Әр халықтың тарихында өзінің ұлттық ар – намысын, құқықтары мен мүддесін қорғап қалуға, өзіндік бет – бейнесін, егемен ел болуға лайық екендігін көрсетуге ұмтылатын сын сағаттар болды. Егер ұлт уақыт талабына үн қата алмаса, онда оның болашағы бұлыңғыр болмақ. Ал егер, халық басына түскен мұндай сынақтан сүрінбей кетсе, басқа халықтардың тарихы көрсеткендей, бұл сәт, бұл оқиға осы халықтың тағдырында тарихи оқиға болып қалады.
Тәуелсіздік – ең алдымен Қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Еліміз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде әлемге танылды. Елбасының «Қазақстанның тәуелсіздігі қазақтарға тартқан тағдырдың сыйы емес, өзінің ежелгі жерінде қилы кезеңді бастап кешу арқылы қол жеткен өз мемлекттілігін құруға деген заңды құқығы бұл даусыз және саяси фактіге ешкім күмән келтірмеуі тиіс», — деп атап көрсетуінде үлкен мағына жатыр. Осы жылдар ішінде елімізде қыруар істер атқарылды. Атап айтсақ тарихи жеріміздің шекарасы халықаралық шарттарға сай бекітілді. Мемлекеттік рәміздеріміз, Ата заңымыз, ұлттық валютамыз және Сарыарқаның кең жазық даласында барша елдің өзінің тез көркейіп өсуімен таң қалдырып, жаңа Астанамыз дүниеге келді. Әлемдік қауымдастық алдында «Қазақстан Республикасы» деген асқақ рухты елдің бар екенін мойындаттық. Ел экономикасы да жылдан-жылға нығайып, мәдени, рухани даму деңгейі белеске көтерілуде. Өзіне тәң барлық институттары бар, әлемдік қауымдастықтың ықпалды мүшесі болып табылатын тәуелсіз мемлекет құрылды.[1]
Тәуелсіздігімізді алу қазақ халқына тарихи сынақ – 1986 жылы Желтоқсан көтерілісі болды. Желтоқсандықтар уақыт талабына лайықты үн қата білді. Қазақстанның ар – намысы, тәуелсіздігі мен мүддесі үшін күреске шыққан жүздеген, мыңдаған, тіпті одан да көп жігіттеріміз бен қыздарымыздың жаппай ерлігіне Қазақстан осы 24 жылдық тәуелсіздігі шежіресінде тиісті бағасын берді. Желтоқсан қаһармандары өздерін жаппай соққыға жығып, қақаған аязда мұздай су шашқанына, өздеріне қарсы иттер, БТР-лер, сапер күректері мен қаруланған милицияның ерекше отрядтарын арнаулы әскерлердің курсанттары мен солдаттарын айдап салғанына, сондай-ақ, «бейбіт жасақтар» дейтіндердің темір келдекпен, арматурамен, соққының астына алғанына, жаппай тұтқындауға қарамастан, бірнеше күн бойына бүкіл Қазақстанда бір жерде ашық, бір жерде жасырын түрде халықтың еркі мен мұң-қайғысын жанына жалау етіп, республиканың дербестігіне, еркіндігіне және тәуелсіздігіне қол жеткізу жолындағы күресті жалғастыра берді. Олар денсаулығын, болашағын, тіпті өмірін де құрбандыққа шалды! Сол кездегі қыздарымыздың ерлігі мен жігері ел ішінде аңызға айналды. [2]
Желтоқсан оқиғасын ұлтшыл элементтердің, маскүнемдер мен нашақорлардың жаппай тәртіпсіздігі деп пайымдау – саяси өрескел қате ғана емес, тұтас бір халыққа жабылған жала. Бұлайша бағалау ұлтаралық қатынастарды қолдан ушықтыруға себепкер болды. Комиссияға 25 томнан тұратын 2000 құжат түсіп, тексерілді. 500 том қылмыстық және әкімшілік істер қаралды. Жауапты партия, совет қызметкерлері, құқық қорғау, заң органдары басшыларынан бастап 800-ге жуық ресми адамдар сұралды. Желтоқсан оқиғасы жөнінде жазған жергілікті, республикалық, одақтас және халықаралық баспасөз материалдары, шетелдік радиостанциялардың хабарлары зерттеліп, талданды.Көптеген кино, фото, бейнекөріністер қаралды. Комиссия жұмысы барысында қылмыстық істер бойынша 360 сараптау қорытындысы жасалды.[3] Комиссия Желтоқсан оқиғасының жан – жақты, әділ бағалануы үшін көп еңбек етті. Орталықтың басты саяси қателігі – Қазақстанды егеменді республика емес, қарапайым әкімшілік – территориялық аймақ деп, респуликаның дербес коммунистік партиясын бастауыш ұйым ретінде қарауы. Осы айтылғандарға қарап, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы ұлтшылдық емес, Орталықтан басқаруға қарсы қазақ жастарының стихиялық – әлеуметтік саяси наразылығы деген ой түюге болады. Шын мәнінде, ол елдегі жастардың биліктің рұқсатынсыз жасалған ең алғашқы бейресми қозғалысы еді. Жастар Мәскеудің өктемдігі мен әділетсіз, шұғыл қабылданған саяси шешімнің себебін түсіндіруді талап етіп, оған өздерінің келіспейтінін білдіру үшін алаңға бейбіт демонстрацияға шықты. Орталық басылымдар, басқа да бұқаралық ақпарат құралдары, оны Алматыдағы ұлтшылдардың, бұзақылар мен нашақорлар тобының басбұзарлығы деп хабарлады. Партиялық ресми құжаттарда да дәл осылай баға берілді. Оқиғаның байыбына барып жатпай, теріс, атүсті саяси баға беру басшылықтың өрескел қатесі болды. Сөйтіп олар ұлтаралық қатынасты аяқ астынан шиеленістіріп алды. Елімізде қайта құру жаңа қарқын алып, демократия мен жариялылық өмірімізге етене араласа қоймаған кезеңде әміршілдік – бюрократиялық басқару аппараты оны ескі тәсілмен күштеп басып жаншуды ғана көздеді. [4]
Барлық сұралған ресми адамдардың куәлік етуінше, республикалық жағдаймен таныс болмағандаықтан, Колбин өзінің бағалауларында, қорытындылау мен түйіндеулерінде Орталық Комитеттің екінші хатшысы О.С. Мирошхиннің респулика ішкі істер министрі Князев пен Мирошниктің кеңестеріне сүйеніп отырған. Ал, 18 желтоқсанның кешінен бастап, саяси және жалпы басшылықты М:С. Соломенцев өз қолына алды.
Демонстранттарды қуып таратудың арнайы оперативті жоспары «Метель – 1986» деп аталды. Қазақ ССР Ішкі істер министрлігінің жекелеген басшысы қызметкерлерінің бұйрығы бойынша «практикалық мәнін жойған құжат» есебінде жойылып жіберілген. Бұлай етудің шын мақсатыоперацияларды жүзеге асырушыларды жауапкершілікке тартудан құтқару еді. Бәрібір комиссия оперативті жоспардың 1986 жылғы көшірмесі бойынша демонстрантарды қуып тарқату барысын қалпына келтіріп зерттеді. Осы жоспар бойынша құқық қорғау органдары, милиция, әскер күштерінің демонстранттары басып, жаншып, қуып, тарқату әдіс - тәсілдері, іс – қимылдары тегіс комиссияға мәлім болды. «Метель» - тек демонстранттарды қуып, тарқату жөніндегі операция ғана емес, ол саяси құқық қорғау, жазалау, идеологиялық және басқа әкімшілік – бюрократиялық жүйе тізбектерімен тікелей байланысты терең ойластырылған кең көлемдегі тұзақ.[7] Алматыда 1986 жылы оның мынадай ерекшеліктері байқалды: оқиға болған жерге күштер дереу әкелініп, шұғыл шешімнің қабылдауы, оның барлықбөлімшелерінің басшылық орталығына қатаң бағынуы және басып – жаншудың қауіпті дәрежеде болуы. Бұдан кейін оқиғаны қалаған бағытта – қылмыстық, ұлтшылдық немесе қайта құруға қарсы іс – әрекет деп бұрмалау, жұртшылыққа жалған хабарлар беру, оқиғаның себеп – салдарын жасыру, түрлі айла шаралар қолдану оңай еді. Қазақ ССР Жоғарғы Совет Комиссиясының жұмысы барысында ресми хабарларға мүлдем кереғар құбылыстар ашылды. Медициналық сараптау актілері негізінде жасалған Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бойынша ұсталғандардың арасында бірде – бір нашақор, бірде – бір маскүнемдер болмай шықты. Егер алаңда бұзақылар мен маскүнемдер, нашақорлар жиналса, оларға қарсы күш қолдану саясаты өзін – өзі ақтап шыға келмек.[8]
«Желтоқсан» қоғамдық ұйымының мәліметтеріне қарағанда, 1986 жылы желтоқсан айында Алматыдағы наразылық шеруіне он мыңнан астам жас қатысқан. Олардың 100 – ден астамы кейін әр түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылып, 8 мыңнан астам адам оқу орындары мен жұмыстарынан босатылған. Алайда бүгінгі күнге дейін желтоқсан оқиғасынан қанша адам қайтіп жапа шекті деген тәрізді сауалдарға бірізді жауап жоқ. Комиссия Желтоқсан оқиғасын жан – жақты, әділ бағалау үшін көп еңбек етті. [8]
1990 жылғы 24 қыркүйекте Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының қаулысы қабылданып, онда Алматыда 1986 жылғы желтоқсанда болған оқиғаны тексеру жөніндегі комиссияның қорытындылары мен ұсыныстарын мақұлдады. Қазақ республикасының біз білген тарихында кезінде бүкіл қазақ халқына «ұлтшыл» деп айдар таққан Орталықтың өктемдігіне тұңғыш рет қарсылық білдіріліп, СОКП Орталық Комитетті Саяси бюросының шешімі айыпталды. Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін жауапқа тартылған азаматтарды ақтау жөнінде жарлық шығып, онда 17 желтоқсан – демократиялық Жаңару күні болып белгіленді. Бұл жарлықты респулика жұртшылығы ізгілік пен әділеттілік актісі ретінде қабыл алды.[40]
Сондықтан бұл күн жас мемлекетіміз үшін – біртұтас елдіктің, ынтымақтастық пен татулықтың, сонымен қатар өткенге деген тағзымды салауат пен болашаққа деген сенімді үміттің мерекесі болып табылады. Еліміздің ұлы тарихына, ата-баба рухына, аға ұрпақтардың қаһармандық өмір жолына құрметпен басымызды иіп, Отанымыз – Қазақстанға деген құрметтеу сезімін әкелетін бүгінгідей мереке күні алға қарай тағы да берік сеніммен қарап, болашақтың тыныш өмірінің негізін қалау үшін қазір де бұл бағыттағы іс-әрекетті жалғастыру керек. Қоғамдық өмір сабақтары мен Отанымыздың мүддесі қазіргі таңда патриоттық дәстүрге сай келетін жатқан жаңа талаптарды қойып отыр. Ата-бабаларымыздың алдында тәуелсіздік үшін күресу мақсаты тұрған болса, біздің алдымызда оны нығайта түсу міндеті тұр
Бүгінде 1986 жылы болған Желтоқсан оқиғасына 29 жыл
толуда. Ел іргесі тыныш, халқымыз бай-қуатты болсын!
Пайдаланылған әдебиеттер
- Комиссия материалынан. // Социалистік Қазақстан 4 қазан 1990ж.
- Б. Исабаев Тарих қиянатты кешірмейді // Лениншіл жас. 29 қыркүйек, 1990ж.
- Алматы.1986. Желтоқсан. // Алтын Орда. 1991ж. 40 бет.
- Н. Савицкая. Күнгей мен көлеңке. // Бірлесу газеті. 27 қыркүйек, 1990ж.
- К. Ергебеков. Асыра сілтеуге неге жол берілді? // Социалистік Қазақстан. 5 желтоқсан 1989ж.
- К.Табей. Жаппай жазалау. Сот // Қазақ әдебиеті. 20 желтоқсан, 1991ж.