Белгілі кеңес педагогі А.С. Макаренко «Баланың ойынға деген құмарлығы бар, сол құмарлықты қанағаттандыра білуіміз керек.Ойнау үшін тек қана уақытты бөліп қана қоймай, сонымен қатар баланың барлық өміріне ойынды бере және сіңіре білуіміз қажет. Оның барлық өмірі ойыннан тұрады» деген болатын. Ойын дегеніміз - білім мен ақылды ұштастыра отырып атқаратын балалардың негізгі іс-әрекеті. Әрбір ойынның белгілі бір мақсаты, арнайы жоспары болады. Балалар өмірге қажетті бірқатар мәліметтерді ойын арқылы алады, сондай-ақ өздерінің психологиялық ерекшеліктерін қалыптастыруға мүмкіндік алады. Баланың айрықша зейінін қажет ететін, арнайы ұйымдастырылатын ойын түрлері олардың ойлау қабілетін дамытып, дүниетанымын кеңейтеді. Психолог - ғалымдардың айтуынша, бала ойын кезінде қандай әрекет жасаса, өскенде қызмет барысында да сондай әрекет жасайды. Ойын адамзат баласының өмірді танудағы алғашқы қадамы болып саналады. Баланың өмірді, қоршаған әлемді танып білуі, психологиялық ерекшеліктері ойын барысында көрініс береді. К.Д. Ушинский «Ойын-балалардың өз бетімен ерікті атқаратын іс-әрекеті, ойын арқылы адамның жан дүниесінің барлық қырлары, жүректілігі, ерік-жігері қалыптасады» деген тұжырымды пікір айтқан болатын. Ойынның бала психологиясына тигізер ықпалы өте үлкен. Мәселен, ойын кезінде балалар бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болып, таным қабілеттері кеңейеді. Сонымен қатар, ойын балаларды достыққа, адамгершілік қасиеттерге баулиды. «Адам өркениетті болуы үшін балалық шақты бастан кешуі міндетті, егер ойын мен қызыққа толы балалық шақ болмаса, ол мәңгілік жабайы болып қалар еді» деп К.Чуковский баланың физиологиялық дамуы мен ой-әлемінің өркен жаюын тікелей ойынмен байланыстырады. Бірқатар ғалымдар бала психикасының дамуына қатысты «жетекші іс-әрекет» тіркесін ойынның баламасы ретінде сипаттайды. Осы тұрғыда ғалым Д.Эльконин зерттеулері балалар ойынының әлеуметтік табиғатын айрықша мәдени құрылым ретінде қарастырады. Әрбір ойынның өзіне тән мотивтері бар. Рөлдік, мазмұндық сипаттағы ойындар баланың зейінін, ойлау жүйесін, қиялын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.Ал, ақыл-ойды дамыту мақсатындағы ойындарды белгілі ережелерді сақтай отырып ойнайды. Ойынның мұндай түрлері баланың байқағыштығын, тапқырлығын арттырады және ерік сезімдерін дамытады. Қазақ халқы дүниенің сырын егжей-тегжейлі білуді баланың санасына жастайынан сіңіруді мақсат еткен. Ойын мен баланың табиғатын егіз ұғым ретінде қарастырған. Себебі, бала ойынсыз өспек емес, жан-жақты дамымақ емес. Ойын барысында балалар түрлі логикалық жаттығуларды орындайды. Осы жайында психолог А.А. Люблинскаяның «Зейін баланың белсенді әрекетінде туындап қана қоймай, олардың ой еңбегінде де қолдау табады» деген пікірін алға тартсақ болады. Түрлі ойындарды ұйымдастыру кезінде жетекші балаларды ойнай білуге, ойын ережесін сақтауға және оларды ойната отырып ойлануға бағыттайды. Ойын баланың алдынан өмір есігін айқара ашып, бүкіл өміріне ұштасып, шығармашылық қабілеттерін шыңдайды. Сондай-ақ ойын- бала қиялына қанат бітіріп, ойдан-ойға жетелейтін ғажайып құрал.Балалардың логикалық ой-жүйелерін жетілдіруге арналған көптеген ойын түрлері белгілі. Атап айтатын болсақ, «Бір сөзбен ата», «Неше жапырақ», «Ұйқасын тап», «Санамақ», т.б. Мысалы, «Ұйқасын тап» ойыны баланың білуге деген құштарлығын оятып, белсенділігін арттырады. Кез келген ойынды жүзеге асыруда төмендегідей заңдылықтарға сүйенген жөн:
1.Ойынның мақсаты айқын белгіленіп, қажетті материалдар мен көрнекті құралдар алдын-ала дайындалуы қажет.
2.Ойынға кіріспес бұрын оны жүргізу тәртібін балаларға жеткілікті деңгейде түсіндірген жөн.
3.Ойынға сыныптағы балалардың барлығы қатысуын қадағалау керек.
Ойын балаларды әдептілікке үйрететін мектеп деп айтсақ болады және олай деуге толық негіз бар. Мысалы, балаға «жақсылық» пен «жамандық», «әдептілік» пен «әдепсіздік» деген ұғымдарды қарапайым сөзбен түсіндіре алмаймыз. Ал егер дәл осы ұғымдарды ертегі не ойын ретінде түсіндірер болсақ, бала кейіпкердің рөліне еніп, оның жай-күйін сезініп, түсіне алады. Әдебиетіміздің көрнекті өкілі С.Торайғыров «Баланың қанына ойын азық» деп бекер айтпаса керек. Балалар ойын үстінде түрлі дене қимылдарын жасау арқылы өз денсаулықтарын нығайтады.
Қорыта айтқанда ойын:
-Түрлі жастағы балалардың өз еркімен даму әрекеті;
-Балалар әрекетінің еркін түрі;
-Баланың даму тәжірибесі;
-Балалар қарым-қатынасының негізі.
Халқымыздың ғұламасы Абай Құнанбайұлының «Ойын ойнап,ән салмай, өсер бала бола ма?» дегеніндей ойын бала өмірінде ерекше мәнге ие. Ойынды тек ойнату тәсілі, баланы алдандыру құралы деп қана қарамай, әрбір ойынды баланың жас ерекшеліктеріне сай тиімді пайдаланғанымыз дұрыс.