Физули, Шәмси, Сәйхали,
Науай, Сағди, Фирдауси.
Хожа Хафиз-бу hәммәсі
Медет бер, я шағри фәрияд – деп жеті шайырдан бата сұраған бір дәуірдің данышпаны, Абай күллі Шығыс шайырлары мен Әл-Фарабиді өзіне ұстаз тұтты, жолын қуды.
«Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да Абайдан. Таза әдебиет сарынына бой ұрғанда маған «Абай» деген сөз «Қазақ» деген сөзбен теңбе-тең түсетіндей кездері бар секілді. Абайды сүюім үнемі ақылдан туған, сыннан туған сүйіс емес, кейде туған орта, кір жуып, кіндік кескен жерді сүюмен барабар болатыны бар» деді Мұхтар. Иә, таразының бір басына Абайды, ал екінші басына күллі қазақ халқын қойса, әрине ұлы ұстаздың салмағы басары анық. Ол әрине күллі халықты, ақыл салмағымен баспақ. Қазақтың үш шырағы атанған Абай, Ыбырай, Шоқанның адамзат тарихынан алар орны тек қазақта емес, Түркі жұрты мен Европа елін таңдай қақтырған сүбелі еңбектерімен белгілі.
Көк бөрі ұлттық байрағым
Сүйінбайдай сайрадым
Ұлыған сайын байрағым
Менің де қозар қайдағым деп жазған Абай, әңгімені әлмисақтан тартып отыр. Түп сансында жатқан ұлы күштің бұлқынып, бас бермей тұрғанын, осы өлең жолдарынан байқатады. Шексіз ғаламның сырын білуге адамның қаншама қабілеті, ғұмыры жетпейтінін Абай жақсы білді. «Мақсат алыс, өмір шақ... Кештеп қайтар жол емес, жол азығы мол емес, солай бола тұрса да, сен оған қапа болма. Ақылың жеткен жеріңе дейін бар.... Арғы жағын қадам баса алмасаң да, жүрегің сезеді... Соның өзі адамдықтың сипаты» – Абай кредосы бұл.
«Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан, қолы өнерлі қазақтың әулиесі» деді.
«Қазаққа күзетші болайын деп, бізде ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік» деді. Яғни, балаңды қазаққа күзетші қыламын деп өсір, қазақтың бір хәлетіне жарасын, қазақтың жыртығын жамасын, жоғын жоқтап, мұңын мұңдасын, алдау қоспай, адал еңбегін сатсын, ғылым-білім үйренсін деп отыр.
«Адам жанының құмары білмекке-құмар»
«Адам баласының ең жаманы талапсыздық»
Адам өмірі жан мен тәннің бас қосқан «майданы» деп түсіндіреді Абай. Жан- хайуан мен малда да бар. Мұндағы Абайдың хайуандық жан деп отырғаны тән тілегіне қызмет ететін тіршілік – нәпсі. Ал адамдық жан болса, ол жанның нәпсіліктен жоғарғы дәрежелі сатысы, ол ғақли жан, ол рухани түсінік. Адам табиғатында осы екі тілек майдандасқан.
Тән сүйгенін бермесе,
Жан шыдамас жаны ашып.
Бере берсең, бер десе,
Әдет етер таласып.
Мұндағы «тән сүйгені» кең мағынада алғанда: тамақ, киім, бақ, ойын күлкі, атақ мансап..... Нәпсінің барлық тілектерін тойдырам десең, ақырында ол өзіңді билеп алып, түбіңе жетеді. Рухани талаптан айрылған адам, нәпсі тілегіне билеткен адам-ол.
Үміт еткен көзімнің нұры балам,
Жаныңа жəрдем берсін Құдай-тағалам;
Атаң мұнда анаңмен есен-аман,
Сүйіп сəлем жазады бүгін саған.
Атаңды сағындым деп асығарсың,
Сабаққа көңіл берсең басыларсың;
Ата-анаңды өнер білсең асырарсың,
Надан боп, білмей қалсаң аһ ұрарсың.
Шырағым, мұнда жүрсең нетер едің?
Қолыңа құрық алып кетер едің.
Тентіреп екі ауылдың арасында
Жүргенмен не мұратқа жетер едің? деп өз заманының белді биі, тарихтан аты белгілі атақты Балғожа бидің білім іздеген сүйікті немересіне арнап жазған өлеңі еді. Бұл өлең-хат қазақ баласының тұңғыш оқу кітабы «Қазақ хрестоматиясында» жарияланды. Балғожа бидің жазған хаты тек Ыбырайдың ғұмыр мұратының ғана арқауы емес, бар қазақ баласына ықпалы жайылған жəдігер.
Бала Ыбырай бұл өлеңді оқу жылдарында дəтке қуат, жанына медет тұтынса, есейе келе өзіне одан күш пен жігер алып, дана Ыбырайға айналды. Өзге жастарды да оқуға, өнерге тарту мен талпындырудың ұтымды құралы ретінде пайдаланды. Өлең кейін Ыбырай хрестоматиясы арқылы мүлде өлмес қасиетке ие болып, қазақ шəкірттерінің сан ұрпағына бастапқы мақсатында қызмет етті.
