«Балалардың бойында ұлы мүмкіншіліктердің бәрі бар» деп Т.Фуляр айтқандай бала бойындағы дарындылық, ғылымилық қабілетін ашу, жақсы танымдық қасиеттерін зерттеу – бүгінгі заманның талабы. Бүгінде барлық салалар жоғары қарқынмен даму үстінде. Адам құндылығын дамыту арқылы әлем елдері ғылым мен білімге аса көңіл бөлуде.
Оқушыларды шығармашылыққа баулуға, өз еңбегінің нәтижесін көруге, оны бағалауға бағыттау – өте күрделі үрдіс. Оқушылардың шығармашылық мүмкіндігі оның жеке тұлға ретінде қалыптасу үрдісінде пайда болады.
Алдыменен мұғалім түрлі стратегияларды қолдануға қабілетті болуы керек. Оқушының дамуын жақсарту үшін мұғалім оқыту үдерісінде жаңа әдіс-тәсілдерді өз тәжірибесіне енгізе білуі тиіс. Мұғалім оқушының сын тұрғысынан ойлауын туғызу арқылы өзі де дамиды және танымдық қабілеттерін арттыру арқылы шығармашылық деңгейге жеткізеді.
Мақсаты: Оқыту үрдісінде және бағалауда Блум таксономиясын қолдану арқылы сыни тұрғыдан ойлау, ой жүгірту, тұжырым жасау, проблеманы шешу, танымдық қабілеттерін дамыту.
Блум таксономиясының құрылымы танымдық үрдістің бір деңгейінен екінші деңгейіне, яғни қарапайымнан күрделіге біртіндеп өтеді деп саналады. Топта осындай сұрақтар қою арқылы оқушылар үйреніп қана қоймайды, сондай орта қалыптастырады, шығармашылық деңгейге қөтеріледі. Блум таксономиясы – жеке тұлғаға бағытталған шығармашылығын дамытушы және білімді толық меңгертудің әдісі болып табылады. Блум таксономиясының 6 деңгейі:
- Білім;
- Түсіну;
- Қолдану;
- Талдау;
- Жинақтау;
- Бағалау
Блум таксономиясының әр деңгейіне тоқталып, оларға сипаттама бере кетейік:
- Білім. Қайталау немесе тану арқылы мәліметтердің есте қалай сақталғанын тексеру, мағлұмат пен деректерді еске түсіру арқылы жүзеге асырылатын категория. Бұл деңгейде тестілеу, қалдырып кеткен белгілерді орнына қою, анықтамалар мен атауларды жаттау немесе қайталау, процестердің өрбуі немесе орын алу тәртібін қайталау сияқты тапсырмалар қолданылады. Оларды орындағанда оқушылар оқу материалын оқулықта берілген күйде бұлжытпай қайталап беруге тырысады. Олардың басты мақсаты – ақпараттты жадында сақтау және іздеу болып табылады.
«Білім» деңгейі – таным мен ойлаудың басқа деңгейінің негізін құрайды. Өйткені онсыз қалғандарының болуы, жүзеге асырылуы екіталай. Мәселен, көбейту кестесін немесе қажетті формуланы жатқа білмей, есеп шығара алмайды. Абайдың өлеңін білмей оның көркем ерекшеліктері мен оқырманның ішкі жан дүниесінде қандай сезімдер тудыратындығы туралы ой толғап немесе шығарма жазу мүмкін емес.
Зерттеушілердің айтуы бойынша, орташа есеппен алғанда сабақтың 80% есте сақтау мен жаттау, қайталау мен тану тапсырмалары құрайды екен. Ал бұл жәйт келесі проблемаларды алып келді:
- Қайталау және жаттау тапсырмалары негізінен үйренушілерден белсенді әрекеттерді талап етпей, олардың сабақтағы бәсеңдігіне (пассивтігіне) жол береді.
