Елімізде егемендік таңы атқалы биыл 30 жыл толып отыр. Ата-бабамыздың аңсап келген киелі тәуелсіз кезеңі – мемлекетіміздің ең басты құндылығы. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуірде бағындырған белестері мен қол жеткізген жетістіктерінің барлығы егемендігінің айғағы. Тәуелсіздікке ынтымағы жарасқан, ауыз бірлігі берік халық қана қол жеткізе алатынын өткеніміз нақты дәлелдеп берді.
Еңсемізді тіктеп, егемен ел атанып, өз алдына отау тігіп дербес мемлекет атанған Қазақстан қаншама қиындықтарға жолықса да тастай берік төзімділіктің арқасында, жалпақ әлемге өзінің өршіл үнін, өркениетке деген үмітін мойындатты… Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған ұлан-ғайыр атамекен жеріміз, отарлық жоя алмаған тіліміз, мәдениетіміз тек қана қазақтың рухының күштілігімен сақталды.
Біздің тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихындағы барлық жетістіктері, қазақ халқының егеменді заманда жаңаша ерекше өрлеуі, өркендеуі, рухани-экономикалық еркіндігіміз, әлемдік қоғамдастық пен дүние жүзінің дамыған озық мемлекеттерімен тереземіз тең, дәулетті елдермен бірдей қарым-қатынас жасау жетістіктеріміздің барлығының алтын бастауы – біздің мемлекеттің Тәуелсіздігінде.
Тәуелсіз еліміз егемендік алғаннан бері көптеген қаржы дағдарыстарының қиындықтарына қарсы тұра білді, тұрақты даму жолына түсіп, биік белестерді бағындырды, толағай жетістіктерге қолжеткізді, әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енді. Елбасының елді дамытудағы стратегиялық бағдарламалары мерзімінен бұрын жүзеге асып келеді.
Қазіргі таңда Тәуелсіз Қазақстан – барлық жағынан әлемге танылған, бүкіл Еуропа төрін ұсынған, даңқы асып, айбыны асқақтаған мемлекет. Бұл біріншіден, әлемдік деңгейдегі саясаткер – Елбасы Н.Назарбаевтың сара саясатының жемісі, екіншіден, еліміздегі 130-дан астам ұлт пен ұлыстың ауызбірлік пен ынтымақтастығы, бірлесе еңбек етуінің арқасында қол жеткізілген табыс. Яғни, Қазақ елі өлшеусіз табиғат байлығы мен ғана емес, ең алдымен сан түрлі ұлттардан құралған халқының ауыз бірлігі мен аты шықты. Қазақ халқымен бірге әртүрлі этностардың да отаны болып табылатын біздің еліміз бүкіл әлемге қоғамдағы татулық пен ынтымақтастықты сақтаудың, әртүрлі ұлттық мәдениеттер мен діндердің үйлесімді дамуына қамқорлық жасаудың жарқын үлгісін көрсетіп берді.
Ұлы дала төсінде қоныс тепкен еліміз бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті. Қазақстан — өзі орналасқан аймақтың ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын ел.. Елбасы геосаяси жағдайға нақты баға беріп, алыс және жақын болашағымыздың бағдарын айқындаған.
Алдына өршіл мақсаттар қойып, оң нәтижеге қол жеткізе білген Қазақстанның келесі ауқымды мақсаты – 2050 жылға дейін әлемнің ең дамыған отыз мемлекетінің қатарына кіру. Бұл үшін Елбасы Н.Назарбаев болашаққа бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын ұсынды. Бұл идеяның негізгі өзегі – қол жеткізген тәуелсіздікті ары қарай баянды қылып ұстап тұру, Мәңгілік Елге айналып, оны кейінгі ұрпаққа ең асыл мирас ретінде қалдыру, байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау.
Көк байрағымыздың көк аспанда желбіреп, Әнұранымыздың асқақатап шырғалуы елдігіміздің, егемендігіміздің арқасы. Қазақ баласының өз жерінде еркін ойнап, туған жердің қалаған төрінен орын алуы Тәуелсіздігіміздің жемісі. Бабалар аңсаған азаттықтың ертеңгі ахуалы білімді, өзіне сенімді, еркін жастардың қолында. Ұрпағы ұлағатты, ұлттық құндылығын берік ұстанатын, қайратты халықтың ғана Тәуелсіздік тұғыры мәңгілік болары анық.