Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI292

«Балабақша – бақыт баспалдағы»

«Мен баланың күлкісінен оянамын, тіршілікке нәр аламын» деген екен баланы, даланы сүйіп өткен ата – бабаларымыз. Бала тәрбиесі отбасынан бастау алады десек те, ғылымға негізделген әдіс – тәсілмен берілетін тәлім – тәрбие ісі көбінесе балабақшадан басталады. Балабақшадағы тәрбие бала табиғатына ерекше әсер етіп, оған өмір бойы естен кетпестей із қалдырады. 

Біздің қоғамымызда балабақшалардың тәрбиелік мәні, дүние танымдық орны жоғары бағаланады. Балабақша – білім мен ортаға бейімделудің тірегі болса, ал тәрбиеші – сол балабақшаның жүрегі деп білемін. Өмірге келген жас ұрпақты тәрбиелеу бәріміздің қасиетті борышымыз. Балдырғандардың шат күлкісінсіз, әсем қылығынсыз өмірді, келешекті елестетіп көріңізші. Жүрегімізге жылу, жанымызға нәр, көңілімізге гүл себер баласыз өмір сұрықсыз да көңілсіз болары сөзсіз. Сондықтан да бала десе жүрегіміз жібіп сала береді. Өзім осы кішкентай сәбилерді тәрбиелеуде ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келемін. Әрбір сәби отбасында ата – анасының  туған туыстарының махаббаты мен жылулық шапағатына бөленіп өссе, балабақшаға алғаш қадам басқан кезден бастап баланың болашағы қаланады. Балабақша әрбір кішкентай бүлдіршіндердің көңілін тауып, бірдей тәрбие беріп, біріңғай тәртіпке баулитын орта және олардың тұлға болып қалыптасуына үлес қосатын алтын ұя.     

Балабақша – балалардың жүйелі түрде білім мен тәрбие алатын ең алғашқы қоғамдық ошағы. Балабақшаның балаға беретін тәлім – тәрбиесінің мықты болуы, сол балабақшада қызмет ететін педагогикалық ұжымның яғни тәрбиешілердің кәсіби даярлығына, әдіскерлік шеберлігіне байланысты. Балабақша ұжымы уыздай үлбіреген балапандарға ұлттық дәстүрді, жалпы ауыз әдебиетінің асыл қазыналарын үйрету мақсатында эстетикалық, адамгершілік бағытта тәлім тәрбие беруге айрықша назар аударуда. 

Абай атамыз қазақ баласының бойында: «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» болуы керек деп атап көрсеткендей, өмір сүрудің басты заңдылығы болса, осы үш асыл қасиетті балалардың бойына сіңіре білу – тәрбиешінің міндеті екені даусыз. Яғни, «Ыстық қайрат дегеніміз – салауатты өмір салтын ұстану, спортқа баулу, нұрлы ақыл дегеніміз – санасына білім нәрін құя білу, ал жылы жүрек дегеніміз -  эстетикалық, адамгершілік тәрбие беру» - деп түсінемін. Балабақша балаларының жан дүниесіне жол ашатын тәрбиеші ең нәзікте мөлдір, алайда, сонымен қоса, ең күрделі де жұмбақ әлемге енеді. Ол үшін сол әлемнің айқыш – ұйқыш құбылыстары мен қағидаларын, заңдылықтары мен жұмбақтарын барынша тереңірек түсініп, пайымдай алатын айқын да қуатты ақыл – парасат қажет. Балалармен жұмыс жасау -  үлкен бақыт. Себебі, бала ешнәрсеге алаңдамай мейірімділікке сенеді, кішкентай алақанын сенің алақанына қойып, өз құпияларын айтып, саған сенім артады. Пәк көңілді балалармен қарым – қатынас жасау маған үлкен қуаныш, шаттық сыйлайды. Өйткені, мен оларға, олар маған қажеттігіне сенімдімін. Осы сенімнің болуы – әр тәрбиешінің бақыты. Олай болса заман талабына сай ақпараттық – технологияларды меңгерген, шығармашылықпен жұмыс жасайтын болашақ ұрпағымызды тәрбиелейік. Балабақша – болашақтың қақпасы. Сол қақпаның табалдырығын аттаған әрбір бүлдіршіндердің қадамдарында ертеңге деген сенім, заман талабына сай өнерлі, адамгершілігі мол, мәңгілік ел болып қалыптасуға өз үлесін қоса алатын, жүректерінде патриоттық сезімдері жалындаған, ұлт ұрпағына білім мен тәрбие беретін алтын қақпа болуы тиіс.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні «Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында» деп  Президентіміз Н.Ә.Назарбаев бекер айтпаған. Сондықтан, балабақшаға келген әрбір бүлдіршінге ата – бабамыздың өнегесін жүрегіне ұялатып, болашақта олардың ел қамын ойлайтын, Отан сүйгіш азамат болып өсуіне өз үлесімізді қосайық. Балабақша –  бүлдіршіндерді бақытқа апаратын ең бірінші баспалдағы деп білемін. 

174 0
Жибек Мырзалиева, "Жауқазын" бөбекжай-бақшасының бақшасының тәрбиешісі Атырау облысы, Индер ауданы, Жарсуат ауылы «Балабақша – бақыт баспалдағы» Ұлы дала ұстазы № 000262
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: