(Ы.Алтынсариннің туғанына – 180 жыл).
Қазақтың маңдайына біткен ұлтжанды тұлғалары аз емес. Солардың бірі – ұлы ағартушысы, жазушы, ақын, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсарин. «Дала қоңырауы» атанған қазақтың тұңғыш ұстазының туғанына биыл 180 жыл толып отыр.
Ы. Алтынсариннің ұрпағына қалдырған мұрасы –ұлан-ғайыр. Небәрі жарты ғасырға жуық өмір кешкен ұстаздың өнегелі еңбегі жан-жақты зерттеліп, туған халқының керегіне жарауда. Ыбырай Алтынсарин адам тәрбиесіне қажет, ғибраты мол әңгімелерінде сабырлылық, төзімділік, мейірімділік, қанағат, әділеттілік қасиеттерді көзбен көріп, қолмен ұстағандай қысқа да нұсқа, қисынды, шебер әңгімелейді. Ыбырай әңгімелерінің негізгі түйіні: жас буынды өнер-білімге үндеу, адамгершілік мінез құлыққа тәрбиелеу болып келеді.
Тұңғыш ұстаз өз әңгімелерінде жас ұрпақты дұрыс тәрбиелеуге, оларды жақсы мінез-құлыққа үйретуге ата-ананың ықпалы зор екенін көрсетеді. Олардың ғибратты сөздері арқылы тәрбиеге мән бергенін көреміз. Мысалы «Бақша ағаштары» атты әңгімесінде бала мен әке арасындағы диалог берілген. Әңгімеде баласымен бақшаны аралап жүрген әкесіне: «Мына ағаш неліктен тіп-тік, ана біреуі неліктен қисық біткен?» деп баласы сұрайды. «Ата-ананың тілін алсаң, ана ағаштай сен де түзу кісі болып өсерсің. Бағусыз кетсең, сен де мына қисық ағаштай болып, бағусыз өсерсің» ,-дейді атасы. «Олай болса, бағу-қағуда көп мағына бар екен ғой»,-деді баласы.
Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп тәрбиелеуде ұлттық құндылықтар мен рухани мұраның орны ерекше екенін көрсеткен.
Ыбырай Алтынсариннің көрегендігі мен данышпандығы сонда, адамдарды мейірімсіздіктен сақтандыру үшін көп әңгімелерін соған арнады. Мысалы, «Аурудан аяған күштірек» әңгімесі. Баласының анасын аяғандығы мейірімділік болса, өз күнін өзі көре алатын ата-аналарын қарттар үйіне апарып тастау тас бауырлық емес пе?! Әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы...» деп айтқандай білімді игертпес бұрын балаға алдымен саналы тәрбие беру керек. Ал, саналы тәрбие өзегі адами қасиеттердің бала бойында көрініс табуында. Білімді ұрпақ бойында мейірімділік сияқты қасиеттер болмаса, олардың алған білімі ел ертеңіне қауіп төндірмесіне кім кепіл?! Мағынасы тереңде, ойға ой қосатын шығармаларды оқыту арқылы саналы ұрпақ тәрбиелеуге болады. Ал, әдебиетте адами қасиеттерге тұнып тұрған Ыбырай әңгімелері десек, қателеспейміз. Адамгершілік іспетті ізгі қасиеттерді дамытуда Ыбырай әңгімелерінің құндылығы басым. Шығармаларының қайнары оның халық тұрмысынан яки шындықтан алшақтамаған. Адам әрекеттерін болмысына сәйкес бейнелеп суреттеуде негіз етіп сол адами бағытты ұстанған. Түпкі өзек етіп «адам» болуды алған. Демек, Дала қоңырауының адами қағидалары бала тәрбиеулеуде біздің басты міндетімізге айналуы тиіс. Бүгінгі ұстаз Ыбырай Алтынсарин әңгімелерін оқыту арқылы ғана саналы, ел ертеңін ойлайтын, бауырмал, жанашыр ұрпақ тәрбиелей алады.