Бүгінгі заман талабы – жан-жақты дамыған, білімді әлемнің бүтіндей бейнесін қабылдай алатын, логикалық ойлауы дамыған, жаңаша терең ойлайтын, өзіндік «мені» қалыптасқан, ғылым мен білімді ұштастыра отырып, заманның дамуына үлес қосатын, бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу.
Жалпы орта білім берудің алғашқы сатысы – бастауыш білім беру. Білім негізі бастауышта қаланатыны бәрімізге белгілі. Бастауыш сынып оқушыларын оқытудың маңызды бағытының бірі - логикалық ойлау қабілетін дамыту. Осы үдеріс қазіргі таңда педагогика саласының өзекті мәселесі болып табылады.
Аға ұрпақ өз білгенін, өз көкейіне тоқығанын кейінгі ұрпаққа мирас етіп кеткен. Солардың бірі - ұлттық ойындар. Бастауыш сынып оқушысының ойлау процесін дамытуда ойын әрекетінің зор рөл атқаратын интелектуалдық дағдыларының маңызы ерекше. Біздің, әсіресе ойын түрлерінің, соның ішінде ұлттық ойындардың дамыту- тәрбиелеу мүмкіндіктері мол екеніне көзіміз жетіп отыр. Ойын баланың көңілін өсіріп, ойын сергітіп қана қоймай, оның таным-түсінігін де арттырады. Ойнай білген бала сол халықтың мінез құлқынан, ой санасынан, тұрмыс-салтынан хабар алады. Оқытылатын әр сабақ оқушы ойын тебірентіп, талаптандырып ізденушілік қабілеттерін дамытуы тиіс. Сонда ғана мұғалім сапалы нәтижеге қол жеткізеді. Баланың жас ерекшеліктеріне, өсу деңгейіне байланысты логикалық тапсырмалар өзгеріп отырады. Сондықтан баланың жасына тән емес тапсырмаларды беріп, баланың ынтасын қашырып алуға, өзіне деген сенімсіздік оянып, негативті әсер беру мүмкіншілігі де бар. Сондай себептердің салдарынан, кейде жоғары сынып оқушылары логикалық тапсырмаларды орындауға қиналып жатады. Қазіргі таңда жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқушыларға ұсынылған оқулықтарды зерделеп қарайтын болсақ, оқулықтың негізі ойлауға, өз ой-пікірін білдіруге құрылғанын байқаймыз, яғни логикалық ойлауға негізделген. Баланың ой қиялына ерік беру, ойын білу, пікірін сұрау. Сондықтанда бұл ойлауды жүзеге асыру мұғалімдерге көп еңбектенуді қажет етеді.
Бастауыш сынып оқушыларының ойлануының өз ерекшеліктері бар. Дәл осы кезеңде алдыңғы көрнекі – бейнелі ойлану, сөйлеу-логикалық, түсініктеме түріне ауысады. Сондықтан бастауыш сыныптарда оқушылардың логикалық ойлау қабілетін қалыптастыру өте маңызды. Бастауыш сынып оқушылары үнемі логикалық тапсырмаларды орындау арқылы, өздерінің логикалық ойлау қабілетін дамыта алады. Сонымен мұғалімнің оларға көмегі: қоршаған ортамен байланыс жасау, дұрыс түсінік қалыптастыру, теория жүзінде үйренгенін тәжірибиеде қолдану, ойлау операциялар көмегімен талдау (салыстыру, синтездеу, және т.б.). Осының барлығы оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытуға ықпал етеді.
Оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дұрыс жасалынған педагогикалық жағдайлар ғана дамыта алады. Мұғалімнің міндеті әр баланың жеке даралығын ескере отырып, потенциалды қабілетін дамыту және ашуға жағдай жасау. Оқушылардың логикалық ойлауының дамуы өздігінен ізденіп жұмыс жасауына мүмкіндік береді. Логикалық тапсырмалар оқушының интеллектуалдық деңгейін көтеретін болғандықтан әр сабақта тапсырмаларды түрлендіріп, қызықтырып қолдану қажет. Бастауыш сыныптарда математика сабағынан балалардың ойлау қабілеті жетерліктей жас ерекшеліктерін ескере ұйымдастырса ғана, оның ойлау қабілетінің дамуына мүмкіндік туады. Сондықтан да мұғалім балаларды үнемі ойланып оқуға бағыттауы тиіс, бұған оқу үрдісін жүйелі ұйымдастыру, сабақта бала логикасын дұрыс дамыта алатын мүмкіндіктерді мол пайдалану арқылы жетуге болады.
Білім беру мазмұны кейбір пәндерде теориялық материалдарды ірілендіріп ұсыну арқылы да оқушы логикалық ойлауға бағыттайды. Оқушы психикасы, таным, ерік-жігері, сезім күштері дамуымен тығыз байланыста.
Логикалық ойлаудың ерекшелігі – қорытындылардың қисындылығында, олардың шындыққа сай келуінде. Логикаға түскен құбылыс түсіндіріледі, себептері мен салдары қатесіз анықталады. Ұғымдар арасындағы байланыстар мен қатынастар логикалық ойлау жолымен ашылады
Оқушылардың санасында белгілі бір білім қоры болмайтын болса, онда олар ойлай да алмайды. Оқушыны жеткілікті білім қорымен қаруландыру және өз бетінше ойлауға үйрету, оқушының білім алуға ынта – жігері, құмарлығы, қызығушылығы, білімдерді меңгеру, оның саналы ақыл – ой дамуының маңызды жолы болады.