Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI245

Түрмеде жазылған жырлар

    Қызыл саясаттың зардабын тартып, күнəсіз қудаланған арыстарымыздың ішінде тарих

сахнасынан лайықты орынын ала-алмай шаңға көміліп жатқандары əлі де баршылық. Дəуірінің елге

тұтқа болардай атбал азаматтары, өз қоғамының қайраткерлері аюдай ақырған адуын өкіметтің

құлқына қан-жоса жұтылып, азуға ілікпегендері қашып-пысып қарақшылық тірлікпен жан сақтады.

Қойдай момын халықтың жол бастар серкелері мен қол бастар көсемдерін құртып, бүкіл бір елді рухын

сындырып мəңгүрттендірудің айла-шарғысын қолданған 20-шы ғасырдың сол бір қаралы кезеңінің

қанқұйлы əрекетінің ызғары əлі де жан сыздатады. Бұл бүгін де, ертең де жазылар жара емес. Небір

сүйегі асыл боздақтар боз інгендей боздап бұйдасынан тізіліп, жанарына жас тола зарланып тірі

аруаққа айналды. Халқы, жұрты, ағайын-туыстары қапастағы ардақтыларын арашаламақ түгілі

солармен туыс болғанына лағынет айтардай қажып, мүжіліп, тоз-тозы шықты. Сол сорға батқан

«атқамінерлердің» біразының есімі бүгін көмескі тарта бастаған. Қазіргі жарық таң үшін өмірін қиған

жандарды ұмыт қалдырғанымыз əбестік. Есесіне, есімдерін, мұраларын дəріптеп төбемізге көтерсек

еңсеміз көтеріліп, абыройымыз асқақтары анық.

    Сондай дегдар жанның бірі, ақын – Зəкəрия Сағындықұлы (Тұрниязұлы). Киіктің құйрығындай

қырық жылдық келте ғұмырында қыруар шаруа тындырып үлгерген қажырлы азамат, ат жалын тартып

мінгеннен төңірегіндегі, тағдыр – талайын хақ тəңірге тапсырған тəубешіл жұртының арын арлап,

намысын жыртқан ер еді.

    Жазықсыз шырмалып, нахақ күйген Зəкəрия Сағындықұлы былай деп зарланады:

   Хат жаздым қағаз, қалам қолға алып-ай,

  Күрсініп біз жатырмыз толғанып-ай,

  Сұңқардай қанат қағып талпынамыз

  Шыға алмай тұтқын үйде шырмалып-ай.

  Ат мініп, жиын-тойда одағайлап

  Күн қайда жүретұғын ырғалып-ай?

  Зəкəрия Сағындықұлының дүниеге келген жылы мен туған жері туралы əртүрлі пікір бар. Бір

жерде «1893 жылы Ақтөбе облысының Ойыл ауданында 14–ші ауылда туған» деп көрсетілсе, кей

деректе «1890 жылы Атырау обылысының Қызылқоға ауданында дүниеге келген», деп беріледі. Ал

«Атамекен» газетінің 1991 жылғы №3 санында «Зəкəрия Сағындықұлы Тұрниязов оны білетіндердің

айтуынша, 1880-1890 жылдар шамасында туған» делінеді.

Біз, ақын Қызылқоға ауданына қарасты Топырақшашты, Наршөккен аталатын аймақтарда кіндік

кескен деген пікірге тоқтауды жөн көрдік. Туған жерін өзі де былай жырға қосады:

«Топырақшашты, Наршөккен,

Қонысым еді Күлтөккен

Ежелден мекен жер еді

Ата-бабам белгі еткен».

   Топырақшашты, Наршөккен қазіргі Атырау облысы, Қызылқоға ауданына қарасты Сағыз

селосының территориясына тиесілі жер.

Топырақшашты өзені бастауын Ақтөбе обылысы, Байғанин ауданы шеңберіндегі «Ақкөл»

аталатын көл аумағынан алып, Наршөккен, Коңырсай, Марғау, Аксуат, Былқылдақты секілді шұрайлы

жайлауларды басып өтіп, аяғын Сағызға құятын кішігірім ағын су. Былқылдақты, аты айтып тұрғандай

былқылдап, көгере көз тартып жататын керімсал қоныс. Өңірінде бұрқылдай тасып, Топырақшаштыға

құйып жатқан, жанға шипа «Балбұлағы» бар. Төрінде Зəкəрияның атасы Тұрниязбен кіндіктес

Атанияздың бейіті тұр. Қасында ақынның шешесі Кемешбек, əкесі Сағындықпен бірге туып, жасы

тоқсанға таяп қайтқан Сəрсенбай жатыр.

