Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI584

Бауыржан Момышұлы

Бауыржан Момышұлының есімін естігенде кеудемде мақтаныш сезімі ұялайды. Себебі аты аңызға айналған баһадүр батыр атамыз – ерліктің, батырлықтың үлгісіне айналған  нар тұлға. Батырлығымен қоса жазушылық, ақындық, шешендік өнерімен танылған батыр атамыздың мақалға, нақылға айналған ұлағатты сөздері де біздер үшін үлгі-өнеге. 

Ол бір сөзінде «Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу – сатқындықтың белгісі» деп айтып кеткен. Батыр атамыз ойшылдығымен, отаншылдығымен, қаһармандығымен, дарындылығымен қоса ұлтжандылығымен танылған тұлға. Ол өз ұлтын сүю әрбір қазақ баласының парызы екендігін айтады.

Мен батыр атамыздың бұл ойымен толық қосыламын. Өйткені өз елінің патриоты болу – біздің міндетіміз. Әрбір саналы тұлға өз ұлтын сүюге, тарихын, туған тілін құрметтеуге, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан салт-дәстүрін дәріптеуге, ұлттық қадір-қасиетін арттыруға үлес қосуға міндетті. Біз туған еліміз үшін үнемі тер төге қызмет етіп, халқымыздың мол рухани құндылықтарын бағалай білуіміз керек. 

    Соның ішінде ұлттық тіліміздің қадір-қасиеті ерекше. Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады»,- деп бір ғасыр бұрын ескертіп кеткен. Сондықтан өз ұлтын сыйлауды ана тілін құрметтеуден бастау керек дегім келеді. 

Қазір әлемде 6500-ден астам тіл бар. Ғалымдардың зерттеуі бойынша әр он бес күн сайын бір тіл жойылады екен. Себебі сол тілде сөйлейтін халық жойылып немесе өзге халықтың құрамына сіңіп, «ана тілінен тірідей айырылып» жатыр. 

Ойлап қараңызшы, бір халық жер бетінен жоғалады. Енді оның салт-дәстүрін, мыңдаған жылдар бойы сөйлеп келген ана тілін, сол ұлтқа ғана тән мінез бен ерекшелікті енді сіз ешқашан көрмейсіз. Қазір біз жойылып кеткен аң-құстар туралы қалай әңгімелесек, біздің ұрпақтарымыз кезінде жер планетасында осындай халық өмір сүрген, олардың ерекше салт-дәстүрі болған екен деп әңгімелейтін болады. Бұл – әр ұлт үшін орны толмас қасірет. Мұндай қасіретке душар болмас үшін не істеу керек?

Бірде шәкірттері Конфуцийден: “Егер сіз бір елге басшы болсаңыз, ең әуелі не істер едіңіз?” деп сұрапты. Сонда Конфуций: “Егер мен бір елге басшы болсам, ең алдымен ұлттың тілін тәртіпке салар едім”,- депті. Мұны естіген өзгелер қайран қалып, себебін сұрайды. Сонда Конфуций: “Бір ұлттың тілі бұзылса, сол ұлттың рухы мен әдет-ғұрпы бұзылады. Егер бір ұлттың рухы мен әдет-ғұрпы бұзылса, әділет және ақиқат жоғалып, халық шарасыздықтан жойылу қаупіне душар болады. Қысқасы, бір ұлттың тілі бұзылса, сол ұлттың келешегінен үміт күтуге болмайды. Мұндай жағдай туудан бұрын алдын алу өте маңызды”, -деген екен.

Сондықтан мен ата-бабадан келе жатқан дархандық пен бауырмалдықты, татулық пен мейірімділікті бойымызға сіңіре отырып, туған еліміз — Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне, туған тіліміз – қазақ тілінің өз мәртебесіне сай дамуына үлес қосайық дегім келеді.  Батыр бабамыздың ұлтжандылық қасиетін бойымызға сіңіріп,  ұлтымызбен мақтанып, оны сыйлай білейік.

170 0
Гүлжан Тлеуберлина, Әл-Фараби атындағы жалпы орта білім беретін мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Түркістан облысы Төлеби ауданы Зағамбар ауылы Ұлы Дала Ұстазы № 000292
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: