 Сөздік жұмыс (әңгімелесу, салыстыру, қайталау, сұрақ-жауап, сурет бойынша әңгімелеу);

 Ресурстарды   қолдану (сурет, ойыншық, муляж, бейнефильм т.б.);

ойын (дидактикалық, сергіту, жарыс, сюжетті-рөльдік, логикалық, ұлттық т.б.). Осының бәрі  баланың сөйлеу тіліне негізгі жетекші әдістер болып саналады. Сондықтан, балалармен үнемі тәсілдерді пайдаланудың маңызы зор..

              Халқымыздың ұлы перзенттерінің бірі, аса   көрнекті  жазушы Мұхтар Әуезов: «Біздің халқымыздың өмір кешкен ұзақ жылдарында өздері қызықтаған алуан өнері бар ғой. Ойын деген менің түсінуімше көңіл көтеру, жұрттың көзін қуантып, шаттандыру ғана емес, ойынның өзінше бір ерекше мағыналары болған»,- деп тегіннен тегін айтпаса керек. Тілді дамыту бастауышсыныптарда тәрбие мен білім беру жұмыстарының негізгі болуы тиіс, өйткені баланың сөздік қорының нығаюы оның танымдық қабілетін арттырып, сана - сезімін кеңейтеді. Тіл - халықтың ажары, базары, бағы. Бала әр нәрсеге құмар, қызыққыш, өзінің айналасында болып жатқан өзгерістерді, тамаша құбылыстарды сезінуге тырысады. Оның жан - жақты дамып, жеке тұлға болып тәрбиеленуіне, тілінің дамуына ең алдымен ата - анасы міндетті. Бала тілінің дамуы негізінен эмоциялық ортаға, әр баланың отбасында қалыптасқан әкесі мен анасының, атасы мен әжесінің, үлкен мен кішінің қарым - қатынасына тығыз байланысты. Баланың өзге адамдармен қарым - қатынасының негізгі де отбасында қалыптасады. Бүгінгі техникалық мүмкіндіктер жақсы дамыған заманда ата - аналардың да мүмкіншіліктері кеңейетүсуде. Теледидар арқылы көрсетілетін ертегілер мен қойылымдар, ойындар баланың тілдік дамуына өз әсерін тигізері сөзсіз.Сонымен түйіндеп айтарымыз, мектеп жасындағы әр түрлі топтардағы балалардың тілін дамытуда ойындарды тиімді пайдалану осы бағыттағы атқарылатын игі іс - шаралардың нәтижесіз қалмайтындығының айқын дәлелі деп санаймын.

Психикасы тежелген балаларға ойынмен қатар тілдік жаттығуларда жүргізіліп отырады. Тілдік жаттығуларға тыныс алу жаттығуларын,артикуляциялық жаттығуларды, фонетикалық жаттығулар мен дикциялық жаттығулардыжатқызамыз.

Жаттығуларды жүйелі қолдану ана тілінің ережелері мен нормаларын игеруге, оларды нақты жағдайларда қолдана білу іскерлігін қалыптастыруға көмегін тигізері анық.

Баланың тілін дамытуда «саусақ» ойындарын дидактикалық және дамытушы материал ретінде қолдана отырып, оның қызықты, әрі пайдалы құрал екендігіне көз жеткіземіз

Тілдік жаттығулар

Сөйлеу кезінде пайда болатын тілдік тыныс алудың маңызына ерекше көңіл бөлген жөн. Сөзіміз түсінікті болуы үшін қарапайым тәжірибе жасап көрейік: алақаныңызды ауызыңызға жақындатыңыз және кез келген бір дыбысты айтыңыз. Сіз ауа ағымы алақаныңызға тигенін сезесіз. Тыныс алып дем шығарғанда дыбыс шығады, ал дыбыстар тілдік ағымға қосылады, бірнеше дыбыстан сөз, әрі қарай сөйлем туындайды және осының бәрін анық не көмескі, жәй не қатты айтуға болады.

