Мектеп жасына дейінгі балаларды мектепке психологиялық жағынан дайындау бүгінгі күннің басты назарына айналып отыр. Психология- педагогика ғылымдарында үлкен жауапкершілікті қажет ететін және ауқымы зор тақырып мектеп алды дайындық тобының тәрбиешілеріне жүктелуде.Соңғы жылдары мектепке дейінгі білім берудегі өзгерістер жұмыс тәжірибесінде баланың білімі мен дамуына әртүрлі тәсілдерді жүзеге асыратын балама білім беру бағдарламалары мен технологиялары енгізіліп жатыр. Осыған байланысты, теориялық және практикалық тұрғыдан алғанда, мектеп жасына дейінгі балаларға психологиялық тұрғыдан білім беру мәселесі өзекті бола түсуде.Психологиялық білім беру жүйесін жетілдіру, балалардың танымдық қабілетін дамыту, саналы деңгейге көтеру – бүгінгі күннің басты назарында. Білімді жеке тұлғаға бағыттау, баланың өзін-өзі тануы, өзін-өзі тәрбиелеуі, ақыл-ойын дамытуы,яғни, жан-жақты дамыған жеке тұлға тәрбиелеу педагогтардың алдына үлкен міндеттерді жүктеп, жаңашыл іс-әрекетке жетелейді.
Балаға тәрбие беруде балабақша мен отбасылық құрылымның біржақты болғандығы дұрыс. Баланың жан-жақты дамуына мектепке бейімделуіне ата- аналар көп әсер етеді.Көптеген ата-аналардың ойынша баланы мектепке даярлау барысында тек сан мен әріпті жаттап алса,болғаны деп тұжырымдайды.Әрине бұл маңызды фактор.Алайда,баланы психологиялық жағынан терең зерттеп,қоршаған ортаны жете түсініп,айналасындағы балалармен оңай араласып кете алуын қадағалауымыз қажет.Бала ойын кезінде шеттетіліп,ешкіммен араласпай,тұйықталуын болмашы дүние деп қарауға болмайтын жәйт.
Мектеп жасына дейінгі баланы дамытатын, өсіретін әрі тәрбиелейтін негізгі іс-әрекет-психологиялық ойындар. Ойын арқылы бала өзін қоршаған ортамен, табиғатпен,қоғамдық құбылыстармен, адамдардың еңбегімен, қарым-қатынасымен танысады. Халқымыз ойындарды тек балаларды алдандыру, көңілін көтеру әдісі деп қарамай, жас ерекшеліктеріне сай олардың көзқарастарын, мінез-құлқын қалыптастыру құралы деп ерекше бағалаған. Білім беру әрекетін ұйымдастыру барысында зейін, есте сақтау, ойлау қабілеті, елестету, сөздік қорын дамыту және жаттықтыруға көп көңіл бөлінеді.
Балаларға берілетін білім ең алдымен тәрбие мазмұны әлеуметтік сұранысқа сай жүзеге асырылуы тиіс. Таным ең алдымен сезім арқылы қабылдауы, бала өз тәжірибесінен бақылап, көріп тануынан тұрады. Сезіну үдерісі кезінде бала бір нәрсені немесе заттың қасиетін, құрылымын таниды. Баланың психологиялық ойлау түсінігі ең алдымен оның сезінуімен байланысты болады.
Қорыта айтқанда, әр баланың жеке қабілетін анықтап, оны белгілі бір бағытқа жетелеу, әр тәрбиешінің парызы.ХХI-ғасыр білімділер ғасыры болғандықтан бүгінгі таңда заманымызға сай зерделі,ой-өрісі жоғары, жан-жақты дамыған ұрпақ қалыптастыру мемлекетіміздің алға қойған аса маңызды міндеті болып тұр. Тәрбие мен білімнің алғашқы дәні-мектепке дейінгі тәрбие ошағында беріледі.