Тәрбиеші болу үшін, тәрбиеленген болуың керек
Антон Макаренко
Баланың тұлға болып қалыптасуында балабақшаның алатын рөлі ерекше. Балабақша – барлық тәрбие мен білімнің ең алғашқы баспалдағы мен баланың қалыптасу ортасы. Тәрбиені жас сәбидің тұла бойына сіңіріп оның келешекте парасатты азамат болып қалыптасуына бар күш жігерін арнап жүрген бала бағбаны, ол – тәрбиеші. Әрбір бала өзінше бір әлем. Олардың өзіндік жан дүниесін жүзінен байқап, көңілін көтере білу қажет.
Тәрбиеші – балалармен тығыз байланыс жасау арқылы болашақты айқындайтын мамандықтың бірі деп танимын. Тәрбиеші.....! Бұл әрдайым үлкен әріптермен жазылуға тиіс мазмұнды да, мағыналы сөз деп білемін. Себебі: біз елдің ертеңгі азаматтарын тәрбиелеудеміз. Сол арқылы біз жас ұрпаққа сапалы да қазыналы, білімді мемлекетіміздің жеткіншектерін тәрбиелеу үстіндеміз. Тіл арқылы бала бойына ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлерімізді, рухани қазыналармызды бойларына сіңірудеміз. Жауапкершілігі мол қастерлі де жолы қиын мамандық иесі болудың да адамдарға берер сыйы мол.Сол арқылы бала бойындағы мейірімділікті сезіне отырып, баланың бойына сенімділікті арттыра аламыз. Тәрбиеші болу – бұл бала жанын тереңнен сезінетін, өз ісін жан-жақты білетін бүлдіршіндерді жан тәнімен сүйе алатын, оларды бағалай білетін нағыз маманның қолынан келетін жұмыс.
Қиындығы мен қызығы, ауыртпалығы мен жауапкершілігі қатар жүретін осы еңбек жолындағы менің педагогикалық ұстанымым – үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңғы қатардан көріну және әр балалардың бойынан жылт еткен жақсылықты, талап пен талантты тауып, бұлақтың көзін ашу, биікке жетелеу, сондай ізденістер арқылы биік мақсаттарды орындау. Қазір мен жас маманмын, ендігі алға қойған мақсатым – білікті тәрбиешілердің қатарынан көріну, ұлағатты тәрбиеші болу.
Бала жүрегі – мейірімділікке толы, нәзік те қайталанбас жүректердің бірі. «Бала жүрегі – кішкентай күй сандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Тәрбиешінің қолында әр кезде сол кілт тұруы керек» деп Мұхтар Шаханов атамыз айтқандай әр баланың жүрегіне жол табып, бала бойындағы дарынды ашымуыз керек.
Қазіргі кезде тәрбиешіге жүктелетін талаптар мен міндеттер де аз емес. Баланы сауатты да білімді етіп тәрбиелеу үшін шыдамдылық, ақжүректік, білгірлік, білімділік қасиеттерін талап етеді.
Тәрбиеші өз шеберлігін педагогикалық жетістіктерін және алдыңғы қатарлы ең озық тәжірибелерді қолдана отырып әрдайым өзін шыңдап отыру қажет. Әрқашан алға жылжып, жаңашыл инновациялық технологияларды, дәстүрден тыс әдіс-тәсілдерді, ауызша халық шығармаларын ұмытпау қажет.
Тәуелсіз елдің жас ұрпағын лайықты түрде тәрбиелеу – біздерге артылған аса жоғары міндет. Осы міндетті орындау үшін әрбір тәрбиеші жанын салады.