Ыбырай Алтынсаринның «Кел, балалар, оқылық!», «Өнер-білім бар жұрттар» сияқты өлеңдері оқырман қауымның жүрегіне жол тапты. Ғұлама педагог-ғалымның туындылары шəкірттерді Отанын сүюге, адамгершілікке, тəлім-тəрбиеге жетеледі. Ағартушы ұстаздың.
Өнер-білім бар жұрттар
Тастан сарай салғызды.
Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып-жұмғанша
Жылдам хабар алғызды.
Аты жоқ құр арбаны
Мың шақырым жерлерге
Күн жарымда барғызды.
Адамды құстай ұшырды,
Мал істейтін жұмысты
От пен суға түсірді.
Отынсыз тамақ пісірді,
Сусыздан сусын ішірді.
Теңізде жүзді балықтай,
Дүниені кезді жалықпай,
Білгендерге осылар –
Бəрі дағы анықтай.
Білмегенге танықтай,
Біз де бекер жатпалық
Осылармен таныспай.
Ат өнері білінбес,
Бəйгеге түсіп жарыспай.
Желкілдеп шыққан көк шөптей,
Жасөспірім достарым,
Қатарың кетті-ау алысқа-ай,
Ұмтылыңыз қалыспай! –
деген тамаша жыр жолдары жас ұрпақты тəрбиелеудегі қажетті құралдың біріне айналды.
Ұлы ұстаз балалардың оқу керектігін, оқығандардың көңіліне ықыласпен тоқу керектігін айта келіп, оқыған баланың тілегені алдынан шығып, шырақ болып жағылатынын айтты.
Ы.Алтынсариннің табиғат туралы жазған өлеңдері оның ақындық шеберлігін танытады. «Өзен»,«Жаз» сияқты пейзаждық шығармалары нағыз талантты ақын болғанын көрсетеді.
Таулардан өзен ағар сарқыраған,
Айнадай сəуле беріп жарқыраған.
Жел соқса, ыстық соқса бір қалыпта,
Аралап тау мен тасты арқыраған.
Көңілің суын ішсең ашылады,
Денеңде бар дертіңді қашырады.
Өксіген оттай жанып жануарлар,
Өзеннен рақат тауып басылады.
Қынарда тілсіз тұрған тоғайлары
Шуылдап желмен бірге бас ұрады...
Бұл туындыда суға толы өзеннің ағысымен өмір сырын бейнелейді. Тынымсыз ағып, адам, жан- жануар біткенге өмір нəрін ұсынады.
Ұлы педагог-ақын өзінің өлеңдері арқылы оқудың, өнер-білімнің маңызын түсіндіріп, надандыққа қарсы шықты. Өмір шындығын танытар көркем проза жасады.
Қазақ балалар əдебиетінің негізін салды. Өзінің шығармалары арқылы қазақ əдебиетін жанр, түр жағынан да, мазмұн-идея жағынан да ілгері бастырды.
Ақын қазақтың əдеби тілінің негізін салуда да елеулі еңбек етті. Тіл тазалығы үшін күресіп, әдеби тіл принципін қатаң сақтады. Шығармаларында мақал-мəтелдерді, нақыл сөздерді, аңыз-əңгімелерді шебер пайдаланды.
Сонымен, Ыбырай Алтынсарин — кемеңгер ағартушы, өмір шындығын озық идея тұрғысынан таныта білген аса дарынды суреткер, қажырлы қоғам қайраткері. Ол заманның ең маңызды мəселелерін көтеріп, жыр төккен азамат ақын, жаңашыл жазушы. Ол өз бойындағы қуатын халық мақсаты үшін аямай жұмсаған адал жанды азамат.
Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың шын есімі-Мұхаммед Қанафия. Бала күнінен өте зерек Мұхаммед Қанафияның бұл есемін әжесі Айғаным берген көрінеді.
Сүйікті немересі айтқан әңгіме, дастан, қиса-жырларды зерікпей, талмай, құштарлықпен ұзақ уақыт, еш қозғалмастан, шоқиып отырып тыңдайтын көрінеді. Міне осыны байқаған әжесі, немересін еркелетіп «Шоқаным» деп атап кеткен екен.
Ата тегі мұндағы-
Орта жүздің ұлығы;
Ана тегі ондағы-
Өзен судың тұнығы.
Екі асылдан қосылған
Сом алтынның сынығы деп Абай атамыз жырлағандай
атақты сұлтандар әулетінен шыққан Шоққаның арғы атасы Шыңғыс әулеті болс,а анасы Зейнеп Баянауылдың белді биі айтулы Шорманның қызы болған. Сонда үш жүздің басын қосып, қазақты бір тудың астына жинаған Абылай ханның немересі. Міне нағыз екі алтынан қосылған, саф алтының сынығы деп айтуға әбден тұрарлық, қазақтың тұңғыш ғалымы, орны ерек, тумысы бөлек Шоқан еді. Ол XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ жерінде дүниеге келген демократтық, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі, шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы, ғалым. Кадет корпусына алғаш оқуға түскен Шоқан орыс тілін білмесе де, өзінің зеректігімен тілді тез үйренді. Шоқанмен бірге оқыған Г.Н. Потанин: «Өзінің орыс жолдастарын басып озып, Шоқан тез жетілді… Оған талайлар-ақ назар аударды. Ол сондай қабілетті еді және оқу орнына түспей тұрып ақ сурет сала білетін» деді. Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Герцен, Белинский т.б. орыс классиктерін және батыс әдебиетінен Диккенс, Теккерей, Руссо шығармаларын оқыды. Сібір кадеті корпусында оқудың соңғы жылдарында-ақ, Шоқан саналы, терең ойлы, жан-жақты білімді, өзіндік қөзқарасы қалыптасқан, туған халқының қажет-мұқтаждарын пайымдап, түсіне алатын, оған барынша пайдалы қызмет етуге әзір екендігін танытты. Шоқан жинаған қазақтың ауыз әдебиет үлгілерін, "Қозы Көрпеш-Баян сұлу" жырын көрнекті шығыс зерттеушісі, Петербург университетінің профессоры И.И.Березин бұл зерттеулерге назар аударып, жазып алған. Шоқанның зерттеушілік қабілетін байқаған ғалым, оны өз тарапынан ескі жазу ескерткіштерін зерттеу ісіне тартқан. Ш.Уәлиханов 1856 жылы аса көрнекті ғалым, белгілі географ П.С. Семенов-Тян-Шаньскиймен танысты. Ол жас қазақ ғалымның қабілетіне шын ниетімен сүйсіне қайран қалды. 1857 жылы П.С.Семенов-Тянь-Шанскийдің ұсынуымен Ш. Уәлиханов Орыс географиялық қоғамының толық мүшелігіне қабылданды. Шығыс Қазақстан мен Жетісуға, қырғыз еліне жасаған сапары Шоқанның ғалым ретіндегі даңқын арттырды. 1857 жылы Шоқан Алатау қырғыздарына сапар шегіп, оның тарихын, этнографиясын және халықтық поэзиясын зерттеді. Сол жолда қырғыз халқының энциклопедиялық дастаны «Манас» жырының алғашқы нұсқасын қағазға түсірген болатын.
1858-1859 жылдары Шоқан атақты Қашғария сапарына барып қайтты. Шоқан аса қиын құпия жағдайда өз өміріне қатер төндіре жүріп, Қашғария өлкесінің тарихы, этнографиясы, мәдениеті мен геологиясы, географиялық жағдайы жайлы бұған дейін мүлде белгісіз, аса құнды деректер жинап қайтты. «Кіші Бұхараның шығыстағы алты қаласының жағдайы туралы» деген атақты еңбегін жазды. Еңбекті Ресейде де, одан тыс жерлерде де шығысты зерттеуші ғалымдар жоғары бағалады.
Патша үкіметі жас ғалымның ғылыми ерлік еңбегін жоғары бағалап, 1860 жылы Санкт-Петербургте орыс патшасы Александар II өзі қабылдап, орденмен марапаттады. Осы кездесуде Шоқанның көкейінде патшадан шен- шекпен алу емес, сорлы халқының мұң-мұқтажын патша ағзамға жеткізу тұрды. Ол халқының басындағы ауыр, алдынғы күндегі бұлынғыр жағдайын көзімен көріп, жүрегімен сезінді. Ол патша ағзамнан орыс шенеуніктерінің қазақ халқына жақсы қарауы жайлы өз өтінішін батыл жеткізді.
Қазақтың ұлы ойшыл-ағартушылары Шоқан, Абай және Ыбырайдың дүниетанымы мен шығармашылық бағытында, тарих пен заман мәселелерін түсінуі мен талдауында, әсіресе, мәдени мұраны меңгеру, дамыту, оны елдің рухани қажетіне жарату әрекетінде мол үндестік байқалады. Бұл Шоқан, Абай және Ыбырайдың ауыз әдебиетіндегі асыл үлгілерін жас кезінен санаға сіңіріп, өшпес тағлым алып, небір шешендер мен ақындардың тапқыр сөздерін есітіп, арғы түбі шығыс елдерінен таралған, араб, парсы, түркі тілдеріндегі қисса, дастан, аңыз, әпсана, ғазел мүлкін ізденіп оқып, білімін байытуында.
Әлеуметтік ойды қорыта келе, Абай артындағы ұрпаққа үміт артады: «Ей жүрегімнің қуаты перзенттерім, адамның адамшылдығы істі бастағанынан білінеді, қалайша бітіргенінен емес; мен бастадым, сендер әрі іске асырыңдар» дегені.