    Сөз зергерінің ауылы осынау аймақты – Қызылқоға, Ойыл, Жем, Сағыз даласын кең жайлағанына

күмəн жоқ.

   Ал, жарық дүние есігін 1893 жылы ашқан деп пайымдауымызға І. Сариевтің «Атамекен»

газетіндегі (1997ж. № 14), «Қырдағы қырғын» деген кітабындағы мына пікірі себеп болды: «. .. бұл

кісінің үстінен жүргізілген қылмыстық істің көрсетуінше, Зəкəрия 1893 жылы қазіргі Ақтөбе

облысының Ойыл ауданыныңң № 14 ауылында туған», І. Сариев осынау ақпарды Мемлекеттік

Қауіпсіздік комитетінің құпия мұрағаттарынан, сол кездегі «ақтандақтардың» үстінен жүргізілген

қылмыстық істің мəн-жайымен танысып, содан алғанын айтады.

    Зəкəрия Түрікпенстанға жол тартқанда інісі Бейнеу ере кетіп, ағасы қайтқасын өз қолымен

жерлеп бірақ оралады. Бейнеудің тəрбиесін көп көрген Хамиттің ұлы Қадірғали бүй дейді: «Бейнеу

ағам, көбіне домбырасын шертіп қойып, ыңылдап:

«Түрікпенстан жерінде,

Шаржаудың асқар белінде,

Қырықта тұрған жасында,

Ажалы жетіп өлулі,

Арманым жоқ, Аллаға,

Қолымнан, өзім, көмулі. .. », деп толғап жататын», - дейді. Жүйріктің 1933 жылы, Шарджау

жерінде көз жұмғаны белгілі. Інісі Бейнеу « қырық жасында өз қолыммен көмдім» десе, Зəкəрияның

1893 жылы туылғаны айдан анық ақиқат. Бейнеу елге келіп, 1961-ші жылы дəм – тұзы таусылған.

Өнерге, саяткерлікке, аламанға, жақсылыққа жаны құштар, бір сөзбен айтсақ көкірегі сері

Зəкəрия жасынан қияға көз салып, зиялы ортадан естіген, көргенін көңіліне түйіп, есейеді. Əкеден бір

жарым жаста қалса да Тұрнияздай айбынды атаның тəрбиесін көріп, əрі ынтымақты бірлігін сақтап

сабын бұзбаған салиқалы қауымы ортасында, жеті атасынан бақ дарып, қыдыр қонған дəулетті əулет

перзенті таршылық, жасқау көрмей өседі. Əулетінің мол дəулеті мен жұртқа сыйлы құрметі арқасында

зиялы қауымның ортасынан салиқалы сөз тыңдап, ескіше сауат ашқан əжептəуір ілім иесі.

    Көзі ашық, санасында сəулесі бар азамат өз жұртының қамын жемей отыра алмады. Аласапыран

мезгілдің тұманды даласынан аймағын аман алып шығуды көздеп белсенген ақынды, «қылышынан қан

тамған» қызыл империяның қарғылы төбеттері алшаңдатпады. Қазақтың атқамінерлерінің аяғына

тұсау салып, тұқыртып ұстау бағытында қимылдаған жаңа өкімет Зəкəрияға да ауыз салды. «Байдың

тұқымы», «ескілікті көздейді, жаңа билікке қарсы» деген сықылды көптеген күнə таңып қаралады.

Зəкəрияға кесілген үкім жеңіл емес еді. Бұл туралы белгілі журналист Ə. Спанов: «Сол сотта 10

жыл түрме жазасын алған Зəкəрия ақынның онан арғы тағдыры да күрделі. Этаппен Ташкент лагеріне

поезбен бара жатқан жолда Зəкəрия бір жолдасымен вагон еденін тесіп шығып қашады. Елге келе

алмасы белгілі. Ташауыз маңындағы Адай ауылдарына жетіп паналайды. Басқа атпен күнелтіс жасап

жүріп бір əйелмен бас қосады. Одан бір қызды болады. Сол жерде қайтыс болады. Бұл соңғы деректің

ұшығын 1986 жылы экспедицияда шығарған Қабеңнің өзі (Қабиболла Сыдиықов). Мен бертінде

Түрікменстанда тұратын Зəкəрияның туыстарын кездестіріп сұрағанымда, қыз əкесінің соңынан көп

ұзамай өлген екен». – дейді «Қабекеңнің қазынасы» дейтін кітабында.

