Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1750

География пәні оқулығындағы мәтіндердің танымдық және тәрбиелік мәні

Аңдатпа

Мақалада жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында  география пәні бойынша жазылған оқулықтардың оқу үрдісіне енгізілуі туралы айтылады.

Қазіргі заман талабына сай жазылған басылым туралы баяндалады.Оқулықтың қазіргі оқушыны оқытудағы оңтайлы тұстары сипатталады.

Аннотация

В статье рассказывается о внедрении в учебный процесс учебников по географии в условиях обновленного содержания образования.

Рассказывается об издании, отвечающем современным требованиям.Учебник описывает оптимальные моменты в обучении современного ученика.

                                                                   

                                                                      Annotation

The article describes the introduction of geography textbooks in the educational process in the context of updated educational content.

It tells about the publication that meets modern requirements.The textbook describes the optimal moments in the training of a modern student.

 

 Қазақстан Республикасының Білім туралы заңында  «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және азаматтық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдарға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдай жасау; оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру,халықаралақ  ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттері көзделген. Бұл міндеттерді шешу үшін әр мұғалім  күнделікті ізденісі арқылы барлық жаңалықтар мен қайта құру, өзгерістерге батыл жол ашарлық жаңашыл идеялар мен ғылыми еңбектер жасауы қажет.

    Білім беру жүйесі қоғаммен бірге дамып,  өзгеріп отырады. Ол әр ұлттың өзіндік ерекшеліктеріне қарай қалыптасып, үнемі жетіліп, уақыт өткен сайын күрделене береді. Қай кезде де жалпы білімнің атқаратын қызметі – жас ұрпақтың танымдық дүниесін байытып, дамуын қамтамасыз ету. Заман өзгерістеріне қарай мектептерге қойылатын талап та, ондағы оқыту және тәрбиелеу әдіс-тәсілдері де өзгереді.

Қазіргі таңда еліміздегі білім беру жүйесінің ең  басты міндеті – білім берудің ұлттық модуліне өту арқылы жас ұрпақтың білім деңгейін халықаралық дәрежеге жетелеу.

Өскелең, болашағы зор жас ұрпақты қоғам талаптары мен оның мақсат, мүдделеріне сай өмір сүруге бейімдей отырып оқытып, логикалық ой тұжырымдатып, таңғажайып ғылым саласына тартуда орта мектеп мұғалімдерінің атқаратын рөлі зор.

     ХХІ  ғасыр ғылым мен техниканың қарыштап дамуына жол ашып, адамзат қоғамын ақпарат тасқыны дәуіріне бастап әкелгені шындық. Жаңартылған білім мазмұны жағдайындағы география пәні бағдарламасының ерекшелігіне тоқталсақ, оқудағы жетістіктер нәтижелі сипатқа ие, ал оқу процесі оқушылардың әрбір сабақта білімді «алудағы» белсенді қызметімен сипатталады. Бұл жағдайларда оқушы – таным субъектісі, ал мұғалім оқушылардың танымдық әрекетінің ұйымдастырушысы қызметін атқарады.

Оқыту мақсаты оқушы және мұғалім үшін ортақ болады, міне, білім мазмұнын жаңартудың педагогикалық аспектісінің мәні осында.[2]

Жаңа бағдарламаның құрылымы да, формасы да баланың білім беру үдерісін ұнатуына, жаңа ақпарат пен идеяларға қызығушылық танытуына, өзінің табиғи білімге деген ынтасын ұдайы дамытып отыруына бағытталған. Бұл еркін ойлау, айқын әрі тез ойлау, жүйелі әрі нақты жеткізе білу қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.

     «География» пәнінің бағдарламасына сәйкес оқулықтар қазіргі заманауи орта білім берудің ерекше өзектілігі арқылы анықталатын функционалдық сауаттылық пен құзіреттіліктерді оқушыларда қалыптастыруға бағытталған.

Басты мақсаты оқушылардың қазіргі әлемді тану кезінде жан-жақты экономикалық-географиялық білімді меңгеруі, оқушылардың функционалдық сауаттылығы мен профильдік-кәсіби бағдарын дамыту, кеңейту болып табылады.[5]

Жаңартылған оқу бағдарламасына сәйкес пән мазмұнын жобалаудың күрделілік ұстанымы, яғни білім мен біліктерді арттыруда оқу материалын тігінен, сондай-ақ көлденеңінен біртіндеп кеңейтіліп, білімді тақырыптар бойынша және сыныптар бойынша күрделендіру жасалынған оқулықтардың ен бойынан байқауға болады. Мысалы, 7 сынып Атмосфера құрамын,қабаттарын білу,түсіну деңгейінде сипаттаса, 8-сыныпта бірден климат түзуші факторларды талдайды, 9-сыныпта Қазақстанның климат түзуші факторларын жан-жақты талдайды.

