Жалпы білім беретін оқу орындарындағы музыка пәндерінде, әсіресе жоғары сыныптарға дәстүрлі халық әндері, академиялық музыка, яғни опера, балет туралы ақпараттар беріліп, балалардың музыкалық білімін толықтыруға көңіл бөледі. Сонымен қатар өзге де ұлттардың музыкалық мәдениеті, ұлттық аспаптарына, композиторларына да тараулар арналады. Сонда байқағаным – балаларды Халық әндерін айтуға қызықтыру қиындау тиетіндігі. Себебі олардың көбі заманауи әндерді үйренгенді қалайды. Бірақ әр бала алдымен өзінің туған елінің дәстүрлі фольклорымен сусындап өссе ғана болашағы жарқын болып, өзгелердің де музыкасын жақсы түсінетінін жеткізуге тырысамыз. Сөйтіп оқушыға қазақтың халық әндерінің бәрін болмаса да, оқу бағдарламасында жоқ болса да ұлттық шығармаларды үйретуге, құлақтарына құюға тырысамыз. Бұл әндердің бәрі есінде қалмаса да, бірең-сараңы олардың жадында сақталары анық. Сабақтың үстінде сол мезгілде қандай мереке жақындап келе жатса, соған сай әндерді үйретіп отырсаң да жалықпайды. Себебі сол мейрам қарсаңында оларға бұл әннің қажеттілігі туындап қалуы мүмкін. Музыка сабағында балалар музыкалық сауаттылығын да арттырып, нота, кілт дегеннің не екенін де біліп шығуы керек. Олар болашақта әнші болып кетпесе де, музыка пәнінен алған білімі мен өнері жан-жақты дамыған, көзі ашық, саналы, рухани мықты азамат болып шығуына ықпал етері сөзсіз.
Ән өнеріне баулыған кезде бала жалығып, қызығушылығы азайып кетпес үшін оларды түрлі байқауларға қатыстырып, сахнаның дәмін сезіндірудің маңызы өте зор. Байқау алдындағы қарбалас, түрлі сахналық әдемі костюмдер дайындау, көрермен алдына шығар алдында қалай дұрыс жүру керек, ән ырғағына сай қалай билеу қажеттігін түсіндіріп, оларды түрлі сайыстарға дайындау кезінде бала қатты өседі, шыңдала түседі. Сахнада ән айтып, өзіне деген қошеметті көргеннен кейін сол киелі орынға тағы да шыққысы, тағы да елді таңқалдырғысы келе бастайды. Бұл да өнерге баулудың ең тез, әрі тиімді жолы.
Музыка құндылығын сақтау және оны ұрпаққа жеткізу, балаларды ұлттық игіліктер мен адамзаттың мәдени мұрасының сабақтастығын сақтай отырып оқыту, тәрбиелеу, оның жан-жақты дамуына мүмкіндік жасау – еліміздің білім беру саласындағы оқу орындарының негізгі мақсаты болып қала бермек.