Тыныс алу жаттығуларының мақсаты баланың тілдік тыныс алуын дамыту.

Алғашқы жаттығулар дене бітімін дұрыс қалыптастыруға бағытталады: тілдік тыныс алу өз жолында бұлшықет кедергілеріне, қыспаққа түспеуі тиіс. Егер біз иық және мойын бұлшықеттеріне қысым түсірмей, басымызды тік және еркін ұстап, дұрыс тұрсақ, онда еркін тыныс алып, сөйлей аламыз. Сондықтан да ең алдымен сымбаттылық әліппесіне көңіл бөлеміз.

Балалар тілдік тыныс алу барысында дем алудың қысқа, дем шығарудың ұзағырақ боларын түсінуі тиіс. Бірқатар жаттығулар тілдік тыныс алуды ретке келтіруге көмектеседі: сөзді, сөйлемді дұрыс айту үшін ауаны үнемді «шығындауға», үзіліс кезінде жұмсақ, естіртпей ауа «жинауға», жеңіл, әрі шынайы тыныс алуға үйретеміз.

Тілдік жаттығулардың ішінде  артикуляциялық жаттығуларға көп көңіл бөлемін. Тіл дыбыстарын жасауда дыбыстау мүшелерінің қызметін артикуляция деп атайды. Біздің міндетімізге дикция ақауларын түзету емес, дыбыстардың анық, дұрыс айтылуын қадағалау жатады. Демек, артикуляциялық жаттығуларды қолдану баланың дыбыстау (сөйлеу) мүшелерінің қызметі арқылы дыбыс шығару дағдысын қалыптастыруға ықпал етеді.

Бұл жаттығуларды орындағанда әр бала өзінің сөйлеу мүшесінің жұмысын бақылай алуы үшін міндетті түрде айнаны қолданады. Гигиеналық талаптарға сай, кезекті жаттығуларды орындаған соң қолданатын, балаларда қол орамал болуы тиіс.

Сонымен бірге балалардың ұсақ қол моторикасын жаттықтыру арқылы сөйлеу тілдерін дамыту

Ұсақ қол моторикасы термині саусақтар қозғалысы және қолдың буындарын үйлестіру дегенді білдіреді. Ұсақ моториканы дамытудың маңыздылығы,  адамның бас миында саусақ қимылына және сөйлеуге жауап беретін орталықтар өте жақын орналасқан. Ұсақ моторикаға әсер етеді және оны белсендіре отырып, көрші орналасқан сөйлеуге жауап беретін орталықты да дамыта аламыз.

Мен осы жұмыс жасау барысында өз сабақтарымды ресурстарсыз, АКТ-сыз ойындарсыз өткізбеуге тырысудамын.

Егерде мен осы бағытта жұмыс жасай берсем Нәтижесінде 

менің оқушыларым болашақта:

Өз -өзіне сенімді;

Өз ойын ашық айтады;

Өз -өздерін бағалай алады;

Өзгенің ойын тыңдап, ой бөлісе алады;

Қорыта айтқанда, сабақ үрдісінде ойын кірістіру оқушылардың тілін дамыту, қиялын ұшқырлап, шығармашылығын дамытып, ізденімпаздығын, қызығушылығын арттыра түсуге көп ықпал етеді. Жеке оқушының көзқарасын қалыптастырады. Ойын барысында әр баланың шығармашылығы артады, жылдам жұмыс істеуге дағдыланады. Оқушының жеке қабілеті анықталады, ойлау қабілеті дамиды. «Балапан ұядан не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп халық айтқандай бала тәрбиесіне атүсті қарамай міндеттерімізді абыройлы да қайсарлықпен атқарайық дегім келеді.

 

 

 

327 0
Ботакоз Жонасова,Бесікті орта мектеп-интернатының бастауыш сынып мұғалімі, Атырау қаласы Ұлы дала ұстазы № 000833
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: