«Бала дамуының ең шарықтау шегі – бұл тіл мен ойдың
шығармашылығы» (Л. С. Выготский)
«Адам ұрпағымен мың жасайды» - дейді халқымыз. Ұрпақ жалғастығымен адамзат баласы мың емес миллиондаған жылдар жасап келеді. Жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз - оқу. «Надан жұрттың күні – қараң, келешегі тұман»,- деп М. Дулатов айтқандай, егеменді еліміздің тірегі - білімді ұрпақ. Сусыз, құрғақ, таса көлеңке жерге дән ексең өнбейтіні сияқты, жас ұрпақтарымызды тәрбиелемесек өспейді, өнбейді. Қазіргі мектеп мұғалімдерінің алдында тұрған басты міндет - оқушылардың шығармашылық білім дағдыларын қалыптастыру. Шәкәрім Құдайбердіұлы «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар барлығынан басым болатын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл сапалар адамды дүниеге келген күннен бастап тәрбиелейді» деп есептейді: Ұрпақ тәрбиесі - бұл болашақ тірегі, мемлекеттік маңызды іс. Адамзат ұрпағымен мың жасайды дегендей ұрпақ тәрбиесі қай кезде де халықтық мәселе болған.
Міне, өз ұрпағының өнегелі, өнерлі, еңбексүйгіш, абзал азамат болып өсуі үшін халық педагогикасының негізгі мақсатын шығармашылықпен оқу - тәрбие үрдісіне тиімді пайдалану әрбір ұстаздың міндеті болып табылады. Сондықтан, ұстаз - мұғалімдер қауымының алдына өте үлкен міндет жүктелді. Бүгінгі таңда жас ұрпаққа пәнді тиімді ұғындырудың бірі - жаңа технология негіздері болып табылады.
Қазіргі кезде білім беру саласында болып жатқан ауқымды өзгерістер түрлі ынталы бастамалар мен түрлендірулерге кеңінен жол ашылуда. Осы тұрғыдан алғанда, ұрпақ тәрбиесімен айналысатын әлеуметтік - педагогикалық қызметтің тиімділігін арттыру, оны жаңа сапада ұйымдастыру қажеттігі туындайды. Бұл үшін мұғалімдердің инновациялық іс - әрекеттің ғылыми - педагогикалық негіздерін меңгеруі мақсат етіледі. Ал жаңа технологияны пайдалану міндетті деңгейдегі білімді қалыптастыра отырып мүмкіндік деңгейге жеткізеді. Сондықтан бастауыш сынып мұғалімдерінің біліктілігін көтеру мен шығармашылық, педагогикалық әрекетін ұйымдастыруда қазіргі педагогикалық технологияларды меңгерудің маңызы зор.
Оқытудың жаңа технологиясы дегенде, ең алдымен, педагогикалық технология деген ұғымды түсіну керек. Оқыту, білім беру тәжірибесі педагогикалық үрдістің сапасын үнемі арттырып отыруды талап етеді. Осыған байланысты ғылым мен тәжірибеде педагогикалық үрдістің сапасын көтерудің бай тәжірибесі жинақталған. Технология сөзі / techne - өнер, шығармашылық, logos - ілім /
Педагогикалық технология терминінің анықтамаларын көптеген авторлар өз түсінігі мен өз санасында қалыптасқан көзқарастарын қалыптастырған:
- «Технология» - қалыпты өзгерту, өңдеу әдістері, өнері, шеберлігі, іскерлігі жөніндегі ғылым жиынтығы. (В. М. Шепель)
- «Педагогикалық технология» - оқыту, тәрбиелеу құралдары түрлерін, әдістері, тәсілдерін үйлестіретін, әрі анықтайтын арнайы жинақ, психологиялық – педагогикалық ұстанымдар жиынтығы; (Б. Т. Лихачев)
- «Педагогикалық технология» - жоспарланған оқыту нәтижелеріне жету процесін сипаттау болып табылады. (И. П. Волков)
- Педагогикалық технологиялардың даму сатыларын жан - жақты қарастырып зерттеген ресейлік ғалымдар – Ф. А. Фрадкин, Е. Ю. Рогачева, Л. И. Богомолова,
С. И. Мезенцева, Г. Н. Осухова, Л. А. Кирсанова және де т. б. Педагогикалық технология - педагогикалық мақсатқа жету үшін пайдаланатын барлық дара инструменталдық
және методологиялық құралдардың қолдану ретімен жиынтық жүйесін білдіреді.
Педагогикалық технологияның тиімділігі:
1. Оқушы өздігінен жұмыс істеуге мүмкіндік алады, соған дағдыланады;
2. Оқушының жеке қабілеті анықталады;
3. Іштей бір - бірінен қалмауға тырысып, талпынады;
4. Тапсырмалық күрделену деңгейіне сәйкес оқушының ойлау, орындау қабілеті артады.
5. өзін - өзі тексеруге дағдыланады.
6. Мұғалім жекелеген оқушыларға көмектесуге мүмкіндік алады.
7. Орындау қабілетіне қарай бағаланады.
Бастауыш білім – үздіксіз білім берудің баспалдағы. Мұғалімнің негізгі ұстанған мақсаты - білімнің жаңа үлгісін жасап, белгілі бір көлемдегі білім мен білік дағдыларын меңгерту, оқу мен тәрбие үрдісін ұйымдастырудың сан түрлі жаңа әдіс - тәсілдерін іздестіру, жаңа технологияларды сабаққа тиімді пайдалана білуі, бір сөзбен айтқанда - оқу үрдісін дамыту. Бұған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында айтылған «ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелетіні анық» деген пікірі нақты дәлел. Бүгінгі білім беру ісінің мақсаты – тек білім, білік дағдыларын меңгерту ғана емес, өзін - өзі дамытуға ұмтылатын, ақылды, алғыр, ой - өрісі кең, ақпарат көздерін өз бетімен қолдана алатын, қабілетті де талантты, жастарды тәрбиелеу. Үнемі дамып, өзгеріп отыратын баланың ішкі болмысы мен табиғатын қалыптастыруда мұғалімнің ықпалы ерекше.
Жаңа технологияны жүзеге асыру, тиімділігіне қарай пайдалану үшін, әр мұғалім өзінің алдында отырған оқушыларының жас ерекшеліктерін ескере отырып, педагогикалық мақсат - мүддесіне байланысты, өзінің шеберлігіне байланысты таңдап алады. Жаңа технологияны жүзеге асыруда мұғалім белсенділігі, шығармашылық ізденісі, өз мамандығына деген сүйіспеншілігі, алдындағы шәкірттерін бағалауы ерекше орын алады.
Жалпы алғанда, жаңа технологиялардың 40 - астам түрлері бар.
Оқушы тұлғасының дамуына, қабілетінің артуына жаңа технологиялар айтарлықтай ықпал жасайтыны сөзсіз және бұл қазіргі таңдағы білім беру жүйесінің дамуындағы елеулі бағыт. Сондықтан да болар қазіргі кезде біздің ұстаздар да осы жаңа технологиялар элементтерін өздерінің тәжірибелерінде пайдаланып жүр. Қысқаша осы технологияларға шолу жасайық.
Модульдік оқыту технологиясы
Модуль – белгілі бір жүйенің өзіндік бөлшегі (С. И. Ожегов). Модульдік оқыту технологиясының ерекшелігі – тұлғаның танымдық қабілеттерін және танымдық процестерді арнайы жасалған оқу және танымдық жағдайлар арқылы дамытуға, тұлғаның қажеттілігін қанағыттандыруға белсенді сөздік қорын дамытуға бағытталуы. Бұл технология тұлғаның даму ерекшеліктері туралы психологиялық ғылым мәліметтеріне, тұлғаның қызығушылық аясын дамытуға, тұлғаның танымдық құрылымын дамыту ерекшеліктеріне негізделген.