Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI641

Кел, балалар оқылық!

Әлемнің екінші ұстазы атанған Әл-Фараби бабамыз: “Ізгі және қажетті жұмыс істеген адам басқалардан жоғары тұруы керек”,-деген екен. Шынында да, туған елі үшін көзсіз ерлікпен барабар қызмет етіп, дараланған алып тұлға-Ыбырай Алтинсариннің Ұлы дала елі тарихындағы шоқтығы тым биік екені шұбасыз. Мәңгілік еліміз үшін мәңгілік ортақ тұлғалар қатарындағы Ыбырай бабамыз жайында жазуға әркімнің-ақ бар таласы, тек өзгелерден айнытпай көшірмесе, өзіндік айтары болса ғана дейсің. Қазақ көгіндегі жарық жұлдыздардың бірі саналатын тұлға есімі уақыт озған сайын даралана, айқындала түсіп, кім-кімге де ерекше жақын, ыстық естіледі.

Әлеуметтік-саяси, мәдени тұрғыдан мешеу қалған қазақ даласына жаңа леп, тың серпін әкелген, сол жолда бар білімін, күш-жігерін сарқа жұмсаған ұлы ағартушының өмірі мен қызметі-кейінгі ұрпақтарға асыл мұра, өшпес өнеге.Аяулы азамат, халқымыздың біртуар перзенті Ы.Алтинсариннің аузынан шыққан “Туған елге пайдалы іске қолдан келгенінше үлес қосу-әрқайсысымыздың борышымыз” деген ұлағатты сөздері бүгінде әркім үшін де өмірлік қағидаға айналды. 

         Педагог-жазушының ізденіске, күреске толы өмірінің баршамыз үшін, әсіресе өмір босағасынан енді аттаған жастар үшін ғұмырын халыққа арнаудың өшпес өнегесіндей танылуы, солай қабылданылуы заңды. Өйткені ол өзіне дейін толғағы әбден жеткен, бірақ шешімін таппаған бірсыпыра әлеуметтік мәселелерді бірінші болып қолға алып, алғаш іске асырды. 

         Қазақ даласында бірінші болып мектеп ашып, білім шырағын жағу, ана тілінде оқыту секілді халық өмірінде бұрын-соңды болмаған зор әлеуметтік мақсаттарды орындау Ыбырай Алтынсаринге әрине, ол кезде оңайға түскен жоқ. Оның алдында жалпы өнер-білімге, жаңалыққа, орысша оқуға барынша қарсы ғасырлар бойы қалыптасқан ескі салт-сана, надандық ұғым тұрды. Әйтсе де, халқын сүйген,сүйген де оның жарқын болашағына шексіз сенген патриот, жігерлі Ыбырай Алтынсарин: “Ал енді құдай басыма не салса да, мен күшімнің жеткенінше туған еліме пайдалы адам болайын деген негізгі ойымнан, талабымнан еш уақытта да қайтпаймын”,-деп Н.И. Ильминскийге сеніммен жазғанындай, сан-сала қиындықтармен табанды күресе жүріп әрі орыс достарының, әріптестерінің көмегін, ақыл-кеңесін де пайдалана отырып, алдына қойған негізгі мақсатын орындады. Ыбырайдың осындай қажырлы еңбегі, күресі арқасында 1864 жылы қазақ сахарасының төрінде бұрын құлаққа шалынбаған жаңа әуен-балаларды білімге, өнерге шақырған қоңырау үні тұңғыш рет естілді.Бұл ұлы мақсатқа ғұмырын арнаған жас ағартушының осы жолдағы алғашқы жеңісі, ал қазақ халқының өміріндегі әлеуметтік маңызды тарихи оқиға болды.

Өмірі өшпес өнеге деуге әбден тұрарлық тау тұлғаның өз ісіне шын берілгендігін, оны құлай сүйетіндігін: “Мені оқу-ағарту ісі тартады да тұрады, оны жан-тәніммен сүйемін” немесе “Мен халық ағарту ісіне қойға шапқан қасқырдай кірістім” деген сөздерінен-ақ аңғаруға болады. 

Білім инемен құдық қазғандай” деп дана бабамыз білімнің құндылығын жоғары дәріптеген. Танымдық санамызға Ыбырай атамыз, өз замандас отандастарының ағартушылық ой пікірлерін қуаттап, қазақ жерінде оқу-білімнің шамшырағын жақты, педагогтік-демократиялық көзқарастың негізін салды. Бір жағынан феодальдық-патриархалды тұрмыс билеген, екінші жағынан патша өкіметінің отарлау саясаты езген қараңғы ортада Ыбырай ашқан мектептердің қоңырауы тұңғыш сыңғырлап, ұлы ағартушы-педагогтың ой-пікірлері, өлең-жырлары мен әңгімелері халық санасына жаңалық болып сіңді. Ол қоғамдық әділетсіздікке, надандық пен білімсіздікке қарсы күресті “Ағаш түзу өсуі үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың”, сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде екі жақты жауапкершілікті саналы түрде сезінуді қоғам мүшелері алдына ту еткен Ыбырайдың рухани идеологиясы бүгінгі қоғамда үлкен сұранысқа ие..

Бізге Абай қандай қадірлі болса, Ыбырайда өз орны, өз арналы мұрасымен аса ыстық, аса бағалы болды. Ол кейде баяғыдан бері өткен шол ғасырлардың соңғы дәуіріндегі зор мұнарадай көрінсе, кейде еңбегі, бағыты бірлікпен айқасып аққан  өрімдей, шөл өлкені суарып, дән бітіріп айқасып ағып келе жатқан өзендей танылды.Баршамызға бастауыш сыныптан етене таныс, әрі ыстық “Кел, балалалар оқылық!”-“Қазақ хрестоматиясының” беташар өлеңі. Жазылғанына бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, жас жеткіншектерді білімге, өнерге шақырған бұл өлеңнің маңызы, бір кезде Ыбырай армандаған “өнер-білімі бар жұртқа”-терезесі тең, шаңырағы биік, мәдениеті озық елге айналып отырған бүгінгі заманда да еш төмендемек емес. 

Кел, балалар оқылық,

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық!

деп өзінің тот баспас, мәңгі тозбас озық халықтық идеясымен бүлдіршіндерді білім бағына шақыра бермек!

272 0
Феруза Режаметова, №101 Али Ақбаев атындағы ЖОББМ директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, бастауыш сынып мұғалімі, Шымкент қаласы Ұлы дала ұстазы № 000800
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: