Аннотация:
Қазіргі таңда қазақ мектебіне өзін-өзі басқара алатын, өзін түзете алатын жоғарғы мәдениетті интелегент педагог қажет екендігі анық. Сонымен қатар әрбір педагог басқа адамды мұқият тыңдай білуге және терең түсінуге қабілетті тәрбиешінің ақыл-ойы мен іс-әрекеттерін көрсетуге міндетті. Адамның зияткерлік құндылықтары мен сипаттамаларын білуімен, сындарлы сұхбатқа бағдарлануымен, әрбір адамға түсіністікпен қарауға және жауап беруге деген құштарлығымен, көмектесуге даярлығымен тығыз байланыста дамиды.
Аннотация:
Казахстанской школе крайне необходим педагог высокой культуры, способный к рефлексии, к контролю и коррекции своих действий и поступков, педагог-интеллигент, способный не только красиво говорить, но и внимательно слушать, глубоко понимать другого человека. Интеллигентность неразрывно связана с нравственностью, с познанием ценностей и особенностей другой личности, с установкой на конструктивный диалог, со стремлением понять и оценить каждую личность, с проявлением отзывчивости, с готовностью помочь.
Аnnotation:
The Kazakh school needs the teacher of high culture who can control and correct his activity, teacher-intelligent who can not only speak but also can listen attentivelly, and who can understand other people. Intelligence is connected with morality, with the knowledge of value and peculiarities of another person. The person should communicate with other person, understand and appreciate every person and should be ready to help.
Қоғамда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістердің адамзат баласының жеке тұлғалық сапалық қасиеттерінің қалыптасуына ықпалы бүгінгі таңдағы көкейкесті мәселелердің бірі болып отыр. Ол туралы «Адам құқығы конвенциясында», қоғамымыздағы демократиялық жаңғыруларға сай жалпы азаматтық ұлттық құндылықтарға, адамгершілік ойларға негізделген «Қазақстан Республикасындағы гуманитарлық білім беру» тұжырымдамасында» (1996ж.) және Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында (2007ж.) қарастырылады. Білім берудің маңызды мақсаты – адамды әдеттегі үйреншікті сана-сезім шеңберінен алып шығып, мәдениеттің биік деңгейіне көтеру, өз гуманистік дүниетанымы мен адамзат табыстарына негізделген өзіндік сенім көзқарастарын қалыптастыруға мүмкіндік тудыру, жеке тұлғаның ізгілік қасиеттері мен мәдениеті арқылы өркениетті көтеруін көздейді. Жеке тұлға тәрбиесін ізгілендіру - бүгінгі заманның басты талабы. Гуманизмнің негізі және оның тәлім-тәрбиелік маңызы туралы құнды ой-пікірлер туралы қазақ даласындағы ұлы ғұламалар әл-Фараби, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұни, Қ.А.Ясауи және т.б. ағартушылар Ы.Алтынсариннің, Ш.Уәлихановтың, А.Құнанбаевтың, қазақ зиялылары Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев т.б. болашақ ұрпақты адалдық, парасаттылық, шыншылдық сынды қасиеттерге тәрбиелеудегі халық даналығын жоғары бағалағандығы және соған талпынғаны да аңғарылады
Өсіп келе жатқан кейінгі ұрпақты мәдениетті, парасатты, білікті, көргенді, көрегенді етіп тәрбиелеу, олардың дүниетанымын жоғары деңгейге көтеру, қоғамды ілгерілету үдерісінде адами ізгілік қасиеттерін дамытуға үлкен мән беру, ұлттық намысы жоғары ұлтжанды өкілдерді тәрбиелеу ісі ұстаздарымыздың еншісінде екендігі айқын десек те, бұл міндеттердің өмірлік практикада толық мәнді жүзеге асырылмай жататыны да белгілі. Олай дейтініміздің бір себебі, мектеп мұғалімдері мәртебесінің өз дәрежесінде қоғамдық ортадан көрініс таппауы.
Педагогикалық жүйеде педагогтың атқарар рөлі, алатын орны өте жоғары екендігі белгілі. Ол жөнінде қазақ ағартушылары және жазушы педагогтары Ы.Алтынсариннің, М.Жұмабаевтың, А.Байтұрсыновтың және басқалардың айтқан пікірлерінің мәні өте зор. Мұғалім туралы қазақтың аса көрнекті қайраткері, ақын, аудармашы, лингвист-ғалым Ахмет Байтұрсыновтың «Ең әуелі мектепке керегі білімді, әрі педагогика, әдістемеден хабардар, оқытып білетін мұғалім» деп баға бергені бүгінгі күнде де өз мәнін жойған жоқ.
Мұғалім және оның педагогикалық іс-әрекеті жөнінде кезінде көптеген ғұламалар, педагог ғалымдар өздерінің пікірлерін жазып қалдырған. Атап айтар болсақ: Ян Амос Коменский, Ж.Ж.Руссо, И.Г.Песталоцци т.б. Кеңес дәуірінің ірі педагогі А.С.Макаренко, В.А.Сухомлинский балалармен күнделікті қарым-қатынаста болу адамға деген сүйіспеншілікті, сенімділікті арттыратындығын жазған.
Мұғалім мамандығын даярлау – қашан да педагогиканың көкейкесті мәселесінің бірі және солай қала береді де. Оның себебінің бірі ретінде ғылым мен техниканың, ел экономикасының дамуы мен әлеуметтік өмір сүру жағдайының жоғарылауына және т.б. байланысты білім мен тәрбие ісінің өзгеруін, соған сәйкес жаңа тұрпатты мұғалімді даярлау ұдайы өзгерісте болуын айтуға болады. Қазіргі кезде жоғары мектеп педагогикасы жоғары білімді мамандарды даярлауды жүзеге асырумен айналысуда. Жоғары білімді мамандарды даярлау негізгі нормативтік құжат - стандарт шеңберінде жүзеге асырылатыны белгілі. Зерттеу міндеттеріне тән болашақ педагог-психологтарды дайындауда нормативтік құжаттар басшылыққа алынады.
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде: «Гуманизм адамға деген ізгі ниет, сүйіспеншілікпен қарайтын адамгершілік қасиет» ретінде қарастырылады. Ал, «Гуманитарлық» ұғымы «.. халықтың мәдениеті мен тарихын терең зерттеуге бейім қоғамдық ғылымға қатысты ғылым» болып табылады.
Философиялық сөздіктегі анықтамада: «Гуманизм – адамның қадір-қасиеті мен құқығын құрметтеуді, оның жеке тұлға ретіндегі адамның игілігіне, оның жан-жақты дамуына, адам үшін қолайлы қоғамдық өмір жағдайын жасаған қамқорлықты білдіретін көзқарастың жиынтығы», - деп тұжырымдалған.
Педагогика және психология қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігінде: «гуманизм (лат-gumanus – адамгершілік) – дүниетаным үдерісі. Оның негізінде адамның мүмкіншілігінің шексіздігіне өзін-өзі дамыту қабілетіне деген сенімі мен ерік бостандығын, абыройын қорғау, адамның бақытқа жету жолындағы құқығы мен оның барлық сұраныстарын қамтамасыз ету қоғамның түпкілікті мақсаты мен мұраты жатады» - деп анықтама берген. Гумандық ұғымын сипаттауда ғылымдар арасында бірізділік көрінісі кездесе бермейді. Бұл салалық ғылымдарға ғана қатысты емес, түрлі дәуірдегі түрлі көзқарастарға да тән. Сондай-ақ гуманизм адамға деген ізгі ниет, сүйіспеншілікпен қарайтын адамгершілік қасиет ретінде қарастырылса, қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «ізгі – адал, ақ, игі», «ізгілік – жақсылық, адалдық, игілік» деген мағына беретіндігі жөнінде айтылады. Қ.Т.Әтемова, М.Ералиева, Г.Ерғалиева, т.б. ғылыми-зерттеу еңбектерінде «ізгі», «ізгілік», «ізгілендіру», «гуманизм» т.б. ұғымдарға қатысты зерттеулер көрініс тапқан.
«Гуманизм» ұғымы көне түркі әлемінде «жәуанмәртлік» термині аясында қарастырылып келгенін байқадық. «Жәуанмәртлік» ұғымы парсы халқының «жувонмард» сөзінен шыққан «жувон» - жігіт, ал «мард» - жомарттықты, қайырымдылық пен кішіпейілділікті, яғни ұнамды қасиеттер жиынтығын білдіреді.
Бұл бағытта А.А.Бейсенбаева, Ж.Таубалдиева, т.б. педагог-ғалымдар зерттеу жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ аталған мәселе бағытын зерделеу мен оны оқытуда «гумандық педагогика» жөніндегі ойлар туындауда.