    Ақынның ақындығын дəлелдейтін негізгі, сүбелі шығармасы оның Ойылда абақтыда жатып

ұшырған толғаулары.

    «Адамзаттың баласы», «Күн қайда жүретұғын ырғалып-ай?», «Көлденең жатқан Маңғыстау»,

«Хош-аман бол ерлерім», «Мұңымды кімге шағайын?» сынды толғауларының дені абақтыда жатып

елге жолдаған сəлемі ретінде келеді. Жазықсыз жапа шегіп, күнəсіз күйіп бара жатқан қайран ақын

қабырғалы халқын қимай, сағыныш жолы жүректен туған жыр жолдарымен қоштасқандай болады.

Түрмеде бірге жатқан көз таныс жолдастарынан босағаны шамалы. Қапастағы мұңы бір өңшең есіл

ерлер Зəкəрияның жырынан жабыққан көңілдеріне жұбаныш іздесе керек.

Тазартып оқып бес намаз

Тəубе-тауыс қылайын.

Ер басына не келмейд –

Тəуекел етіп тұрайын,

Аяғым мерт болса да

Бауырымды жазып шабайын.

Бір Алла болғай панамыз,

Дерексіз босқа тоқтап тұр

Қаптаған қалың ағайын,

Бізге салқын қарап тұр,

Білмедік мұның қалайын?

Қарындас, туған ағайын,

Іс болды бізге тағайын,

Қалың дəулет, қара орман

Дүниенің көрдім талайын,

Екі жылдай күн өтті –

Мұңымды кімге шағайын?

Құр қайғыдан пайда жоқ,

Əңгіме-дүкен құрайын,

Айдаса да қай жаққа

Нəсібем тартса барайын. ..

Ақын өзін де өзгені де жырымен жұбатып, басына түскен тауқыметті «Бұл да Алланың бұйрығы

болар» деп түйіп қара нардай көтеріп бағады. Түрменің түбінде кінəсіз шырмалған талай арыстың

көңіліне демеу болар жыр төгеді.

Қараңғы үй тастан соққан керегесін,

Темірмен қойған торлап терезесін,

Жауапты тоқсан тоғыз, жүз қайырып

Толтырдық тергеушінің кенегесін.

Жатырмыз тұтқын үйде қаулыменен

Шабарман винтовкасын кезегесін

Ерлерім күйзеледі ақтығына

Ешкімнен пара-пайда жемегесін,

Жазықсыз жалған іске шаталаған

Адамның қоздырады делебесін

Жазықсыз шаталғанына күйініп, сөзін тыңдар қазақтың бір жақсысын таба алмай зарлайды.

Еркін көшіп-қонып жүрген шағын, бұрынғы өткен ақ-қараны айыра білген əділ де ақиқатшыл

бабаларын жоқтайды. Ішіне сыймаған ауыр дертті өлеңдетіп шығарып, өзегін құртша жеген шерін

саябырлатып баққан ғой. Ал осы кезде ақынның бұл толғаулары өзіне қасындағы серіктеріне қатынаған

ауыл адамдары арқылы кең дала төсіне шағаладай самғап, таралып жатқан-тұғын.

. .. Өтірік жала жаптырды

Атасы иттің баласы,

Жазықсыз іске шатаған,

«Жауыз» деп бізді атаған,

Анығын ашпай қылмыстың

Тұтқынға бізді матаған,

Бұзықтың сөзі «шын» болды

Болса да нехақ-қарадан,

Жүректі езген ауыр дерт

Толтырды ішті жарадан.

Қайғырды сыртта ата-ана

Күдерін үзіп баладан

Жолыға алмай кетеді

Көбіне жылап даладан,

Бер жағы алтай, жыл жарым

Ар жағы бес жыл шамадан,

Бұдан артық не болсын

Болмаса жəрдем Панадан?