- Үйренушілер сабақ тақырыбына ынта мен қызығушылық танытпайды, демек олар сабақтың нәтижелеріне де құлықсыз болады. Сол арқылы олар өз біліміне, өздерінің парасаттық дамуына деген жауапкершілікті көрсетпейді.
- Бұл деңгейдегі сұрақтардың бір ғана дұрыс жауабы болғандықтан оқушылардан пікірталасты, ой толғауды қажет етпейді. Бұл жәйттің оқушының ойлау қабілеті мен коммуникативтік дамуына кері әсер келтіретіндігі сөзсіз.
- Бұл деңгейде берілген тапсырмаларды орындау қайталауға негізделгендіктен оқушылар өзіндік ой мен идея, пікір мен көзқарас, тұжырым мен дәлелдерді ізденуге ұмтылмайды. Ал өз кезегінде бұл жәйт олардың жеке тұлға ретінде дамуына қолғабыс тигізбейді.
- Сол себепті «Білім» үйренушілердің құзырында болуы қажет, ал педагог бұл деңгейге әдейі тоқтамай, шәкірттерін танымның және ойлаудың бұдан жоғары деңгейлеріне бағыттауы керек.
- Түсіну дегеніміз – мәліметті таныс, анық күйге ауыстыру арқылы өзіндік түсінік қалыптастыру. Бұл деңгейде оқушылар мағлұматты тек есте сақтамайды, олар оның ауқымы мен көлемін ұлғайтпаса да, сол берілген мөлшерде басқаша қылып көрсетеді. Олар мәліметтерді басқа таныс жүйеге түрлендіреді, есте сақталған мағлұматты басқаларға жеткізу жолдарын айқындайды, ұқсастық пен айырмашылықтарды анықтайды, салыстырады, нәтижелерді суреттейді. Мәселен, мектепте жиі қолданылатын «Шығарманы (анықтаманы, ережені) өз сөзіңізбен айтып түсіндіріп беріңіз» тапсырмасы түсінік деңгейін көрсетеді.
Бұл деңгейдегі тапсырмалар «Білім» деңгейімен салыстырғанда оқушылардан белсенділікті талап етеді. Олар ақпаратты өздеріне таныс жүйеге көшіріп, түрлендіреді де сол арқылы оны есте сақтауды едәуір жақсартады. Ал түсінік бірінші мезетте бірлескен әрекеттер негізінде талқылау, пікірлесу, алмасу, ортаға салудан құралады.
- Қолдану – қандай да бір мәселені шешу үшін мәліметті іс жүзінде қолдану, жүзеге асыру. Бұл деңгейде оқушылар мұғалімнің көмегінсіз таныс емес проблеманы өздігінше шешу керек. Мұнда қорытынды нәтиже (проблеманың шешімі) маңызды мәселе болып қалмай, сонымен бірге шешім іздену процесінің өзі де маңызы болып танылады: оқушылардың мәселені шешу жолы шешімнің өзінен де маңызды болуы мүмкін.
Қолдануда оқушы тарапынан келесі әрекеттер атқарылады:
- Проблемамен танысады.
- Проблеманың шешімін анықтайды.
- Шешім қабылдайды. «Қалай жасаймын?», «Не істеу керек?» деген сұрақтарға жауап береді.
- Шешімді жүзеге асырады, қолданысқа түсіреді.
Бұл шешім анықтама, ереже, формула, теңдеу түрінде келтірілуі мүмкін.
Мысалы, оқушылар қандай да бір мәліметті жатқа біледі («Білім»), оның басқалардан айырмашылығы мен ұқсастығын айқындайды («Түсіну»).
Енді осы мәліметті нақты бір қолданыста көрсетеді: ереже, формула, анықтаманы қолданып есеп шығарады, жаттығу орындайды, проблема шешеді.
«Қолдану» деңгейінде оқушылар нақты ситуацияларды ойнап береді, өз қолымен жасайды, тәжірибе мен эксперимент қояды, аспаптар мен құралдарды қолданады, өздерін басқалардың орнына қояды, есеп шығарады, мәтін құрастырады, т.б. әрекеттер жасайды.
4.Талдау. Егер «Қолдану» деңгейі шешім қабылдау үшін құрамдас бөліктерді біріктіруді меңзесе, «Талдау» деңгейі керісінше, бүтін, тұтас нәрсені оның қалайша құрылғандығын түсіну мақсатында құрамдас бөліктерге бөлуді нұсқайды. Бұл деңгейде зерттеу нысанының әртүрлі бөлшектері белгілі бір нәтижеге жету үшін қалайша бірге жұмыс істейтінін көрсетуі қажет. Оқушылар жауап беру үшін ой қозғап, өз жауаптарының логикалық тұрғыдан мінсіз болғандығын қадағалау керек.
Талдаудың бұл түріне келесі тапсырмалар жатады:
- Процестің қай кезеңдері нәтиже тұрғысынан маңызды болғандығын көрсетіп, дәлелдеңіздер.
- Өз әрекеттеріңізді тағы саралап, қай жерлерде ұтымды болғандығын анықтаңыздар.
- Өз қателіктеріңізді анықтап, оларды түзетіңіздер.
- Құрамдас бөліктердің өзара қатынасын сипаттап, олардың алатын орны мен маңызын анықтаңыздар.
- Құрамдас бөліктерді сипаттап, олардың қалайша бүтін құрастырып, қорытынды нәтиже сомдайтындығын дәлелдеңіздер.
5. Синтез – жаңа мазмұн мен бүтін ұғым тудыру мақсатында жеке бөліктерді шығармашылықпен біріктіру. «Синтез» - жинақтау деген ұғым, ол болжау, шарттылық, мүмкіндік ұғымдарын қолданып, құрамдас бөліктердің қалайша бірігіп, жаңа мазмұн, құрылым, модель құрайтындығын көрсетеді. Бұл деңгейдегі тапсырмаларды орындау жазбаша түрде жүзеге асырылады.
Синтездің мынадай түрлері болады:
- Шығармашылық жанрлар – эссе, өлең, жоба, баяндама, шығарма, шешендік сөз, сценарий т.б.жазу.
- Жоспар құрастыру, әрекеттің тәртібін келтіру немесе тәжірибе жасау.
- Абстрактылы қатынастармен көрсетілетін нәтижелер. Мәселен, әртүрлі құбылыстарды бақылау нәтижелерінің негізінде жаңа моделдер құрастыру. Бұл қандай да ғылыми болжам келтіретін гипотеза болуы мүмкін.
6. Бағалау – даулы, күмәнді және пікірталас тудыратын мәселелер бойынша шешім қабылдап, оны нанымды дәлелдер арқылы айғақтау.Бұл деңгейде оқушылар өз жауаптарына дәлдік, нақтылық, логикалық жүйе, дәйектілік секілді талаптарды қолданады. Сөйтіп олар таңдау жасап, шешім қабылдай алатындығын көрсетеді. Бағалау «Сіздің ойыңызша бұл дұрыс па, бұрыс па? Маңызды ма, маңызды емес пе? Жақтайсыз ба, қарсысыз ба?» деген пікірталас пен дау-дамай туғызатын сұрақтар арқылы жүзеге асырылады.
Бағалау деңгейінде сұрақ қойып немесе тапсырма берсек, бұл сұраққа жауап беру немесе тапсырманы орындау үшін оқушының білуі, түсінуі, қолдануы, талдауы, жаңа мағына құрастыра білуі қажет.
Блум таксономиясы бойынша оқу тапсырмалары қазақ тілі «Сын есім» 2 сынып
Білім:
- Сын есім деген не?
- Сын есім құрамына қарай нешеге бөлінеді?
Түсіну:
- Дара сын есім деген не?
- Күрделі сын есім деген не?
Дара сын есім мен күрделі сын есімді Венн диаграммасына салу. Оларды салыстырып, ортақ қасиеті мен ерекшеліктерін көрсету. Жеке жұмыс жасау.
Дара сын есім Күрделі сын есім
Қолдану:
Өлеңді қатесін түзетіп көшіріп жаз.
Мынау – жасыл қарындаш,
Мұнымен гүлті бояймын.
Мынау – көк қарындаш,
Мұнымен суды бояймын.
Сын есімдерді тап. Қарамен жазылан сөздердің түбірі мен қосымшасын ажырат.
Талдау: 19-жаттығу
Берілген әріптер қатарында жасырынған сын есімдерді тауып оқы.
к | ө | к | о | ә | щ | ә |
к | е | һ | к | д | ө | ц |
а | ә | м | л | е | и | м |
л | а | с | н | м | ф | т |
а | қ | ң | қ | і | р | і |
ж | з | ө | т | а | з | а |
ф | қ | ы | с | қ | а | м |
с | а | р | ғ | ы | ш | ц |
к | қ | о | ф | ц | с | ф |
Синтез: Орны ауысқан сөздерден сөйлемдер құрап жаз. Сын есімдердің астын сыз.
Арша өседі жерде таулы. Бойы болады аласа. Оның бар хош иісі өзіне тән. Аршаның бар қасиеті емдік.
Бағалау: «Бір килограм мақта ауыр ма? Бір килограмм темір ауыр ма?» Өз ойыңды дәлелде. Бірін-бірі бағалау.
Блум таксономиясы бойынша оқу тапсырмалары жаратылыстану 2сынып «Судың түрлі күйі»
Білім: Судың тіршілік үшін қандай пайдасы бар?
Түсінік: Судың үш күйі, олардың ұқсастығы мен айырмашылығын салыстыр. Судың, мұздың, будың жеке қасиеттеріне тоқталады.
Қолдану: Су бір күйден екінші күйге қалай ауысады?
Талдау: Оқушыларды топтарға бөліп тапсырмалар беру. Әр топтың оқушылары тақырыпты талқылап, өз тұжырымдарын ортаға салады.
Мұз неге суға батпайды?
Қыста неге қар жауады?
Тау шыңдарындағы мұз неге ерімейді?
Жинақтау: Өзен, көлдерді ем үшін қолдануға бола ма? Өзен, көлдердің жағасынан демалыс орындарын ашудың қандай маңыздылығы бар?
Бағалау: «Су – тіршілік үшін маңызды, дегенмен кейде қауіп төндіруі мүмкін». Сендер бұл тұжырыммен келісесіңдер ме, әлде бұл қате тұжырым ба? Су қай кезде қауіп төндіруі мүмкін? Судан келетін қауіптің алдын қалай алуға болады?
Сонымен Блум таксономиясы алты деңгейден тұратынын анықтадық, оның алғашқы төрт деңгейі күнделікті дәстүрлі сабағымызда орындалатынын, ал тек жинақтау, бағалау деңгейлері бойынша тақырыпты синтездеп, жинақтап, қорытындылау керектігін байқадық.
Блум жүйесінің 6 деңгейі негізінде оқушыға сапалы білім мен шығармашылығын дамыту маңызды деп санаймын. Блум таксономиясы бойынша жоғары деңгейдегі мақсаттар төменгі деңгейдегі міндеттерді жасайды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Асхат Әлімов «Интербелсенді әдістемені ЖОО-да қолдану мәселелері» Алматы – 2013
- С.Мирсеитова «Оқыту ізденіс ретінде және ізденіс оқыту ретінде» Қарағанды – 2011
- Ә.Е.Жұмабаева, Г.И.Уайсова, Г.Т.Сәдуақас «Қазақ тілі» 2-сынып Алматы «Атамұра» 2017
- Т.А.Андриянова, В.Н.Беркало, Н.Ш.Жакупова, А.В.Полежаева «Жаратылыстану» 2-сынып