«Гуманистік педагогика» ұғымы жөнінде педагогикалық еңбектерде түрліше беріледі. Мәселен, мұғалімдер мен жалпы білім беретін мекеме басшыларына арналған психологиялық-педагогикалық сөздікте: «Гуманистік педагогика АҚШ-та ХХ ғасырдың 60-жылдары гуманистік психологиялық идеяны педагогикалық іске асырушы ретінде туындаған тәрбие теориясы мен практикасындағы заманауи бағыт» ретінде анықталады. Гуманистік педагогиканың философиялық-идеологиялық бағдары жаңа тәрбие және «прогрессивизм» идеяларына жақын. Гуманистік педагогиканың зейін ортасында бірегей жеке тұлға тұрады.
Гуманистік педагогика - өзінің мүмкіндігі бойынша дамушы, оқу-тәрбие үдерісінде белсенді, саналы, тең құқылы қатысушы ретіндегі тәрбиеленуші мақұлдайтын ғылыми теориялар жүйесі ізгілік педагогиканың практикалық аспектісі ретінде Ш.А.Амонашвилидің, Ш.Майғаранованың еңбектерін атауға болады.
Гуманистік психология жөнінде педагогикалық және психологиялық сөздікте: «Гуманистік психология – психологияның ең басты пәні бірегей біртұтас жүйе болып табылатын тұлға болуға тиіс деп есептейтін бағыт. Гуманистік психологияның өкілдері «шын мәнінде ол адамның асқан қажетсінулерін, адамның өзін-өзі кемелдендіруін, білім алуын, эстетиканы зерделейтін ғылым болуға тиіс деп есептеді» - деп берілген. Педагогикалық еңбектерде тәрбие үдерісінде тәрбиені гуманизациялау қағидасы ретінде жеке дара да қарастырылады.
Болашақ мұғалімдерді даярлау мазмұны ізгілік қасиеттерді қалыптастыруға мүмкіндіктерінің мол екендігін көрсетеді. Оның ішінде «Өзін-өзі тану», педагогикалық және психологиялық пәндер кешенін атауға болады.
Педагогикалық еңбектерде қалыптастыру, «қалыптасу» термин ретінде қолданыс табады. Мәселен, педагогика және психология бойынша қазақ тіліндегі түсіндірме сөздігінде: «Қалыптастыру – баланың қоғамда өздігінен өмір сүруге қабілеттілігін, өзінің тағдырына өзі үкім ете білуін және өз мінез-құлқын жөнге сала білуін, сондай-ақ дүниемен өзінің қарым-қатынасын түсінуін меңгерту» десе, «қалыптасу» – үйлесімді мінез-құлықты біртіндеп жасау, көңілдегі нәтижеге жақындайтын кезектес қадамдарды бекіту арқылы мінез-құлықтың қарапайым моделін күрделі модельге өзгертеді» - деп түсінік беріледі. Бұл мазмұндаулардан сыртқы факторлар ықпалынан ішкі мазмұнның өзгеруін түсіну керектігі көрінеді.
Жалпы қарағанда «қалыптастыру» ұғымы сыртқы факторлар арқылы ішкі сапалық қасиеттерді орнықтыруда көрініс табатындығын сипаттайды. Ал “қалыптасу” болса, негізінен ішкі факторлар арқылы жүзеге асырылатын іс-әрекет нәтижесі ретінде көрінеді. Оны жеке тұлға тұрғысынан қалыптану деп те қарауға болады.
«Қалыптану» ұғымы адамның қалыптасу үдерісі, оның адами бейнеге ие болуы, білім мен мәдениетке ұмтылысы мағынасында Ежелгі грекияның атақты пайдейясынан (б.э.д. V-IV ғ.ғ.) бастау алады. «Антик сөздігінде» пайдейаға жалпы алғанда – қалыптану дегеніміз – адамның бүкіл қабілеттері мен мүмкіндіктерін жүзеге асыратын тәндік және руханилық жағынан үйлесімді түрде қалыптасуы» ретінде қарастырылады. Қалыптану - Әл-Фарабидің ойынша, шынайы ізгілік пен бақытқа апаратын адамның адамгершілік және ақыл-ой дағдыларын қалыптастыруда сенімді басшылық жасайды. Оның үйлесімді дамыған тұлға және кемелденуге қол жеткізу туралы ілімі адамның нағыз рухани азат болуына ықпал етеді.
Әрі ғалым, әрі энциклопедист Әл-Фараби оқыту, тәрбиелеу, мадақтау, мақтау, бетіне басу, мәжбүрлеу, бақыт, білім, дағдылар, әдеттер, қабілеттер және т.б. педагогикалық категорияларға баса назар аударды. М.Жұмабаев «Адамға қалай да болса, қашан да болса пайда келтіретіндей ой, ләм іс ізгілік» - деп атап көрсеткен. Ізгілікке ұмтылу жауыздықтан безу адам жаратылысының өзінде бар нәрсе. Кімде-кім өзін, туыстарын, өз елін сүйсе, әсіресе, бүткіл адам баласын бауырым деп білсе, сол адамды ізгі деп атаймыз, өзін-өзі соқыр сезіммен мал да сүйеді дей отырып, адамның адам болуы үшін өзін сүю, жақындарын сүюмен қанағаттанбай, жалпы адамзатты сүюі шарт екендігіне тоқталған.
Сонымен біздің ойымызша, «ізгілік қасиеттер дегеніміз – адамның ізгі іс-әрекетін сипаттайтын жақсы әрекеттерден, жағымды белгілерден тұратын мінез-құлық сапалары». Ізгілік қасиеттерді Қ.Әтемованың зерттеуіне сәйкес жеке тұлғалық жақсы мінез-құлықты, жеке тұлғалық мазмұндық, жеке тұлғалық іс-әрекеттік қасиеттер тұрғысынан қарастыру жөн.
Ал біз зерттеуімізде болашақ мұғалімдердің, соның ішінде педагог-психолог мамандарының кәсіби іс-әрекетіне қатысты ізгілік қасиеттерінің мазмұны мен құрылымы төмендегілерден тұруы тиіс деп білеміз: жеке тұлғалық сапалық қасиеттерден; жеке тұлғалық сапалық қасиеттерді танып, білуге даярлығынан.
Жоғарыдағы жүргізілген зерттеулер мен талдауларға сүйене отырып, біз «болашақ мұғалімдердің ізгілік қасиеттері деп, жеке тұлғалық сапалық қасиеттерді (жақсы мінез-құлықты, оларды мазмұндық, іс-әрекеттік тұрғыдан игеруі) меңгеруін және оларды танып білуін, оларға өзіндік бағдар алуын, оқу-тәрбие үдерісін ізгілік үдеріс негізінде ұйымдастыруға ұмтылысын (даярлығын) түсінеміз». Ал болашақ мұғалімдердің, оның ішінде педагог-психологтың ізгілік қасиеттерін қалыптастыру мәселесі әлі зерттеле қоймағанын көрсетеді. Бұл мәселенің теориялық негіздерін жасау “болашақ мұғалімдердің ізгілік қасиеттерін қалыптастыру” ұғымының мәнін анықтауды қажет етеді. И.П.Подласый мінез-құлықтың қалыптасуының мынадай үлгісін ұсынады: мінез-құлық нормалары мен ережелері жөніндегі білімді меңгеруі → сенімнің қалыптасуы → сезімнің қалыптасуы және бұл тізбектен бөлек олардың әрқайсысы жеке-жеке мінез-құлықтың қалыптасуына бағытталады.
“Модель” термині латынның “modues” сөзінен шыққан. Ол “өлшем”, “әдіс”, “бейне” деген ұғымдарды көрсетеді. Педагогика ғылымында модельдеудің бірнеше үлгілері кездеседі. «Модель» - үлгі, сұлба, өрнек, өң, кейіп деген ұғымдарды да білдіреді. Сондай-ақ ғылыми зерттеулерде «модель» ұғымының орнына түрлі ұғымдар қолданыс табуда. Ал қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде: «Модель – бір нәрсенің жалпылама алғандағы жобасы, сұлбасы» ретінде қарастырылса, «модельдеу – шамалау, жобалау, долбарлау» үдеріс, әрі әдіс ретінде қарастырылады.
Сонымен, зерттеуімізде теориялық модельдеу әдісін басшылыққа ала отырып, зерттеліп отырған сапалық қасиеттерді педагогикалық үдерістің құраушылары тұрғысынан қарастыру арқылы, болашақ мұғалімдердің ізгілік қасиеттерін қалыптастырудың моделін сипаттадық.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Білім беру үдерісінде адамгершілік-рухани тәрбиеге жаңа қадам //«Білім-образование». -Алматы, 2015. №4. -20-22бб.
2. Қоғамдағы қиын балалардың өзін-өзі тәрбиелеу арқылы адамгершілік-рухани қасиеттерін дамыту //«Білім-образование». –Алматы, 2010. № 5. -36-37 бб.
3. Тұлғаның өзін-өзі тәрбиелеуіне гумандық қасиеттердің ықпалы // «Педагогикалық кадр даярлаудың қазіргі заманғы өзекті мәселелері және жаратылыстану ғылымдарының даму перспективалары-2» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция ХҚТУ ШИ. - Шымкент, 2012. -63-66 бб.