Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI62

Ұстаздық еткен жалықпас..

Мұғалім, ол – адамзат ғасырлар бойы жинақтаған білім нәрімен сусындатып қана қоймай, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды оқушылардың бойына сіңіріп, болашағына жол ашатын асыл тұлға, баланы терең түсінетін, дәріптей, сыйлай білетін, оның сеніміне ие болатын адал жолдас, абзал дос.

Мұғалімінің басты мақсаты – рухани-адамгершілік құндылықтарды бала бойына сіңіре білу, оның жүрек түпкіріне жасырын жатқан қазынасын жарыққа шығару, әрбір баланы жеке тұлға ретінде қалыптастыру. Ең алдымен, ұстаз жалпыазаматтық құндылықтарды балалардың бойына дарыту үшін халықтың тәлім-тәрбиесін, ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын, мәдениеті мен әдебиетін – ұлттық мұраларды жан-жақты жақсы білуі парыз.

Өз ұрпағын ақылды, ержүрек, еңбексүйгіш етіп тәрбиелеу міндеттерін қай кезеңде болмасын, қандай қоғамда болмасын тәрбие саласындағы адамзат баласы жинақталған барлық ізгіліктерді әр ұлттың қайталанбас өзіндік бейнесіне, ерекшелігіне сай сыннан өткен тәрбиемен тиімді ұштастырып отырған.

Мұғалім өз жұмысында ата-аналардың көмегі мен қолдауына сүйеніп, олармен үнемі байланыс жасап отырса, мектеп пен отбасы жұмысы бірлесіп атқаруы ата-аналармен жеке және ұжым болып жүргізілетін жұмыстарды ұштастыру, олардың әрқайсысына ілтипатпен, ыждағаттылықпен қарау – мұғалім еңбегінің табысты болуының кепілі екенің мойындауымыз қажет. 

Әдептілік, имандылық, мейірімділік, қайырымдылық, ізеттілік, қонақжайлылық құндылықтары қалыптасқан халқымыз осы асыл да абыройлы қасиеттерін жас ұрпақтың ақыл-парасатына азық ете білу үшін, әрбір тәрбиеші, ұстаз халық педагогикасын, сан ғасырларда қалыптасқан ұлттық құндылықтарды терең білумен қатар, рухани жаны таза адам болуы шарт. Ол рухани адамгершілік тағылымдарды өркениетті өмірмен байланыстыра отырып, білім берудің барлық кезеңдерінде негізге алғаны жөн. Сонда ғана өзінің міндетін айқын сезіне білетін, мінез құлқы жетілген саналы адам қалыптасады, ол - баланың өмірден өз орнын табады деген сөз.   

Бұл мақсатқа нағыз педагогтердің қатысуымен ғана қол жеткізуге болады. Балаларды сүйетін және өзінің ісіне берілген педагог қана мейірбан адамның қалыптасуына баға жетпес көмек көрсетуге қабілетті. 

 Біздің балаларды тәрбиелеудегі жұмысымыздың мән  мағынасы – олардың бойындағы жақсылыққа құшталықты қажетсіну сезімін ояту деп айтуға болады. Біздің тәрбиелік сезіміміз балалармен қарым қатынас  жасағанда олардың әрқайсысының жетеке тұлға, жеке адам екенің көріп, оларға сеніммен қарап сыйластық негізде қатынас жасау болып табылады.  Біз балаларды көңіл - күйді, өз жолдастарының көңіл – күйін түсінуге, бір-біріне сезімтал, қайырымды болуға үйретеміз. 

