Сөз өнерін қазақ халқы аса жоғары бағалаған. Сөзді киелі санап,тура сөйлеуге аса жоғары мән берген.Осыған байланысты «Адамға келер он бәленің тоғызы-тілден» немесе «Тіземнен сүріндірсең де, тілімнен сүріндірме»деген сөздерді жиі айтып,өмірде тиімді қолдана білген. Бұдан аңғаратынымыз не? Халық тілді аса жоғары бағалап, сөзді құдіретті деп таныған. Тілді қымбат қазынаға балаған.Атадан балаға мирас болып қалған қазақ тілінің қасиетін қадір тұтып,сол тілмен екі елдің дауын шешіп,сол тілмен екі елді біріктірген.Сөздің дәмін келтіретін де- тіл ,сөздің сәнін кетіретін де-тіл.Сондықтан болар жазушы Ғабит Мүсірепов: «Тілден биік асқар жоқ,Тілден асқан байлық жоқ,Тілден терең теңіз жоқ»,- деп терең ой түйіп,шұрайлы да,қуатты тілдің қадірін осылай жеткізе білген.
«Дауға салса-алмастай қиған,сезімге салса-қырандай қалқыған,ойға салса-қорғасындай балқыған ,өмірдің кез келген орайында әрі қару,әрі қалқан,әрі мәңгі жас ,отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен?! ». Қазақ тілінің құдіреті туралы айтылған осы сөздердің мәні туралы терең ойланбау мүмкін емес.Өйткені тіл-мыңдаған ғасырлардың жемісі.Оның бойында халықтың тарихы,әдебиеті,мәдениеті,ұлттық болмысы мен бояуы жинақталған.Мәдениет,өнер,әдебиет,салт-дәстүрі,рухани байлығы қазақ тілінің бойында сақталған.Тілді сақтау арқылы ұлт өзін сақтайды,ұрпағын сақтайды. Осы орайда А.Байтұрсыновтың мына сөзі еріксіз ойға оралады: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады».Қалай дәл тауып айтылған сөз десеңізші!Тіл өзінен –өзі дамымайды,өзінен-өзі байымайды.Оны дамытатын да,байытатын да өз халқы. Сол тілімізге қорған болатын ұлт жанашырлары бар ма? Неге олардың саны азайып кетті? Дамыған елдің қатарынан көрінеміз деп жүріп,тілімізді дамыта алмай жатқан жоқпыз ба? Өсіреміз деп өшіп жатқан жоқпыз ба?
Жаныңды жегідей жейтін сұрақ көп,жауабы да жоқ емес.Біз көпұлтты мемлекетпіз.Демек біздің елде бірнеше тілде сөйлейтін ұлт өкілдері көп.Әр ұлтқа өз тілі қадірлі ,қасиетті.Оған дауым жоқ. Америка Құрама Штатында адам саны үш жүз миллионнан асыпты.Бұл мемлекетте келімсектер саны өте көп екен.Демек жүздеген өзге ұлт өкілдері жүр деген сөз.Алайда олар ағылшын тілінде сөйлейді, ағылшын тілін аз уақыт ішінде үйренуге тырысады. Тым құрымағанда ауызекі сөйлеуді үйренеді.Бұдан мен не түйдім? Біздің елде неге осындай талпыныс жоқ ? Қазақ тілі тек қазақ ұлтының ғана емес,сол мемлекетте тұратын барлық ұлт өкілдеріне ортақ тіл,мемлекеттік тіл. Мемлекеттік тілді үйренуді талап ету керек,мәжбүрлеу керек. Сонда ғана ұзақ жыл қозғалып келе жатқан даулы мәселе шешімін табады .
Қазақ тілі –мемелекеттік тіл.Бірақ қазақ тіліміз мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілген жоқ.Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл өтсе де, «баяғы жартас,сол жартас»болып тұрғаны өкінішті-ақ.Сөзден іске көшетін уақыт әлдеқашан келгенін бәріміз білеміз.Тіліміздің жетімнің күйін кешіп жүргені де жасырын емес.Ұлт болып қалыптасып,ұлт болып қаламыз десек ,тіліміздің мәртебесін көтеруге атсалысу керек. «Тәрбие басы-тал бесік»деген сөз мағынасы терең сөз. Ана тілінің құдіретін баланың бойына бесіктен бастап сіңіру керек.Б.Момышұлы: «Бесікте жатқанда құлағына анасының әлди әні сіңбеген баланың көкірегі керең болып қалмаса деп қорқамын»,- деген екен. «Бауыржанның қорқынышы бұл күнде шындыққа айналды»,- артық айтпағаным болар. Ертегі айтпайтын әже,бесік жырын айтпайтын анадан тілін сүйетін,оны дамытатын ұрпақ шыға қоюы неғайбыл.Тілді дамытамыз десек,ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрді жаңғырту керек.Отбасында бала ана тілінде тәрбие алуына баса назар аударуымыз керек.Бала қай тілде тәрбие алса,сол ұлтқа қызмет етеді .Сондықтан ,алдымен тәрбиеге терең көңіл бөлу керек. Балабақшадан бастап ұлттық тілді насихаттап,жаңылтпаш,жұмбақ жаттатып,мақал-мәтелдердің сырын ұғынып өсуіне ықпал ету керек.Екіншіден, қетесі көзге ұрынып тұратын жарнама сөздерін сауатты жазуға талап қойып, қазақ елі екені сезіліп тұратын қанатты сөздерді көп насихаттаған дұрыс.Талап қатал болса, бәрі де орындалады.Көрсе де көрмегенсіп жүруден аулақ болып,әр қазақ тіл жанашыры бола білу керек.Үшіншіден, тілге деген құрметті ,алдымен , өзімізден бастағанымыз абзал.Қазақ болып ,қазақ тілінде еркін сөйлей алмай жатып,өзгеден сол тілде сөйлеуді талап ете алмаймыз.Тілдің рухын көтеру-қазақ халқының қолында екенін ешқашан естен шығармау керек. Төртіншіден, билік дегім келіп тұр.Таудың басына қар жауса,ол еріп таудың етегіне түседі. Билік- біздің шығар шыңымыз,асқар тауымыз болса, біз сол биліктің өкілдеріміз, бөлшегіміз. Ел тізгінін ұстаған әкімдер,депутаттар ана тілінде ой толғап,бойға қуат беретін ана тілінде сөз сөйлесе , артынан ерген халқы да тілдің құдіретін сезініп,сол тілде сөйлейді.Тіл мәселесінің әлі де өзекті мәселеге айналып отыруының басты себебі де осында.Өйткені адамды қалыптастыратын қоғам болса, қоғамды тәрбиелейтін – билік. Жасырын емес, халықтың мұрасы, ұлттың тілі деген ұғымдарға шекеден қарайтын, салт-дәстүрді ескінің қалдығына балайтындар билікте аз емес. Сондықтан санадағы өзгерістер соларды райынан қайтарудан басталса, ең басты жетістік осы болар еді.
Мен де тіл маманымын.Жас жеткіншектің ана тілінде білім алып, ана тілінде еркін әрі көркем сөйлеуіне өз үлесімді қосып жүрген ұстазбын. Тәлім-тәрбиені ана тілінде алған баланың жүрегі мейірімге толы болып,бауырмал ,елжанды болатынына сенімім мол. Өзге тілде еркін сөйлеп,өз тілінен алыстамай, қасиетті де қастерлі тілдің күшін сезініп өсетін ұрпақтың өсіп келе жатқаны көңіліме қуаныш ұялатады. Алдымда білім алып отырған әр қазақтың баласынан тіліне жанашыр азамат шығарамын. Әр қазақ ана тіліне сүйеу болса, тамшыдай көмектің өзі үлкен дарияға айналатыны айдан анық қой. Тілдің тағдыры-баршамыздың қолымызда.
Тіл мәселесін даулы мәселе ретінде емес, ұлттың ұйытқысы ретінде, саналы өмірдің тізгіні ретінде , рухани мәдениетті жасаудың ұлттық құралы ретіндеқарайық. Тарихы терең , өте бай ,айшықты тілімізді өзге емес, алдымен өзіміз құрметтейік. Сонда ғана туған тіліміздің туы биіктен желбірейді. Тәуелсіздігіміздің тірегі –тіл. Тіліміздің тағдыры-еліміздің тағдыры, ұлтымыздың жаны. Абай әрлеген, Жамбыл жырлаған тілімізді сақтап қалу –өз қолымызда,ағайын!