   Зəкəрия - реалист ақын. Басына түскен істі сол күйінде көрсетеді. «Əдетте реализм кемелдігі де

суреткердің белгілі бір құбылысты өмірдің өзіндегідей айнытпай дəл көшіріп бере алатындығымен

емес, сол құбылысты басынан кешірген адам өмірдің өзінде қандай тебіреніп, қандай теңселетін болса,

сол құбылыс жайлы шығарманы оқыған адамды дəл сондай теңселтіп жібере алатындай

пəрменділігімен өлшенсе керек», - деген еді кемеңгер қаламгер Ə. Кекілбаев.

Зəкəрияның толғаулары жұртта Əбіш айтқандай пəрменділікпен теңселтіп жіберер еді. Қапаста

жатқандардың жайын суреттеп қана қоймай ішкі көңіл-күйін, заманының кесірлігін ашып көрсете

білді.

Атасыз иттің баласы,

Жазықсыз іске шатаған,

«Жауыз» деп бізді атаған,

Анығын ашпай қылмыстың

Тұтқынға бізді матаған,

Газетке басып əйгілеп

Жер-жерге хабар тараған.

Центрден келді тергеуші

Бір жеті өтпей арадан.

Бұзықтың сөзі шын болды

Болса да нахақ-қарадан.

    Егер Зəкəрия ақындықтың соңынан түбегейлі қуып кетсе азуы алты қарыс адуынды, ақпа ақын

болып тарихта қалуы сөзсіз еді. Ол Абайдың:

Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы, - дегенін ескере білген тəрізді. Толғау, термелерінің ұйқас,

ырғақтары жұп-жұмыр, орны-орнында тұр. Тар қапаста емес, осы жырлары кеңдікте туындатса бұдан

да көркем, сəнді болып шығары кəміл.

Осындай заман болмаса,

Жүйріктен мəстек озар ма?

Жүктері ауыр болмаса,

Бұйдасын нарлар созар ма?

Аңғары кепкен арнаның,

Алқабы құйсам толар ма?

Құлпырып шыққан бəйшешек,

Уақыты жетпей солар ма?

Ата-анасын зарлатып,

Азар берсе жасынан

Шалыс оңай болар ма? - деу арқылы риторикалық сұрақтарды шеберлікпен қолдана білген.

Дыбыстық қайталауларды ұтымды пайдаланған. Ассонанс, аллитерацияларды қолдануы да қандай

əсерлі?! Бұл да Махамбеттің «Орай да борай қар жауса» деген өлеңіндегі хас шеберліктен кем емес.

    Пайдаланылған əдебиеттер тізімі

   1. «Маңғыстау» энциклопедиясы. - Алматы, 1997ж.

   2. Сариев І. Қырдағы қырғын. - Арыс, 2010ж.

  3. Жаңабайұлы Т. Ақынын «халық жауы атандырған». //Қызылқоға газеті, №38,2017ж.

  4. Жыр дария. Маңғыстау ақын, жыраулары. – Маңғыстау, 1995ж

  5. Қалбаев Ө. Қосай ата. - Алматы, 2003ж.

  6. Сəуірбаев С. Еске алар деп біздерді, ұрпақтарға сенемін. //Ақтөбе газеті, 1998ж.

  7. Маңғыстау ауданы, Шайыр ауылындағы Өтепберген Қайырбайдың айтқандарынан.

  8. Қазақ Совет энциклопедиясы. - Алматы, 1978ж.

  9. Əзи Е. А. Түрмеден талып жеткен тарпаң жырлар. - Ақтөбе, 2013ж. -107б.

 10. Сариев І. Закарияның тағдыры. //Атамекен газеті, №14, 1997ж.

 11. Сисенов Б. Зəкəрия Сағындықұлы. //Алтын орда газеті, №33, 2006ж.

 12. Көптілеуов М. Жоғалмаған жыр. //Атамекен газеті, №33, 1991ж.

 13. Жұмалиев Қ. Əдебиет теориясы. – Алматы: ҚазМемПедБас, 1960. -248б.

178 0
ЖАНГУЛ КОПТЛЕУОВА, жалпы білім беретін № 9 орта мектептің І-санатты қазақ тілі мен əдебиеті пəні мұғалімі, Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Сағыз ауылы Ұлы дала ұстазы № 000202
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: