Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI656

Ежелгі Сайрам жері

    Сайрам туралы алғашқы деректер біздің жыл санауымызға дейінгі ІV ғасырда парсылардың шежіре кітабы "Авестада" кездеседі. Үш мың жыл бұрын «Авеста» киелі кітабында Иран, Туран, Хорезм мемлекеттері қатарында Сайрам жерін, соның ішінде Сайрам қаласын мадақтап жазғандығы туралы ерекшелігі. Қытай жазбаларында Сайрамды «Сайлан, нучиген» деген атпен кездестіресіз. Қытай саяхатшылары Сюан Цзан (629-630ж), Чань Чун (1221-23ж) тағы басқалар сондай деп жазған.

Көне түрік тілінде "Сайрам" Тастақ сай деген ұғым береді.

   Ежелгі Сайрам атауы көне замандардан бері бүгінгі таңға дейін он мәрте өзгерген. 

ІХ ғасырда ежелгі Сайрам жерінде 11 мәрте ірі-ірі шабуылдар болса да қала өз қалпын сақтап қалған.  Тарихта бірінше рет Сарем, Сайрим деген аттары кездеседі: Иран-Тәжік тілінде «Сар» - бас. (ем-кент) мағынасын білдіреді. Сайрам сөзі арабша жазылғанда екі белгіден құралады. Ол – Сайрим, Сарем, Сайрам деп оқыла берілген. Кейбір кісілер Сарем-Сани айем екінші өмір-Нұх пайғамбардың – топан суынан кейінгі (тарих деп түсіндіреді).Арабтар VIII ғасырда Сайрамды басып алғаннан кейін қала-Исфиджаб, . Ал Исфиджаб "Екі дария аралығы" деген   сөздің баламасы екен.  (ирандар Аспижаб) деп аталады. Ұлы Жібек жолындағы Оңтүстік, оның ішінде Сайрам өркендеп кетеді. Сондықтан ІХ ғасыр аяғында бұл қала Мадинат ул-Байза деп аталған. ХІ ғасырдағы ғалым бабамыз Махмұд Қашғары былай жазды. «Сайрам-Ақ қаланың аты, оны Сайрам деп те атайды». Ал ақ қала деуінің мәні мұнда сол замандарда кілең тақуа, діндар, ізгі ниетті әулие-әмбиелер, бабтар мен шейхтар өмір сүргендігінде болуы бек мүмкін.  Сайрам аты сан рет өзгерген.

1219 жыл Сайрамды басып алған Шыңғысхан Моңғол-татарлары елді Орункент деп атайды. Сайрам,оның аттары туралы Махмұд Қашғари,Ибн-Асир, Яқут Хамавий,  Табари тағы басқалар жазған, хабарлаған.

 Діни аңыздарда бұдан баска да деректер бар. "Қазығұрттың басында кеме қалған" дейді.Ол Нұх пайғамбардың кемесі. Барлық жан-жануарлар кемеге кейінгі ұрпақ тарату үшін жұп-жұп болып тиелген еді. Кеме тау басына тоқтап, дүниені басқан топан су қайта бастады. Сол кезде бірінші болып Сайрам өңірі топан судан ашылып, кемеде тірі қалған жан-жануарлар осы жерге қоныс теуіп, аңыздың айтуынша, адамзаттың екінші өмірін бастаған. Діни аңызда тағы бір айтылатыны, Сайрамнан 7 шақырым жерде Нұх пайғамбардың ұш ұлының бірінің қырык,  метрлік қабірі бар екен. Оған қоса Мәриям ананың қабірі де бар. Біреулер онда Иса пайғамбардың анасының сүйегі жатыр деседі. Шамасы, ол ерте замандары христиандар салып, құлшылық қылатын жай болса керек. Сайрамдағы Қожа Салық пен Бибі Ғияз қабірлерін жұрт Қыдыр атаның ата-анасының мүрдесі деп қасиет тұтады. Айтпақшы, Отырарға баратын жер асты жолы осы арадан басталатынға ұқсайды. Ежелгі Сайрам жерінде орта ғасырларда салынған, Араб тарихшыларының мәліметіне қарағанда VIII-ХІ ғасырларда басқа қалаларда болмаған жер асты жолы болғандығы туралы араб ғалымы Яқут Хамавий жазған.
   Исфиджаб әуелгіде өзге қоныстардан ерекшеленіп, орталық ретінде қалыптасқан еді. Оның бірте-бірте дамып, өсіп-жетілуіне, 
ал арада мың жыл өткенде, яғни VIII ғасырға қарай айрықша өркендеп, гүлденіп кетуіне көптеген факторлардың әсері тиді. 

