«Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын.
Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін»
Ахмет Байтұрсынұлы
Ұлт ұстазы атанған қазақ халқының маңдайына біткен біртуар перзенті, жарық жұлдызы Ахмет Байтұрсынұлы- әйгілі Алашорданың кезінде ұлтқа, жұртқа, Отанға, тілге қалтықсыз қызмет еткен сом тұлға. «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген Алаш көсемі Әлихан Бөкейханұлы айтқандай Ахмет Байтұрсынұлы сөзін іс жүзінде дәлелдеп, туған Отанының алдындағы азаматтық борышын артығымен орындады. Отаны үшін отқа қақталып, суға да түскен Алаштың асыл перзентінің ерен еңбегі мен тар жол тайғақ кешкен өмір жолына қалам тартып, сөз қозғап көрейін.
Ахмет Байтұрсынұлы саналы ғұмырын сауат ашуға арнап, қарабайыр халықтың көзін ашуға ұмтылған қазақтан шыққан тұңғыш ағартушы екені баршаға мәлім. Ол алмас қылыштың жүзіндей осып түсетін өткір өлеңдері мен жыр-жинақтары арқылы ұйықтап жатқан халқының құлағына маса болып ызыңдап, жанды жерінен шағып, қараңғылық пен надандықтан, шаруаға енжар жалқаулықтан оятып, болашаққа зер салып, білім алуды, еңбектенуді насихаттады. Қараңғы қазақ қоғамында оқу саласына ерен еңбек сіңірген Ахмет Байтұрсынұлы араб жазуы негізінде жасалған тұңғыш әліпбидің дүниеге келуіне түрткі болды. Ол- қазақ ғылымы тарихында ұлттық әліпби жасап, жаңа үлгі ұсынған реформатор. Оның «Оқу құралы»- қазақ жазуының тұңғыш әліппелерінің бірі. Ал «Тіл - құралы»- қазақ тілінің тұңғыш оқулығы. Ол ұлтына, қазақ халқына қалтқысыз қызмет етті. Бұл туралы Сәкен Сейфуллин: «...Ахмет халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тіккен, Ахмет Байтұрсынұлы ұлтын шын сүйетін шын ұлтшыл» десе , заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов: «Бір басында сан салалы өнер тоғысқан, телегей-теңіз энциклопедиялық білім иесі, қайшылығы мол тартысты ғұмырында қараңғы қалың елін жарқын болашаққа сүйреуден басқа бақыт бар деп білмеген ірі тұлға, халықтың рухани көсемі» деп жоғары бағалаған, ал Смағұл Сәдуақасов: «Ахаңды біз замандасымыз ғой деп өз қатарымызға қойып, өзімізбен теңестіріп қарауымызға болмайды. Бұл кісі қазақ халқының алфавитін жасап берген, бұрын әркім қалай болса солай жазып жүрген емлемізді түзеп, оқу құралдарын жазған, бәріміздің де сауатымызды ашып, бүкіл халқымызға ұстаз болған адам»- деп мойындаған.
Қорытындылай келе, Алаштың айбынды арысы Ахмет Байтұрсынұлы тағдыр таяғын, саясат сергелдеңін, қоғам қиянатын сан көрсе де мойымай, ұлт мектебін, ұлт мәдениетін қалыптастыруға үлкен үлес қосты. Отаршылықтың отты лебі айрандай ұйыған отбасын ойрандап, жала жабылса да соңғы демі үзілгенше ұлтына қызмет етуден танған жоқ. «Қара перденің» шымылдығы түрілген бейбіт заманда ұлы істердің ұйытқысы болған алаш алыбының ерен еңбегін, шығармашылығын зерттеп, насихаттау- ұлт ұстазы алдындағы парызымыз. Ахмет Байтұрсынұлын ұлтын сүйген ұлы тұлға ретінде дәріптеу- бүгінгі ұрпақтың азаматтық борышы.