Ақырын жүріп,анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық қылған жалықпас ,
Үйретуден балаға.
Абай Құнанбайұлы
Ұстаз-бар ұлылықты бойына жинаған, білім мен тәрбиені оқушыға қатар беретін, ақ жүректі, жылы жүзді қамқор жан және ұлы тұлға. Әр ұстаз өз шәкірті үшін адамгершілік пен ізгіліктің, мейірімділік пен махаббаттың және бастысы шыдамдылықтың ең жоғары үлгісі болып саналады.
Ұстаз-тәлімгер. Ол біздің нұсқаушымыз, күрделі кейде қатыгез әлемдегі жанды компасымыз іспеттес. Жақсы мұғалім бізге жаңа білім беріп қана қоймайды, оқуға деген қызығушылықты дамытады, мүмкіндіктер мен таланттарды ашады, сонымен қатар жанымызды мейірімге бөлейді.
Шәкіртіне білім беру арқылы өзін керемет ұстаз санау әбестік. Себебі, Л.Н.Толстойдың айтқан бір сөзі бар. Ол: «Егер мұғалім өн бойына, өз ісіне, шәкіртіне деген сүйіспеншілікті жинақтаса, ол – нағыз ұстаз»-дейді. Яғни, мұғалім болу бір басқа, ал ұстаз болу әсте бөлек дүние.
«Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан болады»-дейді қазақтың Ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы. Иә, бала кезден үлгі тұтар адамының, жанына жақын жанның әрбір қасиеті баланың бойына даритыны анық. Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы демекші, жүрегі кең, адал, адамгершілікті бәрінен жоғары қоятын ұстаздың шәкірті өзінен аспаса кем болмасы хақ.
Ұстаздар өмірінің өте көп бөлігін білімді ұрпақ тәрбиелеуге арнайды. Ұстаз болу қиынның қиыны. Себебі, ұстаздар өзгенің бақыты үшін өзінің алтын уақытын оларға сарп етеді.
Міне, мен де дәл осы қиындығы мен қызығы қатар жүретін жолды таңдадым. Бала күннен қызыққан бұл мамандыққа асқақ армандарым мен сенімді мақсатымның арқасында қол жеткіздім. Мен, Жолдасова Индира Азадкызы «Сарыкемер» мектеп-гимназиясында білім алдым. Әрбір ұстазым маған үлгі бола білді. Олар менің ұстаздыққа деген қызығушылығымды ашып, білімге деген құштарлығымды жетілдірді. Әрине, бастауыш сынып әрбір бала үшін ең қызықты, үлгерімі жоғары болып, ұстаздың айтқанын екі етпейтін уақыты. Мен де дәл осы балаларың қатарынан болдым. Бірақ, баланың өсуі, мінезінің өзгеруі сияқты әртүрлі ауыр кезеңде онымен бірге болу, үлгерімін қадағалау, дұрыс жол сілтеп, бағытын өзгерту, баламен досындай сырласып, ата-анасындай қамқор болудың қаншалықты қиын жұмыс екендігін білесіз бе?! Сырт көзге қалыпты жағдай болып көрінуі мүмкін. Дегенмен, осы тұста ұстаздардың төзімі мен шыдамдылығына бас имеске әсте болмас. Міне, бастауыш сыныпты аяқтап, жоғары сынып қатарына қосылып, әртүрлі қиын пәндер өтіп және тағы жеке өмірімде өзгерістер пайда болғанда менің жанымда болған, ақылын айтып, білім нәрімен сусындаған аяулы ұстазым, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, сынып жетекшім Әбуева Раушан Бәкірқызына алғысымды білдіремін.
Әбуева Раушан Бәкірқызы- «Сарыкемер» мектеп-гимназиясында қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ұстаздық жолында көптеген жетістік пен толағай табыстарға жеткен. 2019 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгіні иеленді. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген ұстаз. Ол кісі әрбір баланың білімге, оқуға деген құштарлығын ашып, сабағын қызықты, мағыналы етіп өткізетін, бала мен ұстаз арасындағы қашықтықты қатаң сақтанатын, бірақ баланың жанын түсінетін тұлға болды. Көз алдымда жүретін осы ұстаз менің өзімді болашақта ұстаз етіп елестетуіме өз септігін тигізді. Бұл кісіге қарап мен бой түзедім, ой түзедім, үлгі тұттым. Міне, осының арқасында қазіргі таңда мен де балаларға білім беріп жүрген мұғалім, жас маманмын. Ал, болашақта мен де өз ұстаздарым секілді білім мен тәрбиені баланың бойына қатар сіңіріп, түгелдей бір қоғамды жақсы жаққа бағыттайтын балалар тәрбиелеп шығарсам, бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ өсірсем-ұлағатты ұстаз дәрежесіне жетемін деп ойлаймын.
Мен «Сарыкемер» мектеп-гимназиясынан 2017жылы түлеп ұшқан түлекпін. Мектеп бітірген соң сол жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне оқуға түстім. Екі шетел тілі: ағылшын және түрік тілі мамандығында оқыдым. Жоғарғы оқу орынында өте білікті мамандардан дәріс алдым. Өзімді төрт жылдың ішінде мұғалім кейіпіне дайындадым. Теориялық жағынан да, практикалық жағынан да білімімді жетілдіріп, шыңдай түстім. Оқушы психологиясына терең үңіліп көрдім. Осылай, төрт жылдық жоғарғы білімімнен кейін өз білімімнің ошағы болған «Сарыкемер» мектеп-гимназиясына ағылшын тілі пәні мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Бұл ортаға сіңісу маған қатты қиындыққа соққан жоқ. Жас маман ретінде әрине жұмыстың қиын тұстары, балалармен жұмыстың ауырлығы секілді жайттар бар. Дегенмен, өз ұстаздарымыздан көрген ұлы қасиеттерді бойымызға сіңіргендіктен барлығына шыдаммен қарап, үйреніп келемін.
Осы орайда, біздің сүйікті ұстаздарымызды және қазіргі әріптестерімді ― бүкіл өмірін өз жұмысына арнаған, бізге білім ғана емес, сонымен бірге махаббат сыйлаған керемет адамдарды қазан айының алғашқы жексенбісіне тура келетін ұстаздар мерекесімен құттықтаймын. Ұстаздардың жұмысы-бұл жай ғана жұмыс емес, бұл нағыз кәсіп, оған тек ашық жүрекпен және жанның барлық мейірімділігімен қарау керек. Құрметті ұстаздар қауымы, сіздердің ұлы даналық, адалдық және үлкен шыдамдылықтарыңыз үшін рахмет! Сіздерге бақыт пен денсаулық, жұмыстарыңызға өшпес жалын мен құштарлық тілеймін!