Мен- қазақпын! Осы екі ауыз сөзді кімге де болса ауыз толтырып, мақтаныш сезіммен айта аламын. Тарихымыз тасқа қашалып жазылған, кешегі көк Түркінің ұрпағымыз. Бабаларымыздың ерлік істерін, даналығын, бүкіл əлем мойындады десек асыра айтқандық емес. Ақыл мен парасатты тең ұстап, биік белестерді бағындыра білді. " Өткенді білмесең, болашақ таспен атады "-- деген авардың ұлы ақыны Расул Ғамзатовтың сөзі ойымнан еш шыққан емес. Құрандай жатталып қалды десем артық айтқаным емес.
Бабаларымыз ұлт саулығына, тəрбиесіне аса мəн берген. "Тəрбие көзі - тал бесік, - деген мақалдың алар орны ерекше. Ұрпағының денінің сау, толық қанды жан болуына барлығы бір кісідей ат салысқан. " Бесік жырын " тыңдамай өскен ұрпақ кемде - кем. Əсіресе, олардың шымыр болып өсуіне ұлттық ойын түрлерінің пайдасы зор болды. Жауырыны тоқпақтай, иықтары қақпақтай, небір нар тұлғалы аптал азаматтарымыздың өнегелі істері ел аузында аңыз болып сақталып қалғаны анық. Тарихта есімдері қалған ұл - қыздарымызды қашанда мақтан етеміз. Солардан қалған үрдіс бүгінмен жалғасын тапты.
Болашақ мемлекетіміз ұрпаққа деген сабақтастықтан туындайтын дүние болғандықтан, әр халықтың болашағы жастарына тәуелді екені даусыз мәселе. Егер бүгін жастар өз халқының рухымен тәрбиеленіп өспесе, онда елдің келешегі бұлыңғыр болмақ. Өйткені, ұлттың барша мұрасы жастарға аманат етіледі. Ал, жастар оны сақтамаса және өзінен кейінгілерге тапсырып кетпесе, біртіндеп ұлттың атауы да өшіп жоғалмақ.
Бүгінгі жастардың қоғамдық өмірден еш уақыт қол үзбей, өз елін сүюге, салт - дәстүр мен әдет – ғұрпын білуге тәрбиелеуге бүгінгі педагогика ғылымдарының алдында тұрған зор міндеттердің бірі. Қай ғасырда болсын ұлт өмірін өркендетуші саналы да салауатты, ұлтжанды, рухы биік парасатты ұрпақты тәрбиелеу – қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі. Сонымен қатар өз елінің рәміздерін, Ата заңын білуге, әрі құрметтеуге әрбір азамат міндетті. «Бүгінгі өскелең ұрпақ нағыз білімді, жан – жақты дамыған, бірнеше тілді меңгерген, нағыз өз елін сүйетін, ұлтжанды азамат болуы керек», – деп атап өтті ел Президенті Н. Ә. Назарбаев.
Кез келген ұлтты қалыптастыратын орта – оның ұлттық мектебі. Сондықтан қазақ мектебінің тағдыры – ел тағдыры. Ұлтымыздың болашағын ойлаған алаштың ардақтылары мұны әрқашан ескеріп отырған. Қазақ халқының ұлы перзенті Мұстафа Шоқай «Ұлттың мәдениеттен жұрдай рухпен тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жақтайтын пайдалы азамат шықпайды»- деп, ұлт болашағын ұлттық мектепте, ұлттық рухта тәрбиелеу керектігін көрсеткен.
Мемлекеттің негізгі тірегі - жастар. Сол жастар талап биігінен табылып жатыр ма?! Сұрағы көп , жауап жоқ - ау?! Кейде аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп тұрған жастарды көріп, жүрегім қан жылайды. Менімше, қазір барлық жағдай жасалған. Алтындай уақыттарын босқа өткізбей, əр түрлі спорт түрлерімен( қалағанын) айналысса нұр үстіне нұр болмақ.
" Қоғамның басты байлығы- адам денсаулығы"- деп тұңғыш Елбасымыз Н. Ə. Назарбаев бекер жазбаған. Сондықтан осы сөзді əркім көкірек көзіне тоқып, тың серпіліс жасап жатса өздері үшін жақсы болмақ деймін.
" Жаңа Қазақстанды" құру үшін жастарымыз білікті, білімді болу қажет. Сонда ғана біз өркениетті елдердің қатарына қосылатынымыз айдан анық.
" Салауатты өмір салтын ұстану- " бір ғана спортпен айналысу деп ойламаймын. Халқымыздың салт - дəстүрін, əдет - ғұрпын, əдебиетін, мəдениетін бес саусақтай білу. Болашақ жастарымыздың осы деңгейден табылатынына бек сенімдімін.
Сөз соңында айтарым, қазіргі кезде «Жастар – еліміздің болашағы» деген қанатты сөзді жиі айтамыз. Ал, сол жастардың болашағы, Отанымыздың ертеңгі тағдыры өзіміздің бүгінгі қызметімізді қалай атқарып жүргенімізге тікелей байланысты. Ендеше мына өтіп жатқан жаһандану, ғаламдану үрдістеріне жұтылып, ұлт ретінде жойылып кетпейік десек ұлымызды рухты, қызымызды ғұрыпты етіп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелейік дегім келеді.
" Жасарып, жайнай бер, жаңа Қазақстаным! " дегім келеді.