Мен өз мамандығымды жүрек қалауымен таңдадым.Алдыма қойған мақсатым-бала жүрегінің дүрсілін сезіну.Оларды ойшыл, епті, ерікті, сезімтал, парасатты, рухы биік, ерік-жігері берік, арманы асқақ етіп, рухани тәрбиелеу. Отан сүйгіштік пен еліне адалдықты, елінің тарихын қастерлеу мен жаңашылдыққа бейімді, бәсекелестікке қабілетті ету. Алдыма қойған мақсатыма,аңсаған арманыма жету үшін жан – жақты ізденіп, білім алуды, өзіме деген ішкі сезімнің берік болуы үшін тынымсыз еңбек етуді негізге ала отырып, әр оқушының «жеке тұлға» болып қалыптасуына барлық күш – жігерімді, ыстық жүрегімді арнағым келеді. Ол үшін мен қиыны мен жеңілі, қызығы мен қуанышы қатар жүретін педагогикалық саладағы өз ұстанымымды нақтылап алдым. Үнемі жаңалыққа ұмтылып көштен қалмау және әр баланың бойынан қабілетін анықтап, бұлақтың көзін ашу арқылы биік мақсаттарға жетелеу.
Қарап тұрсам бұл кәсіпті таңдауымда еш адаспаппын, мен осы істің маманы болуға жаралғанымды түсіндім. Ұстаз деген ұлы шыңға көтерілу үшін әрдайым ізденісте,оқуда,шығармашылықта болуы керек. Ұстаз алдындағы әр бала, қайталанбас бір әлем, жауабы жоқ жұмбақ. Сол себепті, ұстаз бойынан жұмбақ шешімін таба білетін сиқыршылық, жауапкершілік қасиеті, төзімділік пен шыдамдылық, қайсарлық, ізденіс қасиеттері табыла білуі керек деп ойлаймын.
Менің ойымша ұстаз біріншіден өз алдындағы әрбір шәкірт жүрегінің төрінен орын алып, оларды шын жүрегімен жақсы көре білуі керек. Мейрімділік, шыдамдылық, баламен тең жағдайда сөйлесе білу,дос бола білу оның мүмкіндіктеріне сеніп арта білу, бала сөзіне мән беріп ықыласпен ден қоя тыңдау, бала жанына қанат бітіру менің ұстаздық кәсібімнің басты қағидалары.
Екіншіден: «Сабақ беру жай ғана үйреншікті әдет емес, ол жаңадан жаңаны табатын өнер»-деп Ж.Аймауытов айтқандай оқушылардың ақыл-ой белсенділігін, білімін,танымдық қабілеттерін дамыту, арттыру менің жұмысымның өзектілігі.
Ұстаз күнделікті сабағын қиынынан қиыстырып,түрлендіріп, қол жетімді мақсаттар қоя отырып бала жүрегінен орын таба білуі керек. Сол себепті, мен сабақ беруде жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеріп қолдана отырып, шәкірттерімнің білім сапасын арттыруға тырысамын.
Ұстаз – бүгінгі оқушы,ертеңгі қоғамның , елдің тірегін өмірге дайындаушы. Мұғалім мамандығының құндылығы осында деп түсінген дұрыс. «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында»,-дегендей бүгінгі білім мен білік бәсекелес заманда оқушыларымның биіктен көрінуіне күнделікті жұмысымда, сабақ беру барысымда жаңашылдығым арқылы үлес қосу менің ұстаздық парызым. «Ұстаз тумысынан өзіне айтылғанның бәрін жетік түсінген, көрген, естіген, бәрін жадында сақтайтын, олардың ешбірін ұмытпайтын, алғыр да, зерек, қанағатшыл, жаны таза, әділ білімге құштар, батыл болуы керек» -деп әлемнің екінші ұстазы Әл-Фараби ұстаз болмысын айқындаған екен. Олай болса,бәсекеге қабілетті, шебер ұстаз болу - заман талабы. Білім сапасын көтерудің тетігі-білімді ұстаз қолында. Яғни, мұғалімнің кәсіби шеберлігі жоғары болғанда білім сапасы да артады дегім келеді.
Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынов: «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы, яғни мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі, мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім», – деген. Қанша уақыт өтсе де, осы сөз ескірмек емес. Менің ойымнан,санамнан осы айтылған сөзге байланысты ішкі сезімімді жоғары қоямын.Білімді болуға,білгенімді үйрете білуге өзімді ылғи дайындап отырамын.Елімізде болып жатқан індетке байланысты қашықтықтан оқыту барысында да оқушыларыма сапалы білім беруге бар күш жігерімді салып отырмын. Тек білімді, сауатты адам ғана келешек тізгінін қолына ала алады. Ал, баланың білімге, оқуға деген қызығушылықтарын оята білу ол біздердің, яғни ұстаздар қауымының басты міндеті деп білемін.