Қаншама қиын жауапкершіліктерден өтіп, «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып, күн болғандай» үнемі білім нәрімен сусындатқан жандардың «қарлығаштайын су сепкен» тірлігін, келер ұрпаққа берген тәлім – тәрбиесін құрметтеу, осы мамандықтың қызығы мен шыжығы қатар жүретінін жеткізу мақсатында осындай мақаланы жазып шығуды жөн көрдім. Оқыту мен оқудың өзара қатынасын дұрыс түсіну үшін мұғалімнің жан дүниесіне тұлға ретінде үңілу қажет, кәсіби маман ішіндегі адамды көре білу керек. Бұл дегеніміз – мұғалімнің сенімдері мен сезімдері, оның жалпы өзіне деген, маман ретіндегі рөліне деген көзқарасы, жеке адам ретіндегі жүріп өткен жолы, сан қырлы табиғаты, ұмтылыстары мен оқушы ретінде нені үйренетіні. Оқытуда мұғалімнің кім екені, оның нені қалай оқытатыны да маңызды.
«Іске деген сүйіспеншілігі бар мұғалім жақсы мұғалім болады. Егер мұғалім шәкіртін әкесіндей, шешесіндей сүйетін болса, ол барлық кітаптарды оқыған, бірақ іске де, шәкірттеріне де сүйіспеншілігі жоқ мұғалімнен тәуір болмақ. Егер мұғалім өз бойында іс пен шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті біріктірген болса, ол-кемел ұстаз» - деп, Л.Н.Толстой айтқандай, ұстаз болу - өте жауапкершілікті әрі маңызды мамандық болып табылады. Меніңше ұстаз деген – қамқоршы, жанашыр адам. Нағыз мұғалім кейінгі ұрпаққа құнды дүние қалдырғысы келетін адам. Қазіргі кезде жас ұрпаққа тиімді білім сапасын тасымалдаушы, барынша жеткізуге тырысушы ол – ұстаз! Мұғалім – әрқашан жаңаша ойлай білуі керек. Сол кезде ғана ол жаңа тыныспен, жаңашылдықпен, жаңа бағытты алып келе алады. Сабақ кезінде балаларды қызықтыра білетін, әрбір сөйлеген сөзін де, жеткізетін ойын да қызықтырақ етіп айтуы тиіс. Бір сөзбен ұстаз – балаларды білімге де, оқуға да қызықтырып шыңға жетелеуі керек. Яғни, менің айтпағым - жас ұрпақтың тағдырына, болашағына жауапкершілік мұғалімнен басталатыны...
Мұғалім рөлі ерекше, өйткені ол – мәдениет жанашыры. Оқушылардың мұражайға, галерея мен кітапханаға барып, жергілікті және ұлттық мұралармен танысып, ләззат алуы үшін есік ашатын да осы мұғалім. Жақсы мұғалім күннен – күнге өзгеріп жатқан қоғамда олимпиада ойындары сияқты мәдени белсенділіктің, оқушының түсінуі маңызды екенін мойындайды. Мұғалімдік мамандықтың ең күрделі аспектілерінің бірі – қиын жағдайға тап болған балалармен жұмыс істеуі. Мектеп саясатын ұстану қажет екеніне қарамастан, бәріне бірдей сәйкес келетін әдіс жоқ. Жеке балалардың кемшіліктерімен, ерекшеліктерімен танысу пасторлық қамқорлықтан бастау алады. Жалпы алғанда, Пакард және басқалар қиын балалармен жұмыс істеу бойынша мынадай ұсыныстар айтады:
1) қатал да, жұмсақ та бола біліңіз;
2) ата-анасынан немесе қамқоршысынан мектепте қалғысы келмей-тін балаларды тез арада алып қалуға тырысыңыз;
3) бала ренжулі болса да, одан үміт күтуден танбаңыз;
4) егер ренжіп отырған бала көтеріліп кетсе, айналаңыздағыларды көмекке шақырыңыз;
5) баланың тынышталуына уақыт беріп, оңаша қалдырыңыз;
6) басқа балаларды оқшаулап ұстаңыз;
7) балалардың үміт күту – ең басты нәрсе;
8) балалардан неге ренжігенін түсіндіріп беруін күтпеңіз;
9) балалар сіздің тәртіпке шақырғаныңызға ренжісе де, оларды беті-мен жібермеңіз;
10) балалардан «Маған бірдеңе айтқыларыңыз келе ме?» деп сұраңыз.
Дегенмен сыныптағы жағдай ұсынылған әдістерді орындаудан әлдеқайда күрделі болатыны белгілі. Бала үшін бұл әлем физикалық, эмоциялық күш көрсету арқылы ғана қарым-қатынас жасауға болатын қатал әрі суық адамдар ортасы болып көрінуі мүмкін. Мұғалім баланың мүддесі үшін олардың атынан жауапты шешімдер қабылдауы керек. Жалпы бұл мамандықта мұғалім өзін – өзі қалай қызығушылығын жоғалтпай, керісінше дамытуға болады? Мысалы, мұғалім өз ісіне деген құштарлығын сабаққа дайындалудағы жан-жақты ізденісі, оны барынша қызықты етіп жеткізуі, басқалармен қарым-қатынасы және балалардың бойынан жаңа нәрсені табуға деген құлшынысы арқылы көрсете алады деп ойлаймын. Сонымен бірге мұғалімдер оқытуды жандандыру үшін түрлі әдіс-тәсілдерді қашан қолдану керек екенін жақсы меңгергені дұрыс. Олар сабақты қалай өрбітуге болатынын және оқушыларды бақылай отырып, қай уақытта қысқаша, қай уақытта бүге-шігесіне дейін түсіндіру қажет екен біледі және сол әдіс – тәсілдерді, балалардың оқу материалында сабақтың басында және соңында мұқият ден қоятынын білгендіктен, ұтымды пайдалануға тырысады. Мен үшін бұл мамандықтың ең кереметтей қыры – ол балаларды шығармашылықпен оқыту. Ол дегенім – балаларды тәжірибе жасауға, тәуекелге баруға және сәтсіздікке ұрынудан қорықпауға үйрету. Ол оқушыларға тапсырмаларды бірлесіп орындауға және оқуды сыни тұрғыдан бағалауға жетелейді. Виггинс шығармашылықты зеріктіретін және нәтижесіз оқумен салыстырады. Ол ерте заманнан бүгінге дейін мектепте шығармашылықпен оқытуды насихаттай алмады. Мен дәл осыны өзім іске асырғым келеді. Менің шәкірттерім ең мықты болуына өз үлесімді қосқым келеді. Мен кезінде бағындыра алмай қалған небір шыңдарға - өзімнің оқушыларымды ерекше тәрбиеммен жасақтап, оларға бар білгемінді үйретіп қол жеткізгім келеді.