Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1758

Патриоттық тәрбие –өзекті мәселе

    Адамзаттың асыл мұраттары қайта гүлдеп, мәдениет дәрежесі мен білімділік деңгейі қоғамның өркендеуінің басты өлшеміне айналып отырған жаңа ғасырда жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңызы артып келеді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан -2030» стратегиялық даму бағдарламасында «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімімен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз» деген сөзі жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру бүгінгі күннің өзекті мәселелердің бірі болып отырғанын айқындайды.    

Біздің алдымызда тұрған басты міндет – тәуелсіз Қазақстанның әр жас жеткіншегінің жүрегінде Отанына, жеріне, еліне деген ыстық сезім, шынайы сүйіспеншілік ұялату. Сондықтан біз адамзаттық көзқарасы қалыптасқан, әлеуметтік белсенділігі жоғары отаншыл ұрпақ тәрбиелеп өсіруге аса көңіл бөлуіміз керек.

  Қазіргі жағдайда болашақ ұрпағымызды білімді, мәдениетті, саналы етіп тәрбиелеуде егеменді елімізде қазақ тілін оқыту өмірлік зор маңызға ие болып отыр.

Қазақ тілі- мемлекеттік тіл, диаспоралар мен аз ұлттардың тілі, қазақ тілінен басқа ешқандай тіл мемлекеттік тіл болмайды. Барлық қазақстандықтар мемлекеттік тілді білуге және оның дамуына үлес қосуға міндетті. Қазақ ұлты басқа ұлттардың өз тілін сақтауы мен дамытуына қарсы болмайды. Қазақтың кез келген жасы бірнеше тілді еркін меңгергені құптарлық іс, бірақ өз ана тілін барлық бес саусақтай білетін тілдерінен жоғары қоюы керек. Сондай-ақ, әрбір қазақ ұлтының патриоты ұлттық құндылықтары, тілімен қатар ежелден  ұстанған ата діні мен бабалары қорғап қалған алпауыт жерінің аяқ асты тапталмауын да есте ұстауы керек.
         Қазақ тілін үйрету барысында оқушыларды қазақ елінің салт - дәстүрімен, әдет-ғұрпымен, мәдениетімен таныстыру олардың жан-жақты дамуына, тілге деген көзқарастарын қалыптастыруға көп көмегін тигізеді. Қазақ тілі де басқа ұлт өкілдеріне шет тіл болып саналғандықтан, шет  тілін, яғни, қазақ тілін оқыту арқылы оқушыларды  ұлттық патриотизмге тәрбиелеуге жол ашады. Патриотизм – туған жерге, Отанға деген сүйіспеншілік. Оның негізгі элементтері: туған жер, ана тілі, өз ұлтын сүю, өзге ұлтты сыйлау, елдің әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі және оларды құрмет тұту.
    Патриоттық тәрбие – қоғамдық дамудың әрқилы кезеңдерін бастан өткізіп келе жатқан тарихи құбылыс.

Қазақ тілін оқыту әдістемесі туралы сөз болғанда бұл проблеманың ішінен басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқыту мәселесін жеке бөліп қарастырмаса болмайды. Өйткені, қазіргі таңдағы көп жұмыс істеліп, жан жақты қарастырылып отырған проблема – орыс аудиториясында қазақ тілін оқыту проблемасы. Сонымен қатар, бұл мәселе тілдік коммуникацияның тікелей зерттеу объектісі бола келіп, қазіргі кезеңде өзекті мәселе болып отырған қазақша сөйлеуге үйретудің тиімді жолдарын табуға көмектеседі.

Бүгін біздің алдымызда тұрған мақсат — өзге тілді аудиторияны қазақ тіліне үйрету ғана емес, сонымен қатар алдымызда отырған шәкірттердің Отанының қасиетін сезініп, оның алдындағы ұлт жауапкершілігін ұғынып, ол үшін басын бәйгеге тігер тәуекелге баруы болып саналады. Сол сияқты, барлық отандастардың  отанымен рухани және материалдық тығыз байланыста болуы, өзі өсіп  — өнген  аймаққа   деген сүйіспеншілігі патриотизмнің қайнар көзі.

Отан – от басынан басталады десек, туған облысымыздың, қаламыздың, ауылымыздың  көрнекі жері, тарихы, атаулы оқиғаларын, айтулы адамдардың өмір жолдарын білгізудің мәні зор.  5, 7, 8  сыныптарда  лексикалық тараулар  «Қазақстан», «Менің қалам», «Менің көшем», «Менің отбасым», «Қазақстанның белгілі спортшылары», «Денсаулық-зор байлық» тағы сол сияқты тақырыптарды оқығанда әбден қолдануға болады

Тақырыпты қандай жұмыс түрлері арқылы ашуға болады?

- Диалог 

- Викторина

- Кеспелермен жұмыс

- Сурет бойынша жұмыс

- Инсценировка

- Тест

- Экскурсия

- Оқушылардың шығармашылық жұмыстары (шығарма, тақпақтар, альбомдар)

- Пән бойынша шығармашылық жұмыстар

- Интеграцияланған сабақтар

Сабақта тілдік қатынас үш түрлі жолмен немесе қалыппен іске асады:

1.    Жұптық

2.    Топтық

3.    Ұжымдық

Жұмыс барысында нәтижеге тек қатысымдық әдіспен қатар, басқа да иновациялық технологиялардың элементтерін қолданып, солардың жақсы нәтижесін оқушыларымның жетістіктерінен көріп келемін. Біріншіден, оқушыларым дыбыстық ерекшеліктерді жақсы меңгерген, яғни айтылым дағдылары жақсы. Екіншіден, ауызекі сөйлеу дағдылары жақсы. Күнделікті жұптап, топтап жұмыс істеудің нәтижесінде оқушылар берілген тақырыпқа, соның ішінде бүгінгі өзекті деген аймақтық компоненттер тақырыбына сұрақ қоя білу, жауап беру дағдылары даму үстінде.

Тәуелсіз елімізде оқушы – жастарды бүгінгі күн талабына сай ұлттық тәлім – тәрбие беруде халқымыздың бай мәдени мұраларын, педагогикалық ой-пікірлерін, жинақталған ұлттық құндылықтарды зерттеп, жүйелеп оқу орындарының оқу-тәрбие үрдісіне пайдаланудың маңызы зор. Осы тұрғыдан алғанда, қазіргі бәсекеге қабілетті балалар мен жас өспірімдерді тәрбиелеу, ұлт тұрмыс-тіршілігін өркендетуші сапалы да, сауатты, ұлтжанды, мәдени - ғылыми ой өрістері кең ұрпақ өсіру – қосымша білім беру мекемелерінің алдында тұрған басты міндет.

Патриоттық тәрбиенің басты мақсаты – Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігін, тыныштық пен бейбітшілікті сақтайтын, ұлтаралық мәдениетті дамытатын, еліміздің рәміздеріне құрметпен қарайтын, әлемдік деңгейде бейбітшілік пен өркениеттілікке өз үлесін қосатын адамгершілік мұраты биік патриот, намысына, қаһарман, қайсар, жігерлі азамат тәрбиелеу.

Оқушыларға отансүйгіштік, азаматтық тәрбие беруде, интеллектуалдық ойындар, дөңгелек үстел, семинар кеңес, кездесулердің және тағы басқа іс – шаралардың маңызы зор. Ендеше, құрметті әріптестер жас ұрпаққа ұлттық, патриоттық тәрбие беру басты мақсатымыз екенін ұмытпайық.

Президент Н.Ә.Назарбаевтың “Тарих толқынында” деген еңбегінде негізінен халықтардың, оның ішінде түркі мәдениетіне, қазақ топырағында түрлі діндердің болғанын айтқан. Бұл еңбек қазақстандық ұлттық, ұлтаралық татулықтың, қазақстандық патриотизмнің темірқазығы іспеттес.

Қазақстандық патриотизмнің негізі — ежелгі ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, аңыз, ертегілер, жырлар, кешегі кеңестік ортақ дәуір, Ұлы Отан соғысындағы түрлі ұлт өкілдері-қазақстандық батырлардың ерліктері туралы тарихи деректер болып табылады.

Тәрбиенің негізі, оның мақсаты, міндеті, мазмұны, түрі, құрылымы, әдісі, тәсілі, заңдылықтары, принциптері, құралдары бар. Сол сияқты қазақстандық патриотизмнің мақсаты, міндеті, түрі, әдіс-тәсілі бар.   Егер патриоттық тәлім-тәрбиемізде осы негіздер болмаса, ол жай сөз болып қалуы мүмкін. Өзін-өзі білмеген адам өзінің кім екенін түсінбейді.

Қазіргі таңда қоғамның сұранысына сай  “Қазақстан Республикасының жаңа әлеуметтік даму жағдайында мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие берудің тұжырымдамасы” дайындалды. Тұжырымдаманың мақсаты –  қоғамның әлеуметтік даму жағдайында мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие берудің жүйесін айқындай отырып, ұлтаралық қатынас мәдениетін, еліміздің бейбітшілігі мен егемендігін сақтауға, экономикасын дамытуға ықпал ететін тұлғаны қалыптастыруға бағытталды. Патриоттық тәрбие беру тұжырымдамасында төмендегі міндеттер жүйесі қамтылды: 

               - Қазақстан Республикасының Конституциясына, мемлекеттік рәміздеріне, Қазақстанды мекендейтін барлық халықтардың тарихына, дәстүрлеріне, мәдениетіне және ұлттық  ерекшеліктеріне құрметпен қарау; 

         -  мемлекеттік тілге, әлемдік тілдерге және ұлтаралық тіл болып есептелетін орыс тіліне, Қазақстанды мекендейтін басқа халықтардың тілдеріне   құрметпен қарау;

               - халықтар арасында сүйіспеншілік пен достықты,   дін аралық қатынастар бойынша түсінушілікті қалыптастыруға ықпал ету;

               - Қазақстан Республикасының бейбітшілігі мен тұтастығын, Отанның экономикалық байлығын дамытуға, Отанды қорғауға және жалпыадамзаттық тыныштықты сақтауға әрқашан дайын болу;

        -  жалпыадамзаттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық өркениеттілікті бағалау, құрметтеу (бейбітшілік, тыныштық, қауіпсіздік, еркіндік,   ізгілік,  тұлғаның еркіндігі мен құқығын қамтамасыз ету);

               - мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие берудің жүйесін негіздей отырып, ұлттық және әлемдік білім нәрінен сусындаған ғылыми техникалық прогресс көшіне ілесе алатын патриот тұлғаны қалыптастыру.

-Оқушыларға патриоттық тәрбие беруде мектептегі әр қызметкерлердің   өзіндік атқарар міндеті бар. 

-Мектеп оқушыларының бойына патриоттық  құндылықтарды қалыптастыруда пән сабақтарына қойылатын негізгі талаптар айқындалды:

- пән сабақтарының мектептегі және сыныптағы жүргізілетін патриоттық тәрбие жүйесімен   өзара байланыста жүргізілуі, пән аралық байланыс, өткен тақырыптармен жүйелі сабақтастық, оқушылардың іс-тәжірибесі;

- пән сабақтарының алдына қойылатын мақсатының нақты болуы және педагогикалық тұрғыда негізделуі;

- сабақтың құрылымында патриоттық тәрбиеге арналған мазмұнның қамтылуы, сабақ мазмұнының оқушылардың  патриоттық іс-әрекетінің негізі болуы, берілетін білім мен оқушылардың патриоттық іс-әрекеті арасында байланыстың болуы;

- пән сабақтарында оқушылардың патриоттық сезіміне ықпал ететін материалдардың қамтылуы;

- сабақ үстінде оқушылардың танымдық, белсенділік іс-әрекеттеріне ықпал ету,  сабақтағы қамтылған материалдар олардың санасына, көңіл-күйіне әсерлі болуын ескеру;

- сабақтың құрылымы, мазмұны, қолданылатын әдістері мен тәсілдерін айқындауда патриоттық бағыттарына  баса көңіл аударылуы керек.

         Қорыта келгенде, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар  арқылы тәрбие беру оқушы бойындағы сана-сезiмдi, намысты, парызды қалыптастырумен қатар егемен елiмiздiң тәуелсiздiгiн, ынтымағын, бiрлiгiн сақтап қалатын патриот-азамат тәрбиелеуге толық мүмкiндiктердің  бар екендiгі анықталды, қазақстандық патриотизм-бүкіл қазақстандықтарға тән. Себебі ортақ Отан, ортақ тарих, ортақ салт-дәстүр, ортақ қазақтың тілі. Басқа ұлт өкілдері қазақтың тілін білуі тиіс.

 

 

 


 

 

153 0
Бек-Арыс Ноғайбаев, № 1 мектеп-лицейінің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Ұлы Дала Ұстазы № 002200
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: