Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI652

Балабақша-бақытты балалық ордасы!

        Балабақша – балаларды тәрбиеге,білімге,отан сүйгіштікке деген ізгі қасиеттерін оята білетін яғни алғашқы баспалдағы қаланатын мекені. «Бала естігенді емес,көргенді істейді» демекші кішкентайынан балаға ізгі амалдарды үйретіп,көрсете отырып тәрбиелеу үлкен нәтиже береді.Қазақ халқының нағыз азаматын тәрбиелеп, өсіру негізін қалыптастыратын тұңғыш мекені-балабақша.Келешек ел басқарар,жер-суына ие болып қалатын нағыз патриот азаматтарды шыңдайтын киелі ұя десек қате айтпағанымыз.

    Көрнекті тұлға Ахмет Байтұрсынұлы: «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын» деген екен. Балабақша тәрбиешілері қай кезеңде болсын ертеңгі елім деп еңірейтін ұрпақты тәрбиелеуге тер төгуде. Бұл жолда үлкен ізденіс, парасат қажет. Ендеше, тәрбиешінің әр күні ізденіспен, ертеңгі азаматты қалыптастыру жауапкершілігімен ұштасып жатады. Тәуелсіз елдің жас ұрпағын лайықты түрде тәрбиелеу – біздерге артылған аса жоғары міндет. Осы міндетті орындау үшін әрбір тәрбиеші жанын салады. Ендеше, олардың әрқайсысының еңбегі қашанда құрметке лайық деп білемін. 

       «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай атамыз айтқандай қиындығы мен қызығы, ауыртпалығы мен жауапкершілігі қатар жүретін осы еңбектің жолындағы педагогикалық ұстанымым-әр тәрбиеленушімнің бойынан жылт еткен жақсылықты, талап пен талантты тауып, бұлақтың көзін ашу, биікке жетелеу, сондай ізденістер арқылы биік мақсаттарды орындау. Сондықтан да, бұл іс екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өйткені, бұл – бала жанын тереңінен сезінетін, өз ісін жан-жақты білетін, бүлдіршіндерді жан-тәнімен сүйе алатын, оларды бағалай білетін нағыз маманның қолынан ғана келетін жұмыс. Ұлы педагог Г.Песталоцци: «Егер де сүйе білмесең, тәрбиелеу құқығың жоқ», деген екен. Балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту еңбекке деген рухани адамгершіліктің қалыптасуына серпін беріп, негіз болады. Бірақ, бұл қажеттілік балаға күш салмай іске асуы мүмкін емес, сондықтан оны еңбек сүйгіштікке, шыдамдылыққа, ұқыптылыққа, дербестікке, белсенділікке және өз еңбегімен айналасындағыларға қуаныш сыйлауға талпынуына тәрбиелеу қажет.

Батыр Бауыржан Момышұлы: «Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та, мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деп ұлы ой айтқан болатын. Біз бақшадағы бүлдіршіндерді жақсылық атаулыға тәрбиелеуге, тамаша ортада тәлімді тәрбие беруге әрдайым жауаптымыз. «Баланы ең әуелі мейір-шапағатқа, одан соң ақыл-парасатқа, ақырында нағыз пайдалы ғылымға, еңбекке баулы», дейді ғұлама А. Құнанбаев. Мұндай қағидалардың барлығы біздің күнделікті жұмысымызда басшылыққа алынуға тиіс екенін ұмытпай, еңбегімізді осы бағытта құрамыз. 

     Қорыта келе,бүлдіршіндерге  тәрбие беріп,сол  білімді,бала жүрегіне-бала тілімен жеткізе алу! « Ел есінде бір жыл  қалғың  келсе –ас бер,он жыл  қалғың   келсе-ағаш ек,ал мәңгі қалғың   келсе-бала тәрбиеле»,-деген екен дана халқымыз.Әр  баланың жеке   тұлғасының  дамуына  көмектесу,әр   баланың   бейімділігі,қызығушылығы   және  дамуына  жағдай   жасау-тәрбиешінің  басты  мақсаты.Сондықтан да, сөзіміз-түзу,еңсеміз-биік,рухымыз –мықты болсын   десек,-жалпы педагогтерді ұлықтай білейік.Ұрпағымыздың  тамырына   нәр  беретін мамандық  екенін   естен шығармайық.

 

284 0
Алуа Кулманбетова, Жуалы ауданының білім бөлімінің "Қызыларық" бөбекжай-балабақшасы" МКҚК Педагог-психолог, Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Қызыларық ауылы Ұлы дала ұстазы № 000805
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: