Жігерлен, сілкін, қайраттан, беркін...
А.Құнанбаев
Қазақтың дархан даласы текті ұрпағымызға үлгі болған, əлемге танылған қаншама ғұламалардың туған жері, құтты мекені болғаны тарихтан мәлім. Тектілікке тəн жасампаздық ғұмырын өмірінің асқақ тұғырына айналдырған қазақ зиялылары елге қызмет етудің ерекше үлгісін, ағартушылық бағытындағы арман-үмітін жүзеге асыруда кейінгі ұрпаққа мəңгілік өнеге қалдырды.Қазақ руханиятындағы сондай кемел қасиетке ие дара және дана тұлға– Абай Құнанбаев.
Тектілік барлық ұлт пен ұлыста бар қасиет. Әр ұлттың өзіне тән тектілік ерекшелігі бар: мысалы қазақ ұлтында жеті атаға дейін қыз алыспау салты. Қазақ руханиятындағы зиялыларымыз және олардың игі ісін жалғастырушы текті ұрпағымыз.Ұлттық ерекшелігімізге келетін болсақ, ол біздің қонақжайлығымыз, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз.
Сонымен қатар қазақ елінде 130 дан астам ұлт өкілдері бар, олардың да өзіндік ұлттық ерекшеліктері бар: неміс ұлтының пунктуалдығы, өзбек, корей ұлттарының еңбекшілдігі, түрік ұлтының патриоттығы және т.б.
ХIХ ғасырда өмір сүрген Бекасыл әулиенің пайымдауын негізге алсақ, тектіліктің өлшемдері:
- тектілік тұқым қуалаушылық арқылы даритын қасиет;
- текті адам өзін-өзі жетілдіруге ынталы болады;
- текті адам өзінің халқы үшін жанпида бола алады;
- текті адам әлемді қабылдаудың тұтастығын сақтайды(адамды жақсы, жаман деп бөлмейді).
Тектілік феноменінің мағынасын қазақстандық ғалым, философ Жақан Молдабеков төмендегідей ашып көрсетеді:
Тектілік – ертеден қалыптасып, жастың сынын, аталы елдің қадір-қасиетін айқындап келе жатқан, мінез-құлыққа сіңген әдет-ғұрыпты саралаудың ережесі, ата-бабалардың ұлағатты үлгісін кейінгі ұрпаққа жандандырар қызмет жүйесі».
Ж.Молдабеков тарихтағы ұлттық болмысымыз бен қазақ тұлғасына тән тектілікті үш тұрғыда зерделейді. Олар: «тұқым мен қан тектілігі; азаматтың өз басының тектілігі; халықтың тектілігі».
Қытай ғұламасы Конфуций текті және қарапайым адамның айырмашылығын туралы:
-“текті адам” – заң мен парызды басшылыққа алса, қарапайым адам қалай тиімді орналасып, пайда тапсам деп ойлайды;
-“текті адамға” үлкен маңызды шаруалар тапсыруға болса, қарапайым адамға ондай тапсырма бере алмайсың, оларға тек қана ұсақ-түйек тапсыруға болады;
-“текті адам” басқалармен келісімді жағдайда өмір сүрсе де, олардың артынан ермейді, өзінің жолын ұстайды, ал қарапайым адам жұртпен келісімді өмір сүрмесе де, солардың айтқанын істеп, артында жүруге дайын тұрады т.б.
“Тектіадам” тек қанаэтикалықұғымемес, олсаясиұғым да. Олхалықтыбасқарады. Ал басқарудыңнегізгіқайнаркөзі – басшыныңөзбасыныңәдептілікқасиеттерінөзініңайналасындағыларғамысалретіндекөрсету.
Енді Абайдың өз басының тектілігіне келетін болсақ, біріншіден, Абай текті жерден шыққан перзент, оның әкесі Құнанбай аға сұлтан дәрежесіне жеткен даланың беделді де білікті әкімдерінің қатарында болған.
Балта ақынның Құнанбайға айтқан «Ей, Құнанбай, Құнанбай // Басқан ізің Бұхардың қақпасындай // Айтқан сөзің жыраудың нақылындай // Сен өлсең де өкінбен // Артында алтын балаң Қалды ат басындай» деген өлең жолдары
біріншіден, Құнанбай бейнесін жарқыратып аша түседі, екіншіден, Абайдай баласы барынан хабар береді.Құнанбайдың ағартушылығы және де басқа тың қырлары туралы Бейбіт Сапаралының «Құнанбай қажы», семейлік жазушы Ырысқан Мұсаның екі томдық зерттеу еңбегі жарыққа шықты; анасы Ұлжан мен әжесі Зереденқатар тәрбие алып өскендіктен «Телқара» атанса, кейін де осы әдіспен Батыс, Шығыс әдебиетін, мәдениетін қатар зерттеп, зерделеп өзі ғана өсіп қойған жоқ, айналасындағыларды да өсірді. Өзі шыққан төбеге басқалардың да шыққанын жаны қалап тұрды. Бұл құбылысты қазіргі таңда фасилитатор педагог деп атайды.
Абай өзіне дейінгі тарих ағымында орыны бар, өмірде жақсы аты қалған ғұламалардың өмірі мен шығармашылығынан нәр алып өсті. Тұлғаны тек қана тұлға тәрбиелейтіні тарихтан белгілі жайт. Осыны терең сезінген Абай өзіне қатал талап қоя білді:«Ойға түстім, толғандым, Өз мінімді қолға алдым. Мінезіме көз салдым, Тексеруге ойландым».Ұлы ақын өзі туралы жаза отырып, өзінің «менін» айта отырып, адам баласы туралы айтады. Себебі, оның болмысында барша қазақ баласы өткен жайдың бәрі бар. Сондықтан да Абайдың қайғы-мұңынан әркім өз мұңын таниды. Оның жан-дүниесінен өзін көре біледі. Осы тұста Белинскийдің «Ұлы таланттың ішінде ішкі сыр, субъективтік элементтің болуы – адамгершіліктің белгісі» деген пайымдауы ойға оралады. Адам әрқашанда өз-өзіне уайым болуы керек (Г.Марсель). «Уайым - ер қорғаны, есі барлық» дегенде Абай осы терең ойға меңзейді.
Өзін тәрбиелей білетін адам ғана өзі өмір сүрген ортаға, халқына, оның тектілігіне үлес қосуға қабілетті келетінін біз Абайды оқып, оның шығармашылығын зерттеу барысында көз жеткіздік. Абайдың өзі де осындай белсенді әрекет барысында өзінің ойлағанынан да қабілеттірек екенін түсінген болар. Біздегі қуат, білім белгісіз бір бастаудан келіп отыратыны аян, әдетте біз оны Абсолюттік таным дейміз. Өзімнің жолым осы деп санап, сонымен жүруге бел байлаған уақыттан бастап Адам мүмкіндігі толықтай ашыла бастайды. Жолы анықталған өмірде адам тындырмақ істі – осы қуатты құрметтеу, одан күн сайын нәр алу, содан берілетін белгілерді эго емес, интеллект, интуиция арқылы тану барысында өзін-өзі жетілдіреді, кәсіби дамытады. Осы туралы Абай «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде:
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті»
Бұл жерде Абай Жаратушыға ұқсау туралы айтып отыр. Адам баласы табиғатында кімді сүйсе, соған ұқсауға ұмтылады. Осы тұрғыдан ойланып-толғансақ, Жаратушы қандай деген сұрақ туындайды? Оның сегіз түрлі сипатына сәйкестену арқылы өзіңді дамыту жолы(«Мен-бейне» немесе «Мен-концепция») ашылады алдыңыздан.«Адам бол!» идеясы Абай ілімінің түпкілікті мұраты. Аталған идея бойынша адам өзінің ішкі әлемінің сегіз қырын анықтап, тереңдетіп тану арқылы әлемге ашылуын мақсат етеді.
«Адам болу ұстанымы» - адамның моральдық-этикалық және рухани-тәжірибелік талаптар шеңберінде тәрбиеленіп, Жаратушының сипаттарымен кемелденуіне негізделеді.
Белсенділік – осы қасиет арқылы адам еркіндікке қол жеткізеді, еркін адам жауапкершілікті сезінеді, рухани даму осы сапамен анықталады. Белсенділік Абай шығармаларында майдан сөзімен беріледі: «майданға түспей несі өнер?»(«Заман ақыр жастары») немесе «қатынша тілмен шаптықпай//Майданға шықса жарасар»(«Жастықтың оты жалындап»). Абайдың белсенді өмірі барысында халқы үшін күйініші, үміті, ізденуі, жалғыз күңіренуі, қайта жігерленуі сияқты ішкі көңіл-күйлері көңілге жылы әсер етеді. Қай істе болмасын жеңіске жету үшін көңілдің сан-алуан күйін бастан кешіру – заңдылық. Белсенді әрекеттердің нәтижесінде адам елжіреген жүрекхаліне жету қажет. Тек елжіреген жүректің иесі ғана әлемді қабылдаудың тұтастығына жете алады.Ол туралы Музаффер: «Сүю – сұлулық пен игілікті көре білу; бәрінен үйрену, Алланың сыйы мен жомарттығын барлық жерден көру; оған риза болу»,-дейді.
Сәуір айында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен «Текті ұрпақ тәрбиесіндегі Абай идеяларының маңызы» тақырыбында магистранттар мен докторанттарға арналған Республикалық ғылыми-практикалық онлайн семинар өткізілді. Аталған семинарға М.Әуезов атындағы ОҚМУ, М.Өтемісов атындағы БҚМУ магистранттар мен докторанттары қатысып, құнды пікірлерін ортаға салды. Шығыс Қазақстан, Абай ауданының тұрғыны, Абай идеяларын насихаттаушы Қарақабақова Мадина Доғалбайқызы қатысты.
Белсенділік ұғымы туралы сауалнама жүргізілді, сонда келесі ақпараттар алынды:
Бағым: адам бойындағы тұлғалық ерекшелік, қасиеттердің бір-бірімен сәйкес келуі, сөзбен істің бір жерден шығуы, өзге адамдардан даралығы.
Абай: «ақыл, қайрат, жүректі тең ұстаған зор болар, ақылсыз, ойсыз, жігерсіз өмір сүрген қор болар».
Гүлбинұр: белсенділік төзімділікті, қарқындылықты, беріктікті, танымдықты арттыратын қасиет. Абайдың насихаты: «жігерлен, сілкін, қайраттан, беркін».
Акмарал: бір қажеттіліктен туындайтын, өзінен-өзі дағдылы болатын, әдетке айналған құбылыс. Абайда: «үш-төрт жылғы әдетің, өзіңе болар жендетің». Өзімізді дұрыс әдетке баулу маңызды.
Қорыта айтар болсақ, белсенділік - адам бойындағы мүмкіндіктердің өмірдің барлық сферасында ашылуына деген қажеттіліктерден туындайтын, шығармашылықтағы тұрақты ізденіс, әрекетте дербестіктің, өзін-өзі реттеудіңнәтижесінде үлгілі қасиеттерге сәйкес болу ілімі.
«Ғылым үшін малыңды сарып қыл», - дейді Абай. Ғылымды өзің таппасаң, балаң тапсын. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған қажылық ешбір ғибадат орнына бармайды деп адамның әлеуметтік өміріндегі ғылымның орнын жоғары бағалайды. Абай өзінің жиырма бесінші сөзінде, «балаларға білім, ғылым беру жөнінде айта келіп, орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр. Залалынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға, тілін, оқуын, ғылымын білмекке керек»- дейді. Бұл үндеу орыс мәдениеті арқылы әлем мәдениеті мен ғылымын тануға ұмтылыс жасаудың, жаһандық бірлік пен тірлік диалектикасын түсінудің үлгісі болатын. Осы күнге дейін Абайдың аталған насихаты өзектілігін жойған жоқ деуге болады. Өйткені әлемнің небір классикалық туындыларын тек орыс тілінде оқуға толық мүмкіндік бар. Объективті дүниеге субъективті қарым-қатынасында шынайылық атты тамаша қасиетті жоғары бағалап, мойындай білетін ұлттың бірі. Абайдың ұрпағына талап, достық, білік, білімді өсиет етіп қалдырған өлеңдері – «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат!», «Әсемпаз болма әрнеге», «Ғалымнан надан артпас ұққанменен», «Сегіз аяз». Бұл өлеңдерінде Абай бірсөзділікті, ғылымды, беріктікті, жолдастықты жастарға үлгі қылады.
Құдірет (қуат, энергия, күш, жарып шығу - Г.Е.). Табиғатқа зер салсақ, тасты жарып шыққан гүлді, ағашты байқауға болады. Гүлдің күші тіршіліктің қуатына негізделген. Ал адамның күші (құдіреті) білімінде, оны жас күнінде жинақтап, қашан және қалай қолданудың қажеттілігін білу арқылы кез-келген жағдаяттан ұтыспен шығады. Олай болса, білімнің осындай құдіретін түйсінген ұрпақ өмірдің әр саласында өз мүмкіндігінің ашылуына ұмтылады. Мәселен, «Абай жолында» Абайдың қиын жағдаяттарға түскен адамдарға көмектесуі, қамқорлығы осы құдірет құбылысының бір көрінісі.Ұлы Абай біреуге көмектесу – ішкі зор қуат пен терең ақыл және ыстық сезімнің ісі деп түсінген ойшыл. Сондықтан Абайдан қамқорлық тапқан адамдар көп болды.
Есту, Көру – Абай «естіп, көріп білгеннен ғибрат алған»,-дейді. Ол бірде «тыңдағыш қанша көп болса/ /сөз ұғарлық кем кісі»,-деп тыңдаудың сапасын хақында айтса, «тыңдамаса еш адам, өз жүрегім толғансын», - деп өзіне бағыттап, айтылған ақпараттың құндылығына субъективті қатынасын білдіреді. Қалай болғанда да, Абай тыңдау арқылы қабылдаудың ерекшеліктерінің психологиялық сырын ашып берген ғалым.Жалпы адамның дүниеге көзқарасы оның пайымының кеңдігінен хабар береді. Абайдың отыз бірінші сөзінде естіген нәрсені ұмытпаудың төрт түрлі себебі баяндалады: «әуелі - көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші - сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтлану (визуализация-Г.Е.) керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші - сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші - ой кеселі нәрселерден қашық болу керек. Егер кез болып қалса, салынбау керек. Ой кеселдері: уайымсыз салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді. Бұл төрт нәрсе күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер».
Көркем сөйлеу. Абайдың пайымдауынша «адам болу» адамның барлық болмысынан орын алуы тиіс, атап айтсақ: адал ойынан, адал ісінен, адал сөзінен. Ол турасында Абай «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңінде: «сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел», - дейді. Адам болудың түпкі нәтижесі адамның ақиқатты табуында, алдымен өз болмысының ақиқатын ашуы керек, бұл процесс неден бастау алады деген сұрақ туындайды.
Мінез-құлықты тәрбиелеуден деп жауап беруге болады. «Мінезің қандай – тағдырың сондай»,- деген нақыл бар. Осы тұста Абайдың мінезі, ақын тәрбиесі көп адамды өсірді. Ақынның қарсыластарының өзі Абайды мойындай білді: Оразбайдың қажылыққа шығар сапарында, Абайдан кешірім сұрап келуі, Абай дүниеден озғанда: «Менің Оразбай боп тұрғаным Абайдың арқасында еді» деп жылағанын еске түсірсек, тек Абайдың ықпалын білген кісі ғана осылай әрекет етеді деп ойлаймыз.
Таңдау. Абайда ақыл мен қайратқа ие адам жарты адам, өйткені ондай адам «суық ақыл мен жүгенсіз қайраттың» ғана өкілі. Ал бойына осы екі қасиетпен қоса әділет-шапқат(жүрек) бірге біткен адам ғана толық адам, яғни ол нұрлы ақылдың өкілі деп табылады. Практик-психолог Олег Гадецкий екі түрлі сана моделін қарастырады: тәкаппарлық сана моделі және сенім. Олай болса, Абай мен қазіргі практик-психолог О.Гадецкийдің сана моделінің үндестігі Абай идеясының өзектілігін дәлелдеп тұрған факт.
Сана моделін таңдауда Абай сенім моделін, яғни еліне, жеріне деген адалдықты, тұрақты ойды таңдады. Ақын шығармаларының негізі – адамгершілікке және имандылыққа тәрбиелеу.«Қалың елім, қазағым қайран жұртым» деп өз болмысын ұлтының болмысымен тұтастықта қабылдап тұр. Халқының болашағы жастар тәрбиесіне ерекше мән берді. Ақын Абай бір өлеңінде «Ғылым таппай мақтанба, Орын таппай баптанба, Құмарлықпен шаттанба, ойнап босқа күлуге» десе, екінші жағынан өсиет ретінде «Адам болам десеңіз бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деп батасын береді. Осы батаны әрбір қазақ баласы жатқа біледі.
Таңдау ұғымы туралы студенттерден алынған сауалнамаға жүгінсек:
Нұрилла: таңдау әр адамның қалауы, алға қойған мақсаты, болашағын таңдайды, адам өмірінің сапасы тікелей таңдауға байланысты.
Ақерке: мамандық таңдау, жар таңдау. Қателеспеу керек.
Диана: таңдау сенің келесі қадамың. Таңдау арқылы келесі әрекетіңді жасайсың. Қ.Жұбанов атындағы оқу орнын таңдау арқылы біз педагог кәсібіне бейімделу үрдісінде өз ортамызды анықтадық.
Нұрсезім: мақсатымызды орындауда таңдауды қажет етеміз.Таңдаудың екі жақты сипатын байқаймыз.
Диана Оразалы: таңдау - адам өміріндегі ең қиын, маңызды нәрсенің бірі. Сондықтан ойланып, саралап жасау керек, сенімді болу керек.
Таңдау - абсолюттік танымнан берілген таңдау еркі бойынша адамның объектіні (өзі немесе халқы) қалауы арқылы өз өмірін ұйымдастырудың стратегиясы мен тактикасын болжай білу қабілетінің нәтижесінде болашаққа бағытталған сенімді қадамы.
Шығармашылық.Елдің кәсібі, еңбектің сипаты сол мемлекет құрушы этностың жаһандық кеңістіктен орнын анықтайтын факторлардың бірі. Абай мал шаруашылығымен айналысып келген қазақтың қарапайым мамандығына жаңа өзгерістер енгізу қажеттігін түсінді. Сондықтан ойшыл адамдардың әлеуметтік өміріндегі өнердің алатын орнына ерекше назар аударды. Қол өнерімен айналысқан кісіні шығармашылықты тұлға есебінде жоғары бағалады. Абай халықтың шығармашылық күшіне сенді: «Бай, бағлан боп қадірлі болмайды жігіт! Өнерлі боп, сол өнерін ұстай біліп, қадірлі болады. ...Жалқы бол, жарлы бол, ол кемшілік емес. Өнерлі ақын, асқақ әнші болсаң – ел көңіліндегі мұңды айтып, көзіндегі жасты тыйсаң, сенен зор, сенен қадірлі болмасқа тиісті»,-дейді Абай Біржандай ақын, әнші, серіні тыңдап отырған өнерлі жастарға. Біржан салған әннің құдіреті туралы Абай: «...бас идіре ән төккенде, ән емес, нұр төккендей. Әлемнің жүзінен жауыздық зұлымдығын қуып әкетіп, қиялда болса да дүние бетін, Арқа жүзін сан сұмдықтан тазартып бара жатқандай...». Екі ай бойы Тобықты жастары Біржан салдың әндерін үйреніп, айтып жүрді.
Қорыта айтар болсақ, «адам үшін ең қиыны – күн сайын адам болуы»,- деп Шыңғыс Айтматов айтқандай, адам күн сайын өзгеріп отырады. Оның болмысына табиғаттағы құбылыстардан бастап әлеуметтік өзгерістер де ықпал етеді. Адам болып қалу үшін адам көптеген заңдылықтарды, ілімдерді білуі қажет. Соның бастауында «үлгі болуды» көксеу бар. Адам өз атына кір келтірмей өмір сүргісі келеді. Одан қала берді ұрпақтарының адал өмір сүруін арман етеді. Осындай текті ұрпақтар арасындағы сабақтастық адам тәрбиесі ғылымында ертеден келе жатқан заңдылық. Текті ұрпақ тәрбиесіндегі Абай идеяларының маңыздылығы жыл өткен сайын арта түсуде, оған дәлел Абай өлеңдерін толықтай жатқа білетін оқырмандардың саны жылдан жылға арта түсуде. Мұның өзі текті ұрпақ тәрбиесіндегі Абай шығармаларының тәрбиелік және психологиялық ықпалы жоғары деңгейде сақталуының дәлелі іспеттес.Бұл тақырыптың болашақта зерттелу мүмкіндіктері мол, қазіргі жастардың назарын, зейінін ғаламтор, ұялы телефон, әлеуметтік желі жаулап алған қоғамда білім, ғылымға деген қатынасты құндылық ретінде сақтап қалудың, дамытудың бірден бір көзі текті ұрпақ пен Абай идеясының арасындағы байланыстың артуында. Сондықтан Абай идеяларын білімді толықтыратын құндылық ретінде танып, текті ұрпақ өзін-өзі жетілдіруге арнауы қажет.Тек сонда ғана жастар ата-бабамыздан келе жатқан тектілік қасиетімізді сақтап қалатыны даусыз.