Біріншіден, біз өзіміз,  яғни ұстаздар мейірбанды болып, балаларды қас-қалпында сүюге   тиіспіз, шолжанды да, ынталы, дарынды баланы да бірдей жақсы көруіміз керек. Және де біз өзіміздің жан шуағымызды нақты жағдайға қарай, шәкірттерімізді алаламай, тең үлестіруіміз керек. Балаларға деген мейіріміміз бен махаббатымыз ішкі жан күйзелісіміздің көрінісі ғана емес, сонымен бірге баламен немесе, барлық балалармен қарым қатынасымыздың педагогикалық қызметімізздің ең басты дәлелі, стимулы болуы тиіс. Балаларға деген сүйіспеншілік пен мейірімділік олармен дөрекі сөйлесуге, олардың жеке басы мен намысына тиюге, ұрсып, қорқытуға, олардың әрқайсысының қайғысына ортақтасып, қуанышын бөліспеуге, оларға тез арада көмекке келмеуге, күдік тудыруға жол бермейді. Жаны жайсаң, баланы жан-тәнімен жақсы көретін педагог нағыз ұстаз болмақ.

Екіншіден, біз баланы терең түсіне білуіміз керек. Бала кішкентай болғанымен оның ісі мен сезімі үлкен. Ғалымдардың айтуы бойынша олар нағыз психолог сияқты. Неге десеңіз, бала ұстаздың ыңғайына өзінің түсінуіне мүмкіндік беріп, өзін сол баланың орнына қоя білетін болса, онда бала да ұстазға солай жауап береді. Демек, баланы түсіну дегеніміз – олардың позициясында тұру, олардың сезімін бағалап, қам-қарекеті мен ісін елеулі, шынайы түрде қабылдау, олармен санасу, оларға өктемдік көрсетпей, олардың бүгінгі тіршілігін тірек ете отырып, ертеңгі тіршілігінің өркенін жаю деген сөз. Ш.А. Амонашвилидің айтуы бойынша баланы түсіну дегеніміз – кішкентай адамды тәрбиелеудің тамаша шеберлігін игеру, олардың көңіл құбылысы мен жүрек тебіренісін, оның сезімі мен талпынысын түсіне отырып, әр баланың өміріне өзінің ең жақын адамындай араласа отырып тәрбиелеу. Міне осы шарттарды педагог үнемі жадында сақтағанда ғана баянды тәрбиеге жете алады. Бұл жағдайда баланың өзін-өзі тәрбиелеуде ол педагогтың жақтасы болып шығады. Бұл  дегеніміз баланың өзін-өзі тануына және өзін-өзі іске асыруына мүмкіндік береді.

Үшіншіден, әрбір педагог өзі оптимист болу керек. Егер біз өзіміз пессимист болсақ, онда біздің тәрбиелеп отырған шәкіртіміздің оптимист болып шығуы неғайбыл. Яғни, педагог: «Мен бұл баладан түк шығара алмадым, бұл баладан түк шықпайды» деп қол қусырып отырса, ол бала да талпыныс, өмірге құштарлық, білуге деген қызығушылық болмайды. Керісінше, баланы талпындырып, жігерлендіріп отырса, ол бала өзін-өзі тәрбиелеуге, өзінің мінез-құлқын жақсы жаққа өзгертуге, адам өміріне қажетті құнды сапа қасиеттерді меңгеруге тырысады. Ал, біз сөз етіп отырған белсенділік (оптимистік), педагогтан көп ізденуді, шығармашылықты қажет етеді. Белсенділік адамның табиғи қасиеттерінің бірі болып табылады. Жалпы белсенділік қажеттіліктен туады. Адамның белсенділігі оның себептеріне, мақсат, міндеттерін дұрыс қоя алуына, оларды орындау тәсілдерін дұрыс таңдай алуына байланысты.

Төртіншіден, біз болашақтың адамын, жаңадан қалыптасқан тұлғаны бейімдеуге, сомдауға міндеттіміз. Ол – рухани-адамгершілігі жоғары, жан-жақты, үйлесімді дамыған адам. Егер де осы қағиданы әрбір ұстаз ұстанатын болса, онда біздің қоғамымызда өнегелі, әдепті, ибалы да инабатты, бір сөзбен айтқанда бойына барлық жақсы құндылықтар мен адами қасиеттер дарыған ұрпақтың өмір сүруі таңқаларлық емес.

Осындай ұстанымдарды берік байрақ етіп, 30 жылдай ұстаздық етіп келемін:

Ұстаздық – біздің отбасылық дәстүріміз деп айтуға болады. Арғы бабаларымыз XIX ғасырдан бері Меккеге барып, мешіт ашып, сол заманның талабына сай жас ұрпақты білім нәрімен сусындатқан ірі тұлғалар. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан осы дәстүрді жалғастырып жүргенімді өзімнің кәсіби бақытым деп санаймын.

Өнерлі отбасынан шығып, музыка пәнінен дәріс беруімнің себебі де осы.

Өнер – өзен, жан-тәніңді шаятын,

Өнер – өріс, рухынды жаятын.

Өнер – өмір, әлдилейтін сананды,

Өнер – өткел, серуендейтін саятын! – деп жырлайды ақиық ақын Ерік Әбіш Шер-Нұрлы.

Өнер – адамды асқақ сезімге бөлеп, жан дүниесін нұрландыра түсетін құдірет. Ол өмірді кемелдендіріп, ізгілік шуағын таратады.

Адам өнер арқылы өзінің өмірге деген ерекше құштарлығын, сүйіспеншілігін білдіреді және өзге адамдардың да өмірге деген көзқарасына ықпал етеді.

Адамның өмірі, пейілі және іс-әрекеті-оның өзіне деген махабатының көрінісі, өнер арқылы өмірге деген көзқарасымызды білдіреміз. Нағыз өнер адамыының игілігіне қызмет етеді. «Өнер – адамның рухани азығы, ол – халықтың бүгіні мен келешегі, арманы мен қиялы, жалпы болмысы» дейді халқымыздың абзал азаматы Б. Момышұлы.

Қөркемдік таным аясында мейлінше маңызды қызмет атқаратын аңдау, әр нәрсенің байыбын барлау қарекеті тек әсерленгшен көңіл-күй бабын ғана емес, сонымен бірге саналы түрде теренң сезінгендік қасиетінде аңғартып тұрады. 

Жасампаздық тұрғысынан дүние сырын игеру – жаратылыс шындығына әр нәрсе әр құбылыстың мән-мағынасына талдау, саралау жолымен жай ойлана үңілу ғана емес, ол – ең алдымен күллі әсемдік әлемін, сұлулық сипатын, бар табиғатымен беріліп жан-жақты тану, рухани жан-жылуымен егжей-тегжейлі сезіну. Платон мен Аристотельден бастап ғасырлар бойы адам баласы ақыл-ой, парасаты мен осы дүние мәселесі төңірегінде үзбе» толғанып келген. Бұл тақырыпқа байланысты қазіргі заманда да пікір талас толастап көрген емес. Мұны байыпты шешу – өмірдің бір жұмбақ тылсым құпиясын ашу деген сөз...

«Жаратылыс жүзіне жан иесі жылы шырай дарытып, өзгертіп, құбылтып, бүкіл қуаныш-қызығының құт-береке көркіне, адам игілігіне айналдыра бастаған кезде ғана Әлем – адамдар әлемі болады. Дүние тұңғиығына бойлайтын сұңғыла сезім Адам дейтін осы ғаламат ұлы құдіретке бұйырған». Бұл – көрнекті ғалым З. Серікқалидың жан толғанысы.

Қай заманда болмасын ұстаз алдында тұратын ұлы мұрат – міндеттерінің ең бастысы – сауатты , салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Сөзіме пайымдау жасасам, сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени – ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу-менің өмірлік қағидатым және қоғам алдындағы борышым және солай болып қала бермек.

198 0
Гульшат Молдабаева, Зеренді балалар музыка мектебінің директоры, эстрадалық вокал пәні оқытушысы. Ақмола облысы, Зеренді ауданы Ұлы дала ұстазы № 000021
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: