Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1797

Табиғатты аялайық!

Көрнекі құралдар: интерактивті тақтаға әзірленген слайдтар, табиғат туралы суреттер.
1.Ұйымдастыру
 кезеңі:

Мұғалім өлең оқу: (музыка әуені жүріп тұрады)

 

Сұлу дала! Менің сүйген еркемсің,

Жаны жайсаң жаратылған өлкемсің.

Қандай жақсы қазақ болып туғаным,

О, туған жер, тамашасың, көркемсің!

 

Кең дала көремісің сонау жатқан,

Жібектей жасыл шөппен бетін жапқан.

Асқар тау, айдын шалқар көл мен өзен,

Әне сол анам еді мені тапқан.

 

Ойласаң табиғат пен адам егіз,

Жылдың сол мезгілінен өзге неміз?

Табиғатсыз қоғам жоқ,болған емес,

Ал қоғамсыз, табиғаттың өзі де өлі .

 

Табиғаттың бауырысың, досысың

Аянбау да керек шығар дос үшін.

Екеуіңнің араңдағы байланыс,

Өмір бақи үзілмесін, қосылсын.

 

2. Тәрбие сағатының тақырыбын айтып, мақсатын хабарлау; 

 

Мақсатымыз: Қайырлы күн құрметті ұстаздар, оқушылар! Бүгінгі біздің өткізетін «Табиғатты аялайық» атты іс-шарамызға қош келіпсіздер. Біз бүгін, сіздермен бірге қоршаған ортаға деген махаббат құндылықтары жайлы түсінігімізді кеңейтеміз, табиғатты сүюді,қорғауды, табиғат-Анаға сүйіспеншілікпен қарауды үйренеміз. Біз бүгін, табиғатпен сырласамыз, оны түсінуге тырысамыз. Біз бүгін, Табиғат-Анадан мейірімділікті үйренеміз! 
Табиғат адамзаттың, жалпы тіршілік атаулының ежелден өмір сүріп келе жатқан ортасы, алтын бесігі. Табиғат-сұлулықтың таусылмас көзі.Ендеше біз бүгінгі сабағымызды табиғатпен амандасудан бастаймыз.Барлығымыз орнымыздан тұрып өлең жолдарын бірге айтайық! 
Хормен
Қайырлы күн, күнім, далам, орманым, 
Қайырлы күн, гүлім, құсым, көлдерім. 
Қайырлы күн, өсімдіктер, жәндіктер 
Қайырлы күн, бар тіршілік иесі! 
 

Өте жақсы!Барлығымыз орындарымызға отырамыз.Балалар, жалпы табиғат дегеніміз не ? Оларға нелер жатады? 
Оқушылар: Ауа, су ,өсімдіктер, хайуанаттар, құстар,балықтар... 

Өте жақсы балалар, ендіше табиғат аялдамаларына саяхаттап қайтайық.
Слайд 
3).Саяхатымыздың бірінші аялдамасы « Тіршілік атаулының бар арманы –ауа» деп аталады. Сөз кезегі оқушыларға беріледі. 

                                 : Табиғат байлықтарының ішіндегі тіршілік атаулының өмір өзегі –ауа. 
Тіршілікте не дейсің ғой ең қымбат, 
Тіршілікте адам қымбат, сен қымбат. 
Ал адамға ауа қымбат бәрінен, 
Ауа қымбат, алатұғын дем қымбат. 
Расында да ауадан қымбат еш нәрсе жоқ . 

Мұғалім: Ия, балалар, ауасыз өмірді елестету мүмкін емес .  Адам бар –жоғы бір-екі минут қана дем алмай тұра алады. Сондықтан дана халқымызда « Ауадай қажет» деген сөз бар. Ауаны ластамау әрқайсымыздың борышымыз. 

Ал тіршілікті сусыз елестету мүмкін бе? 
Слайд 
 
4. Ендігі екінші аялдамамыз «Тіршілік көзі –су» деп аталады. Судың қаншалықты маңыздылығы бар екен? 

Табиғаттың көркін ажарландырып , жер бетін саялы баққа айналдыратын байлық көзі –су. «Судың да сұрауы бар» дейді дана халқымыз. Көп жерлерде ауыз су жеткіліксіз. 
Ойлау керек Арал жайын , ел жайын, 
Пәк табиғат тозып жатыр жыл сайын. 
Өзімізді асыраушы табиғаттай –Ананы 
Азаматтық арыңменен аялауға тұр дайын! 


Мұғалім: Сонымен су –табиғаттың жаны, қара жердің сәні дедік. Ал табиғатты әдемілікке бөлеп тұрған не? Ол –өсімдіктер. 
Слайд 
 
5. Келесі үшінші аялдамамыз «Табиғат байлығы –өсімдіктер» деп аталады.Табиғат байлығының бір тобы –жер бетіндегі әдемі өсімдіктер. Олар туралы не айтамыз?                                               

Өсімдіктер, ағаштар табиғатымызды түрлендіріп тұрған түкті кілем сияқты. Халқымыз өсімдікті өмір өзегі деп алып, одан қамқорлығын еш аямаған. «Әкеңнен мал қалғанша тал қалсын» деген көрнекті сөз соның айғағы. Сондықтан мен осы отырған барлығыңызды өз өлкелеріңіздің өсімдіктерін біліп, оларды қорғауға шақырамын. 
Көзін ашып, бақ өсір бұлағыңа, 
Айналсын құтты қоныс тұрағыңа . 
Жайқалсын өлкемізде саялы бақ , 
Бөленіп күннің нұрлы шуағына. 
Мұғалім: Расында да, өлкемізді саялы баққа айналдыру әрқайсымыздың қолымыздан келеді. 
Ал сол әдемі табиғатымызды әсем әнге бөлейтін не ,балалар?    (Құстар) 


Слайд 
 6. Олай болса келесі аялдамамыз «Орман сәні құстар» деп аталады. Бұл туралы не айтасыңдар? 

Табиғаттың сәні де, әні де қалықтай ұшқан құстар.Олардың әсем әндері бойымызды балқытып, еріксіз еліктіреді. Олар –біздің қанатты достарымыз. Олар –табиғат сақшылары. Егістіктің, бау-бақшаның сенімді серігі. Сондықтан ата-бабамыз құстарды қадірлеп, құрметтеген. Олар батыр ұлдарын сұңқарға, сұлу қыздарын аққуға теңеген. 
Қазақстанда құстардың 480 түрі бар екен. 

Мұғалім:  Қазақтар құстарға қарап ауа райын да болжай білген. 
• Құс жүнін үрпитсе, жаңбыр жауады, ауа райы өзгереді. 
• Сары шымшық ысқырса- шынымен күз болғаны. 
• Қарға қарқылдаса -қар жауады. 
• Жыл құсы қаптап кетсе -көктем ерте келеді. 
• Көкек қатты әрі жиі шақырса –күн жылиды. 
• Сауысқан шақылдаса, қонақ келеді. 
• Ерте көктемде қарға суға шомылса, күн жылиды. 
Айтсақ әніміз, ардақтасақ сәніміз, табиғаттың көркі құстарды қорғау әрқайсымыздың парызымыз. 
Мұғалім:    Құстарды табиғаттың әні десек, табиғаттың сәнін келтіретін тағы да нелер деп ойлайсыңдар?    (Хайуанаттар) 
 

Слайд 
 7.  Ендеше келесі аялдамамыз
 «Табиғаттың сұлу мүсіні  жануарлар» деп аталады. 

Табиғаттың сұлу мүсіні, көрікті келбеті – хайуанаттар. Халқымыз ежелден-ақ жануарларды көзінің қарашығындай аялап, қамқорлыққа алған көздері мөлдіреп тұрған қыздарын «Ботагөз» деп атаған.Бүгінде орманның сәнін келтіретін жан-жануарлар азайып келеді. Соның бірі қазақ жерінде тас дәуірінен бері тіршілік келе жатқан ғажайып хайуанаттар өкілі –Ақбөкен болып табылады. Оны халық көбіне киік деп атайды. 

Мұғалім:  Дұрыс айтасың  оның мүйізінің өзінен өкпе қабынуын, жүрек ауруын т.б ауруларды жазатын емдік қасиеті бар екен. Ал еті өте тез сіңетін жеңіл тамақ болып табылады. Қазақта киікті «қасиетті аң, киелі аң» деп атауы осыдан болса керек. Бірақ осы қасиетті аң бүгінде өте аз қалды. Ақбөкеннің азаюының басты себебі –аңды заңсыз брокеньерлік жолмен аулаудың жаппай етек алуы.Бүгінде ақбөкенді, жалпы қарақұйрық, құлан, арқар т.б аңдарды қорғау үшін «Дарвин», «Интас» сияқты қорлар, түрлі қорықтар құрылып ,түрлі жұмыстар жасауда. Менің ойымша, адамдардың осындай қамқорлығының, мейірімділігінің арқасында орманымыз қайтадан әдемі аңдарға толатынына сенемін. 
Мұғалім: 
 
Өте жақсы, балалар біз табиғаттың тамаша туындыларына саяхат жасадық. Табиғат-Ана ішсін, бар қажеттіне жаратсын деп мөлдір су берді, ғажайып жасыл әлем сыйлады, орман-тоғайымыз әдемі болсын деп құсы мен әдемі аңдарын берді, қысқасы біз өмірге қажеттінің бәрін Табиғат- Анадан алады екенбіз. 
Ол қандай мейірімді,өзі қандай дархан, кең болса да, жүрегі де дәл сондай қайырымдылыққа, мейірімділікке толып тұр. 

Көрініс:  «Ағаштың көз жасы»

 

8.  Олай болса  балалар табиғат туралы тақпақтарымызды айтайық: 

Жақсылықты қолдаймыз,

Табиғатты қорғаймыз.

Гүл егеміз бақтарға,

Айналасын қоршаймыз

Табиғат біздің анамыз,

Жер- Ана біздің панамыз.

Таза болса табиғат,

Біз де аман боламыз.

Бұтақтарды сындармай,

Тазалықты сақтайық.

Гүл өсіріп, су құйып,

Табиғатты қорғайық.

Табиғатым, тіршілігім, ырысым,

Сенсіз менің тарылады тынысым.

Биік-биік тауларыңа қарасам,

Алшаң басып, түзеледі жүрісім.

О, адамзат аялашы, қорғашы,

Өзің туып, өзің өскен ортаны.

Келе жатыр талай сәби өмірге,

Ең болмаса соның жайын ойлашы.


9. «Туған жердей жер болмас» әні  ХОР

10. Би қыздардың орындауында

11.  Би: «Джентельмен» ұлдардың орындауында

 

Барлығы: Білместік жасаған тірілер атынан,

Кешірім сұраймыз жас ұрпақтар атынан.

Топтасайық, достасайық жас-кәріміз,

Табиғатты аялайық бәріміз!

 

12.  Қорытынды
Табиғат – бүкіл тіршілік атауының алтын ұясы және аялы бесігі, құтты қонысы мен өнер мекені. Табиғат – адамға қажет баға жетпес байлық, ырыс пен мол қазынаның қайнар көзі. Сондықтан халқымыз «Табиғат – адамзаттың өмір нәрі, қажетінің табылар содан бәрі» деп дәріптеген. Табиғат – адам бойына адамгершілік абзал қасиеттерді қалыптастыратын ұлағатты ұстаз. Табиғат адам өмірінің барлық қажетін толық өтей алу үшін ол міндетті түрде ештеңемен былғанып уланбауы тиіс. Адам өзінің де, табиғаттың да досы, санасыз іс - әрекет жасаса, жауы бола алады. Адам баласы табиғаттың ең ұлы перзенті болумен бірге ең ұлы қамқоршысы екенін ешқашан естен шығармауымыз керек.
Табиғат адам бойына шабыт, көңіліне қуат, сезіміне сұлулық пен сағыныш ұялатады. Адам бойына адамгершілік қасиеттерді қалыптастыратын мол тәрбие көзі. Адам табиғатқа мейірімділікпен, сүйіспеншілікпен, қамқорлықпен қарап, үйлесімділік сақталғанда, адамзат баласы үшін табиғат – кең сарай мәңгі тозбас құтты қоныс болатынын ешқашан ұмытпайық.


208 0
Ермахамбетова Базаргуль Онгалбаевна «Ә.Молдағұлова атындағы №34 жалпы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бастауыш сынып мұғалімі Түркістан облысы, Жетісай ауданы Ұлы Дала Ұстазы № 000546
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: