Білім беру жүйесін жаңартуға Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында ерекше атап өтсе, «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында білім беру саласындағы басымдықтарды қадап айтты. Білім беруді жаңарту оқушы білімін ғана емес, оларды қолдану дағдыларын, атап айтқанда функционалдық сауаттылығын қалыптастырады. Оқушылардың бойында өзіндік білім алу, талдау, құрастыру, қоғамдық өмірде өзін-өзі жан-жақты таныту үшін білімін пайдалана білу дағдыларын қалыптастырады және қоғамға пайда келтіреді.
ХХІ ғасырдың жан-жақты, зерделі, дарынды, талантты адамдарды қалыптастыруда білім беру мәселесі, оның оқыту жүйесін заман талабына сай үйлестіре алу міндеті туындап, жаңа талаптар қойылуда .Соған орай ұстаздардың алдында тұрған міндет: табысты және әрекетке дайын қабілетті, әлеуметтік рөлін сезінетін құзырлы тұлғаны қалыптастыру. Жалпы құзіреттіліктің сипатына беделді пікір айтуға мүмкіндік беретін білімді игеру деген түсіндірме берілген.Тұлға құзіреттілігін дамыту – ұстаздың құзіретті тәсілдерді меңгертуі, білім беру мазмұнын жетілдіру. Ол үшін баланы субъект ретінде қарап, оқу ісіне өзінше қызықтыратын, оған қабілетін арттыратын жағдай туғызу керек. Оның бастысы – оқу үрдісін жаңаша ұйымдастыру, оқушының оқудағы іс-әрекеті арқылы ойлау дағдыларын жетілдіру, өз бетінше білім алу, әрекет ету. Мақсатқа жету оқушының өзі арқылы іске асады. Пәндік білімдеріне, ептіліктеріне және дағдыларына сүйене отырып, оқу пәндері арқылы функционалдық сауаттылықты дамыту үдерісі ойлау дағдыларын қалыптастыру негізінде жүзеге асады.
Қоғамымыздың қазіргі даму кезеңі мектептегі білім беру жүйесінің алдына оқыту үрдісін технологияландыру мәселесін қойып отыр. Оқытудың әр түрлі технологиялары жасалып, білім беру мекемелерінің тәжірибесіне енуде. Жаңа технологияларды меңгерту мұғалімнің интелектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және де басқа да көптеген адами келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді. Жаңа технологиялар теориялық тұрғыда дәлелденіп, тәжірибеде жақсы нәтижелер беруде.Жаңа педагогикалық технологияларды күнделікті сабақ үрдісінде пайдалану үшін, әр мұғалім алдында отырған оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, педагогтік мақсатына, мүддесіне сай, өзінің шеберлігіне орай таңдап алады. Бұл жаңа технологиялар-оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, терең ойлай білуін, теориялық негіздерін, эстетикалық көзқарастарын пайымдауын, баға беруін, танымдық белсенділігін дамытуға бағытталған. Жалпы білім беретін мектептердегі оқу-тәрбие үрдісін жаңаша дамыту, яғни оның нәтижесінің жоғарғы деңгейде болуын қадағалау жаңашыл педагогтардың қолында болды. Олар педагогикаға «жаңа технология»терминін енгізді. Бұл жаңашыл педагогтардың мақсаты-оқушылардың алатын білімдерін сапалы ету, оның толыққанды жеке тұлға болып қалыптасуына негіз болу. Осыған орай қазірде педагогикалық технологиялар көптеп саналады.Америка ғалымдары Джинни Стилл, Куртис Мередит, Чарлз Темпл жасаған «Оқу мен жазу арқылы сыни тұрғыдан ойлауды дамыту» жобасының оқушы құзіреттілігін дамытуда маңызы зор. Сын тұрғысынан ойлау дегеніміз – ой қозғай отырып, оқушының өз ойымен өзгелердің ойына сыни қарап, естіген, білгенін талдап, салыстырып, жүйелеп, білмегенін өзі зерттеп, дәлелдеп, тұжырым жасауға бағыттау, өз бетімен және бірлесіп шығармашылық жұмыс жасау. Мұғалім – бағыт беруші, ұйымдастырушы. Бұл жобаның тиімді әдіс-тәсілдерін қолдану арқылы оқушы өз ойын еркін жеткізуге, пәнге қызығушылығы оянып, талдау жұмыстарын жүргізе білуге үйренеді. Оқушылардың сабаққа қызығушылығын оятқан әдістер арқылы өз ойларын топта, ұжымда талдай алады.
Өз практикамда «Сын тұрғысынан ойлаудың оқу мен жазу арқылы үйретудің» бірнеше стратегияларын пайдалана отырып, оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруды жолға қойып отырмын. Бұл бағдарлама жаңа буын оқулықтарының талаптарын жүзеге асыруда, оқушылардың білім деңгейін көтеруде, балаларды шығармашылыққа баулуда, ойларын еркін айтуда тез арада дұрыс шешімдер табуға атсалысатын бірден-бір тиімді бағдарлама деп есептеймін.Сын тұрғысынан ойлау-сынау емес, шыңдалған, бірін-бірі толықтырған ойлау десек қателеспейміз.Аталмыш бағдарламаның ішкі құрылымында ерекшелік бар. Бұл құрылым үш деңгейден тұратын оқыту мен үйретудің үлгісі. Көп ақпаратты талдай, жинақтай отырып ішінен қажеттісін алуға үйретеді. Мысалы: «Шұбалшаңның асқорытуы, қан айналымы, зәр шығаруы, тыныс алуы, оның көбейуі және дамуы» тақырыбында оқушынының өз бетімен материалды толық меңгеру үшін, сараптама жасауы үшін Жигсо әдісін пайдаландым.Тапсырманы орындау барысында оқушылар бір-бірімен араласып, өзіне ақпаратпен бөлісіп, ойын толықтыратын жаңа серіктестіктер табуына мүмкіндік беретін тиімді құрал болып табылады. Сыныптастар бір-бірімен кездейсоқ кездесу арқылы өздерінің әлеуметтік дағдыларын – мәселені шешу барысында ұйымдаса білу білігін дамытады. Сонымен қатар, бір мәтінді әр қырынан алып қарастырады. ЖИГСО әдісі мазмұнды жоғары табыспен меңгеру, оқығанды есте сақтау үшін өте тиімді. Сонымен қатар оқушының еркін сөйлеуге, сөз ұшқырлығын ұштауға, өз ойын қысылмай жеткізе білуге мол әсері бар. Оқушының оқуға деген қызығушылығы артады, ұжымда жақсы қарым-қатынас қалыптасады, саналы тәртіп орнайды. Әдістің тиімділігі - сабақтан тысқара қалатын оқушы болмайды, оқыған мәтінді түсіну, оны түсінікті етіп кайтып беру, оған қатысты ойын, пікірін білдіру арқылы оқушының тілі дамиды. Материалды оқығаннан кейін, пікір алмасып, өз білімдерін жетілдергеннен кейін, оқушыда «мәселе жөнінде не білемін», «менде қандай күдік туды», «осы материалдан жаңа не білдім», «жұмыс барысында қандай сұрақтар туындады және не ашылмай қалды» деп баға беруі үшін «INSERT» әдісін «Жануарлар селекциясы» тақырыбында пайдаландым. Алдымен кестені толтырып, жұпта талқылап, сосын топта талқылайды. Соңғы нүктені тақтадағы кестені толтырып, даулы сұрақтар анықталып, сұрақтарға жауап ізделінеді. Бұл сұрақтар болашақта пікірталастардың негізі болмақ. Сабақты бекіту үшін тиімді стратегиялардың бірі - Венн диаграммасы. Венн диаграммасы – оқушыларды синтез (анализ) бағалау жоғары деңгейдегі ойлау қызметіне әкелетін салыстыра білу қабілетін дамытуда пайдаланады. Когнитивті психологияға сәйкес бұл қызмет түрінің басқа артықшылығы схема түрінде синтезделген ақпараттың есте жақсы сақталуы болып табылады. «Сиыр цепені – жалпақ таспа құрттар өкілі» тақырыбында ақ сұлама және сиыр цепенінің ұқсастығы мен ерекшеліктері сараланып, оқушылардың білімдері тиянақталды, сонымен қатар оқушылардың сыни ойлау қабілеттері артты. Яғни, алдыңғы сабақтарда алған білімдерімен осы сабақта алған білімдерін салыстыру үшін оқушы ойланады, ой елегінен өткізіп, еске түсіреді және жаңа алған білімінен нәтиже жасайды. Міне, бұл технологияда оқушы өз топшылауын , өз пайымын еркін білдіреді, өзіндік дәлелдер келтіреді, басқалардың ой түйіндерін сынайды, өз пікірін , өз тоқтамын жасайды. Бұл әдіс шәкірттерге де, оқытушыларға да үлкен жауапкершілікті жүктейді. Оқыту әдістерін жетілдіруге, дамытуға олардың тиімділігін арттыруға көмектеседі. Шәкірттердің сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін дамытуға арналған оқытудың әдіс-тәсілдері білім алушыға құбылыстардың себептерін толық ұғынуға, ережелер мен заңдылықтардың сырларын терең түсінуге , олардың ғылыми білімдегі орнын аңғаруға қолайлы жағдаяттар жасайды . Мұндай әдістер табиғатынан тұйық, өз ойын тәптіштеп түсіндіруге шалағай, өздеріне сенімсіздеу, түйін жасауда жасқаншақтық байқататын оқушыларға пайдасы ұшан теңіз екеніне көзім жетті.
Сын тұрғысынан ойлау - бұл кез-келген мазмұнды сынау емес, оны зерттеу, бақылау, талдау, әртүрлі стратегиялар арқылы өзінің ойлау негіздерін сыни тұрғыда дамыту. Жаңа технологияның арқасында оқушының белсенділігі артып, жан-жақты талдауға, ойын ашық айтуға, оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауға үйренеді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде бүгінгі күн талабына сай сауатты, білімді оқушылар тәрбиелеуге болады. Ол үшін мұғалім көп ізденіп, көп оқып, ізденіс үстінде болу керек.
Қорыта айтқанда, педагогикалық жаңа технологиялардың барлығы жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуына, өздігінен шығармашылықпен жұмыс істей білу қабілетін және біліктері мен дағдыларын қалыптастыруға бағытталған алға қойған мақсатқа жетудің тиімділігін, нәтижелілігін қамтамасыз етуді көздейтін, берілген материалды жедел, әрі сапалы меңгертуге бағытталған.