Бүгінгі таңда Қазақстанда білім берудің деңгейі мен сапасына жаңа талаптар қойылып отыр. Елімізде соңғы жылдары білім беру саласындағы жүргізіліп жатқан реформалардың негізгі бағыты білім беру сапасының әлемдік деңгейге сәйкес келуін қамтамасыз ету, әлемдік сұранысқа жауап бере алатын мамандарды даярлау және бәсекеге қабілетті білім беру болып табылады. Қазіргі кезде білім берудегі мақсат жан-жақты білімді, өмір сүруге бейім өзіндік ой-талғамы бар, адамгершілігі жоғары, қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру.
Ұлы педагог Ы.Алтынсарин «Оқытушы бағалағанда олардың іске қатысы жоқ сөздеріне қарап емес, олардың егістерінің бетіне шыққан жемістеріне, яғни оқушыларына қарай бағалау керек» деп, айтқандай, оқушы жетістігін нақты бағалау мәселесі-білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелердің бірі. Бұрын оқытуда оқушылар тек қана тыңдаушы, орындаушы болып келсе, ал қазіргі оқушы өздігінен білім іздейтін жеке тұлға екендігіне ерекше мән беруіміз керек. Критерийлер — оқытудың міндеттерін жүзеге асыратын өлшемдер, атап айтқанда, оқушылар жұмыс барысында орындайтын іс-әрекеттер тізбесі. Критериалдық бағалау — бұл білімнің мақсаты мен мазмұнына сәйкес келетін, оқушылардың оқу-танымдық біліктілігін қалыптастыруға себепші болатын, айқын анықталған, ұжыммен шығарылған, білім процесінің барлық қатысушыларына алдын ала белгілі критериялармен оқушылардың оқу жетістіктерін салыстыруға негізделген процесс.
Критериалды бағалау технологиясы оқытудың заманауи әдістерінің бірі ретінде қазіргі білім берудің көптеген мәселелерін шешуі керек. Көп жылдар бойы біздегі оқу жүйесіндегі бағалау оқушының жетістіктерін басқа оқушылардың нәтижелерімен салыстыру арқылы жүзеге асырылды және бағалаудың бұл тәсілінің бірқатар кемшіліктері бар:
- оқушыларға, ата-аналарға және мұғалімдерге түсінікті оқу нәтижелеріне қол жеткізуді бағалаудың нақты критерийлері жоқ;
- мұғалім әр оқушының нәтижеге жетуінің бірыңғай критерийлері негізінде емес, жалпы сыныптың орташа білім деңгейіне назар аудара отырып, баға қояды;
- оқушыларға қойылған белгілер оқу бағдарламасының жекелеген бөлімдері бойынша нақты білімді, іскерлікті, дағдыларды игерудің нақты бейнесін бермейді, бұл әр оқушының жеке оқу траекториясын анықтауға мүмкіндік бермейді;
– қорытынды бағаны қою кезінде ағымдағы бағалар ескеріледі, бұл оқытудың түпкілікті нәтижесін объективті бағалау болып табылмайды;
- оқу процесінде оқушы мен мұғалім арасында жедел байланыс жоқ, бұл оқушылардың оқуға деген ынтасына ықпал етпейді.
Критериалды бағалаудың негізгі принциптерін түсінуге тырысайық. Критериалды бағалаудың өзі нені білдіреді? Оның қандай артықшылықтары мен кемшіліктері бар ? Біріншіден, критериалды бағалау - бұл оқушылардың оқу жетістіктерін нақты анықталған, ұжымдық түрде дамыған, білім беру процесінің барлық қатысушыларына оқушылардың оқу-танымдық құзыреттілігін қалыптастыруға ықпал ететін білім берудің мақсаттары мен мазмұнына сәйкес келетін критерийлермен салыстыруға негізделген процесс.
Критериалды бағалаудың міндеттері:
- Сабақтың әр бөліктеріндегі әр оқушының дайындық деңгейін анықтауға;
- Бағдарламаға сәйкес оқу мақсаттарын орындау қабілеті;
- Жеке оқушының даму жетістігін бақылауға;
- Оқушының білім алу барысындағы қателіктері мен олқылықтарын айқындауға;
- Әр түрлі жұмыс барысындағы алған өз бағасының әділдігіне көзін жеткізуге;
Оқу бағдарламасының тиімділігін саралауға;
- Сабақ үдерісі мен білімнің меңгерілуі туралы оқушы мен мұғалім және ата-ана арасындағы кері байланысты қамтамасыз етуге
Критериалды бағалаудың маңызы:
Мұғалімдер үшін:
- Сапала нәтижеге әкелетін критерийлер құрастыруға;
- Өз іс-әрекетін саралап және болашаққа жоспарлай алатын мәліметтер алуға;
- Сабақ берудің сапасын арттыруға;
- Оқушының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, оқытудың әр тұлғаға арналған ауқымын жоспарлауға;
- Бағалаудың әртүрлі әдістерін пайдалануға;
- Оқу бағдарламасын қолжетімді ету үшін ұсыныстар енгізуге
Оқушылар үшін:
- Танымдық қабілеті мен ойлау деңгейін арттыратын оқытудың әртүрлі әдістерін пайдалануға;
- Табысқа жетелейтін бағалау критерийлерін түсінуге;
- Өзін және өзгелерді бағалау арқылы кері байланысқа түсуге;
- Сыни ойлауына, еркін ойын айтуына, өзінің білімін көрсетуге
Ата-аналар үшін:
- Баласының білім сапасының дәлелдемелерімен танысуға;
- Оның оқуындағы табыстылықты бақылауға;
- Оқуына қолдау көрсету үшін бағыт алуына мүмкіндік туғызады.
Критериалды бағалау жүйесінің тиімділігі:
- Мұғалімге оқушының оқу жетістіктерін объективті түрде бағалауға мүмкіндік береді;
- Оқушыларға оқу үдерісі барысында туындаған қиындықтарды түсінуге, - бағалауға мүмкіндік береді;
- Ата-аналар оқушының оқу жетістіктер бойынша объективті дәлелдемелермен қамтамасыз етіледі;
Оқушылардың оқу жетістіктерін бағалауда бірқатар дағдылар қолданылады. Олар: білу, түсіну, қолдану, сыни ойлану, анализ, синтез, бағалау, зерттеу дағдылары, рефлексия, коммуникативті дағдылар, тілдік дағдылар, жеке жұмыс жасау дағдылары, топта жұмыс жасау дағдылары, мәліметті іздеу дағдылары, тәжірибелік дағдылар, шығармашылық дағдылар, IT-технологияларды қолдану дағдылары.
«Тұжырым жасай білген адам, алдына мақсат та қоя біледі» деген екен белгілі шығыс ойшылы. Олай болса, бағалауға деген көзқарасымызды өзгертсек, сабақтарымызға критерий арқылы бағалауды енгізіп, оқушыларымыздың тұлғалық бағытын белсенді позицияға бағыттасақ, тұлғаны өзіндік жауапкершілікке, нәтижеге жеткізу, ал оқушыларымыз әр сабақта белгілі бір нәтижеге жету барысында еңбектенсе, оқушы да, мұғалім де өз еңбектерінің табысын көре алады деп ойлаймын.