«Сұрау белгісі –барлық ғылымдар кілті», - деп француз жазушысы Оноре де Бальзак айтқан болатын. Бізді қоршаған ортада болып жатқан құбылыстар өте көп. Адамдар бұл құбылыстардың шығу себебін, салдарын түсінуге тырысқан. Алғыр да ізденімпаз жандар санасын торлаған сұрақтардың жауабын табу мақсатында еңбек етіп, ғылымның дамуына өз үлестерін қосқан. Мұхит суының да бастапқы кезде тамшылардан құралғаны секілді ғылым да ұсақ сұрақтардың жауабын табудан құралған. Осылайша бүгінгі ғылымдар пайда болды десек те болады. Жалпы «ғылым» сөзіне анықтама берер болсақ, ғылым дегеніміз – адамдардың ақиқат, дүние жөніндегі ақылдық танымдарының жиынтығы. Адамдардың ақиқат дүниені түрліше тұрғыда танып, түрліше жақтарынан қалыптастырған, түрліше саладағы білімдерінің жүйесі әрі жарыққа шығарған ғылым түрлері. Адамзат баласының пайда болуынан бастап, бүгінге дейінгі аралықта көптеген ғылымдар пайда болды. Солардың ішінде суырылып алға шыға білген ғылым ретінде математика ғылымын танимыз. Алдымен, «Математика – қандай ғылым?»деген сұрақтың айналасында сөз қозғайық.
«Математика» сөзінің этимологиясына келсек, грек тілінен аударғанда «матема» – «білім, ғылым» деген мағынаны білдіреді. Математика – ғылымдардың ішіндегі ең ерте шыққаны, оның трихы ғасырлар түкпірінде, жазу мен сызу пайда болмаған кезде тіршіліктің қажеті үшін пайда болған. Сонау ерте заманнан келе жатқан ғылымның дамып, жетілуі үлес қосқан зерттеуші ғалымдар көп. Олардың қатарында Ахмес, Пифагор, Евклид, Архимед, Эроторсфен, Әл-Хорезми, Фиббоначчи, Галилей, Кеплер, Декарт, Ферма, Паскаль, Ньютон, Эйлер, Гаусс, Эйнштейн секілді ірі ғалымдар бар. Қуантатын жайт математика ғылымының дамуына қазақ ғалымдары да өз үлестерін қосуда. Олар: Әл-Фараби, Ә.Ермеков, С.Боқаев, И.Ақбергенов, О.Жәутіков, Б.Оразбаев, А.Тайманов, Т.Аманов, Н.Блиев, Қ.Қасымов, Ө.Сұлтанғазин, М.Өтелбаев, Т.Кәлменов, А.Жұмаділов, У.Өмірбаев. Қайсы бір ғылым саласын алға тартсақ та математикамен тығыз байланыста екенедігін көруге болады. Неміс математигі Карл Гаусс: «Математика – ғылымдар патшасы», - деп түйіндеген[1.13]. Мұндай қортындыға келуінің бірнеше себебі бар:
Математика – жаратылыстық ғылым. Жаратылыстық ғылымдарды зерттейтін ғылымды жаратылыстық ғылым дейміз. Олай болса, табиғат дүниесіндегі заттардың, құбылыстардың барлығында белгілі шама болып, ол белгілі кеңістікте сақталады. Оның үстіне сандық шамалар тәуелділігі мен кеңістік формалары математиканың ең басты обьектісі болып табылады. Сондықтан математика – жаратылыстық ғылым. Жаратылыстық ғылым болғанда да басқа жаратылыстық ғылымдардың негізі, ғылымдардың патшасы, ақыл парасаттың патшасы[2.369].
Математика – ойды жетілдіретін ғылым (логика). Математика адамдарға ой салу арқылы толғандырады, адамдардың ойын жетілдіреді. Адамдардың екінің бірінде «математика ойдың гимнастикасы» деп айтатындары да осыдан болса керек. Математиканың бір саласы болған математикалық логика арнаулы ой қорыту формасын зерттейді. Арифметика, алгебра, геометрия диференциал, интеграл, ықтималдық, статистика сияқты ғылымдардағы негіздік білімдердің барлығы адамның ойын жетілдіретін және дамытатын терең материалдар. Математика ойды дамытатын ғылым болғандықтан, басқа жаратылыстық ғылымдардың негізі болып қалмастан, оларды зерттеуде, дамытуда өшпес үлес қосады[3.36].
Математика – тіл білімін зерттеудің құралы.«Математика– жаратылыстану бағытындағы ғылым, тіл білімі – қоғамдық бағыт екеуінің түйісуі мүмкін емес» деген таяз стереотип қалыптастыру үлкен қателік. Бұл ойымызды американдық лингвист Л.Блофелдтің «Математика – тілдің жете алатын ең биік шыңы» деген сөзімен дәлелдей аламыз. Қазақстандық Қалдыбай Бектаевтың орыс тілінде жарияланған «Тіл біліміндегі математикалық әдістер» атты екі томдық оқу құралында түркі тілдерін, соның ішінде қазақ тілін математикалық әдіспен зерттеудің ірге тасын қалаған. Оның үстіне қарапайым мектеп қабырғасында да қазақ тілі сабағында оқушылар сөздерге фонетикалық, синтаксистік талдаулар секілді математикалық талдауды да жасайды.
Қ.Бектаевтың «Тіл біліміндегі математикалық әдістер» оқу құралы
Математика – сурет салу ғылымының да құралы. Сурет өнерінде де математика кеңінен қолданылады. Голандияның суретші-иллюстраторы М.Эшер өзінің суреттерін үш өлшемді жасау үшін басқа суретшілер қолданатын математиканың заңдарын әдейі бұзу арқылы былайша мүмкін емес, щындыққа жанаспайтын сияқты көрінетін дүниелер жасаған. Өз туындыларында ол симметрияны, тесселияцияны және шексіздік ұғымын пайдаланады, соның арқасында ғалым ең тартымды суретші-математик болды[3.84]. Суретті қағаз бетіне түсіру барысында ориентир алу үшін, масштабты қолдану үшін де математика ғылымы қажет болады.
М.Эшердің «Баспалдақ үйі» картинасы
Математика – астрономиянының кілті.Астрономиядағы ғаламшарларды ғалымдар күрделі есептеулердің нәтижесінде анықтаған. 1846жылы француз астрономы Урбен Леверье Уран ғаламшарының аспан әлеміндегі орнын анықтау үшін күрделі теңдеудің жуық шешімін анықтаған. Нәтижесінде ғаламшардың аспан әлемінде кезіп жүретін жолы анықталған. Дәл осылай күрделі теңдеулерді шешу нәтижесінде Нептун, Плутон секілді ғаламшарлардың орындары да анықталға.
Урбен Леберье (1811-1877)
Қорыта келгенде, математика тек аталған ғылымдармен ғана байланысты емес, ол барлық ғылымдардың негізі десек те болады. Бұл математиканың ауқымдылығын көрсетеді. Әлі де математика ғылымында ашылмаған сырлар бар. Бұл іс математик О.А.Жәутіковтың «қазақ халқы талантты халық, біз математика мен механикадан дүние жүзі ғалымдарының назарын өзімізге аударуға тиіспіз» деген сөзіне сүйене отырып, қазақ ғалымдарының қолынан келетіндігіне сенемін!
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Математика әлемі. / Бас ред. Б. Жақып. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. – 496 бет.
2.Омар М. Математика қандай ғылым? Алматы: «Информ – Арна», 2013.464 бет.
3.Нысанбаев Ә., Сейсенов Б. Математика дегеніміз не? – Алматы: Ғылым, 1991. – 152 бет.
4.Бәрі де сандар туралы. Джонни Болл / Бас ред. Бен Морган / Қазақ тіліне аударған Қ.Жорабеков. Алматы: «Алматыкітап баспасы» ЖШС 2012 ж. 96 бет.