Оқулықта қазіргі өмірде қолданылатын кең ауқымды дағдыларға көп көңіл бөлінеді. Бұл дағдылар жалпыадамзаттық және этномәдени құндылықтарға негізделе отырып, оқушыларға оқудағы, сондай-ақ өмірдегі проблемаларды шешуіне мүмкіндік береді. «Кең ауқымды дағдылар» келесі іс-әрекет түрлерінен тұрады: білімді шығармашылықпен қолдану; сыни тұрғыдан ойлау; зерттеу жұмыстарын орындау; АКТ қолдану; тілдік дағдылармен бірге қарым-қатынастың коммуникативтік тәсілдерін қолдану; топта және жеке жұмыс жасау біліктілігі.

Білім беру деңгейлері және тұтас оқыту курсы бойынша педагогикалық мақсаттардың пәнішілік байланыстары ескерілген. Бөлімдер мен ұсынылған тақырыптар мазмұнының уақыт талабына сәйкес болуы және әлеуметтік дағдылардың қалыптасуына назар аударылған. Оқу процесі ұзақ мерзімді, орта мерзімді, қысқа мерзімді жоспарлар түрінде мұғалімнің сабақ жүргізуіне жүйелі мүмкіндіктер жасау арқылы ұйымдастырылған.

 

Жаңартылған мазмұндағы негізгі орта білім беру деңгейінің 7-сыныпқа арналған «География» пәнінің үлгілік оқу бағдарламасын басшылыққа ала отырып оқулық оқушылардың жас және психологиялық ерекшеліктері, сонымен қатар білім беру бағдарламасының деңгейін ескере отырып, табиғат, қоғам, адам туралы заманауи ғылыми түсініктерге сай әзірленген.[2] Бағдарламада ҚР МЖМОББС негізінде жатқан жүйелік-әрекеттік тәсіл жүзеге асырылады, оқу іскерлігінің негізін құрайтын басты құзіреттіліктердің меңгерілуін қамтамасыз ететін әмбебап дағдылардың қалыптасуы қарастырылады.

Жалпы орта білім беретін МЖМОББС негізгі білім беру бағдарламасын меңгеру нәтижелеріне қойылатын талаптар география пәні бойынша оқушылардың тұлғалық, жүйелік-әрекеттік және пәндік нәтижелерге жетуіне бағытталған. Сөзім дәлелді болу үшін өзім сабақ беретін 7-сынып оқулығын алсақ, «Алматыкітап» баспасынан шығарылған Р.Ә.Қаратабановтың  География оқулығы  оқушылардың функционалдық сауаттылығына негізделген деп ойлаймын. Оқулық бағдарламаны басшылыққа алып құрастырылған,сабақтың  мақсаты нақты көрсетіліп,оқушы осы мақсатқа жету үшін не істеуі керектігі қарапайым алгоритммен берілген.Оқулықтың мәтіні оқушыға түсінікті нақты тілде жазылған.Сабақ барысында мұғалім оқулықтағы ақпараттық ресурстардың өзін ұтымды пайдаланса сабақ мақсатына жетеді.Мысалы оқулықтың15- 16 бетіндегі географиялық қабық ұғымын оқушы жақсы қабылдау үшін 6- суретті негізге алып, 16- беттегі «Физикалық география географиялық қабықты зерттейді» тұжырымдамасына осы  беттегі тапсырманы орындау арқылы оқушының өз бетінше жұмыс жасауына мүмкіндік беруге болады. Бұл тапсырмада оқушы біріншіден, картамен жұмыс жасайды, екіншіден,графикпен жұмыс жасау дағдысын алады, үшіншіден, географиялық ақпарат беретін   қосымшалармен жұмыс жасау дағдысына ие болады.Менің айтпағым әйгілі Қытай философы Конфуцийдің «Маған айтып берсең - ұмытып қаламын, көрсетсең - есімде сақтаймын, өзіме жасатсаң үйренемін» деген қағидасы орындалатындай, оқушы өзі қолмен жасап, болмаса іздену арқылы ғылымның нақты нәтижелерімен жұмыс жасауды қолға алады.

Сонымен бірге оқулықтың мазмұны оқушылардың географиялық ілім жүйесінің негіздерін меңгеру, оларда тұлғааралық   қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға, тұлғаның өзін-өзі танытуына және кәсіби бейімделуге, функционалдық сауаттылықты қалыптастыруға, тұлғаның зияткерлік, адамгершілік-рухани дамуына бағытталған.

Осы оқулықтың оқыту формалары, әдістері мен технологиялары әлемдік инновациялық оқыту тәжірибесін және оқушыларда оқуға деген қызығушылық тудыратын заманауи білім беру технологияларын қолдану есебінен жаңартылған деп ойлаймын.

Білім беру нәтижелеріне қол жеткізу табыстылығын қамтамасыз ететін логикалық, сыни және конструктивті ойлау негіздерін, алынған білімді оқу және тәжірибелік іс-әрекетте пайдалану іскерлігін қалыптастыру мақсатында тиімді оқыту формалары мен әдістері енгізілген.

Сынып ұжымын жаппай оқыту формасынан интерактивті, инновациялық, жобалық-зерттеу технологиялары, сандық инфрақұрылымды қолдана отырып, әр оқушының жеке білім алу траекториясын жүзеге асыруға көшу қамтамасыз етілген. Ол қалай көрініс тапқан деп сұрақ қояр болсаңыз 

7-сыныптың екінші тақырыбы «География ғылымы қалай дамыды?» деген үлкен сұрақпен басталып, кез-келген зерттеу ісі адамның әлеуметтік қажеттіліктері мен мемлекет қажеттіліктері арқылы жүзеге асатыны туралы ой толғанады. Демек, кез-келген адам өз алдына саяхатқа шыға алмайды, ол белгілі қажеттіліктердің сипатынан басталатынын оқушы мәтінде келтірлген ресурстарды талқылау арқылы  мемлекеттің қажеттілігін қанағаттандыру үшін белгілі дәрежеде географиялық білім мен қызмет қажет екендігіне көз жеткізеді.География ғылымының қазіргі адамзаттың даму тарихының әрбір кезеңінде оның ілгерілеуіне өз үлесін қосқандығын нақтылайтын ұғымдармен жұмыс жасайды.Оқулық мәтінін қолдану, кестемен,дәптермен жұмыс,кескін картаға нысандарды сызу арқылы сабақ үстінде оқушылармен айтылым,тыңдалым, жазылым дағдыларының қалыпты деңгейде жұмыс жасауы қамтамасыз етілген. 

 Жалпы алғанда оқулықтың  мазмұны, оқыту формалары мен әдістерінің жаңартылуы мұғалім мен оқушылар арасында серіктес және тату қатынастар қалыптастыруға септігін тигізеді. Білім алушылардың қолайлы дамуы үшін достық қарым-қатынастағы ортаны құру өте маңызды болып табылады.

    «Оқыту әдісі» ұғымы дидактикалық мақсаттарға сәйкес оқыту үдерісінде мұғалімнің оқу жұмысы мен оқушылардың танымдық іс-әрекеті жолдарын байланыстырыла шешетін оқу іс-әрекетінің міндеттерін бейнелейді. Демек, оқыту әдістері - оқыту міндеттерін, яғни дидактикалық міндеттерді шешуге бағытталған мұғалім мен оқушылардың біріккен іс-әрекетінің жолдары болып табылады. Сонымен бірге дидактикада оқыту «тәсілдері» ұғымы кеңінен қолданылады. Тәсіл - әдістің элементі, оның кұрамды бөлігі, бір реттік әрекет. Оқыту үдерісінде әдістер мен тәсілдер әр түрлі құрамда қолданылуға болады.[3]

   Өзім сабақ беретін сыныптарда төмендегі интербелсенді әдістерді қолданғанды ұнатамын:

1) Ми шабуылы не ми қамалы –проблеманы шешу үшін идеяларды ұжыммен қалыптастыру және оларды конструктивті түрде ойластыру әдісі.

2) Кластерлер, салыстырмалы диаграмма, пазл,тарсия әдісі.

Кластерлер (ағл. Cluster - «жүзімнің шоқтары» деген мағынада) – идея мен ақпараттардың арасындағы байланыстарды айқындауға арналған жазба кестелер. Мұнда негізгі тақырып (тірек сөз, басты идея) дәптердің ортасына шеңберге жазылады да, одан туындайтын тақырыпшаларды оқушылар оның жан-жағына жазып, шеңберлеп бір-біріне қосады да, өзара байланыстары туралы әңгімелейді. Кластерлер оқушының жеке орындауынан басталып, одан кейін жұмыс жұпта немесе шағын топта (4-6 адам) жалғасады. [1]

Мысалы, Ең алдымен тақтаның ортасындағы дөңгелекке немесе дәптердің ортасына сөз не сөйлем жазу сұралады. Мысалы «Марко Поло» деген сөз. Сосын «ол не істеді?» деген сұрақ тастауға болады. Ол сөзді оң жағына дөңгелекшенің ішіне жазып негізгі сөзбен екеуінің арасын тіке сызықпен қосамыз. Енді біз оқушыларды оның не істегені туралы өз көзқарастарын айтуға шақырамыз. Бұл пікірлерді «ол не істеді» деген дөңгелектің айналасына топтастырып, жаңа дөңгелектерге жазып онымен қосуларын сұраймыз. Егер оқушы «ол саяхатшы болған» десе, «саяхатшы» деген сөз жаңа дөңгелекшеге жазылады. Егер оның саяхаты туралы жаңа мәлімет (қайда барды және т. с. с)__ болатын болса, онда ол сөздер «саяхатшы» сөзінен айналып жүретін серік - сөздер болады. Оқушылар кластерді орналастырып болған соң, олардан қай жерде ақпарат аз екенін көрсетуді сұраймыз. Егер олар бір нәрсеге күдіктенсе, сол жерге үлкен сұрақ белгісін қою керек. Содан соң ненің дұрыс болғанын, қай жері дұрыс емес екенін, қандай тұстары анықталды соған көңіл бөлуін сұраймыз.

Мұндай кластерді тақырыпты қорытындылау бөлімінде рефлексия түрінде беруге болады, сонда оқушының тақырыпты қалай меңгергендіктері байқалады.[1]

Пазл (ағл. puzzle) – тең емес бөліктерден сурет құрастыратын балалар ойыны.

Бұл әдіс бойынша тапсырмалардың орындалуын ойын түрінде өткізуге болады. Пазлмен қатар қазір тарсия бағдарламасы арқылы оқушының есте сақтау,шапшаң шешім қабылдау дағдыларын шыңдауға болатынына көзімді жеткіздім. Оған дәлел, 7 сыныпта өткізген « Мұхит суларының қозғалыстары» тақырыбындағы сабағым өз нәтижесін берді.Оқулықтың 217- бетіндегі нақты тапсырмаларды қолдана отырып, сабақтың қызықты өтуіне мүмкіндіктер алдым.

 

    Қорыта келгенде айтпағым, жаңартылған мазмұндағы оқулықтар өз деңгейінде заман талабына сай жазылып оқушыларға дер кезінде ұсынылды.Неге десеңіз,қазіргі баланы Не?Қайда?Қашан? деген сұрақтар соншалықты қызықтырмайды және көлемді академиялық  дайын берілген материалдың уақыт өте келе ұмытылып,тіпті нақты өмірде   қажет еместігі де дәлелденуде. Білім берудің жаңартылған мазмұны мемлекеттің алғы шарттарының міндеттерін, халықаралық және отандық тәжірибені есепке ала отырып жүзеге асырылуы тиіс. Мектептің шығармашылықпен ойлайтын және әрекет ететін, өздігінен даму қабілеті бар, зияткер, белсенді тұлғаның қалыптастыруы білім беру мазмұнын жаңартуға да байланысты болады.

 

                                  Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. А.Қ.Әлімов. Оқудағы интербелсенді әдіс тәсілдер. Астана «Назарбаев зияткерлік мектебі» 2014 жыл.ПШО.

     2.Негізгі орта білім беру деңгейінің 7-9-сыныптарына арналған   «География» пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасы

    3. С.Б.Бабаев.. Оңалбек Ж.К. Жалпы педагогика: Оқулық – Алматы: «Нұр-пресс», 2005 – 228 бет.

4.Билялова А.Б. «Топонимика» пәнінен оқу әдістемелік кешені. – Көкшетау, 2013 – 119 б.

   5. 2016-2017 оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін ұйымдарында оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы. Әдістемелік нұсқау хат. – Астана: Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2016. – 258 б.

 

195 0
Балжан Кабылбекова, №1 мектеп-лицейінің география пәні мұғалімі Ұлы Дала Ұстазы № 002192
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: