Менің бір ғана байлығым, ешкімге айырбастамас жақұтым бар. Ол – Отан. Әлемді сан аралап таппайтыным да Отан. Осы жерде кіндік қаным тамып, осы жерде бал балалығым өтті. Осы жерде әжемнің сүт қатқан көжесі мен тары-талқанын жеп, осы жерде анамның ақ сүтімен өстім. Дәл осы Қазақстан дейтін мекен асыр салып ойнаған бақытты сәттерімнің куәгері болды. Ақ бантикті тағынып мектепке асыққан бойжеткеннің түлек атанып алтын ұядан түлеп ұшқан сәтін де, студенттік шақтары мен алғашқы махаббатын да осы бір Отанның күндері мен түндері жатқа біледі.
Ал бүгінде дархан даласында азат баласын бауырына қысқан осы Қазақстан дейтін алып ел ордалы 30 жасқа толып отыр. Иә, тәуелсіздігімізге, ел болып еңсе тіккенімізге биыл 30 жыл болды. Қаншама білек пен жүрек күші кеткен, талайдың тағдыры талқандалып жеткен егемендіктіңкөк туының астында осынша жыл бойы тек қана күліп, алдыға деген үмітпен келе жатырмыз. Бұл бақытты сәтке біріншіден дүниені жаратқан Алланың, сосын батырларымыз бен ғалымдарымыздың және ардақты Елбасының арқасында жеттік деп білемін. Осы бір арыстардың адал тері, шын ниетімен әлемнің үздіктері арасында тұрмыз. Бұрын ауылдан дарындылардың әлем деңгейіне көтерілуі қиын болса, қазіргі тәуелсіздіктің ақ таңында мүмкін емес дүниенің жоқ екенін байқаймын. Мысалы, мен білім беретін Жайылма өнер мектебінің оқушылары мен түлектері республика көлемінде емес, әлемдік аренада қазақтың көк туын желбіретіп жүр. Бұл шүкіршілікпен қатар мақтаныш сезімін де тудырады.
Қазақстан маған еркіндік пен тәуелсіздікті ғана сыйлап қойған жоқ, бас бостандығымен қатар өмірлік білімді сыйлады. Өзінің қатпарлы тарихына нығыздаған ешқандай ұлтқа ұқсамас ұлы дәстүрлері мен ғұрыпын, салты мен жоралғысын сыйлады. Қазақстан маған өзге елмен тең тұра алуды, надандықтың іргесін бойымнан аулақ ұстауды үйретті. Ұлы Абайдың өлеңдерімен бой жетіп, Шәкәріммен өсе түсуді үйретті. Мұқағалидай ақиықтың махаббат лирикасымен шаттыққа бөленіп, Мұхтар жырымен отаншыл болуды ұқтырды. Шәмшінің «Жайығында» тербеліп, Мадинаның дауысымен балқуды, Секеннің күйлерімен шалқуды үйретті. Қазақстан маған Каспийдей тұнықтық пен Алатаудай биіктікті, Сарыарқадай сабырлық пен Шу ағысындай мөлдірлікті сезіндірді. Отаным маған Алматыдай әсемдік пен Нұр-Сұлтандай жайсаңдықты, Шымкенттей шынайылық пен Оралдай даралықты ұғындырды.
Білектінің күшімен жеткен егемендікті бүгінгінің батырлары білімдінің ісіне айналдырды. Еліміздің атын халықаралық аренада көтеріп жүрген қаншама білімді, талантты жандар жетерлік. Заманымен үйлесіп халық абыройын әлемге паш етіп жүрген жандардың бойында болатын қазақ ұлтына тән даралық ананың ақ сүтімен, әкенің ыстық алақанымен бірге келеді. Олардың қазақтың иісін шақалақ кезден санаға сіңіртіп өсіре білді. Ендігі менің міндетім де, парызым да алдыма келген баланың болашағының жарқын болуы үшін қазірден бойына сенімділік пен ұлтжанылықтың ұрығын егіп, адамшылықтың іргесін қалау болады. Мен де егемен елдің ұрпағы ретінде әлемдегі жалғыз Отаным - Қазақстанымды көркейтуге үлес қосамын. Менің соншама бақытты сыйлаған еліме айтар рақметім - ол үшін еңбек ету деп білемін. Рақмет саған, Қазақстаным! Рақмет саған, Тәуелсіздік! Тілерім – сенің баяндығың.