 Жібек Жолының үстінде тұрған қаланың дамуына сауда мен кәсіпкерліктің ықпалы зор болды. Онда ірі бай, іскер адамдар тұрды. Қалада әкімшілік басқа ру жүйесінің құрылуы  қаржыларды қорландыруға, қазынаны мақсатты бағыттарға жұмсауға, экономиканы жүйелі дамытуға, оған бай адамдарды тартуға мүмкіндік берді. Жергілікті сақ тайпаларының саяси кеңістігі, рыногы, тауар алмасу шарттары, кәсіптері, мәдениеті, дүниетанымы, тілі, діні, әдет-ғұрыптары ортақ болған. Олар бір-бірімен тығыз байланыста күн кешкен, үздіксіз алыс-беріс жасап тұрған, ішкі-сыртқы мәселелерді ортақтасып шешкен. Кейінгі кездері табылған деректерді негізге ала отырып, қазіргі тарихшылар Сайрам жерін осы ұланғайыр кеңістікті мекендеген тайпалардың еркін араласу аймағы, яғни экономикалық орталығы болды деген болжамдар айтуда. 

Х ғасырда Исфиджаб шоғыр-шоғыр кенттермен, үлкенді-кішілі қыстақтармен қоршалған ірі шаћарға айналды. Сол замандары, яғни, X ғасырда әл-Истархи былай деп куәлік етіп етті: "Оның құрылыстары саздан тұрғызылған, базарлары жеміске толы, онда жемістер мен пайдалы заттар көп. Айналасында көптеген қалалар мен қыстаулар бар". Бізге жеткен деректерде Исфиджабтың төңірегіндегі кенттердің ішінде Манкенттің,  Жумишлагуттың,  Газгрит пен Харлугтың аттары аталған. 

ХV-ХVІ ғасырларда өмір сүрген тарихшы, "Михманнамеий Бұқара" туындысының авторы Нузбихан Исфағани: "Қаланың негізгі бөлігін өте биік қабырға (сұр) қоршап тұр. Қабырғаның биіктігі соншама, тіпті оған әрекет қылған адамның қолы да жете алмас еді" деп жазды. X ғасырдағы жазба деректерде қаланы қақ жарып өтетін даңғыл жолдардың бірін-бірі қиып өтетіндігі айтылған. Яғни, қосу белгісі тәрізді схемаға негізделген. Мысалы, қазіргі Әмір-Темір даңғылы мен оны кесіп өтетін Жүсіп Сайрами көшесі сол баяғы ескі жобаны сақтап қалған. Осылайша, қаланың басты-басты төрт есігі төрт жаққа бірдей ашық болған. Әр қақпаның өз атауы болған. Солтүстік қақпа Белқақпа, немесе Белдарбаза, оңтүстік қақпа Базар дарбаза, шығыс қақпа Қарамұрт-дарбаза, ал батыс қақпа Шымкент-дарбаза деп аталған. Ол кездері қазіргі Шымкент қаласының орнында Отырар мен Түркістанға қатынайтын үлкен жол өткен. Осы жол мен Қошқарата өзенінің бойында топталып-топталып шағын қыстақтар мен бекеттер тұрған.
 Көне Сайрамның тағы бір ерекшелігі: Мысалы: Ташкент қаласының қабырғасының қалыңдығы 1 қабатты болса, Сайрам қаласының қабырғаларының қалыңдығы 2 қабатты болған. Қазақстанның оңтүстік өңірінде бірінші рет Сайрам өңірі ислам дінін қабылдады. Сайрам өңірі Ұлы Жібек Жолының бойында орналасқаны және ірі сауда қолөнер орталығы болған. Көне Сайрамда 1700 Рабат болған.  

 Бұдан 2600-2700 жылдар бұрын бұл төңіректі мекендеген тайпалар, негізінен отқа, күнге табынған. Олардың ішінде әртүрлі тайпалардың өкілдері жылына бір мәрте Мәртөбеге жиналып, діни рәсімдер өткізген. Қытайдың түркі халықтарының тарихына арналған "Вэйшу" кітабында оларды қалай өткізгендігі тиянақты жазылған. Құрбан шалу рәсімдері өте салтанатты өтетін болған. Оған қоса Қытай саяхатшысы Тауға табыну рәсімінің болғандығын баяндайды.   Бұл рәсім мамыр айының екінші онкүндігінде өтеді екен. Соған қарағанда Мәртөбенің қасиетті орын аталуы ерте замандарда болса керек. "Мамырда Мәртөбеге кел" деген сөздің төркіні ерте дәуірден жатыр. Кейіннен отқа, Тауға, Көкке табыну дәуірі ықпалын жойып, Ислам діні ресми түрде енгеннен кейін де Мәртөбенің қасиетті саналып келгенін көреміз. Ол арада  мал жаюға, жол салуға немесе мал айдауға тыйым  салынған. Бертін келе Мәртөбе Оңтүстік тайпаларының уәждесу орны болды. Яғни, тайпалар мен рулар Мәртөбеде бас қосып,   өзара соттасып, дау-жанжалдарды шешкен. 

ҚАЗАҚТА НЕ КӨП, ТӨБЕ КӨП.

Қазақ даласында ертеден «Дала Парламенті» құрылып, заң шығарушы орган ретінде қызмет атқарды. Оған дәлел қазақтың үш төбесі. Күнде жиын тарқамаған, келелі кеңес өткен – Ордабасы, Мәртөбе, Күлтөбе Бұлар – көшпелі қазақ қоғамының тұтастығына ант беріп, ауыз біріктірген, мемлекеттің күрделі мәселесіне шешім тауып, береке-бірлікке үндеу жариялаған, қазақ тарихындағы ұлы жиындар өткен мекендер. Қазақта хандар жиылып, билер кеңес өткізген, қарапайым жұрт жиылған орындар жетерлік. . Ендеше аталы келісімге келіп, әділ шешім орнатқан, келелі кеңес өткен мәслихат төбелерінің тарихына қысқаша тоқталсақ.   Мәртөбе – қазіргі Шымкент қаласының аумағындағы,Өтеміс ауылы мен  Сайрам ауылының ортасында. Осы ауылдардың   іргесіндегі жота кезінде қазақ халқының тағдырына қатысты талай мәселеге шешім тапқан мекен болды. XVIII ғасырдың II жартысында елдің ішкі саяси өміріне қатысты мәселелерді шешу үшін Мәртөбе жотасына үш жүздің игі жақсылары жыл сайын мәслихатқа жиналып отырған. Онда ел тыныштығын сақтау, жаудан қорғану, көші-қон тәртібі, қоныстарды бөлу, реттеу, тайпа, ру араларындағы дауларды бітістіру мәселелері қаралып, талқыланған. Мәртөбе көктемгі кезде бүкіл төңірек кілемдей құлпырып тұратын жазықтау жерге орналасқан. Бір қарағанда, қолдан жасалған ұзын төбе шығыстан батысқа қарай үйілген сияқты. Бірақ анықтап қарасаңыз олай емес, сәл оңтүстіктен батысқа, құбылаға қарай бұрылған. Мәртөбе кездесуі тек көшіп-қону мәселесімен ғана айналысты десек жаңсақтық болар еді. Өйткені мұнда ең басты мәселе қазақ халқының сыртқы жағдайы, көрші елдердің шапқыншылығынан қорғану, олармен бейбіт қатынас орнату басты мәселе болды. Өйткені қазақ халқының бүкіл тағдыры осыған байланысты еді. Бұл кездесулерде сондай-ақ үш жүз, тайпа, рулар арасындағы орын алған даулар да шешілді. Ішкі жағдайды жақсарту, дау-дамайларға жол бермеу күш біріктіру жайы айтылды 

             «Сайрамда бар сансыз баб» деп тектен тек айтылмаса керек. Бұл жерде орта ғасырлық сәулет ескерткіштері көптеп салынған. Көптігі соншалық, жергілікті тұрғындардың өзі олардың санынан жаңылатын көрінеді. Бір көнекөздер соншама көп кесененің санын шамалап 80-ге жуық десе, енді бірі 100-ден асады деп болжайды. Солардың бірі де бірегейі – Ибрагим ата  - Ахмед Яссауидің әкесі және анасы Қарашаш ананың – кесенелері орналасқан. Бұл ескерткіштерді араламай, Түркістан саяхаты толық болмайды. 

Махмутхан-шейх Баба кесенесі

Ибраһим ата кесенесінен сәл беріде Махмутхан-шейх бабаның мазары орын тепкен. Құрылысы Х-ХІ ғасырларға жатады. Махмутхан-шейх баба – Ибраһимнің әкесі, Қожа Ахмет Яссауидің бабасы. Түлкібастағы Ибітхан атаның баласы. «Түрік халқының басына барып жатамын» дегендіктен Түркібас делінген, алайда ол жерді жергілікті халық Түлкібас деп атап кеткен. Ислам діні үшін соғыста шейіт болған. Махмутхан баба осы жерде кішігірім медресе салдырып, балаларды дін сабақтарына оқытқан. Дін ілімдерін таратушы ретінде аты шыққан баба басына мешіт имамдары, молдалар, дін жолына біржола бет бұрғандар жиі барады. Діндар боламын, намазға жығыламын деп ниет еткендер де зиярат жасайды. Жалпы, күллі игілерге бата беруші әулие баба.
Ибраһим ата кесенесі

Екінші Мекке саналатын Түркістандағы түмен баб пен Отырардағы отыз бабқа зиярат ететіндер әуелі Сайрамда өмір сүрген Ибраһим ата мен оның жары Қарашаш ананың мазарын айналып өтпеуі тиіс.  Біздің сапарымыз да атақты Қожа Ахмет Яссауидің әкесі Ибраһим атаның кесенесінен басталды. Кесене Сайрамның орталығынан екі шақырым жерде биік төбеде орналасқан. Ысқақ бабтың 13-ші ұрпағы саналатын Ибраһим ата – атақты сопы Қожа Ахмет Яссауидің әкесі, діни көсемі әрі осы өңірлерге танымал уағызшы болған. XI ғасырда Сайрам ислам дінін таратудың негізгі ошағы болса, мұнда көптеген діндарлар мен ғалымдар тұрған. Халық арасында Ибраһим атаның әулиелігі мен уағызшылық қабілеті жайлы аңыздармен қатар диханшылығы туралы да әфсаналар тараған. Ерте көктемде егін салар уақытта дихандар атаны жерінің басына апарып, дән салып беруін өтінетін болған. Себебі оның қолы тиген топырақ өнімді жеміс беретін болыпты. Ол мұқтаж адамдарға қол ұшын беріп, өмірін тақуалықпен өткізген. Алғашында кесене XVIІ – XVIIІ ғасырларда салынған, бірақ ол құлап қалғаннан кейін XIX ғасырда қайта салынды. 50-жылдары қатты жер сілкінісі кезінде кесене күмбезі құлағаннан кейін басқа қалыпта қайта жасалды.

Қарашаш ана кесенесі

Қарашаш ана кесенесі Сайрамның орталығында орын тепкен.Яссауидің анасы Қарашаш ананың шын есімі – Айша бибі. Ол Сайрамдағы текті адам, танымал Мұса шейхтың қызы болған. ХI ғасырда бұл өңірде ғылым, мәдениет және өнер қарқынды дамыды. Қарашаш өз уақытының ең білімді, сауатты әйелдерінің бірі болды. Ислам әлемінде қасиетті Құран кәрімді араб тілінен түркі тіліне алғаш болып аударған әйелдердің бірі. Бойы аласа болғанымен, қап-қара толқынды шашы болғаны үшін халық оны Қарашаш атап кетіпті. Байлығына қарамастан оны мақтан тұтпайтын және менменшіл болған емес. Ол барлық науқастар мен мұқтаж адамдарға қол ұшын беруге тырысты. Алла тағала берген ізгі қасиеттерінің бірі – перзент сүйе алмай жүрген әйелдерді уқалау жолымен емдеп, бала көтеруіне себепші болған деседі. Аңыз бойынша Қарашаш сырқатты емдегенімен бірге түс жори алатын. Осының арқасында ол өңірдегі тұрғындар арасында кең танымалдыққа ие болды. Қарашаш бала тәрбиесіне көп көңіл бөлді, адамдар санасында ол аналықтың биік символына айналды. Қарашаш ананың әкесі Мұса шейх Ибраһим атаның ұстазы болған. Ибраһим ұстазының қызына үйленіп, одан үш перзент сүйген дейді. Біріншісі Гаухар деген қызы туралы ешқандай мәлімет жоқ. Екінші баласы Садыр қожа деген атамыз Қытайдың территориясында дін жолында шейіт болған дейді. Үшінші баласы Ахмет Яссауи бабамызды Алла тағала ерекше қасиетті бала қылып жаратқан екен. Ол екі жасында Құранды оқи алған, жеті жасында медресені бітіріп, әулиелік дәрежесіне жеткен дейді. Осының бәрін байыптаған әкесі Ибраһим оны бір түйеге отырғызып: «Осы түйе қай жерге барып шөксе, сол жерді мекен ет!» деп шығарып салады. Сонда түйе барып Яссыға (қазіргі Түркістан) шөккен дейді.

Ал Ахмет Яссауи бабамыз Сайрамнан шығып кеткеннен бір айдан кейін Ибраһим атамыз, одан бір жарым апта өткенде шешесі Қарашаш ана дүние салады. Осы орайда «Ерлі-зайыпты екеуі бір уақытта дүние салған болса, неге екеуі екі бөлек жерленген?» деген сұрақтың туындайтыны заңды. «Біздің мұсылманшылықта әкесі қай жерге жерленсе, баласы да сол жерге жерленсін» деген қағида бар. Ибраһим ата өзінің әкесі Махмутхан атаның қасына, Қарашаш ана өзінің әкесі жатқан төңірекке әкеліп жерленген», – делінеді.Қарашаш ананың қазіргі кесенесі – түпнұсқа. ХІV ғасырда Әмір Темірдің бұйрығымен тек кірпіш және балшықпен көтерілген. Ешқандай іргетасы жоқ. Бірде-бір шеге, темір қолданылмаған. Осы ғимарат жеті ғасырдан бері анамыздың басына пана болып келеді. Арасында кішігірім жөндеулер жүргізіліп тұрған.Қарашаш ана кесенесіне жапсарлас інілері Бабай ата мен Тағай атаның мазарлары ашық аспан астына қойылыпты. Бұл мазарларды көре отырып, жоғарыда айтылған «әкесі қайда жерленсе, баласы да сонда жерленсін» деген шариғи қағиданың растығына тағы да бір көзіміз жетті.

Абдул-Әзіз баб кесенесі немесе Бәлегардан бейіті

Сайрамда сәулет өнерінің тағы бір таңғаларлық ескерткіші Әбдул-Әзіз-баб кесенесі орналасқан. Тарихи деректерге сәйкес, 766 жылы Ысқақ баб басқарған арабтардың жасағы өз еркімен қазақ даласына келеді. Осы жасақтың қолбасшысы исламды таратуда нағыз ерлік көрсеткен,ту ұстаушысы  Әбдул-Әзіз баб болған. Оның білімдігі, қайраттылығы мен Ислам ісіне берілгендігі халық арасында аңыз болып тараған. Бір аяқта тұрып 39 күн ғибадат қылған. Сол үшін Алла  тағала оған бәле-жаладан қорғайтын қасиет беріпті. Осылайша бәлені болдырмайтын және жаладан ақтай алатын әулие жұртшылық арасында Бәлегардан деген лақапқа ие болған. Ол тарихта осы атымен қалған. ӘбделӘзіз баб ҮІІ ғ. өмір сүрген. Авторы беймәлім «Рисоля» атты шығармада Әбдел Әзіз бабты Белегерадан баба деп құрмет тұтады.Ол пенде ниетін пәктікке бағыттаушы рух иелері деп аталады.  1860-шы жылдардың аяғында бізге жеткен қазіргі кесене салынған.Әбдел Әзиз баб кесенесінің бөліктері өзара үйлесімді композияцияда орналастырылған, сыртқы бітімі сымбатты. Ғимаратты тұрғызуда Орта Азия мен Қазақстанның ортағасырлық сәулет өнерінде қолданылған үйлесімдік тәсілдердің пайдаланғаны анықталды.

Мірәлі Баба

Мірәлі баба кесенесі (ХІ-ХІІ ғ.ғ.) порталды-күмбезді, күйдірілген кірпіштен қаланған ғимарат, биіктігі – 3 метр. «Рисалай Сайрам-Исфиджаб» кітабындағы баяндауға сүйенсек Мірәлі баба өз дәуірінің жетік ғұламаларының бірі болған. Ол ислам дінін уағыздау мен ел арасында таратуда көп істер атқарған. Бұл жерде әкесі мен баласының мүрдесі қатар қойылған. Әкесінің есімі Шах-мәлік. Баласы – Мірәлі. Бұлар Х ғасырда өмір сүрген. Бұл ұлы тұлғалардың «баб» деп құрметтелуі де олардың шын мәнісінде әділет жолын, дін жолын қуған адамдар болғандығын білдіреді.

Қожасалық кесенесі

Қожасалық кесенесінің кіреберіс маңдайшасында: «Мен ел қыдырып жүретін құдыретпін. Ал жерде іздейтін адамдарды мен тек осында қабылдаймын. Қыдыр ата» деген жазу жазылыпты. Қожасалық – Қыдыр атаның әкесі. Қожа Салық өз заманында оқымысты ғалым болған,жалғыз жаратқанға құлшылық еткен.  

Боздақ Ата

Сайрамдағы сансыз бабтардың бірі шах Камалиддин Байзовий ХІІ ғасырда өмір сүрген.Ол кісі өз заманында білгір ғұлама, өз еңбегінің жемісімен, құдайға құлшылық етудегі үлгісімен Аллаға жақын уәли еді. «Рисалаи Сарем-Исфиджаб» кітапшасында мынандай сөздер бар. «Нақыл етіп айтарым уалаят Сайрамға жай ғана апат тиер болса, Әулие ата қабырынан боталағын жоғалтқан түйедей боздап тұратын. Сол үшін болса керек ол кісіні жергілікті тұрғындар Боздақ ата деп атап кеткен. Ал қариялардың айтуынша кешегі соғыс жылдарында да Боздақ ата қайғырумен боздаған екен.

Қазы Байзақ Ата кесенесі

Қазы Байзақ  әулиенің есімі Ишан қожа болған. Х-ХІ ғасырларда өмір сүрген. Құран Кәрімді, Хадистерді жас кезінен-ақ біліп алған. Кейбір деректерде осы өлкедегі үлкен ғұлама еді деп көрсетеді. «Риссали Сайрам Исфиджаб» кітабында Қазы Байзақтың Құран тәпсірлері деп аталатын екі бөлімінен тұратын кітабы дүниежүзіндегі ең жарамды тәпсірлер болып саналады. Кейбір мұсылман елдерінде әлі күнге дейін оқу құралы болып пайдаланып келеді. Әділетті іздеуші мен билік айтушы, үкім шығарушылардың пірі болған қазіреттің өз өтініші бойынша тіп тіке отырғызып, басын шығысқа қойып жерлеген.  

                                                            Ақ Ата кесенесі

Сайрамның Қанкөпір деген жерінде кішкене ғана кесене бер. Бұл Ақ ата кесенесі. Әулиенің өз аты Шахабитдин Исфиджаби. Оқымысты,екі нәпсісін тиып, халыққа тақуалық жол нұсқаған.Имандылыққа шақырған ғұлама-ұстаз. Ол кісі Қожа Ахмет Иассауидің бірінші ұстазы. 

                                                          Мәриям ана кесенесі

Тарихта Мәриям Бинтиқызы деген адамның аты белгілі. Басқа ешқандай дерек жоқ. Мына кесене басқа Мәриямның құрметіне тұрғызылған. Аңыз бойынша Мәриям ана ХІІ ғасырда өмір сүрген.  Көшеде зікір салып, адамдарды емдеген. Адамның дініне, ұлтына, сенім-нанымдарына қарай бөлмейтін, бәріне бірдей көзқарастағы әулие ана деп бағаланады. Өте мейірімді, мейлінше жомарт, кеңпейіл, ашық жүректі болған әулие ана басына барлық ұлттың үлкен-кішісі тілегім қабыл болсын деп зиярат етеді.

Қорытынды

Сайрамның әр тасы тарихтан шежіре шертеді. Жоғарыда тоқталып өткен ұзын саны он кесенені ғана айта алдым.

Сайрамдағы кесенелердің басты ерекшелігі, Орта ғасырларда Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі сауда және қолөнер орталығы болғаны тарихи қаланың бүгінгі келбетінен де аңғарылатындай. Бұл еңбегімде негізгі көкейге түйгенімізді қысқаша сипаттар  болсам Сайрам тарихы мен Қожа Ахмет Яссауидің кіндік қаны тамған жерді, осы жердегі әулие-әмбелерді   өз замандастарыма жеткізе отырып, негізгі қажеттіліктерін алуын мақсат еттім.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек», – деген болатын.

Қасиетті мекен

Тарихқа тұнып тұр ғой Сайрам жері,

Бақытты өмір кешкен қалың елі.

Ғасырлар қойнауынан сыр шертеді.

Төбелер кесенелер әулиелі.

Ойшылдар, ғұламалар мекен еткен,

Назарын алты алаштың тартқан көктен.

Әлемге мәшқұр болған Йассауидің

Балалық, бозбалалық дәуірі өткен.

Сайрамым - сансыз бапты сазды мекен,

Өзіңе тең келетін жер барма екен?

Танылсам көпшілікке талантың боп,

Мен сені өмір бойы жырлап өтем.

234 0
Әмірхан Жанысбай ,№ 32 Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектебі, Тарих пәні мұғалімі Шымкент қаласы Ұлы дала ұстазы № 000809
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: