Логопедия - бұл сөйлеу бұзылыстары туралы ғылым, оларды алдын-алу әдістері, арнайы оқыту мен тәрбиелеу арқылы анықтау және жою. Логопедия сөйлеу бұзылыстарының себептерін, құрылымын, белгілерін, олардың механизмдерін зерттейді. Яғни, сөйлеу кезінде кемістігі бар балалармен жұмыс жасау.
Логопедия жалпы психология және арнайы психология, және психодиагностикамен тығыз байланысты. Логопед баланың психикалық дамуының заңдылығын және ерте жастағы баланы психологиялық-педагогикалық методикамен тексеруді пайдалана білуі керек. Осы методиканы қолдана отырып, әр түрлі тіл кемістіктерінің түрлерін, зиятты бұзылыстар, эмоционалды және мінез-құлықтағы бұзылыстар салдарынан пайда болған жалпы сөйлеу тілі кемістіктерін ажыратуға болады.
Психологияны білу логопедке тек сөйлеу тілі бұзылыстарын ғана байқап қоймай, бәрінен бұрын баланың өзін, оның жалпы сөйлеу тілінің дамуы мен жалпы психикасының дамуының ерекшеліктерін байқауға мүмкіндік береді. Бұл білім кез - келген жастағы балалармен қарым-қатынасқа түсуге, олардың сөйлеу тілін, қабылдауын, есін, зейінін, ой-өрісін, жігер-ерік аймағын тексеруге арналған дұрыс методика таңдауға және тиімді логопедиялық түзету жұмысын жүргізуге мүмкіндік туғызады.
Топтағы түзету жұмыстары логопедтің басшылығымен және бақылауымен жүзеге асырылады. Тәрбиешінің түзету міндеттеріне мыналар жатады:
- балалардың сөйлеу дағдыларын логопедтің тапсырмасы бойынша жеке сабақтарда бекіту;
- сөйлеуді дамыту бойынша фронтальды сабақтар өткізу (ерекше жүйе бойынша);
- барлық режимдік сәттер процесінде балалардың сөздік қорын толықтыру, нақтылау және жандандыру;
- қойылған дыбыстарды және балалардың сөйлеуінің грамматикалық дұрыстығын жүйелі бақылау;
- балалардың зейіні мен есте сақтау қабілетін дамыту-сөйлеумен тығыз байланысты процестер;
- сөйлеу функцияларының бірі ретінде баланың ауызша-логикалық ойлауын жетілдіру;
- балалардың сөйлеу функциясымен байланысты артикуляциялық саусақ моторикасын дамыту.
Ауыр тіл бұзылыстары бар оқушылармен жүргізілетін жұмыстар жүйесі төмендегі бағыттардан тұрады:
- логопедиялық зерттеу;
- зерттеу қорытындысын талдау;
- түзете-дамыту арқылы оқыту;
- логопед маманының пән мұғалімдері және педагог-тәрбиешілерге кеңес бере отырып, бірлесе жұмыс жасауы;
- тіл бұзылысы бар балалардың жанұясымен атқарылатын жұмыстар;
- тәрбиеленушілерді жан-жақты дамыту мақсатында әртүрлі бағыттағы байқауларға қатыстыру;
- мұғалім-логопедтің жеке түзете-дамыту бағдарламасына сәйкес, үнемі дәрігер-педиатр, невропатолог мамандарының кеңесіне жүгінуі, олардың кеңесін алуы .
Логопедиялық қызметті ұйымдастыру келесі кезеңдерден тұрады:
- логопедиялық топтастыру;
- есептік құжаттарды рәсімдеу және жүргізу;
- педагогикалық-түзету жоспарларын құрастыру.
Педагогикалық-түзету іс-әрекет түрлері:
- барлық сөйлеу іс-әрекеттері компоненттерін қалыптастырып, дамытуда логопедиялық жұмыстарды жүргізу;
- алғашқы сөйлеу бұзылыстары қайталанбас үшін, алдын-алу жұмыстарын жүргізу;
- әр оқушыға арналған жекелей жұмыс жоспары мен дамыту бағдарламасын құрастыру;
- логопедиялық-түзету көмегін көрсетуде жаңа технологиялар мен вариативті формаларды енгізу;
- оқушылардың сөйлеу тілі дамуындағы артта қалушылықты жоюда логопед, психолог, тәрбиеші, тифлопедагог және т.б. түзету мамандарының бірлескен жұмысын ұйымдастыру;
- мектеп-интернаттың және жалпы білім беретін мектептердің психологиялық-медициналық-педагогикалық консилиум жұмысына қатысу.
Кеңес беру қызметі төмендегідей жіктеледі:
- сөйлеу тілінде кемістігі бар балалардың ата-аналарына ақыл-кеңес беру;
- сөйлеу тілін түзетуде мектеп-интернаттың және жалпы білім беретін мектептердің педагогтеріне әдістемелік көмек көрсету.
Сөйлеу тілі дыбыстау жағының бұзылыстарын дыбыстық безендірілуі кезінде олардың бұрмаланып немесе өзге дыбыспен ауыстырылып, не болмаса тастап айтылуы жағдайларында байқалады. Сөйлеу бұзылыстарын жоюға бағытталған түзету жұмысының басты мақсаты –дыбыстарды дұрыс айту біліктіліктері мен дағдыларын қалыптастыру болып табылады. Қоғамдағы ақпараттандыру – бүгінгі күніміздің шынайы бейнесі. Заманауи ақпараттандыру технологиялары күннен-күнге адам өміріне тереңдеп еніп, ажырамас бөлігі болып қалыптасуда. Біз XXI ғасыр, ақпараттандыру заманында өмір сүрудеміз. Жаңа ақпараттық технологиялар тіл бұзылыстары бар балалармен түзете-дамытушылық жұмыстарының тиімді және ілгерінді құралына айналуда. Ақпараттық-компьютерлік технологиялар әлі де зерттелмеген оқыту түрлеріне жол ашуда.