«Шынықсаң – шымыр боласың» деп атам қазақ текке айтпаған.Әрбір қозғалыс жаттығуы адам баласына қашан да пайдалы. Күні бойы өзіңді сергек сезініп жүрудің де бір тәсілі – спортпен шұғылдану. Ғалымдар зерттеуіне сүйенер болсақ, спорт адамды шат-шадыман өмір сүруге де жетелейді екен. Спорттың өзі ішінара әртүрлі бағыттарға бөлінеді.Футбол,волейбол,баскетбол хоккей,регби,гандбол бадминтон,крикет, ауыр атлетика, жеңіл атлетика және т.б спорт түрлері.
Спорттың кең етек алған түрі жеңіл атлетика.Оның өзі жаттығу іс-әрекетіне байланысты жүру, тұру, секіру сынды бағыттарына бөлінеді. Кейбір ақпарат көздеріне сүйенсек, жеңіл атлетикадан алғашқы жарыс біздің заманымызға дейінгі 776 жылы өткізілген екен.Халықаралық әуесқойлық жеңіл атлетика федерациясы 1912 жылы құрылған. Оған қазір 200-ге жуық ұлттық ассоциациялар біріккен. Олимпиадалық ойындар 1896 жылдан дүниежүзілік чемпионат 1983 жылдан өткізіліп келеді. Жеңіл атлетика ойындары өте көнеден белгілі. Ол ежелгі Олимпияда ойындарының бағдарламасына енген.
Қазақстандағы алғашқы ресми жеңіл атлетикалық жарыс — бүкіл қазақстандық 1-спартакиада 1928 жылы Петропавл қаласында өтті. Республикада жеңіл атлетикадан тұңғыш рет КСРО-ның спорт шебері атағын Ш.Бекбаев алды.
Жеңіл атлетиканың негізгі жаттығуы — жүгіру. Ол жеңіл атлетиканың барлық жаттығуларында қолданады. Сондықтан, кім болсын, жеңіл атлетикамен шұғылданғанда, ең алдымен жүгірудің айла-тәсілін меңгеруі керек.Оның тегіс жерде әр түрлі қашықтыққа жүгіру, кедергілі жүгіру, кросс,марафондық жүгіру, сияқты түрлері бар.Қазақ халқының ауыз әдебиетінде желаяқтар жарысы туралы аңыз, әңгімелер бұрыннан белгілі. Ереже бойынша жүгіру өнері қазақ топырағына 19 ғасырдың соңына таман жетті. Ресми жарыстар, негізінен, 20 ғасырда өткен болатын. Жүгіруден қазақ жастары арасында бірінші болып Ғұсман Қосанов 17-ші Олимпиялық ойындарда метрлік эстафеташылар бәсекесінде күміс жүлдегер атанды.
Адам баласының табиғи жүруі бар. Екінші — жүрудің спорттық түрі бар. Әрине, екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. Спорттық жүрістің негізгі ережесі, әрбір аттаған сайын, яғни, алдыға аттаған аяқтың өкшесі жерге тимейінше итерілетін аяқты жерден көтеруге болмайды. Демек, адамның екі аяғы да жерге тимейтіндей көтеріліп кететін фазасы болмауы керек. Бұл жағдайға кез келген спортшы қалыптасып үйрене бермейді. Табиғи жүрісте көтеріліп кететін фазасы болады. Яғни, жүгірудің алғы шарты орындалады. Спорттың жүріспен жарысқа қатысқан спортшы жүгіріп кетпес үшін көтеріліп кететін фазасын төрешілер мұқият қадағалайды.
Биіктіктен секіру үшін спортшы ең әуелі сілтейтін және итерілетін аяқты анықтап алады. Шамамен 7-9 м жүгіретін жерін белгілейді. Әдетте, биіктікке секіретін спортшы кермеден секіруге жүгірген кезде аса жоғары жылдамдықпен бастағанымен, кермеге жақындаған кезде жылдамдық төмендейді. Себебі, спортшы секіруге дайындалады.Бүгінде биіктікке секірудің бүкіл әлемге тараған үш түрлі жаттығуы бар. Біріншісі — «аттап» секіру, екіншісі -алдыға қарай «аунап» секіру, үшіншісі — «шалқадан жатып өту». Қазір әлем бойынша ең жоғарғы көрсеткішті -«шалқадан жатып өту» әдісімен орындап отыр. Оқу процесінде қолданылатын секірудің ең қарапайым түрі «аттап» секіру. Сабақта биіктікке секіруді осы «аттап» секіруден бастайды. Секірудің негізгі айла-тәсілін үйрену үшін ең әуелі дұрыс жүгіріп келгенде сілтейтін аяқ дәл шығу керек.
Спорт – адамның рухани әлемі үшін де маңызды. Өйткені, әлсіз әрі қиындыққа көп ретте қарсы тұруға қауқары жетісе бермейтін жандарға мамандар бір ауық спортпен шұғылдануға кеңес береді екен. Күйзеліске ұшыраған сәттерде дене жаттығуларына ден қойсаңыз, жаңа құлшыныс пен тың серпін арқасында ерекше өмір сүруге ұмтыла түсесіз. Бұл да спорттың, дене жаттығуларының бір құдіреті.